• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Наурыз, 2016

Наурыз құтты болсын!

612 рет
көрсетілді

Ұлысты шаттыққа бөлеген ұлық мейрам

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Наурыз мерекесіне қатысты. Елбасы әдеттегідей бұл күні сән-салтанаты келісіп, сап түзеген ақшаңқан киіз үйлері көз тартқан этноауылды аралап көрді. Әрине, бұл күн өнерпаз біткен сәнді киініп, ұлттық нақышқа малынды. Ауылдың айналасы қызыл-сары гүлге бөленіп, жерді де жасыл жапқан. Астананың әлі де болса көктемге бой алдыра қоймаған қара суығы да бұл күні, дәл осы этноауылда сап тыйылғандай. Күн жадырап, аспанда ән қалықтап, айналаны шаттық кернеді. Елбасы Наурыз тойланып жатқан этноауылда Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады. «Әз-Наурыз барша халқымызға құтты бол­сын! Осы жерге жиналған халыққа, бар­лық қазақстандықтарға шын жүрегіммен бақ-бе­реке тілеймін. Осынау ізгі мереке Пар­ламент сайлауын өткізу шарасымен қа­тар келді. Қазақстандықтар бір үйдің ба­ласындай тұтастығын көрсетті. Халқымыздың осы бірлігі мызғымайтын болсын. Біздің жасап жатқанымыздың бәрі қазақстандықтардың кейінгі ұрпағына мұра болып қалады. Біздің болашаққа апаратын жолымыз зор жетістіктер мен Тәуелсіздігіміздің игіліктері арқылы жарқырап тұратын болсын. Барша табиғат жаңарған Наурыз мерекесінде адамдар әрдайым бір-біріне деген өкпе-ренішін кешірген, мұқтаждарға көмектескен, бақыт тілеп, ағаш отырғызған және бұлақ көзін ашқан. Халық бұл күні тілеген тілектер міндетті түрде орындалатынын айтады. Мен әрбір шаңыраққа бақыт, шаттық шуағын және бар жақсылықты тілеймін», – деді Қазақстан Президенті. Мерекелік іс-шара барысында концерттік бағдарлама, театрландырылған көріністер, спорт сайыстары, колөнершілер ауылы мен ұлттық салт-дәстүрді таныстыру шаралары ұйымдастырылды. Тайқазан жанында театрландырылған қойылым көрсетіліп, қонақтарға Наурыз көже ұсынылды. Этноауылдың кіре берісінде халық биі ансамблі  «16 қыз» биін орындап, ұлттық киім киген қыздар Шашу шашты. Орталық кіреберісте Шығыс базардың интерактивті учаскесі – қолөнершілер  ауылы орналасты, онда қышшылар, зергерлер, киіз басу және ағашқа өрнек жасау шеберлері өз еңбектерін ұсынды. Сондай-ақ, этноауылда екі алтыбақан орнатылып, қыз-жігіттер арасында ән-айтыс ұйымдастырылды. Халық әндері шырқалды. Сонымен қатар, «Тұсаукесер», «Бесікке салу», «Сырға салу», «Қыз ұзату», «Құда түсу» салт-дәстүрі көрсетілді және «Тоғызқұмалақ», «Оқтау тартыс», «Асық ойнау» ойындары ойнатылып, «Қамажай» биі биленді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.