• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2011

2012

590 рет
көрсетілді

Галактикалық үндесу мен эволюциялық ілгерілеу табалдырығы Майя күнтізбелерін жете зерт­теген әйгілі ғалым Хосе Ар­гуэл­льес (1) 2012 жылды бүкіл әлем­дік эволюциялық ілгерілеу мен галактикалық синхрондық үндесу кезеңі деп бекер атамаған. Себебі, аталмыш жыл 5000 жылдық тари­хы бар тас ескерткіштерге таңба­ланған байырғы майя күнтізбе­сін­дегі сәуегейлік дәуірдің соңы бол­мақ. Дәлірек айтқанда, 2012-дегі 21 желтоқсан – 13 бөліктен тұра­тын майялардың 5126 жыл­дық ұлы циклының аяқталып, бір жү­йеге кіретін Күн, Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун және Плутон сынды он планетаның галактика­лық мүшелден шығатын мезгілі. Түн ортасында Күн мен Түн теңеліп, кезінде Исаак Ньютон ашқан тар­тылыс заңының ғаламат күшінің әсерінен Күн де, Жер де, Күн жүйесіндегі өзге планеталар да аспан әлеміндегі Құс жолының экваторынан өтетін галактика­мыз­дың дәл ортасындағы “қара тесікке” бағытталған ось бойына сап түзейтін болады. Бұл ғажап құбылыстың нақты болар мезгілін математика тұрғысынан, әлемде алдына жан салмаған майя абыз­дары біздің заманымыздан 3114 жыл бұрын болжап, тіпті, келесі галактикалық шерудің 26000 жыл өткен соң ғана қайталана­ты­нын кесіп-пішіп кеткен сыңайлы. Ұлы цикл тәмамдалатын 2012 жыл бұл күнде бүкіл әлем на­зарында. Оның үстіне атал­мыш галактикалық құбылыстың тым жақындап қалғанын қазіргі заман астрономдары да теріске шы­ға­рып отырған жоқ. Сондық­тан небір айтулы ғалымдардың дәйекті пайымдарымен қатар сан қилы сәуе­­гейлік болжамдар да, қорқы­нышты алыпқашпа ма­қалалар да, фантастикалық кино-баяндар мен кітаптар да кесе-көлденеңдеп, пі­кір-сайысқа түсу­де. Олардың ішін­­де әйгілі визионерлер де, футурологтар да, социологтар да, эко­философтар да баршылық. Бұл топтағылардың бір бөлігі 2012 жылы орын алатын әлгі құбы­лыс­ты тек қана жамандыққа жорыса, екінші бөлігі оны бүкіл әлемнің қайта түлейтін, адамзат санасы­ның самғап көтеріліп, күрт ілгерілейтін әрі тазаратын мезгілі деп, жақсылыққа бұрады. Сондықтан жамандық өзімен кетсін деген ниетпен оны жастанған ой-пікір­лерден ат-тонды аулақ ұстап, тек жақсылыққа бағытталған әрі ғы­лыми дәлелдермен дәйектелген түйінді пайымдарды ортаға сал­ған­ды жөн көрдік. Ендеше, байырғы заманда қа­зір­гідей озық технологиясыз-ақ ғылым мен білімнің, әсіресе, математика мен архитектураның шыңына жетіп, аспан денелері­нің сан қилы циклдарын қолмен қойғандай дәл анықтап, уақыт пен кеңістіктің сырын терең ұққан, болашақты да дәл болжай білген және соның нәтижесінде әлемде теңдесі жоқ озық өрке­ниет орнатқан майялардың пси­хи­калық болмыс-бітімін олар­дың шамандық наным-сенім­дері­мен ұштастыра зерттеген, “2012 жыл: Кецалькоатлдың қай­та оралуы” және де басқа кітаптар мен Американың ең айтулы журналдарында жарық көрген ондаған ғылыми мақала­лардың авторы Дэниел Пинчбек түйіндеген соны пайымдарға (2) бір сәт назар аударайық. Ғалым өз еңбектерінде 2012 жылы орын алуы мүмкін қауіп-қатерді жоққа шығармайды, бі­рақ әлгілердің салдарын азайта­тын тиімді жолдардың да бар екенін ескерте келіп, олардың үл­кен қар­қынмен өзгеріп келе жат­қан адам санасымен байла­нысты екенін алға тартады. Дэниел Пинч­бек қа­зір­гі кезде адам санасын өзгертуге итермелеп отырған бас­ты себептерді үш топқа бөледі. Бірінші топқа ол экологиялық дағ­дарыс пен күрт өзгеріп келе жат­қан кли­матты және соның сал­дарынан тұқымы құрып бара жат­қан жан-жануарлар дүниесі мен табиғи байлықтардың сар­қылуын, екінші топқа тез ілгерілеп келе жат­қан ақпарат техно­логия­ларын, әсіре­се, өте жылдам дамыған интернет ғаламторы мен ұялы байланыс құралдарын, сол сияқ­ты келешекте салдары жойқын апатқа соқ­тыруы мүмкін нано­тех­нология­ларды, ал үшінші топ­қа қолмен ұстап, көз­бен көруге әсте болмай­тын теле­па­тиялық, экстрасенсор­лық немесе психофизикалық құ­бы­лыстарды жат­қызады. Жоғары­да аталған­дардың бәрі де адам санасы мен психикасының өз­геруіне үлкен ықпал жасайтын факторлар екенін айта келіп, ғалым ең соңғы топ­тағы адамның телепатиялық, экс­трасенсорлық және психо­фи­зи­калық қабілет­теріне айрық­ша мән беру керектігіне назар аудара­ды. Себебі, Дэниел Пинчбек өзі сияқты адам­ның әлгіндей ерекше қабілет­терінің сырын ұғу­ды зерттеу жұ­мы­сының негізгі өзегіне айналдыр­ған ағылшын ғалымы Руперт Шелдрейктің енгізген “адам пси­хикасының мор­фо­генетикалық өрі­сі” деген терминді басшылыққа ала отырып, телепатиялық қасиет пен қабілет көпшілік назарына іліккен сайын және оларға көңіл неғұрлым көбі­рек бөлінген сайын күшейе түсе­тінін алға тартады. Ғалым­ның бұл пайымы негізсіз емес. Өйт­кені, мұндай тұжырымға ол майя ша­ман­дарымен (бақсы­лары­мен) ете­не араласа жүріп, олар­дың мор­фо­генетикалық өрісін зерттеу бары­сында көз жеткізген. Мор­фо­гене­тикалық өрістің иттерге де тән құбылыс екенін Руперт Шелдрейк нақты дәлелдепті. Ғалым әртүрлі иттермен арнайы экспери­мент жүр­гізіп, олардың бөлме­лері­не арнайы орналастырылған видео-камералар арқылы 200 иттің телепа­тиялық қабіле­тін анықтаған.Ғалым иттер­дің алыста жүрген иелерінің үйге бет алған әрбір сәтін айныт­пай сезіп, мазасыздана бас­тайтынына көз жеткізген. Ғылым мен адамзаттың рухани құндылықтарының байланы­сын өз зерттеулерінің басты ныса­насына айналдырған әрі адам санасы мен сенімінің ғаламды өзгерте алатын қуатты күш екеніне өзінің де, өзгенің де көзін жеткізген әйгілі америкалық ғалым Грегг Брейденнің (3) құнды пікірі де айтуға тұрарлық. Ол – байыр­ғы майялар ашқан астрономия­лық заңдылықтар мен олардың сәуегейлік ой-пікірлерін қазіргі физика ғылымының нәтижелері­мен сабақтастыра зерделеп, квант­тық теориямен шебер ұш­тас­тыра білген ғұлама. Кезінде “Мартин Мариэтта Аэроспейс” компаниясының әуеғарыштық компьютерлер жүйесін жасақтап, “Сиско Системс” корпорациясы­ның техникалық жетекшісі бол­ған Грегг Брейденнің ғылыми туындылары бүгінде 14 тілге ау­дарылып, 23 елде жарық көрген. Ол – “Сана коды”, “Құдіретті матрица” секілді бірнеше құнды ең­бектердің авторы. Ойшыл ғалым 2012 жылдың соңына таман орын алатын жоғарыда аталған галак­тикалық құбылыстың салдары Жер магнит өрісінің өзгеруіне немесе магнит полюстерінің күрт ауысып кетуіне (инверсияға) әке­ліп соқтыруы да мүмкін деген болжам жасайды. Брейден өз пайымдауларының негізсіз емес екендігінің дәлелдері ретінде Күн бетіндегі дақтар мен жойқын магнит дауылдарының араға 10-11 жыл салып қайталап, бұрынғыдан бетер үдеп отыратынын, сол сияқ­ты, 2000 жылы шегіне жеткен Жердің магниттік белсенділігінің қазіргі кезде 38 пайызға төмен­дегенін тілге тиек етіп, әлемде 1800-ші жылдан бермен қарай жүргізіліп келе жатқан ғылыми эксперименттің нәтижесі көрсетіп отырғандай, соңғы 100 жылда Жер магнетизмінің 7 пайызға кеміп кеткенін көлденең тартады. Ғалым сілтеме жасаған және бір геологиялық дерек көзіне қара­ғанда, кейінгі 76 миллион жыл ішінде магниттік инверсия Жерде 171 рет, оның ішінде соңғы 4,5 миллион жыл ішінде 14 мәрте қайталанған сыңайлы. Грегг Брейденнің адам сана­сына қатысты басқа пайымдау­лары да ешкімді бей-жай қалдыр­майды. 1993 жылы ғалым Жердің магнит өрісі ауытқуының адам миына қаншалықты әсер ететінін анықтау үшін халықаралық дең­гей­де нысаналы зерттеу жүргізген бір топ ғалым ашқан керемет жаңалықтың куәсі болғанын айта келе, зерттеу нәтижесінде әлгі ға­лымдар, біріншіден, адам миын­да миллиондаған магнит бөлшек­тері­нің бар екенін дәлелдесе, екіншіден, әлгілердің Жер магниті өрісімен тікелей үн қатысып отыратынына көз жеткізген. Бұл ғажап ғылыми жаңалық Брейденге өзін көптен ойландырып жүр­ген және бір жұмбақ құбылыстың сырын ұғуға жол ашады. Адам миындағы магнит бөлшектерінің сырттан келетін электромагниттік тербелістерді қабылдайтын қасие­ті мен қабілетін Грегг Брейден музыканттар мен суретшілердің Ай толған сәтті асыға күтетінінің ең басты себебі деп пайымдайды. Ойды ой қозғайды демекші, жоғарыда аталған заңдылыққа сүйенсек, Айдың электромаг­нит­тік өрісі теңіз суларының ауық-ауық жағадан аулақтап, тартылуы мен кейін серпілуіне қалай әсер етсе, адамзатқа да, фауна мен флораға да дәл солай әсер ететін болғаны ғой. Демек, Брейденнің Айдың электромагниттік қуатын адам миындағы магнит бөлшек­тер­ге тікелей әсер ететін, шабы­тын шалқытатын фактор ретінде қарастыруы санаға қонатын па­йым. Өйткені, ғылым дәлелдеген және бір дерек (4) бойынша, Жердегі судың көлемі мен адам организміндегі судың құрамы 70 пайызды құраса, адам миындағы бұл көрсеткіш 85 пайызға теңеле­ді екен. Демек, теңіз суларын қоз­ғайтын Айдың қуаты адам миын­дағы суға да дәл солай әсер ететінін түсіну қиын болмаса керек. Өз тұжырымының дұрысты­ғын тереңірек дәлелдей түсу үшін Грегг Брейден және бір-екі мысал келтіреді: 1909 жылы британдық физик Джефри Инграм Тейлор ғылыми эксперимент жасап, әлгі экспериментті сырттай бақылаған адамның электромагниттік өрісі­нің немесе тербелісінің экспери­мент жасалған бөлмедегі квант­тық бөлшектердің “тәртібіне” тікелей әсер еткеніне көз жеткізеді. 1998 жылы Тейлордың әлгі экспериментін Израильдің Вейцман институтының ғалымдары да қайталап, тура сондай нәти­жеге қол жеткізеді. Олар Тейлор ашқан жаңалықтың дұрыстығына көз жеткізіп қана қоймай, әлгін­дей экспериментке неғұрлым көп адамның назары ауса, экспери­мент те соғұрлым нәтижелі бола­тынын дәлелдеген. Грегг Брейден аталған эксперименттердің нәти­же­сін негізге ала отырып, адам­зат­тың санасы бір фокусқа бағыт­талса өте пәрменді қуат көзіне айналатынына титтей де күмән келтірмейді. Демек, көпшілік қауым біле бермейтін бұл құбы­лысты бүкіл адамзат білетіндей етіп дәріптеу қажеттігі сұранып-ақ тұр. Оның үстіне адам сана­сының пәрменді күш екенін басқа ғалымдар да құптайды. Мысалы, Жапония ғалымы Масару Эмото­ның (5) сана қуатына қатысты көзқарасы Руперт Шелдрейк пен Грегг Брейденнің пайымдарын одан бетер тереңдете түседі. Судың қасиеті мен қыр-сырын жан-жақты зерттеп, әлемдік мәні бар жаңалықтар ашқан Масару Эмото – төл тіліміздегі “судың да сұрауы бар” деген аксиоманың негізсіз емес екенін ғылыми тұр­ғы­дан шыңына жеткізе дәлелде­ген данышпанның дәл өзі. Мыса­лы, ғалымның еңбектеріне www.spiritofmaat.com (Интернет-журнал) берген оң пікірдің орысша мәтіні былайша сөйлейді: “Масару Эмото расшифровывает информацию, заложенную в кристаллах замороженной воды, - и получает потрясающие результа­ты! Если вы до сих пор сомневаетесь в том, что ваши мысли воздействуют на мир вокруг вас, познакомтесь с трудами Эмото.” Әлем­дік ғаламтор жүйесінің бірі - Крайон сайты (www.kryon.com) жа­риялаған төменгі жолдар ал­дың­ғы пікірдің мәнін тереңдете түседі: “Эксперименты японского ученого Масару Эмото убедительно демонстрирует влияние, оказываемое человеческим сознанием на материю – в данном случае на воду.” (Бұл пікірлер ғалым еңбектерінің 2006 жылы орыс тілінде жарық көрген нұсқалары­нан алынғандықтан сол қалпында беріліп отыр.) Шындығында да, Масару Эмото – судың көре алатын, ести алатын, тіпті естіген-көргендерін жадына тоқи алатын және жақсы сөз бен жаман сөзді ажырата білетін, тіпті, құлақ құрышын қанды­ратын сазды музыкадан судың “жадырап”, дөрекі сөз бен ұнам­сыз үннен “күйзелетін”, бірақ химиялық құрамы үнемі тұрақты қалпында қалып, физикалық құ­ра­мы толассыз өзгеріп отыратын ғажайып қасиеттерін жан-жақты аша білген ғалым. Масару Эмо­тоның зерттеу жұмыстарының ең басты құндылығы СУДЫҢ адам санасы мен жан-дүниесіндегі эмо­циясын табан астында сезе қоятын қабілеті мен бүкіл жаһан­дағы сан қилы электромагниттік тербелістердің бірін қалдырмай сезіп отыратын әрі сіңіріп алатын мүмкіндігінің шексіз екенін дә­лел­деп бергендігінде жатыр. Адам­зат армандап жүрген ортақ тілді ғұлама ғалым судан, дәлірек айтқанда судың мұз қалпындағы кристалдарын микроскоп арқылы зерттеген кезде табады. Адам санасы­ның судың физикалық құ­ра­мын өзгерте алатын қуатын басшылыққа ала отырып, 1999 жы­лы Масару Эмото Жапония­ның ең үлкен көлі – Биваны тазартуға бел байлайды. Себебі, дәл сол кездерде: “Бива таза болса, Жапонияның барлық суы таза болады”, деген жапондықтардың ескі мақалы мәнінен айырылған­дай болып, бүкіл халық пір тұта­тын әлгі көл қалың балдырдан қат­ты ластанып, иістене бастап­ты. Масару Эмотоның ұйымдас­тыруымен белгілі бір келісілген уақытта Жапонияның “Киелі құр­сақ” немесе “Ана көл” атанып кеткен Биваның жағасына 350 шақты адам жиналады. Олардың арасына 97 жастағы аузы дуалы әрі сөз рухын өте қадірлейтін Эмотоның ұстазы Нобуо Сиоя есімді абыз ақсақал да келіп қо­сылады. Келген адамдардың бас­ты мақсаты Жаратқанға жал­бары­нып, Биваның тазалығы мен әлем­нің тыныштығын тілеп ниет қылу болған. Ұстаз ақсақалдың басшылығымен 350 адам қосыла шырқаған дұғалы ән айналаны жаңғыртып, көл айдынын шарлап кетеді. Әлгі басқосудан кейін бір ай өтпей-ақ жергілікті газеттер киелі көлдің тазара бастағаны жай­лы ақпарат таратады. Осыдан соң Масару Эмотоның адам са­насы мен сол санадан өрбитін сөз рухының материяны өзгерте ала­тын қуатына деген сенімі бұрын­ғыдан да күшейе түседі. Ғалым енді бұл құбылыстың ғы­лыми негізін іздейді. Іздеген жо­ғын ол әйгілі Альберт Эйнштейн­нің қуат табиғатын бейнелейтін E=MC² формуласынан табады. Себебі, әлгі формуланың мәні қуат(E) масса(M) мен сәуле(C) жылдам­дығы квадратының кө­бей­тіндісіне тең деген заңдылық­ты білдіреді. Бірақ Масару Эмото Эйнштейн формуласындағы сәу­ле деген ұғымды сана деген ұғым­мен ал­мастырып қолдана­ды. Ме­ніңше, жапон ғалымын осы бір батыл­дығы үшін жаз­ғыру­дың реті жоқ сияқты. Өйткені, сананың жыл­дамдығы сәуленің жылдам­ды­ғынан озбаса, қала қоймайды ғой. Ал енді осы тұр­ғыдан Эйнштейн фор­му­ласын қолда­нып, Жер бетіндегі алты миллиард халықтың қуа­тын соншама халықтың масса­сы мен соншама адамзаттың сана жыл­дамдығы­ның квадратына кө­­бейтсек, нәти­жесі шексіз квин­тиллиард сан боларын көзге елес­тету қиынға соқпаса керек. Демек, санадан шыққан элек­тромагниттік импульс бүкіл га­лактиканы шарлап кететініне кү­мән келтіруге бол­майды. Мұн­­дайда ара қашық­тық­т­ың қандай да бір алыстығы адам санасының жылдамды­ғына тос­қауыл бола алмайды. Оның үстіне қазіргі ғылымдар сырын ұға бастаған телепатия­лық құ­былыс пен көріпкелдіктің де астарында квант­тық физика­ның қағида­лары жатқанын кейінгі кезде ашылған ғылыми жаңа­лықтар мен заңдылықтар толық дәлел­деп отыр (6). Дәл осы тұста дана халқы­мыздың “Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?” деген жұмбақ нақылы еріксіз еске түседі де көңілдің жүйрік екенін бірден мойындайсың. Өйткені, көңілдің көзі сана емес деп кім айта алады? Оны былай қойғанда сана қуаты мен санадан бастау алатын сөз магиясының қуатына сену - әлемдік әмбебап феномен. Мәселен, өз тіліміздегі “Жақсы ниет – жарым ырыс”, “Көп тілесе көл болады”, “Батамен ер көгереді” секілді мақал-мәтел­дер­мен қоса тұрмыс-салтымыз­дағы ежелден келе жатқан жақ­сылыққа бағыштап, жастарға бата беру, асқа бата беру немесе ертеректе құрғақшылық жыл­дары Жаратқаннан жаңбыр тілеп, тасаттық беру дәстүрі еріккеннің ермегі емес қой. Мұның барлығы да адамзаттың сана қуатына, санадан өрбитін сөз құдіретіне сенудің өмірдегі шы­найы көріністері. Сосын мұн­­дай сенімнің бүкіл адамзат­қа тән құбылыс екені де дау туғызбайды. Өйткені, жоғары­дағы ғылыми эксперименттердің нәтижелері осы пікірді жан-жақты дәлелдеп тұр. Демек, бұдан шығатын қоры­тынды мынау болмақ: 2012 жыл­дан адамзат тек жақсылық күтсе ғана аман өтеді. Сосын, планеталар сапқа тұратын 2012 жылды адамзат санасын өзгер­тетін және оны галактикалық деңгейге көте­ретін ұлы табал­дырық деп қабыл­дау қажет. Дәл осы жерде басын ашып айта кететін және бір шын­дық мынау: мүшел жаспен бай­ла­нысты орын алатын қауіп-қатер­лерді жоқ­­қа шығаруға мүлде болмас, бірақ майя күн­тізбесіндегі ұлы циклдың соңын “ақырзаман” деп қабыл­даудан аулақ болған дұрыс. Өйткені, ондай циклдар бұрын да болған, кейін де бола береді. Мәселен, майялардың есебі бойынша, келесі циклдың реттік саны бесінші болмақ. Себебі, майя кос­мологиясында келесі ұлы цикл Бесінші күн деп аталады. Демек, тіршіліктің жал­­­ға­са беретініне майя астро­ном­дары мен астро­логтары да күмән келтірмеген. Ендеше, 2012 жылы болатын планеталар шеруін тек жақсы­лық­қа бастай­тын ұлы нышанға жо­рып, сана фокусын да тек жақсы­лыққа бағыттау – жарқын бола­ша­ғын ойлайтын әрбір аза­маттың міндеті. Сондықтан 2012 жылды адамзат санасын галакти­калық дең­гейге көтеретін, жа­ман­дық біт­кен­нің бәрін артта қал­дырып, САНАНЫ тазарта­тын, бүкіл адамзатты жаңа да ұлы дәуірге шы­ғарып салатын киелі табал­дырық деп қабыл­дайық, ағайын. Бұл ұлы сенімді адам санасына ұялататын әмбе­бап тетік тек ақпарат құралдары екенін ескере отырып, осы мақ­сатқа тез жету үшін газеттер мен журналдар, радио мен телеарналар және интернет желілері жақ­сылық идея­сын дәріптеуге жұ­мы­ла кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді деген тілек білдіргім келеді. Әділ АХМЕТОВ, сенатор,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. _____________________ ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 1. Хосе Аргуэлльес. Фактор майя. Загадка 2012. “София”, 2010. 2. Грегг Брейден, Питер Рассел, Эрвин Ласло..., Дэниел Пинчбек и др. 2012: Окно возможностей. Взгляд на мир в эпоху перемен глазами всемирно известных ученых, визионеров и исследователей. Москва, 2010., Аталған жинаққа бас-аяғы 24 ғалымның таңдаулы мақалалары кірген. 3. Алдыңғы сілтемені қара­ңыз. 4. Масару Эмото: Послание воды: Кристаллы жизни. Перевод с англ., Минск, 2006; Послание воды: Тайные коды крис­таллов льда. Перевод с англ., Москва, “София”, 2006; Послание воды. Перевод с англ., Минск, 2006. 5. Масару Эмотоның аталған еңбектерін қараңыз. 6. Карл Марет. Загадка 2012 года. Ғалымның бұл мақаласы жоғарыд­ағы екінші сілтемеде көрсетілген ғылыми жинақ­тың ішінде.