• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

Өзіміз үшін маңызды, еліміз үшін маңызды!

1238 рет
көрсетілді

Қазақстандықтар Отанымыздың баянды болашағы, бақытты өмірі үшін бір кісідей дауыс берді

*Алматы Қабанбай батыр көшесінде жайласқан Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мек­теп-гимназияның ауласына бас сұ­ғып келіп жатқан дауыс берушілердің ара­сы­нан ең алдымен көзімізге түскені Тәуел­сіз Қазақстан Үкіметінің алғашқы басшыларының бірі Сергей Терещенко еді. Алматының құрметті азаматы. Экс-премьер-министр сайлау учаскесінде көп аял­даған жоқ. Бұл кезде №372 сай­лау учаскесінде халықтың қарасы көбейе бастаған. Мына ақсақал – Сұлтан Сүлей­мен­ұлы Жиенбаев. Жас ұрпақтың көбісі Сұлтан ағамыздың Ұлы Отан соғысының ардагері, еліміздің партия және мемлекет қайраткері екенін біле бермеуі де мүмкін. Дәл осындай құрмет пен ілтипат Медеу ауданының №371 сайлау учас­ке­­сінде де қайталанды. Бір қауым жұрт сай­лау учаскесінің есігінен асықпай ен­ген әлемге танымал ақын Олжас Сүлей­ме­новті келбетінен бірден таныды. Өз мис­­сиясын тез арада орындаған Олжас аға­­н­ы журналистер қауымы бірден орта­ға алды. Ақыл-ойдың таусылмас кені – ға­жа­йып ақын журналистердің барлық сұра­ғы­на ықыласпен жауап қайтарып жатты. «Жаңа­дан жасақталатын Парла­менті­міз өзі­мізге ежелден етене жақын ба­йырғы «бір­лік, ынтымақтастық, рес­пуб­ликаның қар­қынды дамуы», деген ұста­нымда бо­ла­ды деген сенімдемін» деді Олжас Сүлейменов. Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төле­генова да осы учаскеден – Достық даңғы­лының бойына орналасқан №35 линг­вистикалық гимназияда дауыс берді... Күннің көзі көктен жадырап, жер-дүние жаймашуақ күйге енгенде Алматы қаласы сайлаушыларының 30 пайызы дауыс беріп үлгерген. Кеш жатып, ерте тұратын Ал­ма­ты жастарының алғашқы легі бұл кезде ат­тың басын сайлау учаскелеріне бұрған. Астанадағы Орталық сайлау комис­сия­сы кешкі 18.00-де Қазақстан хал­қының 75,16 пайызы сайлауға дауыс беріп үлгерді деген мәлімет таратты. Бұл кезде Алматыдағы сайлау учас­­ке­леріне бас сұғып дауыс беруші­лер­­дің саны да әлі де үзілмеген Байқаушылар­дың дені қым-қуыт қызметтің ешбір қиын­дық­сыз аяқ­талып келе жатқанын байқаған­дай, жең­дерін сілкіп, сағаттарына қарай бастады... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Юрий БЕККЕР. *Ақтау Еліміздің Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттарға депу­таттарды сайлау Маңғыстау облысында жер­гілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталды. Өңірде 199 сайлау учаскесі ашылған болса, ол бұрынғы сайлаулардан 22 учаскеге артық және биыл аталмыш учаскелерге 300 мыңнан астам сайлаушы тіркелген, сондай-ақ, барлық деңгейдегі мәслихаттарға 281 кандидат тіркелген. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген сайлауды Маңғыстау облысында арасында 13 халықаралық байқаушы бар 300 байқаушы қада­ғалауда. Ақтау қаласындағы 29 шағын ау­дан­дағы орта мектеп ғимаратына бір­неше сайлау учаскесі шоғырланған. Пат­риот­тық әндер шырқалып, кең аула­да жәрмеңке ұйымдастырылған. – Біздің учаскеге 2436 сайлаушы тір­келген. Сағат таңертеңгі 9.00-ге де­йін 300-ден астамы дауыс берді. Еш­­­­қан­­­­дай құқықбұзушылық орын ал­ған жоқ. Арасында сайлауды байқау жөнін­дегі рес­пуб­ликалық қоғамдық коми­с­сия мүшесі де бар байқаушылар келді. Ең қарт сайлаушымыз – Екінші дүние­жүзілік соғыстың ардагері, 1920 жылы туған, яғни 96 жастағы Айберген Жүзбаев ақсақал, – дейді №23 сайлау учаскесінің төрайымы Рима Бекназарова. Р.Аяшқызының айтуынша, учаскеге ал­дыңғы лекте мүгедек ұлын ертіп кел­­ген қарт анаға арнайы сый-сияпат ұсы­ны­лыпты. Учаскеде М.Өскенбаев атын­дағы Маңғыстау облыстық филар­мониясының өнерпаздары келушілерді ән-жырмен қарсы алып жатты. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». *Ақтөбе Қазақстан Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы күні болатын таңда аспаннан жауған ақ ұлпа қар түс ауа ғана ашылды. Мұның өзі сайлау науқанына деген ақтөбеліктердің ақ ниетіндей әсерге бөледі. Сайлаушылар облыс орталығындағы №61сайлау учас­ке­сіне өздерінің азаматтық парызын өтеуге тым ерте жиналды десе де болған­дай. Сайлау учаскесі ашылмай тұрып-ақ мұнда жиналған адам қарасы көп көрінді. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері ерте қамданған сайлаушыларға ыстық шай ұсынып, өзара әңгіме-дүкен құруларына жағдай жасады. Сайлау учаскесі ашылысымен сексеннің сең­гіріне қадам басқан Юрий Малышкин бастаған қарттар бюллетеньдерін алып, азаматтық парыздарын өтеді. №61 сайлау учаскесінің төрайымы Роза Аман­баева қашаннан қалыптасқан ұста­нымдарынан айнымаған қарттарға өзіндік сый-сия­патын жасады. Қарт сайлаушылардың мұн­дай ықыласқа көңілдері көтеріліп, мәз-мейрам болды. Олардың қай-қайсысының да айтары елдегі тыныштық пен бірлік, бақуатты тұрмыс жайы, сол үшін Елбасына деген ризашылығы дер едік. Бұл сайлау учаскесінде 1620 сайлаушы дауыс беруі тиіс екен. Отыз тоғыз сайлау­шының үйлеріне барып, дауыс бергізудің шарасы алынған. Учаскеде сайлаушылар тізімі көрнекі жерге ілінген. Учаскелік сайлау комиссиясының мүше­лері келген сайлаушыларды тізімнен тез тауып берді. Бірінше рет сайлауға қатысып отырған Камал Ерғазиев бұл күн өз өміріндегі ең бақытты сәт екенін жет­кізді. Ал, ұзақ жыл мұғалім болған Аруза Үргенішбаева апайды жердің тайғақ­тығынан сақтанып, ұлы Азат ертіп келіпті. №61 учаскелік сайлау комиссия­сының төрайымы Роза Аманбаева сайлаушылдардың тізімі нақытыланып, оларға шақыру қағаздары ертерек жет­­кізілгенінің нәтижесінде сайлау­шылардың белсенділігі жақсы екенін айтты. Осы учаскеде 17.30 сағатқа дейін 1920 сайлаушының 1790-ы дауыс беріп үлгерді. «Қазақстан Республикасында сай­лауды байқау жөніндегі респуб­ли­ка­лық қоғамдық комиссия» рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлестігі облыс­тық орталығының жетекшісі Халел Құсайыновтың айтуынша, жалпы облыста тіркелген 475447 сайлаушының 16.00 сағатқа дейін 72 пайызы дауыс берген. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». *Атырау Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашевтың мәлім етуінше, өңірде бұған дейін 9 аумақтық сайлау комиссиясы жұмысына кіріскен еді. Сонымен бірге, 134 округтік сайлау комиссиясы мен 234 учаскелік сайлау комиссиясының құрамы да жасақталыпты. Сайлау басталғанға дейін мұнайлы өңірде тұратын 302 186 сайлаушының дауыс беретіндігі белгілі болды. Дегенмен, Атырауға өзге өңірлер­ден вахталық ауысыммен жұмыс жасауға келетін мұнайшылардың бар екендігі ескерілді. Олардың саны – 3000-нан астам адам. Мәселен: «Туған жерімнен жырақта жүрсем де сайлауда өз таңдауымды біл­діруге мүмкіндік алғаныма қуаныш­тымын. Мен еліміздің болашағы үшін дауыс бердім. Бұл – әр азаматтың парызы» деген Данагүл Елеуова Атырау қаласының іргесіндегі Талғайраң ауылдық округіндегі №77 сайлау учаскесінде да­уыс беруге келді. Онымен бірге Атырау қаласынан 30 шақырымнан астам қашық­тық­тағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында бірге еңбек ететін 2300 адам арнайы автобус­­тар­мен сайлау учаскесіне жеткізілді. Сол секілді Атырауға өзге өңірлерден келгендер «Қашаған» кенішінде де жұмыс жасайды. Мұнда ауысымдық жұ­мысқа тартылған 700-ден аса отандас­тары­­мыздың өз таңдауын жасауы үшін сайлау бюллетеньдері арнайы тікұшақпен жеткізілді. Осы кезеңде Атырауда судан маржан сүзетін балық­шылардың көктемгі балық аулау науқаны да бас­тау алды. Дегенмен, олар да өздерінің таңдауын білдіруіне мүмкіндік алып, Дамбы ауылындағы №83 сайлау учас­кесіне ұйымшылдықпен келді. Бұл күні Атыраудағы тағы бір сайлау учаскесі – №83 сайлау учаскесінде Нұртай Өтеғұловтың мұнайшылар әулеті дауыс берді. Оның өзі отыз жылдан бері мұнай-газ өнеркәсібі саласында абыройлы еңбек етіп келеді. «Біз сайлауда дауыс беру арқылы еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне атсалысамыз», дейді өз ісінің білгір маманы Нұртай Жанарұлы. Сайлау учаскелеріндегі сайлау үде­рісін халықаралық 12 байқаушы бақы­ла­ды. Оның ішінде ЕҚЫҰ-дан – 10, ТМД байқаушылар тобынан 2 байқаушы бар. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ. *Көкшетау Сайлау белгіленген 20 наурыз күні тура таңғы сағат алтыда Көкшетаудағы №1 мектепте орналасқан №6 сайлау учаскесінің есігі айқара ашылды. Қазақ­стан Республикасының Әнұраны орын­далған соң алғашқы дауыс беру құрметі 88 жастағы еңбек ардагері Айдархан Темірбаевқа берілді. Одан кейінгі кезек сервистік-техникалық лицейдің оқушысы Батырхан Жылқайдаровқа тиді. Ол елі­міз үшін аса маңызды саяси науқанға тұңғыш рет қатысып отыр. Қос ұрпақтың өкілі «Мәңгілік Ел» мұраттарына сапар бастаған Тәуелсіз Қазақстанымыздың жарқын болашағы үшін дауыс бергендерін айтты. Бұл екі азаматқа арнайы сыйлықтар тап­сырылды. Аталған учаскелік сайлау комис­сиясының төрайымы Ирина Голов­ченконың айтуынша, сайлау учаскесінде 3907 сайлаушы тіркелген. Алғашқы екі сағатта олардың 17 пайызы азаматтық парызын өтеуі жоғары белсенділікті айқындайды. Мұн­да бүгін 19 қыз-жігіт бірінші рет дауыс берсе, 30 адамның үйіне жыл­жымалы жәшік жеткізіледі. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов бізбен әңгімесінде өңірдегі 785 учаскеде сайлау белсенділікпен өтіп жатқанын мәлімдеді. Мұнда сайлауды өткізуге қатысты жағ­дайлардың бәрі жасалып, дауыс берудің заңдық талаптары қамта­масыз етілген. Жалпы, осынау айтулы күні 470 мыңнан астам адам дауыс берсе, олардың 18-інің жасы 100-ден, ал Көкшетау қаласының 600 тұрғыны 90 жастан асқан қариялар екен. Сондай-ақ, 3 мыңнан астам жас бірінші рет сайлау учаскелеріне келіп отыр. Сайлаудың әділ де таза өтуіне 6 мыңнан астам бай­қаушы септік жасайтын болады. Олар­дың қатарында Франция мен Финлян­диядан келген екі ұзақ мерзімді байқаушы және ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 3 мүшесі бар. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». *Қарағанды Қарағанды қаласындағы Нұркен Әб­діров атындағы спорт сарайында ор­на­ласқан №58 сайлау учаскесінде «Шахтер» футбол клубының ойыншы­лары Евгений Горячий мен Сергей Ветров өз таңдауларын жасап, дауыс берді. – Мен бүгін дауысымды өзім таңдаған партия мен үміткерге бердім. Жалпы, демо­кратиялық бағыт ұстанған қоғамда өмір сүріп отырғандықтан, сайлау учас­кесіне барып, дауыс беру әрбір қазақ­стандықтың азаматтық борышы деп білем. Ендігі тілегім мен дауыс берген үміткер сайлауда жеңіп шығып, елімізде саламатты өмір салтын қалыптастыру ісін ілгері жылжытуға өз үлесін қосса деймін, – деді «Шахтердің» қорғаушысы Евгений Горячий. Дауыс берген футболшыларды қол­дап, сайлау учаскесіне «Шахтердің» ойын­шылары, команда капитаны Андрей Финонченко мен Қазақстан құрама командасының мүшесі Мақсат Байжанов келді. Аталған сайлау учаскесінде болған байқаушылармен тілдескенімізде, олар­дың бәрі де бұл жерде ешқандай заң бұзу­шылықтың болмағанын, сайлаудың демо­кратиялық талаптарға сай өткенін айтты. «№58 сайлау учаскесі таңғы 7.00-ден бастап жұмыс істеді. Таңдаушылардың белсенділігі түске дейін де, түстен кейін де бір сәт саябырсымады. Тұрғындар сайлауға көтеріңкі көңіл-күймен, көбісі бала-шағасымен келді. Сайлау үлкен ұйым­шылдықпен, демократиялық талап­тардың бәрі орындалып, өте дұрыс өтті. Техникалық тұрғыдан ұйымдастырылуы да өте жақсы болды. Сайлау барысында Қазақстан заңдары мен нормаларының барлық талаптары орындалды. Бұл орайда біздің ешқандай ескертуіміз болған жоқ», – деген пікір білдірді тәуелсіз байқаушы Мұрат Сембаев. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». *Қостанай Кеше Қостанайда таң атқаннан жапалақтап жауған наурыздың ақша қары кешке дейін тыйылған жоқ. Сайлаудың жауапкершілігін аса сезінген қостанайлықтар өліараның мінезін елер емес. Әдетте, демалыс күні таңертең көшеде кісі қарасы аз болатын. Ал сайлау күні борап тұрған қарға қарамай, жасы да, кәрісі де сайлау учаскелеріне ағылды. Қостанай қаласындағы №62 сайлау учаскесі орналасқан облыстық «Мирас» мәдениет үйінің алды сағат 10.00-ден кейін халықтық мерекеге айналғандай болды. Қаладағы «Ақ дариға» әжелер ансамблі әнді бастап жіберген екен. Дауыс беріп шыққан сайлаушылар жапалақтап жауған ақша қардың астында әжелер әніне дөңгелене вальс билей жөнелді. «Еліміз аман болсын, жұртымыз аман болсын! Еліміздің ертеңі үшін дауыс бердік», дейді олар. Барлық сайлау учаскелеріне сайлау­шылар таңертеңгі 8.00-ден келе бастады. Әсіресе, сағат 10.00-ға қарай дауыс беретіндер кезекке тұрды. – Сайлаушылар белсенділігі өте жоғары, түске дейін олар бірнеше рет кезекке тұрды. Бұрын әдетте, таңертеңгі мезгілде негізінен құсұйқы аға ұрпақ өкілдері келуші еді, бұл жолы жастардың белсенділігі риза етті, – дейді №62 сайлау учаскесінің төрайымы Ольга Малых. Республикалық орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылардың дауыс беруі жөнінен күндізгі сағат 10.00-де Қостанай облысы топ бастады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов №21 сайлау учаскесіне келіп дауыс берді. – Облыстың жергілікті атқару органдары сайлау алдында үлкен ұйымдастыру жұмысын жүргізді. 357 ірі сайлау учаске­лерінде сайлаушылардың мекенжай мәлі­метін алатын бекеттер құрылды. Бар­лық аудандар мен қалаларда колл-ор­та­лық­тар сайлаушыларға қолайлылық ту­ғыз­ды. Бүгін барлық сайлау учаске­лерін­де тұрғындардың дауыс беруі үшін ком­муналдық және жол қызметі үзіліссіз жұмыс істейді, – деді Архимед Бегежанұлы. Қостанайлықтардың дауыс беру белсен­ділігі қалалармен қатар, аудандарда, шалғай ауылдарда жоғары болды. Сайлау күні 818 сайлау учаскесі облыстағы 550 мың сайлаушыларына есігін айқара ашты. Облыстық сайлау комиссиясы түстен кейін, сағат 16.00 шамасында облыс бойынша сайлаушылардың 68 пайызы өз таңдауын жасағанын айтты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». *Қызылорда Сыр еліндегі сайлау қарқынды өтті. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттығына ұсынылған 362 кандидат белгіленген 147 орыннан үміткер. Былай айтқанда, депутаттық 1 мандатқа 2,5 кандидаттан бәсекелес келіп тұр. Мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттардың орташа жасына тоқтала кетейік. Облыстық мәслихатта – 49 жас, аудандық мәслихаттарда – 45 жас, ал қалалық мәслихатта 41 жас айырмасымен тұр. Сондай-ақ, 30 жасқа толмаған аза­мат­­тардың саны 16 пайызды құраса, 30-60 жас арасындағы кандидаттар 80 пайызды, 60-тан асқан кандидаттар қалған 4 пайызды құрайды. Үміткерлер ішінде ер адамдар саны – 295, нәзік жандылардың 67-сі депутаттық орынға үмітті. Кандидаттардың басым бөлігі жо­ғары білімді, олардың ішінде мұ­ғалім, инженер, экономист, заңгер, дәрігер, ауыл шаруашылығы саласының ма­мандары мен өзге саланың өкілдері бар. Қалған үміткерлер де арнаулы орта және кәсіптік орта біліммен қаруланған. Барлық тіркелген кандидаттардың 217-і өзін өзі ұсыну жолымен, 143-і «Нұр Отан» партиясымен, 1-і «Ауыл» ХДПП, 1-і – «Ақжол» ҚДП-дан ұсынылған. 144 үміткер «Нұр Отан» партиясының мүшесі, 2-еуі «Ауыл» ХДПП, 1-еуі «Ақжол» ҚДП мүшесі болса, қалған 222 кан­ди­дат партиялар қатарында жоқ. Қызылорда облысында сайлау барысын 19 халықаралық байқаушы қадағалады. Олардың 10-ы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан болса, 7-еуі Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесінің және 2-еуі ТМД мемлекеттерінен келген халықаралық байқаушылар. Сонымен қатар, саяси партиялар өкілдері, кандидаттардың сенім білдірген адамдары мен қоғам­дық ұйымдардың 5000-ға жуық байқау­шылары жұмыс жасады. Облыстық сайлау комиссиясына сай­лау заңнамаларының бұзылуы жөнінде арыз-шағым түскен жоқ. Халық Мәжі­ліс­тің кезектен тыс, жергілікті мәс­ли­хат­тар­дың кезекті сайлауына белсенді қатысты. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». *Орал Наурыз айы туғалы тұнжырап тұрған Ақжайық аспаны кешегі Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәс­лихат­тар депутаттары сайлауы күні жа­­ды­рап сала берді. Шәйдай ашық күн. Көгілдір көктемнің саф ауасы сай­лау­шылар белсенділігін одан әрі көтере түс­кендей әсер қалдырды. Облыс­та құ­рылған 520 сайлау учаскесінің бәрін­де де қызу қарбалас байқалды. Та­ңер­теңгі және түске дейінгі уақытта пай­да болған сайлаушылар кезегі мың­да­ған батысқазақстандықтардың өз дауыс­тарын ертерек беріп үлгеруге асық­қан­дарын айқын аңғартқандай. Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов, өңірде түрлі деңгейдегі мәслихаттар депу­таттығына 580 үміткер тіркелгенін мәлім­деді. Бұл дерек бір орынға үш үміт­кер бақ сынағанын, сайлаудың мейлінше тартымды да тартысты бол­ға­нын көр­се­теді. Өңірге Еуропадағы қауіп­сізік және ынтымақтастық ұйымы мен ТМД-дан келген байқаушылар облыстағы сайлау үдерістері халықаралық норма­лармен бекітілген тәртіпке сай өткенін айтып берді. Солардың бірі Ресей Феде­рациясы Саратов облыстық сайлау комис­сиясы төрағасының орынбасары Юрий Бризгалин Қазақстандағы Пар­ламент Мәжілісі мен барлық деңгей­дегі мәслихаттар депутаттары сайлауын өткізу мен ұйымдастыру ісінде үйренуге тұратындай жайттар бар екеніне тоқ­талды. Сонымен бірге, ол өңірдегі жас сайлаушылардың белсенділігіне көңілі толғанын жеткізді. Бұл фактор Қазақстанда жастардың өз мемлекетінің болашағына салғырт, немқұрайлы қарай алмайтынын көрсетеді, деді байқаушы одан әрі. Біз кеше Орал қаласының алтыншы шағын ауданындағы №502 сайлау учас­ке­сінен дауыс беріп шығып келе жат­қан жас сайлаушының бірін әңгімеге тарт­қан едік. Ол өзін Диана Әбуова деп таныстырды. Облыс орталығында орналасқан «КазТрубПром» ЖШС-да техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер болып қызмет жасайды екен. Биылғы Парламент сайлауына алты бірдей саяси партияның қатысуы еліміздің демо­кра­тиялық тұрпаттағы бет-бейнесін терең­дете түседі. Партиялар бәсекелестігі ел­дің дамуы­­ның бір тұтқасы бола алады деген ойдамын. Сондықтан да, мен бағ­дар­­ламасы айқын, іс-қимылы нақты пар­тияның біріне дауыс беріп шығып келе­мін, деді ол газет тілшісіне. Ал «Егемен Қазақстанның» Орал қала­сындағы тілші қосынына шалғайдағы Жаңақала ауданынан телефон шалған Ұлы Отан соғысының ардагері, жасы 93-ке келген қарт майдангер Мәжит Жаданов бұған дейін қалыптасқан әдетінше сайлау учаскесіне ерте келгенін хабарлап, сай­лау­дың уақытынан бұрын өткізілгені дағ­дарысты еңсерудің таптырмас бір тетігі бола алғанын айтып берді. Орал өңіріндегі сайлау серпілісі жөніндегі кейбір ой-үзіктері осындай. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ. *Өскемен Шығыс өңірі Мәжіліс пен мәслихат сайлауларына бір кісідей белсене қатыс­ты. Сағат 7.00-де өңірдегі 1075 сайлау учаскесі дауыс берушілерге есігін айқара ашты. Барлық учаскеде концерттік бағдарлама мен жәрмеңке ұйымдастырылып, жергі­лікті өнерпаздар саяси маңызы зор шараны шат-шадыман мерекеге айналдырды. Облыс орталығында соңғы жылдары бой көтерген №19 шағын ауданның тұрғындары таңмен таласа тұрып, биыл пайдалануға берілген №46 мектепте орналасқан №95 сайлау учаскесіне дау­ыс беруге ағылғанының куәсі болдық. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мек­тебінде орын тепкен №2 және №1136 сайлау учаскелеріндегі ұзын-сонар кезек те шығысқазақстандықтардың сая­си белсенділігінің айғағындай әсер қал­дырды. Сәуір Дәнебаев есімді ақ­сақал­ды сөзге тартқанымызда, зерлі шапан киген қазақы қалыптағы қария Ұлыстың ұлы күнімен қатар келген сайлаудың халықтық мерекеге ай­­налғанын айтты. Таңдау жасауға отба­сы­мен келушілер қатарының көбеюі де шығысқазақстандықтардың шынайы ықыласы іспетті. Мәселен, ата-әжесі, немерелерімен бірге келген өскемендік Кенешбаевтар отбасы №18 сайлау учас­кесінде дауыс берді. «Бізден 4 жасар Исмаил есімді немереміз де қалған жоқ. Олар осы кезден бастап, өздерінің саяси құқығы туралы білгені абзал», деді әулеттің әжесі Париха Байдурахманқызы. Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында да сайлауға қатысушылар деңгейі жоғары. Мәселен, Курчатов қаласында 7664 сайлаушы болса, олар­дың 42 пайызы таңғы сағат 11.00-ге дейін өз таңдауларын жасап үлгерді. Сайлау күнінде өңір жастары әлеу­меттік желі арқылы халықты дауыс беруге шақырған ерекше эстафетаны бас­тады. Ағылшынның «follow me», яғни, «соңымнан ер» мағынасын беретін сөзімен сайлау учаскелерінен күрделі селфи жасап, фотосуреттерін әлеуметтік желіге ор­наластырған шығысқазақстандық жас­тардың бастамасын басқа аймақтар да қолдап, жалғастырды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». *Павлодар Облыс орталығындағы №59 сайлау учаскесі Суворов көшесі 3, №1 мектепте орналасқан. Өз елінің болашағы үшін таңдауын жасауға келген әрбір тұрғын кезегі келгенде кабинаға қарай өтіп, дауыс берді. Осы учаскеде алғашқылардың бірі болып дауыс берген зейнеткер Валентина Соколова деген қарт сайлаушы осындай қарттық жасымда дауыс беремін деп ойлаған да жоқпын. Жақсы өмір адамға ұзақ ғұмыр сыйлайды екен. Дауыс беру – қазақстандықтар үшін маңызды күн. Болашақ қазақстандықтар – немерелеріміз жақсы уақытта тыныштықта өмір сүрсін. Сол үшін дауыс беріп таңдау жасадым, – дейді әжей. Ал біз бұдан әрі қарай барып көрген №28 сайлау учаскесінде Лермонтов, Кутузов және Павлов көшелері бойында тұратын тұрғындар дауыс берді. №28 аумаққа тиесілі тұрғындардың жалпы саны 1816 адам. Ертеңгілік алғашқы болып дауыс беруге зейнеткер Дәуіт ата мен апамыз, яғни Рақымғалиевтер отбасы келді. Сайлау учаскесінің төрайымы Тілеулес Қалиеваның айтуынша, ашыл­ған уақыттан бастап алғашқы сағатта 50-ден аса сайлаушы келіп дауыс берді. Жақ­сы белсенділік көрсетті дейді. Сайлау бөлімшесінде 7 байқаушы жұмыс жасады. Облыстық мәслихаттың №14 аумақ бо­й­ын­ша сенімді өкілі Сәуле Иксатованың айтуын­ша, байқаушылардың негізгі міндеті сайлаушылар құқықтарының сақталуын және сайлаудың ашық өтуін қадағалау. Осы бөлімшеге тіркеулі 1816 тұрғынның 32-сі денсаулықтарына байланысты өз үйлерінде дауыс берді. Олардың мекен-жайына комиссия мүшелері сағат 12-ден бастап бюллетеньдерді жеткізді. Сондай-ақ, кәмелет жасына толып, алғаш рет дауыс беретін 11 жас тіркелді. Облыста 569 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Облыстық сайлау комис­сия­сының төрайымы Әлия Сабыр­ханова­ның айтуынша, жалпы, облысқа ТМД-дан 16 байқаушы келген. ЕҚЫҰ-дан келген бақылаушылар қатарында АҚШ, Австрия, Ирландия, Гер­мания, Польша елдерінің өкілдері Ақсу, Екі­бас­тұз, Қашыр, Баянауыл аудан­дарында өздерінің байқаушылық мін­деттерін атқарды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». *Петропавл Облыстық сайлау комиссиясы берген мәлімет бойынша 390 мыңнан астам сайлаушы тіркеуге алынып, басым бөлігі өз таңдауларын жасады. Таңғы сағат тілі 7-ні көрсетісімен облыс орталығынан шеткері орналасқан Борки кентіндегі №693 сайлау учаскесі өз есігін айқара ашты. Учаске табалды­рығын бірінші болып Астанадағы ме­ди­ци­налық университетте оқитын сту­дент қыз аттады. Сұрастыра келе аты-жөні Фатима Әлжанова екенін, ата-анасы тұ­рып жатқан қалаға келгенін білдік. Оқу озаты алғаш рет дауыс бергенін мақ­та­ныш­пен жеткізді. Осындағы сайлау учас­кесінің төрайымы Жанна Бережная 1436 сайлаушының тіркелгенін, екі байқаушының қадағалауымен айналысып отырғанын мәлімдеді. №692 сайлау учаскесіне келгенімізде адам қарасының молдығын аңғардық. 1652 сайлаушы үшін 6 кабина жұмыс істейді. Мұнда да пар­тиялар мен жергілікті мәслихат депу­таттығына үміткерлердің сенімді өкілдері өз істеріне қарқынды қимылмен кіріскен. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында орналас­қан №644 сайлау учаскесінде өз таң­дауын жасағаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұх­бат берді. Ол өз сөзінде сайлаудың ма­ңыз­дылығын, Мемлекет басшысы ел­дің тұрақты дамуы үшін ауқымды мін­деттер қойғанын атап өтті. Сағат 10-да Сайлау барысын білу мақ­­­сатымен облыстық сайлау комис­сия­­сы­мен хабарласқанымызда өңір тұр­ғын­дарының 23,85 пайызы бюлле­тень а­лға­нын, Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов, Есіл аудан­­дарында саяси белсенділік бұдан да жо­­ға­ры екенін білдік. Осы кез­де бұрын­нан көз­таныс Амангелді деген азамат телефон соғып, №640 сай­лау учаскесінде тұрғанын, тізімнен аты-жөнін таппағандықтан, таңдау жа­сай алмай отырғанын ренішті үн­мен айтты. Мұндай оқиғаны біз №635 сайлау учаскесінде де кезіктірдік. Алайда, кінә кейуананың өзінен екенін сайлау учаскесінің төрайымы Галина Митрофанова байыппен түсіндіріп, мәселені тез-ақ шешіп берді. Арагідік кез­дескен мұндай кем-кетіктер сайлауға көлеңке түсіре алмасы анық. Сағат тілі 12-ні нұсқағанда солтүс­тік­қазақстандықтардың – 48,1, сағат 14.00-де 61,2, сағат 18.00-де 76,48 пайызы өз таң­дауларын жасағандары белгілі болды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». *Тараз Жамбыл облысының сайлау­шы­­лары өткен науқанда асқан бел­сен­ділік танытты. Облыстық сайлау комис­сиясының берген мәліметіне қара­ғанда, түс ауғанша-ақ жамбылдық сай­лау­шылардың жартысынан астамы, нақ­тырақ айтсақ, 400767 дауыс беруші өз таңдауларын жасап үлгерді. Бұл жалпы сайлаушылардың 76,3 пайызын құрайды. Учаскелерде сайлаушыларға барлық жағдай жасалған. Аулада әсем ән қалықтап, жас өрендер келушілерге өз өнерлерін паш етуде. Тараз қаласындағы №50 сайлау округіне дауыс беруге алғаш болып келген 18 жастағы Қуаныш Алтынбек пен Ботагөз Әлібаеваның қуаныштан жүздері бал-бұл жанады. Екі жас ел тағдыры шешілетін жауапты сәтке бей-жай қарай алмайтындарын айтады. «Бұл сайлау учаскесі орналасқан №53 орта мектеп менің білім алған шаңырағым. Сондықтан, бұл ғимарат мен үшін өте ыстық. Таңертең ерте тұрып, сайлау учаскесіне жеткенше асық болдым, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Біз елдің ынтымағы, татулығы, тұрақтылығы үшін дауыс бердік. Себебі, ел келешегі – бұл біздің де келешегіміз. Оны жақсы түсінеміз. Біз бейбітшілік пен келісімде, тұрақтылықта өмір сүргіміз келеді. Ол үшін келешек ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін сенімді болуымыз керек», дейді Қуаныш Алтынбек ағынан жарылып. Әрине, әр сайлау елді бірлікке шақы­рып, жұртты еңбекке ұйытуы қажет. Бұл күні өз таңдауларын жасауға асыққан көп жұрттың шат-шадыман көңіл-күйлерін байқап, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел екеніміздің тағы да бір нышанын көргендей қуанып қалдық. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН. *Талдықорған Бұл күні Жетісу жерінде күн шайдай ашық болды. Жадырай әрі әдемі киімдерін жарастыра киінген ауылдар мен қалалардың тұрғындары сайлау учаскелеріне қарай ағылды. Әр учаскеге кірер есікте сыпайы ғана сәлем бере жол нұсқаған жандарға алғыстарын ағытқан қариялар мен әжелер жеке куәліктерін көрсетіп, тиісті бюллетеньдерін алған соң, перде ішіне еніп өз таңдауларын жасап, шығып жатты. Бейбіт өмір мен жарасты тірлікке тәубе еткен қариялардың бірі – 111 жастағы Қанияхан Тұқаева Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылындағы №931 сайлау учаскесінде конституциялық құқығына сай азаматтық міндетін әрі парызын өтесе, ең жас сайлаушы Маржан Сейтқожа Райымбек ауданы № 627 сайлау учаскесінде дауыс берді. Негізі Алматы облысы бойынша 990021 сайлаушы дауыс беруі керек болса, бұл күні сағат 16.00-ге дейін 889877 сайлаушы, яғни 89,88 пайызы өз таңдауларын жасап үлгерді. Тағы ерекше айта кетер жайт Жетісу жерінде 103 этнос өкілдерінің бірде-бірі саяси науқаннан шет қалмады. Адамдардың жадыраған жүзі, асықпай-аптықпай сайлау учаскелеріне келіп-кетулері де елдегі тыныштықтың берік орын алғандығын айқын көрсетеді. Бұл көрі­ністерге Талдықорғанға қысқа мер­зім­ге байқаушы болып Германиядан кел­ген Бриджет Дайбер және Ресейлік Александр Шалах куә болғанын да айта кеткен дұрыс. Бір кісідей азаматтық парызын өтеушілер қатарында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовта Талдықорғандағы №866 сайлау учас­кесінде өз таңдауын жасады. Сөйтіп, ел бірлігінде өзіндік орын алатын бұл сайлау да ашықтық пен жариялылықты айқын көрсетті. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан».  *Шымкент Сайлауда дұрыс таңдау жасау елдің ертеңін еңселі етеді. Жасы жүзден асса да, екі ғасырдың дәмін татса да тәтті өмірге құлшынысын жоғалтпаған, болашақ үшін алаңдайтын қазығұрттық кейуана Жазира апайды сайлау учаскесіне жетелеген осы күш. Бірінші болып таңдауын жасап, саяси науқанның дұрыс өтіп, азаматтардың ел пайдасына жұмыс жасауына батасын берді. Күндізгі сағат 14.00-ге дейін облыс­тағы сайлаушы­лардың 68,70 пайызы өз таңдауларын жасап қойды. Ал қай аудандар белсенді десек, осы мезгілге дейін Шардара ауданының сайлаушылары 72,20 пайыз дауыс берді. Одан кейін Сайрам және Отырар аудандары келеді. Он сегізінші наурызға дейінгі мәлімет бойынша, 812 үміткер тіркелген болатын. Оны жіктер болсақ, облыстық мәслихатқа 127 азамат, аудандық мәслихатқа 488 азамат, қалалық мәслихатқа 197 азамат сайлауға түсті. Бір орынға 2,6 үміткер бағын сынауда. Сайлаудың дұрыс өтіп жатқанына өзіміз де көз жеткіздік. Өз учаскемізде отбасымызбен таңдау жасадық. Байқау­шы­лар қай-қайсында да көп. Тәртіп сақ­шылары, жедел жәрдем машинасы сияқ­ты керектің бәрі бар. Шетелден арнайы келген сайлауды байқаушылар да кезек-кезегімен сайлау учаскелерінде жүр. Күндізгі сағат 16:00-ге дейін оң­түс­тік­те 80,92 пайыз сайлаушы өз таң­дау­ларын жасап үлгерді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».