Тәуелсіздік тартуы
Халық ел өміріндегі есте қалатын тарихи күндерге үн қосып, қоғамдық пікірдің оң қалыптасуына пейіл екендіктерін танытуда. Қазақ елінің беделін биіктеткен ЕҚЫҰ Саммитінің өтуін алақайлаған қалың жұртшылық Тәуелсіздік күнін табыс-таралғыларымен қарсы алуға жұмылған. Осы бір мерейлі сәтте жетісулықтар шыққан еңбек биіктері де атап айтарлықтай. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, баспанамен қамтудағы жан жадыратқан жаңалық қандай әсерлі десеңізші!
Желтоқсанның аязды күнінде Қаратал шағын ауданында тағы бір көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 65 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Осы мерейге облыс әкімі Серік Үмбетов ортақтасып, бүгінгі тәуелсіз елдегі тірліктің оң қалыптасуы заңдылық, әлеуметтің тұрмыс-тіршілігін жақсарту басты борыш екендігіне тоқталды. Жыл аяғындағы жақсы істердің әлі де жалғасатынын айтып, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне сәйкес жақсы ырыммен №16 пәтердің кілтін «Тақиялы періште» кинофильміндегі актер, еңбек ардагері Әлімғазы Райымбековке тапсырды.
Бұл – ардагердің мемлекеттен алған алғашқы баспанасы. Мәдениет қайраткері бұған дейін Көксу ауданындағы Еңбекшіқазақ ауылында киноға түспей тұрғанда алған ескі үйінде тұрып келген. «Қазақфильм» киностудиясы Алматыдан үш бөлмелі пәтер бергенде жеңгеміз туған жерден көшпей, қалып қойған екен. Жылдар өтіп, жасы ұлғайғанда жылы үй, тұрмысқа қажетті ыстық суы бар пәтер қажеттігі туындайды. Облыс әкімі ардагерді тізімге енгізіп, кезегі келгенде үш бөлмелі пәтер кілтін тапсырып, қуанышымен құттықтады. Мұны өнерге деген жанашырлық деп түсіндік.
Осы күні өзгелермен бірге 105 жастағы қария Жақып Дәуітов те қоныс тойы қуанышына бөленді. Бар ғұмырын мал шаруашылығын өркендетуге арнап, қиындық пен қызықты жылдарды артқа тастаған ардагер ғасыр жасаса да, әлі тың. Алғысын айтып, көпшілікке батасын берді. Сонымен қатар, шаһардағы кардиологиялық орталыққа Алматыдан арнайы шақырылған қос хирург те үйлі болды.
Баспананың қиындығын көріп келген, мүгедек жалғызілікті ана, тұрмысы нашар отбасылар, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері де жаңа пәтерлердің кілті қолдарына тиіп, қуанды.
Жаңа үйдегі 65 пәтердің 45-і коммуналдық, 20-сы жалдық пәтерлер. Даладағы ызғардан көңілдің жылылығы басым түсіп, жиналғандар мәре-сәре болды. Енді олар қос қуаныш – Тәуелсіздік күні мен қоныс тойын бірге өткізеді.
Күмісжан БАЙЖАН,
Талдықорған.
Суретте: жаңа үйдің кілтін тапсыру сәтінен көрініс.