«Электронды үкіметтің» архитектурасы жөніндегі сарапшылар кеңесінің III отырысы болып өтті. Отырысқа Байланыс және ақпарат вице-министрі Сәкен Сәрсенов, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Еңсебаев, Австрия Федералдық кеңсесінің өкілі Петр Райхштадер, Эстония Республикасының экономика және коммуникация министрі Маргус Пуа және басқалар қатысты.
«Электронды үкіметтің архитектурасын қалыптастыру – бұл мемлекеттік органдарда әкімшілік реформа жүргізу үдерісінің негізгі кезеңі болып есептеледі. Бүгінгі отырыста сарапшылардың берер бағасы мен айтар ұсыныстары электронды үкіметті дамытуға өз үлесін қосады деген ойдамын» – деді өзінің сөзінде Сәкен Сәрсенов.
Отырысқа қатысушылар «Электронды үкімет» жобасы бойынша өзара тәжірибе алмасып, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Шара барысында сарапшылар кеңесі Қазақстан Республикасының электрондық үкіметінің архитектурасын мақсатты түрде жүзеге асыру жоспарын талқылады. Электронды үкіметті дамытуда архитектуралық әдісті қолдану мемлекеттік қызметтерді электронды нұсқада беру жұмыстарын жетілдіреді және мемлекеттік органдарды ақпараттандыруды ұзақ мерзімге жоспарлау кешенділігі мен болжаудың нақтылығын арттыра түседі.
Отырыста сондай-ақ, 2010 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2011 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Еңсебаевтың айтуынша «Қазақстанның «Электронды үкіметі» дамудың үшінші кезеңін өткеруде. «Электронды үкіметтің» шлюзі жасалып, оған Салық комитеті мен Ішкі істер министрлігінің жүйесі қосылды. Осының арқасында тұрғындар салық төлеу мен жолда жүру ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды онлайн режімінде өтеу мүмкіндігіне ие болды».
Отырысқа қатысушылар баяндамаларында өз елдеріндегі электронды үкіметті қалыптастырудың архитектурасы, оның стандарттары мен әдістері туралы айтып, білім, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, қаржы, әлеуметтік саладағы мемлекеттік органдар мен мекемелерді ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен қамтамасыз ету тәжірибелерімен бөлісті.
Электронды үкіметтің дайындығы бойынша БҰҰ рейтингінде Қазақстанның көрсеткішін өсіру жоспарлары да айтылды. Естеріңізге салып өтейік, 2010 жылы Қазақстан аталған рейтингте 46- орынды иеленді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 35 орынға жоғары.