• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Наурыз, 2016

Ел ертеңін айқындар құжат

404 рет
көрсетілді

Елбасымыз қандай кезең болса да әрдайым халықтың қамын ойлаған. Осыған Қазақ елін жаңа даму белестеріне көтерген құнды бағ­дар­ламаларымен студент жас­тардың санасына ойлар тастап отыр. Міне, ел дамуының, өсіп-өр­кен­деуінің жаңа белесінде Ұлт Жоспарын жариялады. Уни­вер­ситетіміздің жастары, ұс­таз­­дар қа­­уымы мұны қуана құп­тады. Бұл бағдарламада Қазақ елі­нің ұрпақ болашағы жолында үлкен бет­бұрысқа буғаны айқындалған.  Ел­басының Ұлт Жос­пары – елдің ер­теңі. Маңызды стратегиялық құжат. Әлі есімде, 1995 жылы Семей­ге арнайы іссапармен Елбасымыз келді, алқалы жиын өтті. Облыс, аудан, қала әкімдері, мекеме басшылары, ақсақалдар жиналып, Президентіміздің қатысуымен, ЮНЕСКО көлемінде тойланатын Абайдың 150 жылдығын биік дәрежеде өткізу туралы ке­ңес өтті. Ол кезде мен тех­но­ло­гия­­лық институттың ректоры едім. Елбасына жаңадан салынып жатқан Глинка көшесіндегі технологиялық институттың, қа­зір­гі Шәкәрім атындағы уни­верситеттің 12 қабаттық жаңа ғи­маратын көрсеттік. Студенттер үшін жаңа ғимараттың салынуына осылайша Елбасы тікелей ықпал етті және оның жобасын жүзеге асыру, сөйтіп, халық игілігіне қыз­мет ету менің өмірімдегі тағы бір биік белесті бағындыру болды. Бұ­дан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Сонда таңғалғаным, Елбасы суға жүзу, волейбол ойнау сияқты спорттың көптеген түрлерін жақсы меңгерген екен.  Елбасы менен «Семейдің тыныс-тіршілігі, жағдайы қалай? Бұл сапарымның барысында өздеріңнің, яғни ха­лықтың қандай тілегі бар, соны білгім келеді?» деп сұрады. Мен былай дедім: «Құрметті Елбасы, қа­зақта мақал бар: «Жақсы келсе құт болады» деген, сіздің келгеніңіз біз үшін, әрине, жақсылықтың нышаны, жастар білім алатын оқу орны ғимаратының салынуы­на қаржы берілді. Қаланың кө­шелері де жинақыланып, тазарып қалды. Халқымыздың сіз­ге деген сенімі ерекше, сіздің ке­луіңіз жақсылықтың нышаны деп еңселерін тік ұстап мақтаныш сезімде жүр» дедім. Шынында да, Елбасы ел қамын ойлайтын бірден-бір көшбасшы. Президентіміз өзінің кезекті Жол­дауында экономикалық және әлеу­меттік жетістіктермен қатар өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ерекше көңіл бөлгендігі қуантты. Білімді өндірісте жұмыс істеу арқылы шыңдау керек, оқу мен еңбек егіз деген ғой. «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін кию­ден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды», деген жылы лебіздің өзінде қаншама терең мағына жатыр, тү­сінген адамға. Сонымен қатар, Президент ру мен тайпаға бөліну ұлттық тұ­тастықтан айырылудың өте қауіп­ті түрі болып саналатынын жеткізді. «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпайық. Алып дарақтың бұтақтары секілді, күллі рулардың түбін қуа келгенде барлығы бір ғана ұлы тамырға, қазақ деген ұлтқа барып тірелмей ме?», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Шынында да, жеті атаны білу керек, ол тұқым тазалығын сақ­тау үшін. Мәселен, картопты бір жерге үш жыл қатарынан ексең, сол жердің өнімі ұсақталып кетеді. Сондықтан да, генетика үшін, әрине, жеті атаны білген жөн. Біз, ең алдымен, біртұтас Қазақ елі, қазақ екен­дігімізді ұмытпағанымыз жөн. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы қай шежірені алып қарасаң да ол қазақтың бірлігі мен тұтастығын әйгілейтінін айтып өтті. «Бар­лы­ғымыздың айтып жүр­ген батыр бабаларымыз: Қарасай, Бөген­бай, Қабанбай, Наурызбай, Әбілқайыр, Абылай – бұлар барша қазаққа ортақ және шежіре бұларға келіп тірел­мейді. Шежірені ары қарай жүргізейік, сонда барып, түбімізде бәріміз қанымыз бір қазақтың баласы болып шығамыз. Мемлекеттік көмек тек жағдайы жоқ мұқтаж адамдарға ғана бе­ріл­уі керек. Кезіндегі ауыл, дала қа­зақтары бүгінгі жаһандану заманында отырықшы қала қазақтарына айналды. Нарықтың талабы сол, әркім жанталаса еңбек ету керек. Еңбек өнімді болу үшін, адам ба­ла­сы білімді, парасатты әрі мәдениетті болған жөн. Қазақстан Инновациялық университетінде білім алу, еңбек ету және рухани ізгілікті, әдепті болу басты жолға қойылған. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» мақала­сының құндылығы сол, әр адамды толғандырып жүрген мәселелердің шешімін табуға жол ашқандығы, ел санасына сілкініс туғызғандығы, келешекке деген се­німді нығайтқандығы дер едім. Нәдірбек ӘПСАЛЯМОВ, экономика ғылымдарының  докторы, профессор, Қазақстан инновациялық университетінің президенті. СЕМЕЙ.