• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Дағдарысты да тиімді пайдалануға болады

267 рет
көрсетілді

«Ақ жол» демократиялық партиясының мүшелері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Шығыс өңірінде жалғастырып, Өскемен қаласындағы «ҚазРосПромАрматура» зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. «ҚазРосПромАрматура» зауыты – жоғары технологиялы құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз етілген өңірдегі жаңа кәсіпорындардың бірі. Зауыт өндіретін қалың қабырғалы құбырларға қай жерде болса да сұраныс жоғары. Айталық, бүгінде Қазақстан аумағынан тыс, шет елдерге де шығарыла бастаған зауыт өнімдерінің алғашқы тұтынушыларының бірі – Қырғызстан. Сонымен бірге, Ре­сей­дің шекаралық жа­қын өңірлеріне де тасымалданбақ. Қазір осы тарапта келісімдер жүргізіліп жатыр екен. Яғни, қазіргі экономикалық тұр­ғы­дағы қиындықтарға қарамастан, аяқтан қаз тұрып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. – Дағдарыс ең алдымен адамның сана­сында сияқты. Өйткені, Елбасы айт­қандай, дағдарыс – жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Тек бұрынғыдан екі есе күш жұмсап, тынбай еңбектену қажет. Біз осы ойға тоқтап, жаңа нарықты игеру жоспарларын жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз. Экономикадағы жағдай тұрақталған кезде тауарларымызға деген сұраныс одан әрі өсетініне сеніміміз кәміл, – дейді зауыт директоры Зоя Но­володская. Зауыт жұмысымен танысып, ең­бек ұжымымен кездесу барысында Пар­ламент Мәжілісі депутаттығынан үміт­кер, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев қазақстандық үлеспен қамта­масыз ету жөніндегі заңнаманың тиім­ді жұмыс істеуі, яғни отандық кәсіп­кер­лердің пайдасына қызмет етуі қажет­тігін атап өтті. – Ілмекті арматуралар, шарлы кран­дар, сорғылар сынды өтімді өнім өндіре­тін «ҚазРосПромАрматура» зауыты да дағдарысқа қарамастан, өндіріс шы­ғын­дарын қысқартып, жұмысшылардың жала­қысын 15 пайызға көтерді. Сондықтан, мұндай өндіріс орындарын қолдау үлкен маңызға ие. Яғни, дағдарыс біреулер үшін қиындық болуы мүмкін, ал кәсіпті дұрыс жолға қоя білгендерге үлкен мүмкіндік. Сондықтан, күрделі уақытты өз пайдасына асыра білетін кәсіпкерлерге қашанда оң көзқарас танытуымыз керек. Кәсіпкерлерді қолдау дегеніміз – жұмыс орындарын сақтау, салық түсімін арттыру, отандық технологияны жетілдіру, – деді Азат Перуашев. Сондай-ақ, партия мүшелері С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университеті, «АК инжиниринг» құрылыс компаниясында болды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН. Суретті түсірген Ғылымбек СӘБИТОВ.