• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2016

Ұстазға құрмет – ұрпаққа міндет

870 рет
көрсетілді

Торғай топырағынан талай жақсылар мен жайсаңдар шық­қан. Сол қадірлі жандар қата­рында ұлағатты ұстаз, ақын-аудар­машы, шежіреші, Ұлы Отан соғысының ардагері Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлы да бар десек, артық айтқандық болмас. Табиғатынан сыпайы, қарапайым, ұстаздық жолында барша ғұмырын адам тәрбиесіне арнаған қария қартайған шағында соғыс зардабынан есту қабілетінен айырылады. Жастайынан санасында қалып­тасқан ақыл-ойы, білімі мен тәжі­рибесі, сан жылдар көкейде жүр­ген неше алуан асыл қазына – жыр шумақтары мен аудармалары, айтыстары мен арнаулары, көрген, ойға түйгені, ұстаздық іс-тәжірибесі уақыт өткен сайын санасына беки түскені анық. Сол саналы ойларын рет-ретімен «қағазға түспеген ой – жоғалған қазына» деп қағаз бетіне түсіре берген. Қартайдым деп отбасында жатып алмай, қайнаған өмір тіршілігіне араласып, тыңдағанға ақылын, іс-тәжірибесін айтып, үнемі көпшілік арасында, әсіресе, кітапханалар мен газет редакцияларында жү­ре­тін. Ал біз ой үстінде жүретін қа­рияға кездескен сайын сәлем бе­ріп кішілік жасап өтетінбіз. Сәл күлімсіреп, қарлығыңқы дауысымен амандасып алып, омырауында «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медальдары, «Оқу ісінің үздігі» белгілері жарқырап тұратын костюмінің қалтасынан бүктелген оқушы дәптері мен қарындашын алып, жаз деп ұсынатын. Аудандық «Тың шұғыласы» газетіне мақалалары мен өлеңдері жиі шығып тұрды. 2015 жылы «Шапақ» баспа­сынан «Дүние шуылы жоқ нет­кен тынық» атты еңбегі шық­қаннан кейін ғана өзім талай кездесіп, сәлемдескен қарияның өнегелілігіне көзім жетті. Әкесі Әмірхамза ғұлама молда, діндар тақуа адам болған. Аталас туыстары ұлы Жыланшықтың «Дулығалы» саласына мешіт салған Бердікей ишан әулеттерімен сандаған жыл­дар сыйлас, ниеттес болған. Әмірхамза осы Бердікей ишан мешітіндегі Құлмұхаммет ишан, Әбдірахман ишан, Бірмағанбет ишан, Әбдірайым ишандардан дәріс алған. Бұл кісілер әулие­лігімен де, діндарлығымен де барша қазақ даласына танымал болған. Әлкей Марғұлан жазбаларында Құлмұхаммет ишан салдырған 24 бөлмелі медресені Ыбырай Алтынсарин келіп көріп, аса ризашылығын білдіргені жайлы еске алады. Ал Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлы өз әкесі Әмірхамза молдадан алғаш діни сауатын ашып, кейін кеңестік жүйенің ықпалымен, 1921-1928 жылдарда бұрынғы Торғай уезінің «Қара­тор­ғай» болыстық мектебінде оқыған. «Қараторғай» мектебі Ы.Ал­тынсарин ашқан Торғай дала­сындағы алғашқы бастауыш мек­тептердің бірі. Алғаш діни жүйелі білім алған алғыр, талапты жас, кейінгі А.Байтұрсынов негі­зін салған төте жазумен кеңестік оқу жүйесін де еркін меңгереді. Өзі оқып, меңгеріп қоймай, сол мек­тептегі балаларға 2 жыл сабақ береді. 18 жастағы бозбаланың жоғары оқу орнын оқымай, өзінен кейінгі балаларға сабақ беруі алғырлығы мен сауаттылығынан әрі іскерлігінен болса керек. 1930-1934 жылдары Қостанай педагогикалық техникумында оқып, оны да үздік бітіреді. Арнаулы орта білім алып, Сарыторғайдағы «Хан шабылған» деген жерде отырған, Тәтіғұл Тоқсанбай қажылардың ауылына келіп, ұстаздық жолын «Саужой» мектебінде жалғастырған. Кеңес өкіметі «Саужой» мектебіне жас балалармен қатар, барлық ересек адамдарды оқуға тартып, сауатын ашқызған. Кеңестік жүйенің ерекше бір жақсылығы – сауатсыз қазақты еріксіз оқуға тартып, аз да болса көзін ашты. Ғазекең сол қиын кезеңде сауаты жоқ, оқу-тәрбие жүйесін білмейтін, өзінен жасы үлкен ер-әйелдерді білімге тәрбиелеуде аз тер төкпегені анық. Аз уақыт ішінде ысылған білімді жасты 1936 жылғы Аман­келді ауданының басшылығы «Жасбуын» 7 жылдық мектебінің құрылысын бастатып, мектеп салуға жібереді. Мектепке қа­жетті саман-кесекті өзі аяқпен айдап құяды, кептіреді, мектеп қабырғасына қалайды, төбесін жабады, осы құрылысты аяқтап болған соң, сол мектепке директор болып тағайындалады. Жаңа мектеп жан-жақтан оқушылар қабылдап, мұғалімдермен толық жұмыс істей бастаған кезеңде, арада жыл өтпей Ғабдол-Ғазиздің әкесі Әмірхамзаны 1937 жылдың тамыз айында «халық жауы» деп жазықсыз тұтқындап, ату жазасына кеседі. Жаңа қалыптасып келе жатқан жас азаматқа бұл аса ауыр соққы болды. Ол ол ма? Сол жылдың аяғында Ғазиздің өзін халық жауының баласы деп қудалап қызметтен босатады. Бас­шылықтан кеткенмен 1938 жылдан бастап ұстаздық жолын қатардағы мұғалім болып қайтадан бастайды. Бұл салада да тиянақты, сапалы білім беріп, Ұлы Отан соғысындағы қиын кездерде ауыр бейнетпен қоса, ұрпақ тәрбиесін жалғастырады. 1942 жылғы мамырда майданға шақырылып, Шұбаркөл стансасында құрылған оқу батальонына түседі. Сол жерде әскери дайындықтан өтіп кіші сержант атағын алады. Одан Молотов қала­сына жақын Орал тауы маңындағы әскери лагерьге жіберіліп, сол жерде командир болып, жас солдаттарды соғыс өнеріне дайындайды. 1943 жылғы қазан айынан бастап Батыс Украина майданында алғы шепте болады. Қанды қырғын соғыстың ауыр азабын, жанкешті қиыншылығын бастан өткізіп, арасында ауыр жараланып, қайтадан соғысқа кіріп, Жеңіс күнін фашистік Германияның ордасы Берлинде қарсы алады. Алғыр азамат жанкешті жолда жүрсе де, қолынан қаламын тастамай, көз көрген, бастан кешкендері жайлы естелік жазып жүрген. Әр жазған естелікте жауынгерлердің Отанға деген сүйіспеншілігі, Же­ңіске деген сенім, болашаққа деген үміт, әр солдаттың басындағы қайғы-қуаныш, туған жерге деген сағыныш, ата-анасын, аяулы жары мен баласын сағынуы нақты шындықпен бейнеленіп, қарапайым тілмен қысқа да нұсқа жазылып отырған. Осы қанды қасаптан аман оралатынына сенген. Әрі тағдырлас дос­тарын осындай сенімге, үмітке насихаттап отырған. Жан алып, жан беріскен соғыста, Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлы үлкен ерлік көрсеткен азамат, сол ерлігі үшін «Қы­зыл Жұлдыз», «Отан соғысы» орденімен және ондаған медальдармен марапатталған. Ол кісі соғыста достарымен түскен фотоларын сақтап, сурет сыртына жерін, айы, күнін, жылын жазып отырған. Бұл құжаттар бүгінгі күні таптырмайтын, тарихи ескерткіш. Берлинде түскен фотолары, Берлин метросын 3 рет аралауы, жаудың шабуылдан қорғану жүйелерін, әскери мұражайларын аралауы, сонымен қатар, тарихи орындарын көруі әрине оқыған, сауатты азаматтың басқа елдің мәдениеті мен өнеріне назар аударғаны. Қиын кезеңде тығылған, жасы­рынған жаудың ішінде ашық жүріп, олардың жер жүзіне қасірет әкелген қаруымен, адамзатқа қар­сы дайындаған құралдарын көріп, оны жадында сақтауы елге аман оралғаннан кейінгі бейбіт күндердегі соғыс ардагерінің талай жастармен кездесуіне азық болғаны анық. Ғазекеңді соғыс тақырыбына қалам тартқан майдангер десек артық емес. Сонымен қатар, өзі оқыған төте жазуды, ұрпақ игілігіне пайдаланып, әрі туысы, әрі ағасы, құранқари, ақын Мұхаммед Файзолла Сатыбалды ұлының төте жазуымен 1929-1930 жылдарда түрмеде отырып жазған өлең дастандарын аударып, ақын мұрасын оқырманға ұсынған аудармашы. Сонымен қатар, Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлы көлемді дас­тандар, поэмалар, өлеңдер жазған өрелі ақын. Сөз саптауы, ой толғамы, оқырманын еріксіз алға жетелеп, оқыған сайын құныға, құмарлана оқисың. Ойы орамды, сөзі шұрайлы, тігісі жатық, бір сөзінен бір сөзі асып түсіп, айтар ойын өлеңмен шұрайландырып, ойға алған образын саф алтындай оқырманға ұсынып отырады. Алғаш өлең жолдарына көз жүгірткеннен оқиға желісіне еріп, образға кіріп, бас алмай оқисың. Оқыған сайын сол өлеңде айтылатын кейіпкердің бастан өткен қилы тағдыры жан-дүниеңді елеңдетіп, қуанса қуанып, күрсінсе сен де күрсініп отырасың. Барша саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, ұстаздық жолға арнай жүріп, сол кезеңдегі заман талабымен бірнеше рет айтысқа түскен және өз заманының төрт аяғы тең жорға ақыны Құтжан Қанжығалин және басқа да ақындармен айтыс­қан. Ғабдол-Ғазиз ел аузында сақ­талған қаншама шешендік сөздерді ерінбей-жалықпай жинап, қағазға түсіріп, бізге жеткізді. Бұл салада да атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісі 1956 жылдың 16 қарашасында «Қазақ КСР ағарту ісінің үздік қызметкері» атағын иеленді. 2013 жылы ардагер ұстаздың 100 жылдығы аталып өтті. Осы кісінің ерен еңбегі бар еді. Еңбегін бағалап, осы жоғарыдағы екі мек­тептің бірінің атын берейік деген ағайын болмады. Тіпті, көзі тірісінде де мектеп атын берсе артық болмас еді. Қарапайым ұс­таздың еңбегі еленіп, тиісті бағасын алуы біздің Аманкелді ауданы азаматтары мен басшыларына парыз болуы қажет. Осы күнгі атарқасында жүрген азаматтар осы Ғабдол-Ғазиздің шәкірттері, ба­лалары мен немерелері. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Ұрпаққа тәрбие берген ұстаз қандай құрметке де лайық. Шөптібай БАЙДІЛДИН, Арқалық қаласының құрметті азаматы. Қостанай облысы.