• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Қаһарманға құрмет

453 рет
көрсетілді

Ресей ғарышкері «Достық» орденімен марапатталды Кеше Қарағанды облысындағы Жезқазған қаласынан 147 шақырым жерге «Союз ТМА-18М» ғарыш кеме­сінің ұшқыш басқаратын аппараты қонды. Халықаралық ғарыш стансасында жылдық экспедициясын тәмамдаған ерекше экипаж – орбитада жарты жылға жуық жұмыс істеген ресейлік ғарышкер Сергей Волков, сондай-ақ жылдық ғарыштық миссия­сын толығымен орындаған ресейлік ғарышкер Михаил Корниенко мен америкалық астронавт Скотт Келли Жер-Ананың құшағына аман-есен оралды. Айта кетер бір жайт, М.Корниенко мен С.Келли жерге түскеннен кейін, Марсқа қонған сияқты қалыппен қону аппаратынан өз күштерімен шықты. Ғарышкерлерді Орталық әскери ок­ругтің әскери және көлік авиациясы қарсы алды. Іздестіру-құтқару шараларына 200 әскери қызметкер, бортында арнайы құ­рал-жабдығы бар 12 Ми-8 тікұшағы, АН-12, АН-26 маркалы төрт ұшақ және жүрім­ділігі жоғары 18 бірлік автотехника жұмыл­дырылды. Қазақстан тарапынан қарсы алушы делегацияның ішінде Халық Қаһарманы, Ресей Батыры, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев пен Халық Қа­һарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айым­бетов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов және басқалар бол­ды. Жезқазған қаласының әуежайында көк­тен жаңа ғана түскен ғарышкерлермен болған кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Талғат Мұсабаев құттықтау сөз сөйледі. Қа­зақ­стан халқының атынан ғарышкерлердің иы­ғына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Бұдан кейін ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Ресейдің ғарышкері Сергей Волковты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградасы – 2-ші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Ерекше құрмет, жоғары наградаға тәнті болған ресейлік ғарышкер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына деген шын жүректен шыққан алғыс сезімін жеткізді. Еске салар болсақ, Сергей Волков 2015 жылдың 2 қыркүйегінде құрамында Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты, даниялық Андреас Могенсен және қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов бар эки­паж­дың командирі ретінде «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен жер төңірегіндегі орби­таға ұшқан еді. Халықаралық ғарыш стан­сасында бірнеше күн болғаннан кейін Айым­бетов пен Могенсен 12 қыркүйекте жерге оралды да, экипаж командирі Сергей Вол­ков болса өз міндетін әрі қарай атқару үшін ғарышта қалған болатын. Жалпы, Ресейдің ұшқыш-ғарышкері Сергей Волков осымен үшінші рет ғарышты бағындырды. Алғаш рет ол ғарышқа 2008 жылы «Союз ТМА-12» кемесімен ұшты. Сол сапарында ғарышкер ашық ғарышқа екі рет шығып, кеңістікте 6 сағат 18 минут және 6 сағат 54 минут болған еді. Ғарышта көрсеткен ерлігі үшін С.Волков 2009 жылы Ресей президентінің жарлығымен «Ресей Батыры» атағымен марапатталған. Бұдан кейін Сергей Волков 2011 жылы ұзақ мерзімді МКС-28 және МКС-29 экипаждарының құрамында жер маңындағы орбитада өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындаған болатын. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы.