Сейсенбі күні Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның ұйытқы болуымен «Біз лайықты өмірге кепілдік беретін заң аясында өмір сүргіміз келеді» атты тақырыпта азаматтық тыңдау өткізілді. Тыңдауға алдағы Парламент Мәжілісі сайлауына партия атынан тіркелген үміткерлер, сондай-ақ, аталған мәселе толғандырып жүрген жұртшылық қатысты.
Тыңдауды жүргізудің тізгінін ұстаған «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының төрайымы Зәуреш Батталова өз сөзінде заң шығарушылық органға қатысты ойларын ортаға салып, парламентаризмді дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Заң шығарушылық қызметтің өте күрделі екендігін айта келіп, оны жетілдіріп отыру қажеттігі жөнінде әңгімеледі. Еңбек кодексіне, тұрғын үй қатынастарына байланысты пікірін ортаға салды.
Ал Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Экономика институты Астана филиалының директоры Жангелді Шымшықов Жалпыұлттық социал-демократиялық партия үкіметтік емес ұйымдарды қанатының астына алып, парламенттік сайлауға қатысуға мүмкіндік беріп отырғанын айтты. Бүгінде азаматтық сектордың 10 өкілі ЖСДП атынан партиялық тізімге енген. Жангелді Ерденұлы да заң шығару үдерісі төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, ол өз сөзінде «Бәсекелестік туралы» Заңға байланысты пікірін білдіріп, аталған заңды қайта қарау қажеттілігін қозғады.
Өз кезегінде «Семей ядролық полигоны» қоғамдық қорының төрағасы Болатбек Әбдікәрім Семей полигонынан зардап шеккендердің қазіргі хал-жағдайы туралы әңгімеледі. Кезінде қабылданған Арал мен Семей экологиялық апат аймағына қатысты заңның қауқары әлсіздігін, осы өңірлердегі халықты әлеуметтік жағынан қорғау туралы мәселеге орай заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екендігін жеткізді. Аталған проблеманың Жалпыұлттық социал-демократиялық партиямен біріге отырып шешілетініне сенімдіміз, деді ол.
Астана қаласы Адвокаттар алқасының адвокаты Мұстахим Төлеев өз кезегінде қабылданған заңдардың кейбірінің кемшін тұстары кездесіп қалатынын айта келіп, жалпы заңдардың орындалуына деген бақылауды күшейту керектігін атап көрсетті. Сондай-ақ, қоғамдағы әрбір азамат заңнан тыс өмір сүре алмайтындығын да жеткізді.
Парламент Мәжілісі сайлауына партия атынан тіркелген үміткерлер азаматтық тыңдау соңында қойылған сұрақтарға жауап берді. Тыңдауға қатысқан жұртшылық та өз сұрақтарын қойып, күн тәртібінде қаралған мәселелерге орай өздерінің талап-тілектерін жеткізді. Сұрақтардың бірі үміткерлердің Мәжіліс депутаттығына сайлана қалған күнде басты атқаратын қызметі қандай болмақ дегенге қатысты болса, ал енді бірі партиялардың бәсекелестігіне қатысты болды.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.