Ғылымды – іргелі ғылым және қолданбалы (кәделі) ғылым деп бөліп жүрміз. Нағыз ғылым іргелі ме, басқа ма кәдеге жарамай қоймайды.
Біздің мемлекеттің – халқы аз, жері ұшан-теңіз. Сондықтан ба, ғылыми жаңалықтарды өндіріске ендіру мәселесі өте қиын. Оның үстіне жаңалықты қабылдайтын өндіріс бізде кемшін. Қалай десек те, іргелі ғылымға көңіл бөлуіміз қажет. Мұның ғылым, білім беру жүйелеріне, халықтың интеллектісінің дамуына қосар үлесі зор. Ал жоғары интеллектілі қауым өз елінің, шет елдердің ғылыми жетістіктерін қажеттілікке жарата алады.
Қазақстанда ғалыммын деп жүргендердің ішінде шамамен 150-200-ге жуығының еңбектері жоғары деңгейде деуге келеді. Ондай ғалымдарды жоғары деңгейлі ғалымдар (ЖДҒ) деуге болады.
Ал жалпы ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысып жүрген ғылыми атағы бар азаматтардың саны бірнеше мың. Өкінішке орай, ЖДҒ-дың жағдайы жастарды қызықтыра алмайды. Себебі, олардың атағы болғанмен, ақшасы аз. Бірақ олар қалап алған, бүкіл өмірін арнаған жанкешті тірліктен кете алмайды. Керісінше, ғылыми атақты атүсті иеленіп алып, қазақ халқының: ғылымды, ғалымды қадір тұтатынын пайдаланып, лауазымды қызметке, байлыққа қол жеткізгендер бар. Жастарды солар қызықтырады. Осындай жағдай ғылым дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Мұны жасырмай айтуымыз керек.
Соңғы жылдары псевдоғалымдар (ПҒ) қаулап өсуде. ПҒ-дар жалған ғылым жасау салдарынан – соңғы 10-15 жылда дипломдар құнсызданып барады. Өйткені, әлетке жарататын жарыған жаңалық жоқ. Осындай қырсықтан математика ғылымы 2009 жылға дейін аман еді. Соңғы бір жылда ПҒ-дар математика саласына да «шабуыл» жасауға көшті.
Байқап қарасаңыз, олардың «шабуылы» нәтиже бере бастағандай. Біз басында бұрынғы кандидат, доктор деген жүйеден PhD доктор жүйесіне көшсек, әлгі «шабуыл» толастар деп едік. Қателесіппіз, керісінше, «шабуыл» оларға жеңіс үстіне жеңіс әкеліп жатыр.
Таза математика саласы ПҒ-дар тобына алдырмас қамал деп ойлайтынбыз. Олай болмай шықты. Олар алдымен математикаға жуық информатика саласын «бағындырып» алды. Сөйтіп, өздеріне керек нәтижелерге қол жеткізуде.
Қазіргі «Ғылым туралы» жаңа заң жобасын мен қолдаймын. Бірақ псевдопедагогтар, псевдоғалымдар оп-оңай тауып алатын құжаттың есік-тесігі бар екенін айтуды парыз санаймын. Мысалы «...комиссия мүшелері көрнекті ғалымдардан...” деген төрт сөзді алайықшы. Көптеген псевдоғалымдар “...аса көрнекті ғалым, қоғам қайраткері...” деген атаққа ие болып алды ғой. Ол бәрімізге де құпия емес. Олар комиссия мүшелері, тіпті төрағасы болмасына кім кепілдік береді? Ендеше, елімізде ғылым дамуы үшін жастарға ондайлар емес, ЖДҒ үлгі болып, артық тұруы тиіс. Сонда ғана таза ғылым болады. Таза ғылым қалыптасады.
Қазіргі ғылымға бөлінген қаражат ЖДҒ-дарға да, ПҒ-дарға да тең дәрежеде беріледі. Бұл әділеттілік емес. Егер, біз бұдан бас тартпасақ, жастарға үлгі болар ғалым шығара алмаймыз. Теңгермешіліктен құтылуымыз керек.
Мен осы себептерден ғалымдарға, оның ғалымдық дәрежесінің көрсеткіші (өлшемі) ретінде бір рейтинг жүйесін (системасын) ұсынып отырмын. Бұл жүйені Қазақстан ішіндегі коррупцияланған топтар бұза алмайды. Бұл ғылым құлдырауына тосқауыл болатынына сенемін. Егер де менің ұсыныстарым төңірегінде пікір-талас қажет дегендер бар болса, ой бөлісуге мен дайынмын.
Рейтинг (құзыреттілік) ұғымы – салыстырмалы түсінік. Сондықтан ғалымның ғалымдық деңгейін анықтайтын арнайы көрсеткішті қалайда енгізу қажет. Бүгінгі күні Қазақстанда ғылым кандидаттары мен докторлар санының күрт өсуі псевдоғалымдардың еншісінде екені жасырын емес. Ғалым құзыреттілігінің сандық көрсеткішін енгізу шынайы ғалымдарды анықтауға және оларға көмек көрсетуге ықпал етеді деген ойдамын.
Халықаралық тәжірибеде ғалымдарды және олардың жұмыстарының нәтижелерін бағалаудың бірқатар танымал рейтинг жүйелері бар. Бұл жүйелердің әрқайсысы әр ғалымның рейтингін бағалайтын белгілі бір сандық критериге негізделеді.
Бірінші, жоғары рейтингі бар (мысалы, «Journal Citation Reports» тізіміне енген) журналдардағы жарияланған мақалалар саны; екінші, сол ғалыми мақалаларға жасалатын сілтемелердің саны (мысалы, «Web of Science» мәліметтер қоры); үшінші, ғалымның басқа да жұмыс нәтижелері есепке алынады, олардың ішінде (бүкіл әлемге танымал) халықаралық сыйлықтар; баяндамашы ретінде қатысқан ғылыми конференциялардың саны, толық профессор атанған университеттің, баспа ұжымының мүшесі (немесе рецензенті) болатын ғылыми журналдың деңгейі, т.б.
Егер осы тәсілмен әділ бағалау жүргізсек, Қазақстанда нағыз ғалымдардың саны 200-ден аспайды. Ондай мамандар ел ғылымын халықаралық деңгейге көтеруге өз үлестерін қосары сөзсіз. Оларға орташа есеппен 100 мың теңге төленсе, онда бюджеттің шығыны бір айда 20 млн. теңгеден немесе бір жылда 240 млн. теңгеден аспайды. Саны бар сапасы жоқ ғалымның бәріне ақша төлей берсек, шығыннан көз ашпайтын боламыз. 2011 жылы Қазақстан ғылымын қаржыландыру көлемі 10 млрд. теңгеден артық болатындықтан шығындар жалған ғалымдарға емес, іргелі ғылымдарды қаржыландыруға жұмсалар еді. Мұның пайдасы шаш етектен болатынына иманым кәміл.
Бұл мемлекеттің шынайы ғылыми қызметкерлерге нақты көмек көрсетіп, ғалымдардың халықаралық деңгейдегі басылымдарға ғылыми мақалалар шығаруына ықпал етіп, кең жол ашар еді.
Бұл қадам Қазақ елінің халықаралық деңгейдегі білім беру мен ғылым жүйелері дамыған ел ретінде әлемге танылуына және халықаралық беделінің өсуіне жақсы әсер етеді деп білемін. Сондықтан осы рейтинг жүйесін 2011-2020 жылдар аралығында қолдануға болады деген ойдамын. Ал бұдан арғы жылдарда жастарымыз мен ұсынған жүйеден әлдеқайда ұтымды рейтинг жүйесін тауып алатынына сенімдімін.
Әрине, мен ұсынып отырған рейтинг жүйесіне гуманитарлық сала ғылымдары, экономистер және барлық псевдоғалымдар қарсы болуы әбден мүмкін. Алайда, уақыт тынысы осыны талап етіп отыр ғой.
Гуманитарлық сала ғалымдары да өздеріне керегін жасақтаса, ешкім қарсы болмайды.
Жасыратын несі бар, 1992-2009 жылдар арасында гуманитарлық сала ғалымдарының енгізген ұсыныстары математиканы дамытуға көп кедергі жасады. Мысалы, олар енгізген мына ұсыныс “... докторлық диссертация қорғау үшін кем дегенде 30 мақала жазу қажет...” деді. Бұл мақала жазу сапасын құлдыратып жіберді. 30 мақала жазу «жарысы» өршіді. Доктор болуың керек, өтірік-шынды араластырып жазбасқа шараң қайсы. Жалған ғалымдардың біразы осы мақала негізінде қорғап жатты.
Біз коррупционерлер бұза алмайтын рейтинг жүйесін қабылдап, әр жыл сайын рейтингі нөлден жоғары ғалымдардың тізімін жариялап отырсақ, қане. Онда псевдоғалымдардың біразы “ұлы ғалым” болуларын қояр еді. Рейтингпен қамтамасыз етілмеген ғылыми атақ пен дәрежеге қызықпас еді.
Еуразия ұлттық университетінде «Journal Citation Reports» тізіміне енген журналдарға мақаласы жарияланған қызметкерлерге сыйақы төлейді. Бұл әрекет халықаралық деңгейде ғылыми мақалалар жазуға оқымыстыларды ынталандырып отыр.
Жаңадан келген министріміз Бақытжан Жұмағұлов мырза біраз жаңашыл шаралар енгізуге бет түзеді. Бұл дұрыс бағыт деп білемін. Бір сөзбен айтқанда, ғылым атақ үшін емес, ел игілігіне қызмет ету үшін жасалуы керек.
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик.