• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2016

Ақтөбеде бүйрек те, бауыр да ауыстырылады

570 рет
көрсетілді

Осы жылғы наурыздың басында Ақтөбеде Қазақстан, Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясы және Түркия елдері өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан органдарды трансплантациялау бойынша халықаралық симпозиум болды. Облыста бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы және әлемдік санаттағы оңтүстіккореялық Кангнам Северанс емханасы арасында қол қойылған меморандум жүзеге асырыла бастаған болатын. Бұл келелі кеңесті өңірдегі медициналық кластер құру қадамдарының заңды жалғасы десе де болғандай. Ынтымақтастық аясында Қа­зақстан аймақтарында органдарды трансплантациялауды дамыту жайы талқыланды. Ауқымды шараға Сеул Ұлттық университеті госпиталінің Президенті Бьюнг Хи Ох, Ресей мен Түркияның ден­саулық салаларындағы беделді қайраткерлері, республикалық трансплантация бойынша үй­лестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев, «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы» АҚ директоры Болатбек Баймаханов, Астана, Шымкент, Алматы ме­ди­цина орталықтарының өкіл­дері қатысты. Аймақта трансплантацияны дамыту – ауқымды жоба, оны жүзеге асыруға болады, деп санайды республикалық трансплантация жөніндегі үйлестіру орталығының директоры Жақ­сылық Досқалиев. Оның айтуына қарағанда, бүйрек пен бауырды ауыс­ты­ру бойынша сәтті ота­лар жасалған Ақтөбе облысын трансплантологияның жаңа деңгейіне көтерілді деуге болады. Шара қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Әсет Қалиев пен Сеул Ұлттық университеті госпиталінің пре­зиденті Бьюнг Хи Ох ай­мақтағы трансплантологияны дамыту саласында бірлесіп жұмыс істеуді қарастыратын екі жақты меморандумға қол қойды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Батыс Қазақстанда осы ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан отандық және шетелдік дәрігерлерге Алғыс хаттар мен естелік медаль­дар табыстады. Симпозиумге қатысып жатқан мықты хирург-трансплантологтар екі күнде ақтөбелік әріптестеріне тірі донордан бүйрек пен бауырды трансплантациялау бойынша шеберлік дәрістерін өткізді. Облыстық клиникалық ауруханада Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орта­лығының басқарма басшысы, профессор Болатбек Баймаханов бастаған хирургтер отыз жастағы ақтөбелік азаматтың бүйрегін ауыстырды. Облыстың бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, нау­қас өткен жылы тіркеуге алынып, бақылауда болған. – Ауыр бүйрек дертіне шал­дыққан науқасқа белгіленген ем нәтижесі болғаннан кейін бүй­рек ауыстыруға тура келген. Нау­­­қастың 58 жастағы анасы бүйрегін беретін болды. Осыдан кейін жан-жақты тексерулер жүр­гізіліп, отаға дайындадық. Ұлт­тық ғылыми орталықтан келген мамандармен бірге ақтөбелік хирургтер ота жасауға қатысты. Бұл – облыста жасалып жатқан сегізінші ота, – деді ол. Ерлан Сұл­­тангереев болашақта апаттық жағдайда қаза тапқандардың дене мүшелерін науқастарға ауыстырып салудың қолға алынатынын айтты. Қазіргі күні об­лыста 168 адам бүйрек, 60 адам бауыр, 6 адам жүрек ауыстыруды қажет ететін науқастар бар екен. Облыстық аурухананың бас дәрігері Самат Данияровтың айтуынша, бүйрек, бауыр трансплантациясын жасауда аурухананың мүмкіндігі зор. Мұны Астанадан келген мамандардың өздері де мойындаған. Өткен жылы аурухананың алты маманы Оң­түстік Корея елінде білімін жетілдіріп келіпті. Биыл мұнда он бүйрек, бес бауыр ауыстыру отасы жасалады деп күтілуде. Екінші күрделі операция – бауыр ауыстыру отасы ко­реялық профессор Кванг Вунг Лидің қатысуымен жасалды.Екі операция да симпозиумға қатысушыларға онлайн режімінде көрсетілді. Бауыр мен бүйрек ауыстыру отасына қажетті қаржы республикалық бюджеттен бө­лінген. Мәселен, бір бүйрек ауыстыру үшін 3 миллион 600 мың теңге жұмсалса, бауырға 25 миллион теңге қарастырылады. Сондай-ақ, ауруханада жамбас пен тізе буындарына эндопротез салу отасы сәтті жасалып жатыр. Осы уақытқа дейін 150 науқасқа эндопротез салыныпты. – Қазір аурухана хирургтері ауыр ота түрлерін, оның ішінде трансплантация жасау әдістерін меңгеріп алды деуге болады. Бүгінде біздің хирургтер бүйрек ауыстыру отасын өздері жасай алады. Бұған дейін жасалған ота­лардың барлығы сәтті өтті. Науқас азаматтармен байланыс үзілмейді. Олар дәрігерлердің қадағалауында болады. 2014-2015 жылдары 25 мың адам емделіп сауықтырылса, осы кезеңде 10 мың­нан астам ота жасалды, 6 мың сәби дүниеге келді, – деді бас дәрігер. Бұған дейін бүйрек пен бауыр ауыстыру Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жасалып келіпті. Енді бұл қалалар­дың қатарына Ақтөбе қосылып отыр деп сеніммен айтуға болады. Сеул Ұлттық университе­ті госпиталінің президенті Бьюнг Хи Ох журналис­терге берген сұхбатында екі елдің арасындағы өзара ынтымақтастық көкжиегі кеңейе түсетініне тоқ­талып, тек транспланталогия ғана емес, медицинаның басқа сала­лары бойынша да бірігіп жұмыс жасауға бағыт ұсталып отырғанын жеткізді. Мұның өзі өңірдің медициналық әлеуетінің бұдан да қуатты бола түсетініне сендіреді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ.