• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2010

Халал ет Тараздан... Теһранға

590 рет
көрсетілді

Елбасының облысқа биылғы жұмыс сапары кезінде «Kazakh Beef Company» ЖШС, Иранның Диба Сан компаниясы және облыс әкімдігі арасында өзара экономикалық байланыс пен экспорттық келісім туралы құжатқа қол қойылған болатын. Ке­лі­сімнің мақсаты  өңірде мал шаруашылығын дамыту және облыста «халал» стандартына сай ет өңдеу кешендерін құру және онда дайындалған етті шетелге экспортқа шығару еді. Әріптестер Меркі ет комбинатын негізгі өндіріс­тік база ретінде пайдалануға келісіп, зауыт қайта жаңғыртудан өткізілді. Бүгінде ол қазақ және иран елдерінде қабылданған «халал» стандарттарына толық сай келеді. Ал малды таңдаудан союға дейінгі өндірістің бүкіл жүйесі және Тараздан Теһранға дейін авиакөлікпен тасымалдауды ирандық технологтар және мал дәрігерлері бақылайтын болады. Комбинаттың негізгі өнімдері – салқындатылған тұтас ет. Зауыттың артықшылығы да осында. Өйт­кені, тоңазытқаннан гөрі етті салқындатып сақтау оның сапасы мен дәмділігін арттырады екен. Сон­дай-ақ, босату бағасын жоғарылатады. Кәсіпорын­ның алғашқы кезеңдегі қуаты тәулігіне 18-22 тонна ет дайындау. Етті тасымалдау жұмысының Тараз қаласындағы халықаралық әуежай арқылы жүзеге асырылуы да об­лыс экономикасына үлкен үлес қосу болып табылады. Өйткені ирандықтар жыл бойы 2,5 мың тонна ет та­сымалдамақ. Сойылатын малдың облыс малшылары­нан сатып алынатыны да түптеп келгенде мал өсіретін шаруашылықтардың жағдайын жақсартып, олардың дамуын ынталандыруға септігін тигізеді деп күтілуде. Комбинат, сондай-ақ, халал шұжық өнімдерін шығару технологиясын жаңартуды да жоспарлап отыр. Ал жанама өнімдер – ішек-қарын, тері және басқалар ішкі және сыртқы рыноктарға өткерілетін болады. Сөйтіп, ет өндірісінде қалдықсыз техноло­гияның жоғары сатысына қол жеткізіледі. Қазіргі кезде облыста 2 549 592 бас қой-ешкі жә­не 346 561 бас ірі қара мал бар. Диба Сан ком­па­ния­сымен уақ және ірі қара малдарды экспортқа шыға­ру жөнінде 15 млн. АҚШ доллары көлемінде келі­сім-шарт жасалып, ет жөнелту құны алдын-ала 100 пайыз төленген жағдайда жүзеге асырылады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы, Меркі ауданы.