Қазақстанның көпұлтты мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. 2010 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстанның халық жазушысы Иван Павлович Щеголихин 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. 1927 жылы 1 сәуірде Қостанай облысында, жұмыскерлер отбасында дүниеге келген ол Алматы медицина институтын тәмамдап, мамандығы бойынша жұмыс істейді. Өмірінің сол бір сәттері алғашқы шығармалары «Бір институтта» («В одном институте») повесі мен «Қарлы боран» («Снега метельные») романында айқын көрініс тапқан. 1958 жылдан Иван Щеголихин жазушылықпен түбегейлі айналысып, Қазақстан Жазушылар одағының және КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады. Оның бүкіл Одаққа танылуына «Дефицит» (осы романның желісі бойынша Ресей театрларында спектакльдер және Қазақ радиосында радиоспектакль қойылған), «Қызметтік тұлғалар» («Должностные лица»), «Ақжүрек» («Слишком доброе сердце» повесі ЖЗЛ сериясына кірген), «Тағы да таң» («И снова утро»), «Бесінші бұрыш» («Пятый угол») және басқа шығармалары ықпал етті.
Иван Павлович Щеголихин 20 жылға жуық (үзілістері бар) «Простор» журналында редакция алқасының мүшесі және бөлім меңгерушісі болды, бұл жерден 5 рет өзінің батыл жарияланымдары үшін «өз еркімен» жұмыстан шыққан. Ол Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Хамза Есенжанов, Бердібек Соқпақбаев, Мәлік Ғабдуллин, Әди Шәріпов сынды қазақтың көрнекті жазушыларының шығармаларын орыс тіліне тәржімалаған.
Қайта құрудан кейінгі жылдары Иван Павлович Щеголихин саяси өмірге белсене араласты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі, Жоғарғы Кеңестің 3 шақырылымының депутаты, Қазақстан Республикасының сенаторы болды.
Иван Щеголихиннің өмірі мен шығармашылығы – Қазақстан тарихында жарты ғасырдан астам уақыт бойы ғұмыр кешкен тұлғалар мен тағдырлардан, оқиғалар мен алаңдаулардан, ой толғаулардан тұрады. Иван Павловичтің дүниелеріне қайтара-қайыра орала бергің келеді.
Ал ең бастысы – Иван Павлович Щеголихин Адам болып қала білді, ол талантты ғұмыр кешіп, шығармаларын туғызды, оның романдары мен повестерінен әр оқырман қалай өмір сүру керек, қалай сүйе білу керек, қалай бақытты болу керек дейтін мәңгілік сауалдарға ақылды жауаптар табады.
Иван Павлович Щеголихин өзінің қаламгерлік міндетін адал және абыроймен атқарды. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрқашан сақталады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі
Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі
Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы.
Табиғаты ерекше жан еді
Мына жалған дүниеден Иван Павлович Щеголихин өтіпті деген суық хабарды естігенде оның бүкіл тұлғасы, өзіне ғана тән болмысы көз алдыма келді. Ол адам ретінде де, жазушы ретінде де жаны жайсаң, табиғаты ерекше болатын.
Өзге ұлттың өкілі дегенімізбен қазақ жұртына ықыласы, ниеті таза еді. Біздің халқымыздың бойында бір әдемі қасиет бар. Ол – арам ойы, ішкі есебі жоқ кез келген ұлттың азаматтарын дос, бауыр санаймыз. Иван Павлович сондай жаны таза, қазақ десе ішкен асын жерге қойып, қандай тартыс болса да біз жағына шығатын еді.
Сенатта депутаттар арасында небір айтыс-тартыстар болып жатқан тұста, ол тәуелсіздігін жариялаған Қазақ елінің ертеңіне алаңдап, болашағының жарқын болуына өз үлесін аямай қосты. Сол өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қиын кезеңдерде елге қажет заңды, әділетті істі жақтады. Анық әрі айқын сөздерін күмілжімей, жалтақтамай айтып, мемлекетіміздің іргетасының берік болуына күш-жігерін жұмсады. Әсіресе, өзге ұлттардың кейбір азаматтары бұра тартқанда шындықтың бетіне қасқайып тұрып қарап, қара қылды қақ жарып, олай емес, ақиқаты міне, мынандай деп тайға таңба басқандай алға тартқаны әлі күнге дейін есімізде.
Осындай арлы азамат өмірден өткен тұста айтар сөзің қош бол деумен қатар, діні бөлек, түрі бөлек болғанмен, тәуелсіздікке қанат қаққан жылдары тілегіміз ортақ болып еді, алдың жарық, жатқан жерің жәннат болғай дегеннен басқа не айта аласың.
Өмірбек БАЙГЕЛДИ.
Қош, жаны дос жақсы адам!
Құрметті Иван Павлович!
Сенің қазаңды естіп, қатты қайғырушылардың бірі менмін. Қайғыратын себебім, екеуіміз көп жылдар Жазушылар одағында қатар қызмет еттік. Одақтың дау-шарлы күндерін басымыздан қатар кештік. Мені Жазушылар одағынан қуып, қаңғытып жібергенде сен маған аяушылық білдірдің. Жаның сыздап, жанашырлық таныттың. 1989 жылы сенің романың жарыққа шыққанда саған да жала жабылып, талқыға түстің. Сені Жазушылар одағына мүшеліктен шығармақ та болды. Сонда саған арашаға түскендердің бірі мен едім.
Сен Қостанай облысының Қарабалық ауданында туғандығыңнан болар, қазақтарды жақсы көріп, құрметтей білдің. Қазақстанда туып, Мәскеуге ауысқаннан кейін қазақтарды жамандап шыға келетін кейбір жазушылардан өзіңді аулақ ұстадың. Қазақ мұңын мұңдап, қазақ абыройын қорғап жүрдің.
Халық басынан кешкен кешегі өте ауыр өтпелі кезеңде Қазақстаннан ешқайда кеткен жоқсың. Сол үшін сені халық құрметтеп, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сайлады. Сол ауыр күндерде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі бола білдің. Депутаттық қызметте де халық мұңын жоқтаумен болдың. Теледидардан бірнеше рет сөз сөйлеп, халықты ынтымаққа, бірлікке шақырдың. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үнемі атсалыстың. Жаңа Қазақ мемлекетінің қалыптасуына өз үлесіңді қостың. Қазаққа жаны жақын орыс жүрегінің лүпілін мен сенен жиі аңғарушы едім.
Сен екеуіміз үнемі жылы жүздесіп, көріскенде қуанысып қалушы едік. Табақтас болмағанымызбен, татулық, тілектестігіміз күшті болды. Ауруханада да қатар жатып, сыр шертіскен шерлі күндеріміз аз емес. Сонда сен маған жігер беріп, жаныңды жалындатып, көмектесіп едің. Бір жолы аурухананың іргелес палатасында сен маған 1983 жылы қазаққа жиен орыс азаматы Михаил Михайлов туралы жазған «Слишком доброе сердце» деген кітабыңды сыйладың.
Сен жалғыз мені ғана емес, қазақтарды қапысыз жақсы көрдің. Сондықтан да сен көптеген қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аудардың. Сенің аудармаң арқылы С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Х.Есенжанов, Ә.Шәріпов, М.Ғабдуллин, С.Талжанов, Т.Ахтанов, Ж.Жұмаханов шығармалары, ұйғыр жазушысы Х.Абдуллиннің романы орыс оқырмандарына жол тартты.
Сен депутат болған кезде де екеуміз хабарласып жүрдік. Сенің «Дефицит» деген романыңа жазып берген қолтаңбаң әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Сен былай деп жазған едің: «Дорогому Азилхану Нуршаихову – желаю Вам спокойно отрешиться от нашей окололитературной суеты и успешно продолжать взятую вами тему во славу казахского народа. Ваш И.Щеголихин».
Сенің бұл қолтаңбаңды да қасиеттеп сақтап келемін, қымбатты Иван Павлович.
Мен сені ешқашанда ұмытпаймын. Қазақ халқы да сені есінен шығармайды.
Қош, қымбатты дос. Топырағың торқа болсын.
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның халық жазушысы.
Ағалар сиреп барады
Ағамыздай болған әріптес Иван Павлович та қайта оралмас сапарға аттаныпты... Ағаларымыздың да қатары сиреп барады, жүрегіміз қимай, сыздағанмен, жаратқанның заңдылығына өзгеріс енгізер адам баласында қуат жоқ.
Бұрын Жазушылар одағында оқта-текте кездескеніміз болмаса, аралас-құралас жүрген емес едік. Екі сайланымда Иван Павлович Сенатта, мен Мәжілісте Парламент депутаттары болдық. Өз әріптестерін, яғни әдебиеттегі замандастарымен әңгімелесуді сағынатын болса керек, кейде менің кабинетіме келіп, үстелімнің үстінде компьютер болмаған соң:
– Фариза, компьютерің қайда? – дейтін. Мен компьютерді білмеймін десем:
– Олай болмайды, шығарманы компьютермен жазу – жанның рақаты, тез үйреніп ал! – деп қамқорлай сөйлейтін.
Ағамыздың жатқан жері жарық болғай дейміз.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.
Жарқын бейнелі жазушы
Тамаша жазушы Иван Павлович Щеголихин өмірден өтті. Ол өзін, бар болмысын бүтіндей әдеби шығармашылық пен Отан қызметіне арнады. Қазақстанда, Қостанай өңірінде дүниеге келген ол бүкіл өмірін қазақ жерінде өткізді. Ел тағдыры оның прозалық шығармаларына нәр берді. Бұлар «Қарлы боран», «Лауазымды адамдар», «Дефицит» деп аталатын және басқа да белгілі романдары мен хикаяттары.
Жазушы ретінде оны ерекше дарыны, өз заманын сезіне білуі, берік азаматтық тұғыры даралап тұрды. Қашан болсын өз заманының мәселелеріне дереу үн қата білетін. Сондықтан да оның кітаптарын өз еліне селқос қарай алмайтындардың бәрі жақсы көріп оқыды, жазушының қадірін білді.
Иван Павлович ұзақ жылдар бойы «Простор» журналында проза бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Журнал өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы халыққа кең танымалдығы үшін әсіресе, оған және оның редакциялас жолдастарына қарыздар дер едім. Соңғы жылдарда Щеголихин «Простордың» тұрақты авторларының бірі болды. Сонда жазушының өз еңбегіне қандай талғаммен қарайтындығын, әрбір сөзді зергердей ызып отырып жұмыс жасайтынын аңғардым. Ол үшін бұл өмірдегі ең басты нәрсе Отанға деген сүйіспеншілік екенін де сол кезде түсіндім. Иә, осы бір сезімді бір кезде ол өзі де өмірбаяндық романында былайша бейнелеп айтқан болатын: «Менің өмірім тек бір нәрсеге, махаббатқа саяды. Мейлі ертең, мейлі елу жылдан кейін өлсем де айтарым бір сөз: тек махаббат үшін ғана бұл дүниеде қалуға болар еді. Махаббат кез келген қасіретті үмітке айналдыра алады». Осындай ірі сөзді айта алған жазушының һәм азаматтың жарқын бейнесі әрқашан есімізде сақталады!
Валерий МИХАЙЛОВ, «Простор» журналының бас редакторы.
Жаныма жақын жазушы еді
Иван Щеголихин бұл өмірде маған өте жақын жазушылардың бірі болды. Менің әдебиеттегі жолымды ашқан, прозалық жанрға бейімдеген жасы да үлкен, жолы да үлкен қаламгеріміз саналатын Иван Павлович еді. Және де ол, қазір ойлап отырсам, менің Жазушылар одағына кіруіме алғаш өз қолымен жазып кепілдеме беріп, қамқорлығын танытқан адамдардың бірі. Сол себептен де мен үшін ол өте қымбатты адам. Қаз басып қалыптасуыма барынша ықпал етіп, маған көп жақсылық жасаған адам. Әр уақыт өзін сыйлап, шығармашылығын қастерлеп, құрметтеуден жазған да, жаңылған да емеспін.
Бұл кісінің әдебиеттегі орны да үлкен. Проза саласында елеулі шығармалар бере алды. Сонымен бірге, қазақ жазушыларының туындыларын орыс тіліне көптеп аударып, әдебиетіміздің өрісі кеңеюіне, орыс оқырмандарына, бұрынғы Одақ оқырмандарына жетіп, ол тараптан да тиісті бағасын алуға шарапатын тигізгенін білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, әдебиетке сіңірген еңбегі зор. Қымбатты Иван Павловичтің қазасын осы қазір ауруханада жатқанымда естіп, жаным күйзеліп қалды. Бұдан былай да жақсы сөздерімді, жылы лебізді пікірлерімді ол кісінің аруағына арнай жүрермін деп ойлаймын. Қош бол, қадірменді Иван Павлович! Топырағың торқа болсын. Өзіңді өмірде жақсы білген біз сияқты достарыңның, іні қаламдастарыңның көкейінде жүрерсің әрқашан.
Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы.
Асыл дос туралы
Иван Павлович Щеголихинмен өткен ғасырдың 60-шы жылдарының аяғынан-ақ сөзіміз жарасып, кездесе қалсақ – тең құрбыдай әзілдесіп, көрмей қалсақ – сағынысып қалатын дос болып кеттік. Иванның көңілінің ақ қағаздай кірсіздігі, жүрегінің кеңдігінен, бәлкім, арамыздағы жас алшақтығы сезіле қоймайтын. Үйіне бас сұға қалсам – зайыбы Валентина жылы жүзбен қарсы алып, жалғыз ұлы Андрей қолын ала жүгіретін. Әкесінің тәрбиесі – Андрей жас күнінен кітапқа құмар, үлкенді сыйлағыш, кішіге қамқор болып өсті. Кейіннен, Панфилов көшесіндегі 101-үйде, көрші тұрғанда сол Андрей көп қабаттағы пәтеріме кітаптарымды жоғарылы-төмен тасып шаршады.
Иван Павловичпен 10 жылдан астам уақыт көрші тұрдық. Көршілік хақы дегендей, қазан-аяғымыз араласып, сырлас болып кеттік. Иван Павлович үлкен суреткер еді. Дүниені өзіндік шындығымен, өзі тауып-таныған бояумен кестелейтін. Сөз саптасы терістік шұғыласының кемпірқосақты сәулесіндей құбылып шығатын. Нақтылықты, дәлдікті ұнататын. Сырбаз жазатын. Орыс стилистикасының құпия сырын ана сүтімен тел еміп өскендігі жібек матадай жұмсақ, жылы сезілетін.
«Күміс керуен», «Қатерлі көлеңке» атты екі хикаятымды мөлдіретіп аударды. Екеуі де Мәскеудің «Худлит» баспасынан жарық көрген томдығыма енді. Жылы пікір жазылды. Дүниенің бәріне биіктен қарап, талғаммен таразылайтын Мәскеу сыншылары Щеголихиннің аллегорияға бай, жүрекпен төгіп жазатын көркем прозасына тәнті тұрушы еді. Сол тәнтілік Иван Павловичті үлкен суреткер биігіне көтерді. Өмірінің соңында, біраз жылдар Астанаға көшіп, Парламент Сенатының депутаты мәртебесінде жоғары мінбеден сөз ұзартты, тәуелсіздік тұғырына хал-қадерінше үлес қосты. Бойы қандай биік болса ойы да сондай биік, байсалды, уәлі еді. Майда сөзді ұнатпайтын. Жер қозғалғандай ірі жүріп, ірі сөйлейтін. Дүниеден өтті дегенді естігенде досымнан айырылып, көңілім құлазыды, желтоқсанның жел өтінде қалғандай сезіндім. Бақұл бол, асыл дос, көрікті көркем прозаңның ғұмыр жасы ұзағынан болсын!
Дүкенбай ДОСЖАН.