Өткен 2010 жыл адамзат үшін үлкен-үлкен табиғи апаттармен және тылсым құбылыстарымен есте қалды. Олар нелер дегенде ауызға ең алдымен 20 сәуір күні Мексика шығанағында орын алған тарихтағы ең ірі техногендік апат еске түседі. Ол—Бритиш Петролеум компаниясының 33 тонналық Deepwater Horizon мұнай платформасында болған өрт. Адамдар өртті сөндірмек болып 36 сағат бойы арпалысқанымен, ақыры одан еш нәтиже шықпай, платформа су түбіне кетті, 11 адам қаза тауып, жүзден астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. 1,5 мың метр тереңдікте орналасқан құбырдан күн сайын 1 мың баррель мұнай Мексика шығанағының суларына ағып жатты. Тек төрт айдан кейін ғана апат зардаптарын жоюдың сәті түсті. Осы мерзім ішінде 5 миллион баррельге жуық мұнай теңізге төгілді. Одан келген шығын ондаған миллиард доллар болады деп бағаланды.
2010 жылдың дәл басында, яғни 12 қаңтар күні Гаитиде алапат жер сілкінісі болып, бір минөттің ішінде ел астанасы Порт-о-Пренс қаласын жермен жексен етті. Ресми мәліметтер бойынша апаттан 75 мың адам қаза тауып, миллионға тарта халық баспанасыз қалды. Елде гуманитарлық апат жағдайы жарияланды, ол жағдай әлі күнге дейін жалғасуда. Сарапшылар болса бас қаланы қалпына келтіру үшін ондаған жылдар қажет болады деген болжам айтып отыр. Жыл соңына қарай елде түрлі жұқпалы аурулар эпидемиясы басталды. Бірқатар елдердің санитарлық дәрігерлері оның соңы 2011 жылы бүкіләлемдік деңгейдегі пандемияға ұласуы мүмкін деген қатер айтып отыр.
Одан кейінгі ірі оқиға Исландияның айтуға адамның тілі де келе бермейтін Эйяфьятлайокудль деп аталатын мұздағы астында орналасқан жанартаудың оянуы. 20 наурызда басталып, 5 сәуірге дейін жалғасқан жанартаудың атқылауынан шыққан түтін мен күл бір айға жуық бүкіл Еуропа құрлығы үстіндегі әуе қозғалысына нұқсан келтірді. Жоғары шапшыған күлдің биіктігі 13 шақырымға дейін көтерілген. Ғалымдар өткен жаз мерзімінің ерекше құбылыстарға толы болуының бір себебін де осы жанартаумен байланыстырып отыр.
Бұрын-соңды болмаған ыстық пен құрғақшылық салдарынан Ресейде 30 мыңға тарта өрт болып, ол 1 миллион гектарға жуық жерді шарпыды. 62 адам қаза тауып, 2,5 мыңдай үй жанып кетті. Ресейдің экономикалық даму министрлігінің мәліметтері бойынша, бұрын-соңды болмаған ыстық салдарынан елде адам өлімі бес есеге дейін артқан. Мәселен, тек тамыз-шілде айларында ғана Ресейде қайтыс болғандар саны оның алдындағы 2009 жылға қарағанда 55,8 мың адамға көп болған. Осы кезеңде температуралық рекордтар да орын алды. Мысалға, кейбір өңірлерде ыстық 43,5 градусқа дейін жеткен. Ғалымдар болашақта бұдан да өткен аптап ыстықтар болады деген болжамдар айтуда.
Жазда испандық астрономдар 2128 жылы біздің планетамыздың ірі астероидпен соқтығысу қаупі бар деген мәлімдеме жасады. Осындай астероидтің бар екендігі алғаш рет өткен ғасырдың соңында анықталыпты. Оның көлемі көлденеңінен алғанда 560 метрді құрайды екен. Бүгінде оның қозғалысын, дәлірек айтқанда, Жерге қарай жақындау жылдамдығын ғалымдар өз бақылауына алған. Теория жүзінде егер астероид жерге құлап түсер болса, үлкен бір қаланы жойып жібере алады, бірақ адамзат өміріне одан төнер қауіп-қатер жоқ.
Ғалымдар адамзат өміріне қатер қайдан келеді дегенді болжаумен айналысып жатқанда, бір америкалық компанияның бизнесмені жер асты бункерінің жобасын ұсынған. Оның айтуынша, жер бетінде қандай ақырзаман орнаса да ол бункерге жасырынған адамдар апаттан аман қалатын көрінеді. Ол орын 700 градус суыққа және сағатына 700 километрге дейін жететін желге төтеп бере алады-мыс. Сол сияқты 10 баллдық жер сілкінісіне шыдас беріп, жер бетін топан су қаптаған жағдайда 500 сағат бойы адамдарды су тасқынынан қорғап қала алады екен.
Бұл аз десеңіз, 2012 жылдың соңында, дәлірек айтар болсақ, желтоқсан айында ақырзаман болады дегенді де көптеген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары желпінте жазуда. Оған әлемнің көптеген ғалымдары да өз үндерін қосып, отқа май құя түсуде. Олар мұндай ұйғарымға ежелгі маялардың, египеттіктердің және Нострадамустың айтқандарына сүйене отырып келіп отырмыз дегенді нақты дәйек ретінде ұсынады.
Құдай ондай апаттардың бетін аулақ қылсын дейік.
Интернет материалдары бойынша дайындаған
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.