• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2010

Спорт кешендері Aзиадаға толықтай дайын

481 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев VII Қысқы Азия ойын­дары қарсаңында Астана­да­ғы бір­қатар спорттық ны­сандарда болып, олар­дың дайынды­ғы­мен та­нысты. Сондай-ақ жаңадан құрылысы аяқта­лып, пайдалануға берілген республикалық велотрек ғи­маратында «Астана» ве­ло­командасы мен ҚР Велоспорт федерациясының бас­шыларымен кездесті. Республикалық велотрек ғи­мараты велошабандоздың бас киімі пішінінде салыныпты. Әлем­дегі ең бір озық үлгіде са­лынғандардың қатарынан та­былады. Аталған велотрек вело­сипедшілердің UCI аудитінен өтіп, сарапшылар бұл кешенге тиісті бағасын беріп те үл­ге­ріпті. Осы ретте спорт ғима­ратында 25 метрлік бассейн бар екендігін айта кету керек. Сон­дай-ақ мұнда спорттың барлық түрлері үшін әмбебап зал, фит­нес-клуб, 100 адамға лайық­талып жасалған қонақ үй және мейрамхана орын теуіпті. Қонақ үй бөлмелері спортшыларға арнап шағын әрі ыңғайлы етіп жасақталыпты. Бұдан басқа, велотрек жобасына 2009 жылы мұз айдыны да қосылған. Атал­ған мұз айдынында Азия ой­ын­дары кезінде мәнерлеп сырға­наудан жарыстар өткізіледі деп күтілуде. Құрылысқа 20 миллиард теңге жұмсалыпты. Жаңа спорт кешені әр түрлі жарыстар өткізумен қатар, концерттер ұй­ым­дастыруға да қолайлы сана­лады. Өйткені, мұнда қажетті акустикалық құрылғылар орна­тылған. Міне, осы ғимараттың үшін­ші қабатында сәл салқындау болса да Елбасын велокоманда мү­шелері мен бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдері кү­тіп тұрды. Спортшылардың өте көтеріңкі көңіл-күйде болған­ды­ғын айта кету керек. Мемлекет басшысы келді-ау деген мезетте күтіп алушылар үстеріндегі қа­лың киімдерін шешісіп, күтіп алу қамына кірісті. Өйткені, Ел­басының өзі де ғимарат іші­нің салқындығына қарамастан, кос­тюм­шең аралап жүрген бо­латын. Осы орайда велошабандоздармен кездесу емен-жар­қын рәу­іш­те өткендігін айта кету керек. Елордаға «Астана» команда­сы­ның негізгі құрамы­ның 17 спорт­шысы және бүкіл спорттық менеджмент арнайы келіпті. Велоспорт федерациясының басшысы Қайрат Келімбетов, спортшылар және команданың менеджменті сөз орайы келгенде Нұрсұлтан Әбішұлына 2011 жылға арналған жоспарларын және команданың жаңа сипаты туралы жан-жақты айтып берді. Велокоманданың бас құрылтай­шы­сы – «Самұрық-Қазына» қоры болғандықтан, оның басшысы ретінде Қайрат Нематұлы қордың әлеуметтік жобалары туралы, Азиаданы қолдау барысы жөнінде егжей-тегжейлі әңгімеледі. Велошабандоздар өз кезегінде вело­команданы үнемі қолдап келе жат­қан Елбасына ризашылықтарын білдіру мақсатында спорттық велосипед және жеңімпаздың жейдесін сыйға тартты. Артынан «Астана» велокомандасының мүше­лері Н.Назарбаевпен естелік суретке түсіп, жылы лебіздерін білдірді. Бізге белгілі болғаны, «Астана» велокомандасы 2011 жылғы маусымға жаңарған топпен шы­ға­тындығы. Команда сапына 10 жаңа спортшы келсе, соның бірі қазақстандық спортшы Александр Винокуровпен бірге команда капитаны болатын чех спорт­шысы Роман Кройцигер. Маусым басталар алдында велокоман­да­ның ішкі құрылымын өзгерту қол­ға алынып, ребрендинг орын алады деп күтілуде. Жаңа логотиптегі көрініс күн шұғыла­сын­дағы қыранның суреті және «Astana Pro Team» жазуы болады. Қараша айында «Астана» ве­ло­ко­ман­дасы Велосипедшілердің ха­лықаралық одағы – UCI-дің протур жары­сына қатысу үшін жаңа үш­жыл­дық лицензиясын алғаны белгілі. Команданың бас демеушісі «Са­мұрық-Қазына» ҰӘҚ болса, қор велокоманданы қаржылан­дыру­­дан өзге, үстіміздегі жылы отан­дық спортты қолдау мақса­тында 100 миллион доллар бөл­ген. Со­нымен қатар, Қысқы Азия ойын­дарын өткізуге 3 миллиард тең­ге­ден астам қаржыны тағы бөліп отыр. Астаналық велокоманда капи­таны Александр Винокуровті елор­дада бой көтерген респуб­ликалық велотрек туралы сұрау мақсатында әңгімеге тартқан едік. Ол әлемде жақсы велотрек жеткілікті болғанымен, кейде ғимараты келіспей жатады немесе керісінше, дей келіп, Астанадағы велотрек екеуі де жарасымын тапқан озық үлгі дегенді баса айтты. Президент спортты дамытуға ерекше ден қойып келе жатса, ендігі мәселе – жақын 2-3 жылда чемпиондарды осы велотректе тәр­биелеп шығару. Велошабан­доздың пікірінше, елордалық велотрек азиялық емес, әлемдік сайыстарды да өткізуге әбден лайық. Жалпы құрылысы төрт жыл бойы жүргізілген аталған кешен Қысқы Азия ойындарын өткізудің орталығы және Қа­зақстанның велотрек құрамасы­ның аренасы да болады. Жарыс­тардың бір бөлігі осы велотректе өтетінін де айта кеткен орынды. Мемлекет басшысы сондай-ақ «Қазақстан» спорт сарайына іргелес тұрғызылған әрі жаңадан пайдалануға берілген «Ақбота» мұз айдынында да болды. Бұл нысанда шайбалы хоккейден клуб­тар арасындағы кездесулер бас­талар алдында, дәлірек айт­қанда, хоккейшілер үлкен мұз айдынына шығар алдында дене қыздырып, бой жазады. Сонымен қатар, аталған мұз айдынында жас­өспірім хоккейшілер де жат­тығып, жарыстар өткізеді. Онда ойындарды тамашалауға келгендер үшін 1 мың орындық орна­тылған. Бұдан бөлек спорт­шы­ларға қажетті басқа да жағдайлар жасалған. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.