Әрбір адамның тағдыры сияқты, әрбір жылдың да өзіндік ерекшеліктері, артықшылықтары мен өзгешеліктері аз болмайтындығы белгілі. Еліміздегі қаржы институттары арасында өз клиенттеріне, оның ішінде жеке тұлғаларға қызмет көрсетуде «Альянс Банкі» АҚ талап деңгейінен көрінуде. Атап айтарлығы, «Банк жеке тұлғалардың жоғары сұранысына орай жаңа өнімдер санын молайтып, сапасын да жоғарылатуда «Альянс Банкі» АҚ басқарма төрағасы Мақсат Қабашевтың пікірінше, бұл бағыттағы жұмыс шын мәнісінде қарқынды жүргізілген.
– Банкте өзге де маңызды іс-шаралармен қатар, депозиттер қорын молайтуда іскерлікпен жұмыс істеуге тура келді. Мәселен, биылғы жылдың бірінші желтоқсанында оның көлемі 217 миллиард теңгеге жетті. Ал, мұның өзі биылғы 2010 жылдың бастапқы кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға дейін өсіп отыр. Банк өз кезегінде еркін өтімділікті көбейту аясында несиелендіру көлемін де сенімді түрде одан әрі ұлғайта түсуде. Биылғы 2010 жылдың өткен он бір айында біздер өзіміздің корпоративті клиенттерімізді 29 миллиард теңгеге жуық сомаға қаржыландырдық. Олардың арасында негізінен алғанда сауда-саттық кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі бар. Сонымен қатар, орта және шағын бизнестің 1700-ден астам кәсіпорны 33 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Сондай-ақ, еліміздегі Шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында он миллиард теңге бөлінді,– дейді Мақсат Қабашев өз ойын ортаға салып.
Шын мәнісінде де, «Альянс Банкі» АҚ басқарма төрағасы Мақсат Қабашев айтса айтқандай, қаржы институты биылғы жылдың өткен мерзімінде бөлшек сауда рыногында клиенттер белсенділігінің айтарлықтай арта түсуіне банк тарапынан жасалған бірқатар ұтымды іс-шаралардың ықпал еткендігі сөзсіз. Анығырақ айтқанда, Альянс Банкінің тұтынушылық мақсаттарға арналған, сонымен қоса кепілдіксіз несиелерді қайтадан қалыпқа келтіруі және жеке тұлғаларға арналған алуан түрлі көптеген жаңа өнімдерді шығаруының бүгінгі таңда маңыздылығы зор болғандығы айдай ақиқат. Банктің бірінші желтоқсандағы жағдайында жалпы сомасы 17 миллиард теңгені құрайтын 27 мың бөлшек кредит беруі көп нәрседен хабар берсе керек.
Биылғы жылдың қараша айындағы банктің даму стратегиясына енгізілген түзетулерге сәйкес, Альянс Банкінің жалпы ссудалық портфеліндегі бөлшек несиелендірудің үлесі келешекте де ұлғайып, көбейе түспек. Алдын-ала жасалған болжамдарға сәйкес, бұл 45 пайызға жететіндігі сөзсіз. Сала басшыларының тұжырымдауынша, қаржы институтында оған толықтай жағдай жасалған. Банк филиалдары жүйелерінің, бөлімшелері мен банкоматтардың тармақталуының, үлкен клиенттік қордың болуы, сондай-ақ тартымды шарттар кеңінен қарастырылғандығын атап айту қажет. Сонымен қоса, жаңа өнімдердің көптеп шығарылуы және клиенттерге көрсетілетін қызметтің шұғыл түрде атқарылып, сапасының жақсаруының маңызы зор болды.
Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір жәйт, Альянс Банкі биылғы жылдың наурыз айында өз қарызын қайта құрылымдауды еліміздің қаржы жүйесі арасында алғашқылардың бірі болып аяқтап, сөйтіп балансты тазартып, айтарлықтай сауықтырды. Әрине, мұның өзі айтуға оңай болғанымен, біршама күрделілік әкелгендігі айтпаса да түсінікті. Ең бастысы және ең өзектісі банк өткен жылда көпшілікке өзінің келешекте одан әрі дамуға деген қабілет-қарымының мықты екендігін дәлелдеп шықты. Бір құптарлығы, бұдан бұрынғы кезеңде кездескен қиындықтар, проблемалар банк клиенттерінің қатарының азаюына әсер етеді. Керісінше, банк тұтынушылары, жеке тұлғалар қаржы институтындағы белсенділік пен қажырлы еңбекті жоғары бағалай білді. Ал, енді қандай да болсын жетістіктің, табыстың сыры – ұйымдастыру шеберлігінде екендігі сөзсіз. Дағдарысқа дейін Альянс Банкі бөлшек несиелеу рыногы секторында алдыңғы шептен көрінгендігі ешкімге де жасырын емес. Сондықтан да, бүгінде көпшілік бұл банкті бөлшек сауда жүйесіндегі, жеке банк ретінде қабылдайды.
Жоғарыда атап көрсетілгеніндей, банк стратегиясына өзгерістер енгізілуі және қазіргі қалыптасқан жағдай «Альянс Банкі» АҚ-да жаңа 2011 жылы активтердің он үш пайызға дейін өсуіне ықпал етпек. Биылғы жылда депозиттік қордың дамуы сала мамандарының пікірінше, қалыпты деп бағалануда. Тілге тиек етуге тұрарлық тағы бір мәселе – мұнда шетелдік тәжірибенің пайдаланылуы өз нәтижесін беруде. Әсіресе, банктің клиенттері, жеке тұлғалардың ұсыныстары негізінде, яғни олардың талап-тілегіне орай қызмет көрсетуі табысты молайта түсуде. Мәселен, бір өнімнен ставкалары мен мерзімдері әртүрлі, алты түрлі ұсыныс алуға болады. Сонымен бірге, қаржы институты рыногында тұтынушыларының кредитке деген сұранысының ұлғайып, кредиттік мүмкіндіктің дамуы айқын байқалуда. «Альянс Банкі» АҚ басқарма төрағасы Мақсат Қабашевтың айтуынша, «мұның бәрі елімізде экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты». Сондықтан да, қазақстандықтар болашаққа сеніммен қарап, өз қажеттіліктеріне орай кредит алуда.
Өз тұтынушыларының сұраныстарын мүмкіндігінше талап деңгейінде қанағаттандыратын және де олардың, яғни жеке тұлғалардың қиын жағдайдан шығуына көмектесетін қаржы институттарының жұмысы жөнінде атап айтқан жөн. Бұл орайда, «Альянс Банкі» АҚ займдарды қайта құрылымдауда үлкен де іргелі іс-шараларды жүзеге асырғандығы көпшілікке жақсы мәлім. Өйткені, банк клиенттері займды өтеу бойынша көптеген қиындыққа ұрынған болатын. Жеке тұлғаларға уақытында көмек қолын созған банк жалпы сомасы 57 миллиард теңгені құрайтын он мыңға жуық займды қайта құрылымдады. Мұның өзі жеке тұлғалар рыногында атқарылған ауқымды жұмыстың бір бөлшегі десе де болады. Қазақстандық тұрғындардың көңілінен шығатын тағы бір ұтымды жоба – банктегі «Қарызды өтемақысыз өте» атты акцияның өз жалғасын табуы десе де болады. Қазірдің өзінде, айналдырған бір жарым жыл көлемінде бұл бағдарлама қызметін 600 мыңға жуық жеке тұлғалар пайдаланған.
Жеке тұлғалар рыногындағы жеңілдіктерді қамтитын бағдарламалардың арасындағы қолайлы әрі тиімділігімен ерекшеленетін тағы бір бағдарлама – клиенттің өз қарызын өтеуге мүмкіндік берумен қоса, оның жаңа кредиттік желілерді пайдалануына ықпалдасады. Қаржы институтының бүгінгі таңдағы ұстанымы, берік қағидасы – жеке тұлғалардың, яғни клиенттердің жағдайымен санасып, түсіністікпен жұмыс істеу десек артық айтқандық емес. Сондықтан да, қарызды өтеудің ұтымды жолдары қарастырылуда.
Сөйтіп, биылғы 2010 жылы жеке тұлғалар рыногында біршама ауқымды жұмыстар атқарылып, банк тұрақты даму жолына түскендігін сала басшылары атап көрсетуде. Альянс Банкінің өз ұстанымын одан әрі нығайтуын тек «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басшылығымен жұмыс істеуімен ғана байланыстырып қоюға болмайды, себебі оған рыноктік факторлардың да ықпалы аз емес. Сонымен, биылғы жылдың өткен уақытында бірқатар жетістіктерге қол жеткізген банк несиелендірудің жаңа бағдарламасын келешекте қандай бағытта жүргізбек? Альянс Банкі басшылығы жеке тұлғаларға ұсынылатын қызметтер шарттары алдағы уақытта да өте икемді болатындығына сенімді.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.