• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2016

Елдік мінбер – еркін пікір алаңы

530 рет
көрсетілді

Көкшетаудағы «Истоки» мәдениет үйінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлауалды штабы тұрғындармен кездесу өткізді. Штаб жетекшісі әрі аймақтық филиал төрағасы Валерий Смоквин кездесуге қатысушы Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Уәлихан Қайсаровты, Жангелді Шымшықовты және Аслан Құрманбаевты жұртшылыққа таныстырды. Алдымен сөз Астана қаласы адвокат­тар алқасының мүшесі Мұста­хым Тө­леевке берілді. Ол кездесуге қаты­су­шыларға рахметін айтып, партияның сай­лауалды бағдарламасының негізгі бағыттары жайлы әңгімеледі. – Сайлау – ел өміріндегі аса маңызды оқиға. Партияның басты ұстанымы «Ел таңдауы – халық билігі». Сондықтан, жалпыұлттық социал-демократтар адамдардың тұрмыс жағдайын қазіргіден де жақсарту үшін жұмыс істейтін болады, – деді Жалпыұлттық социал-де­мо­кратиялық партиядан Қазақстан Рес­­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің де­пу­таттығынан үміткер Мұстахым Төлеев. Депутаттыққа кандидат көкшетаулық құқық қорғаушы, блогер Аслан Құр­манбаев елімізде демократиялық жаң­ғыртуларды барынша өрістету, бас­қарушылық менеджментті күшейту, өзара сын мен ұтымды ұсыныстарды қолдау қажеттігі жөніндегі пікірлерін білдірді. Қоғамтанушы, «Кенесары хан» қорының жетекшісі Уәлихан Қайсаров ЖСДП ХІІ съезінде партияның кең көлемді сайлауалды бағдарламасы қабылданғанын, әлеуметтік, эконо­ми­калық, саяси салалардағы алға қойыл­ған міндеттер жайлы сөз қозғап, Мәжі­лістің кезектен тыс сайлауында ел тұр­ғын­дарының жеткілікті дауысын алуға күш жұмсалатынын айтты. «Қазіргі таңда ЖСДП сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізуде», – деді ол. Кездесуде Виктор Новиков, Владислав Шуль және басқалар қойған сұ­рақтардың түйіні «Партияның сай­лау­ға қатысудағы мақсаты не?» дегенге сайды. Бұған Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің депутаттығына кан­дидаттар: «Орталық сайлау комиссия­сы 23 үміткерді тіркеді. Олар­дың барлығы елге танымал азаматтар. ЖСДП-ның басты мақсаты – Қазақ­стан­ды экономикалық жағынан қазіргі­ден де қуатты, табысты, әлеумет­шіл, тұрақтылығы мығым, тәуелсіз­дігі орнықты мемлекет ету үшін Пар­ла­мент Мәжілісі сайлауына қатысу. Сондай-ақ, өзіміздің бүкіл тәжірибемізді халық­аралық социал-демократия идеясының үздік жетістіктерін біріктіре отырып, жоғарыда аталған міндеттерді іске асыру үшін қажетті шаралар кешенін жүзеге асыруды мақсат етеміз», – деді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.