Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Анкара қаласында орналасқан Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде қазақтың көрнекті қаламгері Бексұлтан Нұржекеұлының түрік тілінде жарық көрген «Бір өкініш, бір үміт» атты романының тұсауы кесілді.
Талай қазақты тамсандырған, түрік оқырмандарға жол тартқан атақты роман Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің қолдауымен Еуразия Жазушылар одағына қарасты «Бенгу» баспасынан басылып шықты. Кітапты аударған Эльмира Қалжанова, баспаға дайындап ұсынған Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев.
Аталмыш жиынға Түркияның зиялы қауымы, түркітілдес елдердің елшіліктері мен дипломатиялық өкілдіктері, Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ұйымы ТҮРКСОЙ, Еуразия Жазушылар одағы, Әлем жазушылары мен зиялылар қауымдастығы сынды республикалық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, ақын-жазушылар мен журналистер қатысты.
Тұсаукесер жиналысын ашқан Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев мәдениет және өнер саласы бойынша екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың дамып отырғанын атап өтіп, соның ішінде әдебиеттің танымдық үлесінің орасан зор екендігін айтты. «Мәдениет пен өнердің түп негізі әдебиет екені белгілі. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, сана-сезімін жеткізетін де әдебиет. Сондықтан, мәдениет дипломатиясының ең маңызды құралы ретінде әдебиет саласына мән беріп отырмыз. Былтыр І.Есенберлин, Т.Медетбек, С.Елубай, М.Байғұт сынды қазақтың белгілі қаламгерлерінің кітаптарын түрік оқырмандарына тарту еттік. Міне, биылғы жылы түркі жұртына қадірлі жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлының кітабын шығарып, қазақтың өмірін, салтын, сана-сезімін басқа бір қырынан таныстырып отырмыз. Қызметтер өзгереді, ал әдебиет мен мәдениет мәңгі-бақи қалады» – деді елші.
Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, «Бенгу» баспасының директоры Якуб Омароғлы: «Бексұлтан Нұржекеұлының романы – бірінші сөйлемінен-ақ жан дүниеңді баурап алатын биік шығарма. Бұл шығарманы оқып, кейде кейіпкерге ренжитіндей боласың, кейде іштей қолдап отырасың. Кей жерде шегің қатып күлесің, кей тұстарда еріксіз жылайсың. Бастысы, бұл – тұп-тұнық дүние екен. Жазушы махаббатты көркем сөзбен жырлайды. Қазақ махаббатының үлгісін паш етеді. Міне, сонысымен бұл шығарма түрік оқырманы үшін құнды», – деді.
Қазақ әдебиетін зерттеп жүрген ғалымдардың бірі филология ғылымдарының докторы, Гази университетінің оқытушысы Жәмиля Кынаджы «Бір өкініш, бір үміт» атты романға шолу жасап: «Бексұлтан Нұржекеұлының туындысында орын алған әйел кейіпкерлері – тағдырдың не бір қиын кезеңді бастан кешіп, ештемеге қарамастан мөлдір махаббатқа ғашық болған кіршіксіз таза көңіл иелері. Осы себептен түрік оқырманы тұсауы кесілген романның арқасында қазақ әйелінің табиғатымен етене жақын танысатын болады. Романда қазақтың тұрмыс-жағдайы шебер суреттелген. Үйде ұстанатын салт-дәстүр, отбасылық-туыстық қарым-қатынастар, қазақтың қонақжайлылығы сынды оқырманды қызықтыратын тақырыптар рет-ретімен, жүйелі түрде көтерілген. Әсіресе, адамдар арасындағы дәстүрлі байланыстар, яғни ене мен келін, ата мен немере арасындағы қарым-қатынастар түрік оқырмандарының назарын аудартатынына сенімім мол. Сондықтан бұл шығарма кез келген оқырманды баурап алады», – дей келе, осындай құнды дүниелердің Түркияда насихатталуына үлес қосып, қолдау көрсеткен елші Ж.Түймебаевқа алғысын білдірді.
Ал түрік қаламгері Осман Баш ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін оқып, қаламгердің кітабына сәт сапар тіледі. Жиын соңында жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқаны үшін «Қазақстан-Түркия достығы» медалімен марапатталды.
«Егемен-ақпарат».