• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Қазақстан жаңа таңдау жолында

301 рет
көрсетілді

Қазақстан биліктің өкілетті органын күшейту жағына қа­рай ілгерілеп барады. Бір айдан кейін елде кезектен тыс парла­менттік сайлау өтеді. Бір жылға жетер-жетпес уақытта президенттік сайлау өткен болатын. Көптеген сарапшылардың пікірлері бойынша, жаңа сайлау циклы Қазақстанға кадрлар алмасуларды жүргізіп қана қоймай, Парламентті нығыз басқару­шылармен күшейтуге, сөйтіп, тұтастай алғанда, парламент­аризмді бұрынғыдан да дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақстан Пар­ламенті посткеңестік кеңіс­тік­тегі аса репрезентивті және тиімді парламенттердің бірі­нен саналады. Қазақстан Респуб­ли­касының 1995 жылғы Консти­туциясына сәйкес, ол екі пала­тадан – Сенаттан және Мәжіліс­тен тұрады. Сенат, Ресей парла­ментіндегі секілді, өңірлер палатасы болып табылады. Ал Мә­жіліс саяси партиялардың ашық бәсекелес күресі негізінде жасақ­талады. Оның үстіне, партия­лардың Мәжілістегі өкілдіктері бірте-бірте, сонымен бір мезгілде, сенімді түрде ұлғая түсіп келеді. Мәселен, 2007 жылғы Пар­ламент Мәжілісінің сайлауында оған тек бір ғана партия өтсе, 2012 жылы партиялар саны үшеуге жетті. Ал қазіргі таңда Мәжілістегі орындарға елдегі алты саяси күш таласып отыр. Парламентте өкілдер санының артуымен оның қоғамдағы беделі де жоғарылайтыны күмәнсіз. Өйткені, шетін мәселелерді шешу үшін талқылаулар барысында әр партия өзінің көзқарасын білдіруге ұмтылатыны айтпаса да түсінікті. Бұл жерде, Қазақстан Президенті жүзеге асырамын деп жоспарлаған конституциялық реформалардың мәні де суперпрезиденттік республикадан парламенттік-президенттік республикаға өту болып табылатынын атап көрсеткен жөн. Суперпрезиденттік, прези­дент­тік және парламенттік-прези­денттік модельдердің әрқай­сы­сының өзіндік ерекшеліктері бар. Президенттің позициясы айтарлықтай күшті елдердің қа­тарында АҚШ тұр. Бұл елде президент мемлекет басшысы ғана болып қоймай, сондай-ақ, атқарушы билікке басшылық етеді, ал оның әкімшілігі (Ақ үй), іс жүзінде, елдің үкіметі рөлін атқарады. АҚШ конгресі заңдар қабылдаумен, шығыстардың баптарын келісумен және бюджетті бекітумен айналысатындықтан, Ақ үйді бақылауында ұстайды. Президенттің өкілеттілігі жет­кілікті деңгейде зор болып табылатын Францияда үкімет­ті парламенттік коалиция жасақ­тайды. Мұнда тек қорғаныс, сырт­қы істер министрлері ғана мемлекет басшысының келісімімен тағайындалады. Бірақ АҚШ-та және Францияда президенттің мандатын шектеуге бағытталған конституциялық түзетулер қабылданған. Мысалы, Құрама Штаттарда 1951 жылдан бері бір адам президент болып екі мерзімге ғана сайлана алады. Бұл жерде оның қатарынан немесе үзіліспен сайланатыны рөл атқармайды. Францияда 2002 жылдан президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылдан 5 жылға дейін қысқарды. Бұл арада реформаға сол кездегі мемлекет басшысы болған Жак Ширактың өзі бастамашылық жасады. Оның пікірінше, сайлау жүйесін қазіргі заман талабына лайықтау, яғни француздардың жиірек өткізілетін сайлаулар арқылы елдің саясатына белсенді ықпал етуіне мүмкіндік туғызу маңызды. Осыған ұқсас қағидаттарды – саяси жүйені жаңғырту үшін сайлау тетігін, оның ішінде, кезектен тыс сайлауларды да белсенді пайдалануды Қазақстан Президенті де ұстанып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев соң­ғы кездері биліктің өкілетті орган­дарының жүйесін күшейтуге бағытталған саяси реформаларды дәйектілікпен жүргізіп келеді. Мұның тек Парламентке ғана емес, сонымен қатар, жергілікті мәслихаттарға да тікелей қатысы бар. Биыл Мәжілістің де, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың да сайлаулары бір күнде – 20 наурызда өтетін болады. «Күні кешеге дейін 2050 жылға аяқ басқанша, тіпті, президенттік жеке билікке қандайда бір өз­герістер енгізіледі деп болжау мүмкін еместей көрінетін. Ал мұндай бастамаға Президенттің кездейсоқ барып отырмағаны анық, – дейді Қазақстан оппозициясы жетекшілерінің бірі, ЖСДП төрағасының орынбасары Петр Своик. – Бірақ Парламентке осы жаңалық лебі берілуі үшін ол осы жауапкершілікті сезінуге қабілетті, оны толық деңгейінде түсінетін орнықты Парламент бо­луы тиіс. Қазіргі Парламентте бұл жоқ». Саясаттанушылар биылғы пар­ламенттік сайлауда «Нұр Отан­ның» мүмкіндігі аса жоға­ры деп болжам жасап отыр. Пар­ламенттің соңғы шақырылым құ­рамында одан басқа тағы екі пар­тияның өкілдері бар еді. Олар – «Ақ жол» демократиялық пар­тиясы мен Қазақстанның Ком­мунистік халық партиясы. Соңғы екеуі осы жолы өздерінің позицияларын нығайта түсулері де мүмкін. Қалай дегенде де, жаңа депутаттық корпус, канди­дат­тардың жарияланған тізімдері­не сәйкес, бүгінгі саяси, эко­номикалық және басқарушылық тәжірибені есепке ала келгенде, айтарлықтай күшейтілетіні ақиқат. Мұнсыз, әу баста жоспар­ланғанындай, Мемлекет басшысы ұсынған кеуделі жаңғырту бағ­дарламасы – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мүмкін болмайды. Бұл ұстанымды осыған дейін М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпараттық-талдау орталығының бас директоры Сергей Рекеда да білдірген болатын. Оның айтуынша, сайлау нәтижесінде шамамен Парламенттің тең жартысы жаңарады. Ал Қазақстандағы кез келген жаңа сайлау – бұл қашанда қоғамдық пікірдің мониторингі мен элита арасындағы көңіл-күй ауанын білдіретін үдеріс. Биылғы сайлау Қазақстан үшін шын мәнінде демократиялы және, сонымен бір мезгілде, тиімді және ұлттық саяси жүйе қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды кезең болады деп үміттенемін. Владимир ЛЕПЕХИН, ЕурАзЭҚ институтының директоры.