• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Әйел бейбіт күннің бесігін тербетеді

1025 рет
көрсетілді

Табиғаттың адамзатқа жасаған ерекше тартуындай көктемнің арайлы да сәулелі мерекелері басталуда. Алдымызда барша әйелдер қауымы асыға күтетін шуақты мереке – 8 нау­рыз Халықаралық әйелдер күні. Бұл күн әрбір шаңырақтың берекесі мен ұйытқысына айналып, бейбіт күннің бесігін тербеген ардақты ана, асыл жар, аяулы қыздардың төл мейрамы болғандықтан да оның мәні бөлек, мазмұны ерекше деп білеміз. «Жер бетіндегі жақсылық ананың ақ сүтінен тарайды» деп атап көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі аналарға әлеуметтік қамқорлық жасау, сан-алуан салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына қолдау көрсетуге бағытталған сындарлы саясаты бүгінде жемісті нәтижесін беріп келеді. Тарихтың тереңіне бойлайтын болсақ, ХIV ғасырдың басында өмір сүрген әйгілі араб саяхатшысы ибн Баттутаның: «Бұл өңірде (Орталық Азия) мені таңғалдырған жайт – мұндағы халық әйелдерді ерекше құрметтейді екен», деген сөзінен қазақ даласында аналарға деген құрметтің, ерлер мен әйелдер арасындағы теңдіктің, өзара сыйластықтың тамыры тереңде екеніне көз жеткіземіз. Қазақ әйелінің бағзы замандардағы биік орны өткен жазда Ұлттық комиссия Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап, БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасымен бірлесіп өткізген «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда да негізделіп, халық назарына ұсынылды. Қазақтың аса көрнекті жазушы­ларының бірі Ғабит Мүсіреповтің: «Қа­зақ әйелін «жан жолдасым» дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой», деп атап өтуі де са­йын дала төсін мекен еткен халқымыз­дың бойындағы ізгілікті, ер мен әйел ара­­­сында қалыптасқан өзара нәзік сыйластықты тағы бір таныта түседі деген ойдамыз. Даналығымен ерге серік болған Домалақ ана мен Қарашаш ана, ел басқарған Айғаным ханым мен Тайқара ханым, батырлармен бірге қол бастаған Бопай ана мен Гауһар ана, ханның өмірлік серігі болып, ел билеуші ұлдарды дүниеге әкелген Жаған бике мен Қанық бегім, Жақсым бике мен Алтын ханым сияқты асылдар бастаған лек бүгінгі заманға де­йін жетіп, ХХІ ғасырдағы қазақ әйел­дерінің жаңа сипатты аруларымен толықты. Сондықтан, бүгінде ұлттық әл-ауқаттың халықаралық рейтингінде ТМД елдерінің бәрінен қара үзіп, 47-ші орынды иемденген Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мүлде басқаша. 2015 жылғы 25-27 қыркүйекте Нью-Йоркте ғасырдың орнықты даму саласындағы күн тәртібін талқылауға арналған БҰҰ Бас Ассамблеясына Қазақстан басшысы да қатысып, ма­ңызды мәселелер тұжырымдалған қорытынды құжаттарға қол қойды. Солардың ішінде Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдер мен қыз балалардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша міндеттер де бар. Құжаттағы саяси, экономикалық және қоғамдық өмірдің барлық дең­­гейлеріне әйелдердің жан-жақ­­ты және нақ­ты қатысуы және олар­дың көшбасшылығы үшін тең мүмкін­діктерді қамтамасыз ету; барлық дең­гейлерде гендерлік теңдікті және бар­лық әйелдер мен қыз балалардың құқықтары мен мүмкіндіктерін көтер­мелеу мақсатын­да ақылға қоным­ды стратегияларды қабылдау және­ жетілдіру, сақталуы міндетті заң­дар қабылдау сияқты мін­деттер – Ел­ба­сы­ның жыл сайынғы Жол­дауларында жария етіліп, даму бағдарламаларында тиісінше көрініс тауып, іске асырылып жатқан игілікті жұмыстар. Қазіргі Қазақстан қоғамы үшін бұл ме­­рекенің бастапқы саяси астары жаңаша сипат алып, аналар мен аруларды көктем мерекесімен құттықтайтын күнге айналуының салмақты себебі де сол деп ойлаймыз. Қоғам өмірінің өркен жайып, алға басуына үлес қосып жүрген қайраткер қыздарымыздың еңбегі еленіп, Елбасымен болатын «Көктем шуағы» атты жылышырай­лы кездесуге шақырылуы да ізгі дәс­­­түрге айналды. Жыл сайынғы Жол­­дауында отбасы берекесі артып, әйелдер жағдайының жақсаруы­на мән беріп «... ел өмірінде әйелдердің рөлі арта түсуі үшін бұдан әрі де жағдай жасай беруді» мақсат тұтатын Елбасы жүргізіп отырған саясаттың арқасында еліміздің барлық өңірінде қайраткер қыздардың саны жыл сайын көбеюде. Атап айтсақ, Парламент Мәжілісінің 5-шақырылымындағы депутаттардың 26%-ын әйел азаматтар құраса, бүгінде әйелдер қауымынан Үкіметтің үш мүшесі ел игілігі жолында еселі ең­бек етуде, ал жалпы мемлекеттік қыз­метте әйелдердің үлесі қазіргі таңда 50%-дан асып отыр. Сонымен бірге, алдағы 20 наурызда өтетін Парла­мент Мәжілісінің депутаттығына жалпы республика бойынша тіркелген үміт­­кер­лердің 20%-дан астамы және жергілікті мәслихаттарға ұсынылған кандидаттардың 26%-ы әйелдер еке­ні де елімізде нәзік жандылардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі артып отыр­ғанын айғақтайды. Еңбекте елену – білімділік пен білік­­тіліктің, адал қызмет, мол тә­жіри­­бенің көрсеткіші. Озаттықты ба­ғалауда «Білекті – бірді, білімді мыңды жығады» деген нақылға сүйен­ген ел ретінде «Қазақстан-2050» Стра­­­тегиясының «Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадр­ларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарларын» іске асыруға басым мән берілді. Бұл ретте, еліміздегі білім беру саласын­да­ғы жетістіктеріміз әйелдер қауымы үшін ерекше мақтаныш болып отыр. Үздік нәтиже көрсеткен салада білім алатындардың да, еңбек ететіндердің де басым көпшілігін әйелдер қауымы құрап отыр. Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алатындардың 49,5%-ы, жоғары білім алушылар және өмірге белсенді көзқарас танытушы жастардың басым бөлігі қыздар екенін ескеруіміз керек. Демек, білімділігімен, ғылыми жетіс­тіктерімен, асқан дарынымен, кә­сіби шеберлігімен танылып жүрген қыздарымыз ЮНЕСКО-ның Білім беруді дамыту индексінде Қазақстанның әлемдегі 129 елдің ішінде 4-ші орынды иеленуіне, БҰҰ-ның өткен жылғы рейтингі бойынша жастар саясатын дамытуда 27-ші орынға көтерілуіне зор үлес қосып отыр. Қазақстан қоғамының бұл ғана емес, барлық салада дамып, жетіс­тік­ке­ жету жолдары Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясы: қа­лып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағы­ты» Жолдауында халыққа жария етілген. Президент жанында­ғы Әйел­дер істері және отбасылық-де­­­мо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комис­сия елді өркендетуге қатысты бағ­дарламалық мәні зор құ­жаттың, әсіресе, әлеуметтік салаға: ананы қор­ғауға, әйелдер мен балаларға қам­қорлық жасауға, ұлт денсаулығына, ме­дициналық қызметтердің сапасын­ арттыруға, денешынықтыру мен спорт­­­­­ты дамытуға, сондай-ақ, сапалы­ ұрпақ тәрбиесіне қатысты басты мәсе­лелер: заманауи білім беру, кадр­лар­ды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары, білім беру саласындағы жұмыстың ба­сым­дық­тары, «Балапан», «Саламатты Қа­зақстан» бағдарламаларын іске асыру, білім беру саласындағы әлеуметтік жауап­кершілік жүйесін дамыту мәселе­лерін өз жұмысында басты назарда ұстайды. Қазақстанның жарқын болашағы жоспарланған құжаттағы Мемлекет басшысының: «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын» деп, жастарға арнаған сөздерінің мәні аса терең. Бұл сөздер Елбасының осыдан бір жыл бұрын, «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде отандас­тарына жария еткен баршаға бірдей қазіргі заманғы мемлекет болу мен жалпыазаматтық құндылықтар жүйесі ре­тінде көрінуі тиіс «Мәңгілік Ел» құру идеясымен ұштасып жатыр. Яғни, ­замана көшіне көрік берер Мәңгілік Елді құру да, өркендету де, ғасырлардан ға­сырларға жеткізу де жастардың қолында екені нақты көрсетіліп отыр. Атап өтер жайт, Елбасының ел дамуына бағытталған мақалалары, ұсын­ған бағдарламалық құжаттарында жастарға ұдайы сенім артылып, намысы қайралады, жастардың жағдайын жасап, жолын ашу көзделеді. Айталық, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатын жа­рия еткенде де: «Мен жастар – біз­дің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты!» деді. Жас ұрпақтың ұлы идеяны сәби шағынан бойына сіңіруін ойлап, «Мәңгілік Ел» идеясы жалпыазаматтық құндылықтар жүйесі ретінде орнығуы үшін орта мектептерде бүкілқазақстандық «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтарын оқыту бағдарламасына енгізуді тапсырса, «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы» бекітілгенде де жас­тардың ғылыми-инновациялық әле­у­етіне айрықша сенім артылды. Өз кезегінде жастар да үміттің үдесінен шығып, сенімнің биігінен көрінуде бар күш-жігерін салуда. Әсіресе, бүгінгі күннің озық ой­лы маманы, өз саласының үздігі болу­дың үлгісін көрсетуде «Болашақ» бағ­дарламасының түлектері көпке өнеге болып жүр. Олардың ішінде Назарбаев Университет ғылым және технологиялар мектебінің жас ассис­тент-профессоры Дамира Қанаеваның есімі туберкулез бен қатерлі ісік ауруларын ертерек танып-білудің жаңа әдістерін іздеуімен белгілі болды. Ал осы университеттің тағы бір жас ғалымы Дәмелі Мектепбаева АҚШ-тың әуеде ұшу және ғарыш ке­ңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы (NASA) әлемнің жаңашыл, аса дарынды ғалымдары арасында жариялаған бірегей конкурсының жеңімпазы атанды. Ол әріптестерімен бірге ойлап тапқан тест сақинасы жер бетінде ең көп тараған аурулардың бірі бойынша сан миллиондаған адамға бір-ақ сәтте экспресс-диагноз қоюға мүмкіндік береді. Осылайша, біздің ел жастарының ғылыми әлеуеті әлемді толғандырған проблемаларды шешуге үлес болып қосылып, ұлттың ұлы арманы – Мәңгілік Ел болуды жас­тар білімдегі, өнердегі, тәрбиесіндегі жетістіктермен көрсетуде. Ал жаңа Қазақстанның болмысы­ осындай озық азаматтарымен танылатынын қоғамда түсіндіру жұмы­сын­да да бірқатар ілгерілеушілік бар. Жалпы­азаматтық құндылықтар жүйе­сін қа­лып­тастыру жолында мем­лекеттік органдар мен азаматтық қоғам инс­титуттары жұмылып, халық­тың ұлт­тық құндылықтарын сақ­тап, дамыту бағытында бірлесе жұ­мыс істеуде. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда республикамызда ген­дерлік саясат мәселелері бойынша 270-тен астам үкіметтік емес ұйым қызмет етсе, солардың қа­тарын­да Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстан кәсіп­кер­ әйелдері одағы, Республикалық әйел­­дер кеңесі, «Отбасы мектебі», «Жарасым», «Рухани даму» сияқты қоғамдық қорлар, «Әкелер одағы», «Отбасым», «Жас отбасы», тағы басқа қоғамдық бірлестіктердің игі істері жұртшылыққа жақсы танымал. Олар айналысатын қазақстандық отбасы моделі, ұрпақтар сабақтастығы, бала тәрбиесі, аға толқын мен жас буын арасындағы қарым-қатынастар сияқты тақырыптар қай заманда да қоғамдық маңызын жойған емес. Бұған осы істерді насихаттап, қо­ғам қажеттілігі мен көпшілік пікірін білдіріп отырған бұқаралық ақпарат құ­ралдарының да қосып отырған үлесі зор. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде жүргізіліп жатқан реформалар да әйел­дер ахуалын жақсартуды көздейді. Сандарға жүгінсек, елдегі әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі соңғы жеті жыл ішінде 8,7%-дан 5,9%-ға дейін төмендеді. Ерлер мен әйелдердің арасындағы еңбекке ақы төлеудегі айырмашылықты кезең-кезеңімен азайту жүзеге асырылуда. 2014 жылғы дерек бойынша әйелдердің жалақы көлемі ерлердің еңбекақы мөлшерінің 67%-ын құрап отыр. Бұл мәселелер мемлекеттік органдар­дың стратегиялық жоспарларына енгізі­ліп, әйелдер еңбекақысы мөлшерінің деңгейі жыл өткен сайын еселеніп келеді. Қазақстан Республикасы Ұлт­тық экономика министрлігінің мәліметінше, 2014 жылы республика бойынша орташа айлық жалақының көлемі 144,1 мың теңгені құраса, ерлердікі 121 мың теңге, әйелдердікі 96,5 мың теңге болып белгіленген. Қазақстан экономикасын тұтастай алсақ та, шағын және орта бизнесті айтсақ та әйелдер кәсіпкерлігін айналып өте алмаймыз. Бұл – әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару істеріне белсенді түрде тарту қажеттігін ұдайы айтып отыратын ел Президенті ерекше назарда ұстайтын сала. Аталған жұмысты абыроймен атқарып келе жатқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 2023 жылға қарай мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі саясатын іске асыратын тиімді ұлттық институтқа айналуды көздеп отыр. Мұндай мақсат қою негізсіз де емес, жұмыс істеген он жылдың ішінде Қордың өзіндік капиталы 4,5 есе, активтері 9,6 есе өскен. Шағын және орта бизнес субъек­тілері иелерінің 42%-ы әйелдер болса, олар жеке білім беру, тамақтандыру сияқты салаларда қызмет көрсететін құрылымдардың 59% және 53%-ын басқарып отыр. Кәсіпкерлікті дамытуға елде жасалған қолайлы ин­вестициялық ахуалға орай екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлікті қаржыландыруды жолға қойғаны жақсы әсер етуде. Мысалы, «Даму» қоры 2011 жылдан бастап Азия даму банкімен тұрақты жұмыс істеп келеді. Еуропа Қайта құру және даму банкі мен Қор Қазақстанда бюджеті 50 млн. АҚШ долларын құрайтын әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламасын іске қосу мәселесі пысықталып, алғашқы транш «Банк ЦентрКредит» АҚ-қа орналастырылды. Бизнес бастамаларды іске асыруға арналған осындай мүмкіндіктерді пай­даланып, ісін өрге бастырған атыраулық Қымбат Ибраева, шар­уа қожалығын жүргізіп отырған сол­түстікқазақстандық Светлана Фик­сель, халыққа қызмет көрсетудің түрлі саласын дамытқан шымкенттік Дархан Өтебаева сияқты табысты кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Өткен жылы Елбасының «Алтын сапа» сыйлығына ие болған әйелдердің ішінде бизнес бастамасы өркендеп, кең қанат жай­ған Алматыдағы «Алтын орда» және Шығыс Қазақстан облысындағы «Ләззат» кәсіпорындарының басшылары Ы.Тұрсынзада мен А.Түнғатарова болды. Олардың отандастарына қыз­мет көрсетудің, халықты жоғары сапа­лы тауармен қамтамасыз етудің биік дең­гейін көрсеткен еңбектері көпке өнеге. Ел дамуында үлкен серпіліс жа­сау­дың алғы шарты ретінде қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының бірінші бөлігі кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесіне арналған. Қоғамымыз бен экономикамыздың өркендеп, жетілуінде мемлекеттік қызметтің рөлі зор. Статистикалық деректер бойынша бұл салада қызмет етушілердің 54%-ы әйелдер және онда әйелдердің қарым-қабілеті лайықты бағалануда. Жаңадан белгіленген «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгісімен марапатталғандардың жартысынан көбі әйелдер екендігі соның дәлелі. Саладағы ұрпақ тәр­биесінде әйелдер әлеуетін пайдалану бойынша қадамдар жасалуда. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау туралы келісім әзірленіп, жас ұрпақтың бойына мұндай құндылықты сіңіру үшін әйелдермен, әйелдер ұйымдарымен тығыз жұмыс істеу көзделіп отыр. Шындығында да, баланың қандай азамат болып қалыптасуы ортасына, отбасына, әкесі мен анасына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті», деп атап көрсетті. Сол себепті, бала тәрбиесіне білім алу, қызмет істеу, лауазымдық өсуден кейін тұрған қатардағы проблема ретінде қарауды қойып, елдің баянды болашағының кепіліне айналатын жалпыұлттық басымдық ретінде бағалайтын кез келді. Өйткені, егер саналы ұрпақ өсіре алмасақ, ғылыми-техникалық өрлеудің де, экономикалық ғажайыптардың да құны болмайды. Отбасылық тәрбиенің ұлағат­ты­лығы, жан-жақтылығы «Қазақстан Рес­публикасында отбасылық қаты­настарды, моральдық-этика­лық және рухани-адамгершілік құн­дылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында», Ұлттық комиссияның жұмыс жоспарында кеңінен қамтылған. Жастарды отбасы құндылығы, ұл балалардың әке өнегесімен өсуі, әкенің рөлін нығайту мақсатында биыл тұңғыш рет республикалық әкелер сле­тін өткізу жоспарланып отыр. Жоспарды іске асыру барысында елімізде отбасылық құндылықтарды нығайтуға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, саламатты өмір салтын­ қалыптастыруға, Жалпыға Ортақ Ең­бек Қоғамын құруға, сондай-ақ, ру­хани-адамгершілік құндылықтарды қа­лыптастыруға бағытталған жобалар­ іске асырылуда. Мысалы, музыка және театр өнері қайраткерлерінің қа­тысуымен балалар үйлері мен маман­дандырылған интернаттарда тәрбие­леніп жатқан балаларға арналған танымал «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты қайырымдылық концерттер, театр­ландырылған көріністер, спектакль­дер ұйымдастыру; «Жастардың еңбек биржасы» республикалық порталына жаңғырту жүргізу және интернет жүйесінде ілгерілетуді қамтамасыз ету; «Облыстық, қалалық, аудандық, ауыл­дық елді мекендерде «Отбасы аллеясын» құру және басқа да нақты бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан нақ бес жыл бұрын Астанада өткен Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезінде сөйлеген сөзінде: «Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткен. Олардың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі жаңа Қазақстанда жарасты жалғасын табуда. Ел мен ерге сын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білді. Сіздер отбасы берекесін сақтаумен бірге, тәуелсіздікті нығайту ісіне де еселі үлес қосып келесіздер», дегені көпшіліктің есінде. Осы ширек ғасырда біз елімізді әлемге жаңа қырынан – өркениетті, жаңарған жаңа тұрпатты мемлекет ретінде таныта алдық. Енді осы уақыт ішінде өсіп шыққан жаңа толқын, олардың ізін ала келер ұрпақ бойында иен даланы батырлығының арқасында сақтап қалған әкелер мен ақылдылығының арқасында ер­лерімен қатар жүрген аналардың ұрпағы екендігін, қайырымдылығы мен даналығының арқасында 100-ден астам ұлт өкілдеріне пана болған Ұлы Дала елінің азаматтары екенін білуі парыз. Ұлттық комиссия елдіктің осы айтулы мерейтойына арнап «25 пайдалы іс» республикалық акциясын іске асыруға кірісті. Жоспар бойынша жыл ішінде республикалық және өңірлік деңгейдегі 25 нақты іс-шара қамтылып отыр. Олардың қатарында әйелдер кәсіпкерлігінің қатысуымен көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту; дарынды жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге қолдау көрсету; тұр­мысы төмен отбасылардағы кө­мекке мұқтаж науқас балаларға операциялар жасалуына көмектесу және басқа да игілікті іс-шараларды жүзеге асыру қарастырылып отыр. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі – біздің еліміздің басты байлығы, сондықтан да ана мен бала тағдыры мемлекет қамқорлығынан бір сәт те тыс қалмақ емес. Соған орай, қазіргі таңда Қазақ­стан­ның әйелдер қауымы Елбасы белгілеп берген «Мәңгілік Ел» құру жолындағы Бес институттық реформаны, «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парын іске асыруға белсене атсалысуда. Отанымызды өркендетуде ер-азаматтармен бірге еңсе тіктеп, еселі еңбек етіп жатқан еліміздің нәзік жанды барша әйелдер қауымын осынау шұғылалы мерекемен шын жүректен құттықтап, шаңырақтың шаттығы мен берекесін тілеймін! Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы.