• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Қаржы игеру әлі де қожырап тұр

263 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин баспасөз мәслихатын өткізді. Ол Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылы атқарылған жұмыстары жөнінде әң­гімелеп, ағымдағы жылы алға қойған мақсаттары туралы мәлімет берді. Комитет төрағасы таяуда Елбасының қабылдауында болып, өткен жылдың қорытындылары жөнінде баяндағанын айтты. Әсіресе, бюджет заңнамасының бұзылуы барлық заң бұзушылықтың 50 пайызына жуықтағаны қатты алаңдаушылық тудыратынына назар аудартты. «Осы жылдың ақпан айының 24-і күнi менi Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Кездесу барысында мен Президентке 2015 жылғы республикалық бюджеттiң атқарылу қорытындысы туралы, мемлекетiмiздiң қаржылық жағдайы жөнінде есеп берiп, баяндама жасадым. Былтырғы жылы 2 трлн. 800 млрд. теңге бақылауға алынғанда 1 трлн. 300 млн. теңге заңсыз шығындалғаны белгілі болды. Яғни, бұрнағы жылмен салыстырғанда 3 есеге көп. Бiр бақылау нысанына шаққанда заң бұзушылықтардың сомасы 4,3 млрд. теңгеге жетіп, өкінішке орай, ол да 3 есеге артты. Әйтсе де, 82,7 млрд. теңге қалпына келтiрiлдi. Оның iшiнде республикалық бюджет кiрiсiне 2 млрд. теңге қайтарылып, осы сома 5 есе артты», дедi комитет төрағасы. Ведомство басшысының айтқанына жүгінсек, бюджет заңнамасының бұзылуы салдарынан 619 млрд. теңге шығындалған. Бұл барлық заң бұзушылықтың 50 пайызына жуықтағанын көрсетеді. Осынау көрсеткіш бюджет заңнамасын бұзушылықтың 4,1 есеге артқанын көрсетіп тұр. Ал сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiне қатысты заң бұзушылықтар 234 млрд. теңгеге жетіп, 3 есе артқаны мәлім болыпты. Осыған орай, былтырғы жылы бюджет және басқа да заң бұзушылықтарға жол берген 62 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Өткен жылы атқарылған жұмыс қоры­тындыларына тоқталған комитет төрағасының сөзіне қарағанда, былтыр Есеп комитеті 29 бақылау iс-шарасын өткiзіптi. Бюджеттің атқарылуын бақылау бойынша 303 бақылау нысаны, соның iшiнде 12 мемлекеттiк орган мен олардың ведомстволары қамтылған. «Бес бірдей өңiрде кешендi тексерістер жүргiзілді. Бюджет және өзге де заң бұзушылықтар үшiн 75 заңды тұлға, сонымен қатар, 62 лауазымды тұлға әкiмшiлiк, екі жүзден астам адам тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылды. Қырық материал құқық қорғау органдарына жолданды. Бюджеттік заңнаманы бұзу фактілері бойынша мемлекеттiк органдар мен басқа да бақылау нысандарына 46 ұсыным мен 180 тапсырма берiлді», дедi бұл жөнінде Қ.Жаңбыршин. Шара барысында ведомство басшысы журналистер қойған сұрақтарға да жауап берді. Мәселен, бюджет заңнамасы қай облыста көбірек бұзылғаны жөнінде қойылған сауалға айрықша тоқталды. «Заң бұзушылықтар саны бойынша Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары алда келе жатыр. Ең көп заң бұзушылықтар Маңғыстау облысында – 42 млрд. теңге немесе қамтылған қаражаттың көлемiне шаққанда 70 пайыздан асты. Шығыс Қазақстан облысында 41,5 млрд. теңге немесе қамтылған қаражат көлемiне шаққанда 35,4 пайыз болса, Батыс Қазақстан облысында 25,3 млрд. теңге немесе қамтылған қаражат көлемiне шаққанда 50 пайыздан асты», дедi комитет төрағасы. Спикердің айтқанына иланар болсақ, Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Мәде­ниет және спорт министрлiгi және Ауыл ша­руашылығы министрлiгiнде заң бұзушы­лықтар көп анықталған. Бүгінгі таңда осы олқылықтардың алдын алу шаралары жасалып, жауапты мемлекеттік қызметкерлер түрлі жазаға тартылып жатыр екен. Осыны айтқан ол қаржылық бұзушы­лықтардың жартысынан астамы ішкі аудиттің әлсіздігінен орын алып отырғанын жеткізді. «Біздің талдауларымыз көрсеткеніндей, егер мемлекеттік мекемелердің өзіндегі ішкі аудит қызметі тиісті деңгейде болса, онда қаржылық бұзушылықтардың 50-60 пайызынан таза құтылуға болар еді», деген Есеп комитетінің төрағасы, былтырғы жылы қаржылық бұзушылықтар көрсеткіші 3 есеге артқанын алға тартты. Оның пайымына жүгінсек, мемлекеттік органдардағы бюджетті жүзеге асырумен айналысатын қызметкерлердің бюджетке қатысты дайындығы өте төмен. «Олар өздерінің міндеттемелеріне салғырт қарайды және заңды да толық біле бермейді. Мемлекеттік мекемелердегі ішкі аудит қызметінің жұмыс тиімділігі де тиісті деңгейде емес. Мәселен, Есеп комитетінің тексерістері барысында анықталған бұзушылықтардың басым бөлігіне процедуралық сипаттар тән. Ал мұны ішкі аудит қызметінің күшімен де жоюға болатын еді. Өкінішке қарай, бұлай болмай тұр», деді Қ.Жаңбыршин. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».