• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2010

«Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы трендке айналуда»

830 рет
көрсетілді

Соңғы жиырма жыл ба­ры­сында әлемдік қауымдас­тық қаржылық сауатсыз­дық­пен күресу ісіне ерекше назар аударуда. ТМД мемлекеттері арасында Қазақ­стан бұл үрдіске бірінші бо­лып кірісті – 2007 жылы ел халқының инвестициялық мә­­дениеті мен қаржылық сауат­тылығын көтеруге 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. 2008 жылдың күзінде Бағдарламаны іске асыру Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігіне (АӨҚО ҚРА) тапсырылды. Осы уақыт аралығында іске асырылған жобалармен танысу мақсатында біз Алматы өңірлік қаржы ор­талығының қызметін реттеу агенттігі төраға­сының орынбасары Дархан НҰРПЕЙІСОВПЕН   әңгімелесуді жөн көрдік. – Дархан Қадырбайұлы, Агенттіктің бағдарламаны жү­зеге асырумен айналыс­қа­ны­на екі жыл болыпты. Осы уақыт ішінде қандай жұ­мыстар атқарылды? – Қаржылық сауаттылық пен инвестициялық мәдениет ұзақ уақыт аралығында «қара­пайымнан күрделіге» қағида­сы­ның негізінде, білімдер мен дағдыларды практикалық қол­дануға бағытталған қайталау мен бекіту үдерісінде меңгері­леді, ал қаржылық дағдыларды қалыптастыру этикет ережелерін меңгеру үрдісіне ұқсас бо­лып келеді. Сондықтан, осы екі жыл ішінде Агенттік аталған Бағдарлама аясында халық ара­сында қаржылық ағарту жұмы­сын жүргізуге қажетті негізді дайындады, соның арқасында адамдардың күнделікті қолда­ны­сына «инвестициялық мәде­ниет», «қаржылық сауаттылық» сияқты сөз тіркестері енді. Осылайша, біз жеке жоба­лар­ды емес, халықты мектеп жасындағы балалардан бастап оқытудың тұрақты жүйесін құ­райтын іс-шаралар кешенін іске асырумен айналыстық, баспа материалдарын әзірлеп, басып шығардық (кітаптар, оқу-әдіс­темелік құралдары, кітапшалар, газеттер), телевизиялық және Интернет-жобаларды іске асыр­дық, қалалар мен ауылдарда халыққа тікелей білім берумен айналыстық (дәрістер, семинарлар, кеңестер). – Халықты кеңінен ақпа­раттандырумен қатар, ха­лық­­тың қаржылық сауат­ты­лық­ты меңгергендігінің нақты көрсеткіштері бар ма? – Бұл бағдарламаның нәти­же­лері ұзақ мерзім өте келе көрініс беретін болады. Сандық көрсеткіштер де бар – дәріс­терді тыңдаған адамдардың саны, Қазақстанның 17 қала­сын­да орналасқан ақпараттық-білім беру орталықтарында өт­кізілген семинарларға қатысқан адам саны дегендей. Мысалы, Бағдарламаның wwwfingramota.kz сайты тақырыптық Интер­нет-ресурстар бойынша әр түр­лі рейтингтерден көрініп жата­ды, мұның өзі оның халық ара­сын­дағы танымалдығының көр­сет­кі­ші деуге болады. Де­ген­мен, біз­дің сайтқа кірген немесе се­ми­нарымызға қатысқан адам бір­ден қор нарығының қатысу­шы­сына айналады деуге болмайды. Айта кеткім келетіні, қор на­ры­ғына барынша көп адам тар­туды біз мақсат ретінде алып отырған жоқпыз. Себебі, халық қор нарығына шығу үшін оған дайын болуы тиіс. Адамдардың қор нарығы туралы білімі терең болса, оның шешімдері де дәйекті болады, бұл халық үшін де, нарық үшін де пайдалы. – Дегенмен, сіздер халық­ты қор нарығына тартуға ба­ғытталған іс-шараларды іске асыратын шығарсыздар? – Әрине, себебі қор нары­ғын дамыту – Агенттік міндет­терінің бірі болып табылады. Дегенмен, бұл «Кел де ұтып ал!» немесе «Байлығыңды арт­тыр!» деген сияқты жарнама­лық акциялар емес. Бұл адамға қаржыландырудың балама көз­де­рі туралы ақпарат алып, қар­жы нарығының қатысушылары, қаржы құралдары мен қаржы нарығындағы тәуекелдіктермен танысып, өз қаражаттарын қа­лай инвестициялайтыны тура­лы шешім қабылдау мүмкінді­гін беретін, түсіндіруге бағыт­талған іс-шаралар. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Агенттік бірнеше компаниялармен бірлестікте «Биржа» он-лайн ойынын өткізді. Бұл ойынға елде және әлемнің 43-тен астам мемлекетінде тұратын қазақстандықтар қатысты. Ағым­дағы жылы АӨҚО академиясы жанындағы Жеке инвесторлар клубы бірнеше брокерлік компаниялармен бірігіп, «Үздік инвестор» конкурсын өткізуде. Бұл жоба халыққа өз күшін бағалы қағаздар нарығында сынау мүм­кіндігін береді. Аталған шара шеңберінде бірқатар брокерлік компаниялар конкурстың өту кезеңіне қызмет көрсету үшін алатын комиссияларынан бас тартты. Мұндай іс-шараларды біз ірі қалалар мен аймақтарда көптеп өткіземіз. «Қазақстан Республикасын­дағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің Жар­лы­ғына сәйкес, бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың бас­тап­қы мақсаттары мен міндеттері өзгеріске ұшырап отырады. 2007-2011 жылдарға арналған халықтың инвестициялық мәде­ниеті мен қаржылық сауаттылы­ғын арттыру бағдарламасы да мұндай өзгертулерден тыс қал­ған жоқ. 2011 жылдың 1 қаңта­рынан бастап Бағдарламаның мақсат­тары, міндеттері мен негізгі ережелері Агенттіктің стра­тегиялық жоспарына көшіріліп, біздің қыз­ме­тіміздің басым ба­ғыт­­­тарының біріне айналатын болады. – Бағдарлама шеңберінде барынша әсер ету тетіктері пай­­даланылды деп ойлайсыз ба? – Жалпы алғанда, біз барлық ақпараттық ресурстарды қамты­дық. Барлық бағыттарда – телевизия, Интернет, БАҚ, тікелей оқыту – үлкен жұмыстар жүргі­зілуде. Барлық әзірленген оқыту материалдары халық үшін қол­же­тімді болып табылады және тегін таратылады. Тағы да қай­талап айтатыным, халықты қар­жылық сауаттылыққа үйретудің жүйесі қалыптастырылды, ендігі кезекте барлығы адамдардың өз қолында, білім меңгерем деген адамдар үшін мүмкіндік­тердің барлығы жасалды. Өз азаматтарының қаржы­лық сауаттылық деңгейін артты­румен көптеген мемлекеттер ай­на­лысады, олардың тәжірибе­леріне сүйенетін болсақ, отбасы бюджетін жүргізудің қажетті­лігі, келешек зейнетақы туралы ақ­парат беретін білім беру бағ­дар­­ламаларынан жылдам нәти­жені күтуге болмайды. Нақты нәтижеге бағдарлану теріс әсер туындатуы мүмкін. Менің пікірімше, біздің Бағ­дарламаны жүзеге асыру арқы­лы қаржылық сауаттылық тақы­ры­бында тренд туындатқаны­мыз өте жағымды жағдай. Біз қар­жы ұйымдары мен БАҚ ара­сында ақпараттық белсенділікті арттыр­дық. Мұның дәлелі – АӨҚО-дан тәуелсіз, бірақ мақ­саты мен міндеттері бойынша оның қызметіне толықтай сәй­кес келетін іс-шара­лардың өткі­зілуі. Мысалы, сақ­тан­дыру сек­торы, зейнетақы сек­торымен бір­­лесіп Қазақстанның ірі қала­лары бойынша автосайыс ұйым­дастырды. Бірқатар брокерлік компаниялар қор нарығын­дағы жұмыс жайлы оқыту семи­нар­­ларын белсенді түрде жүргі­зетін болды. Банктік корпоративтік ұйымдардың басылымда­рын­да олардың өздерінің өнімдері­мен қатар, оқытуға бағытталған ма­қа­­лалар жарық көретін болды. Біз бұл бастамаларға қуаныш­пен қараймыз. Осының өзі Бағдарла­ма арқылы нарықты әрі қарай дамуға итермелеу болып табыла­ды. Біздің басты міндетіміз де осы еді – броун қозғалы­сын ту­ғызу – адамдарды қозға­лысқа итер­мелеу, қаржылық жә­не ин­вес­тициялық жағынан білікті бо­луға деген қызығу­шы­лықты арт­тыру – бұл өзекті мәселе және, ең алдымен, адам­ның өзі үшін пайдалы.