Азамат Ешмұхамедов адамдарға қолғабыс ететін кәдімгі робот ойлап тапты. Айтуынша, қолдан құрастырылған ямабот жоғарғы қабілетке ие, оның әлемде теңдесі жоқ.
– Мен бұл инновациялық жобамды алғашында көп қырлы машина түрінде өнеркәсіп мақсатында құрастырдым. Себебі, оны құрылыста, көлік құрастыру, фармацевтика мен медицина салаларында пайдалануға болады, – дейді Азамат Ешмұхамедов. Сондай-ақ, өнертапқыш мұндай машиналарды құрастыру мен шығару біздің экономикамыз үшін тиімді екенін айтып, бұл ел дамуының жаңа қыры дегенді алға тартты.
Айта кетейік, қазіргі таңда Азаматтың «ақылды» роботына Жапониядағы Токай университеті қолдау танытып отыр. Өйткені, аталған жобаның әрбір үлгісі осы оқу орнының зертханасында жасалған. Ал автор ямаботты елге келгесін, сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.
– Роботты қаласақ та, қаламасақ та, ол – біздің болашағымыз. Ол бәрібір өмірімізге енеді. Кейін сан соғып қалмас үшін қазір жұмыс жасауымыз қажет. Мен қазақстандық жастардың осындай машиналарды құрастыруға бет бұрғанын қалаймын, – дейді ол.
Азамат – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Бүгінгі таңда студент Жапонияда білім алып жатыр. Жалпы, отандасымыз алты айдан кейін елге оралып, жобасы бойынша жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар, өнертапқыш ямаботты өнеркәсіп альпинизмі саласына пайдаланып, зәулім ғимараттардың терезесін жуу, сыртын тазалау секілді қауіпті міндеттерді орындауға бағыттамақ.
Төребек ТҰРМАНОВ.