ҚОСТАНАЙ. 3 наурыз. Қостанайда қалың қардың еруіне байланысты су тастқыны қаупі күшті. Осыған орай облыс өңірінде және Қостанай қаласында дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның барысын облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың өзі де тексеріп қойды. Бұл жөнінде обылстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов құрамында өрт сөндірушілері, құтқарушылар мен полиция, коммуналдық және жол жөндеу кәсіпорындарының құрамалары бар облыстық жедел әрекет ету жасағын аралады.
Құтқарушылар Тобыл өзені жағасындағы жаға-жай алаңына тізілді, қажетті техниканы да осы жерге орналастырды. Өңір басшысының алдында толық әскери дайындықпен 197 адам сапқа тұрды және 56 техника қойылды. Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Кәкімов облыс әкіміне жасақтың су тасқыны мерзіміндегі төтенше жағдайларға дайындығы туралы баяндады.
Өңір басшысы облыс бойынша орташа есеппен қардың биіктігі әдеттегіден жоғары, қардағы су қоры да нормадан асқаны туралы айтып кетті. Сондықтан, облыстың барлық апаттық қызметтері төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерімен бірлесіп төтенше жағдайлар қалыптасқан жағдайда жедел әрекет ету үшін толық дайындық тұр. Солтүстік ӨАЖҚЖ техникасымен таныса отырып, облыс әкімі құрылғылар мен техниканың қаншалықты уақытылы жаңартылатынына көңіл бөлді.
Жасақ тексеруді қорыта келе, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов: «Өз жұмыстарыңызды айқын ұйымдастыруыңыз және жағдайды толық бақылауларыңыз қажет», – деді. Ол барлық қызметтер басшыларына су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыруды қатаң бақылауға алуға, төтенше жағдай туған жағдайда жедел әрекет ету үшін су басуы мүмкін орындарға тұрақты бақылау жүргізуге тапсырма берді.
Нәзира Жәрімбетова
Дерек, сурет: egemen.kz.