Қазақстан қоғамының көл-көсір қуанышы
Адам бақыты өзі өмір сүріп отырған қоғамның қуанышына бөленіп жүруінде. Ал, ел шаттығын шалқытуға азды-көпті үлес қосып, еңбегіңнін зейнетін көру қуанышыңды барынша еселей түседі. Мұндай ел әлем назарында болатындығы анық. Мен жуырда Аустралиядан оралдым. Қарапайым фермерлердің аузында «Қазақстан. Астана. Саммит. Назарбаев» деген құрмет екпініндегі сөздер. Кездескен, тілдескен кісілердің барлығы «Мұндай табысқа жету сыры неде?» деп сұрайды. Мен жанымды салып түсіндіріп бақтым. Бақытын Қазақстанда тапқан балқар ұлтының өкілі екендігімді айттым. Сол ойларым Саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерінде терең пайыммен нақтылай жеткізілді. Президенттің: «Біз әлемнің демократия ешқашан болмаған бөлігінде оны қалыптастырып отырмыз. Қазақстандағы тұрақтылық – бұл, ең алдымен, сенімді экономикалық өсу. Барлық 140 этностың және 46 конфессияның төзімділігі, татулығы мен келісімі Қазақстан қоғамының берік іргетасы болды», – деуі отандастарымның ортақ пікірі ғана емес, қуанышымыздың сырын жер-жаҺанға жайып салу ретінде қабылданды. Ашықтық болған жерде абырой да болады. Осының арқасында Қазақстан ЕҚЫҰ-ға Төрағалық туын көтеріп, Ұйымның 11 жылға үзіліп қалған жоғары деңгейдегі форумын өткізу дәстүрін жалғастырды. Мемлекет басшылары өздерінің әрқилы ұстанымдарына қарамастан, ортақ үнқатысуға жол ашқан Астана Саммитінің мүмкіндіктерін барынша тиімділікпен пайдаланғанын көрдік. Астана Декларациясының ортақ мүдделестікпен қабылдануы осының дәлелі. Ал Қазақстан өз бастамашылдығын жалғастырып, ЕҚЫҰ Қауіпсіздік институтын белгілеп, оны Астанада орналастыруды, конфессияаралық үнқатысу үшін Қазақстандағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің алаңын пайдалануды ұсынды. Бұл – еліміздің жаҺандық саясаттағы белсенділігін байқататын жауапкершілік. Қазақстанның мақсаты, Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру». Адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың үнқатысуы – Астана Саммиті жақсылықтың жарқын дәуіріне бастайды деп сенеміз. Ибрагим ЖАНҒОРАЗОВ, «Ижевск» ӨК директоры, Социалистік Еңбек Ері. Ақмола облысы, Аршалы ауданы. Айтарымыз бар ел атандық Еліміздің халықаралық беделі мен Мемлекет басшысының бейбітшілікті нығайту жолындағы тынымсыз еңбегіне жоғары баға берген ЕҚЫҰ Саммиті табысты қорытындыланды. Жыл басында жұмысын бастаған мәртебелі ұйым әлемдегі мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына, Орталық Азия аумағындағы мәселелерді шешуге әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып, көшбасшы болды деуге толық негіз бар. Қазақ халқы – жақсыға ұмтылған, баршаны бауырына басатын, көпшіл, бейбітсүйгіш халық. Содан болар, мұндағы көп этностардың тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиелеп, құндылықтарын ұмытпай алға апарғаны. Осыдан 19 жыл бұрын тәуелсіздігін жариялап, еркіндікті ту еткен жас мемлекет өзіне жүктелген әлемдік деңгейдегі дүбірлі жиынды лайықты атқарды. Еліміз абырой биігінен көрінсе деген ақ тілек қазақстандықтардың жүрегінен орын алды десем, қателеспеймін. Міне, еліміз күні кеше ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілерін, оған қосымша 12 мемлекеттің мәртебелі меймандарын құшақ жая қарсы алып, үлкен меймандостық, қонақжайлық көрсетті. Көгілдір экраннан өзге мемлекет басшыларының Нұрсұлтан Әбішұлына деген ыстық ықыласын көргенде жүрегімді мақтаныш сезімі билегенін жасырмаймын. Кешегі қиын-қыстау күндерді қайыспай басынан өткеріп, елдегі ұлтаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра білген, «алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымды басшылыққа алып, қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін бел шешпей еңбек еткен тұңғыш Президентімізге айтар алғысымыз шексіз. Бұрындары біреу біліп, біреу білмейтін, Кеңестер Одағының шекпенінен шыққан Қазақстан ТМД елдері арасынан, түркі тілдес және мұсылман мемлекеттері ішінен алғашқысы болып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасады. Еліміз еуропалықтардың жылдар бойы қалыптасқан таптаурын түсініктерін өзгертіп, еуразиялық және еуроатлантикалық қауіпсіздік мәселелерін көтерді. Жылдар бойы қордаланған аумақтық шиеленістерді шешуге жаңа көзқарас қалыптастырып, нақтылы қадамдармен үлгі көрсеткенімізді әлем мойындады десек, артық айтпағанымыз. Ал Астанада өткен Саммит осынау ауқымды жұмыстардың түйінін шешуге алғышарт жасаған алқалы басқосу болғаны даусыз. Бүгіндері «ЕҚЫҰ Қазақстан төрағалығына дейін және кейін» деген түсінік қалыптасуда. Бұл Қазақстанның кәрі құрлыққа айтары бар, жол сілтер дәрежеге көтерілгенін мойындау болып табылады. Елена ПОРСЕВА, «Полония» облыстық поляк мәдени-ағарту қоғамының төрайымы. Алматы облысы.
•
14 Желтоқсан, 2010
Жасампаздықтың жарқын жеңісі
365 рет
көрсетілді