Кеше Конституциялық Кеңес Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Парламент қабылдаған заңның Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішін өндіріске алды.
Конституциялық Кеңес мүшелерінің отырысын Төрағаның міндетін атқарушы Николай Белоруков ашып, жүргізіп отырды. Конституциялық Кеңеске үндеулер мен қарарлардың түсу, қаралу тәртібі, қажетті құжаттардың тізілімі, талап етілетін формасы мен мазмұны және өндіріске қабылдау қажеттілігі туралы баяндаманы Конституциялық Кеңестің мүшесі Виктор Малиновский жасады. Сөзін қорыта келгенде ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өтініші Конституциялық Кеңестің қарауына толық сәйкес екенін атап өтті. Осыдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 14 қаңтарда түскен өтінішін қарастыру үшін Кеңес үзіліс жариялап, жабық отырысқа кетті.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қарастырған осы заң Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірауыздан қабылданып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюына ұсынылған болатын. Ол Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін референдум арқылы ұзарту мүмкіншілігін көздейді. Елбасы бұл заңға бірден қол қоймай, оның Конституцияға сәйкестігін қарастыру үшін Конституциялық Кеңестің қарауына жіберген екен.
Жабық отырыстан соң Конституциялық Кеңестің барлық мүшелері қол қойған қаулыны жиналған сарапшылар мен мамандардың және БАҚ өкілдерінің алдында Төрағаның міндетін атқарушы Николай Белоруков жариялады. Ол Президент Н.Назарбаевтың Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңның Конституцияға сәйкестігін қарастыру жөніндегі өтінішінің бірауыздан конституциялық өндіріске қабылданғанын айтты. Біз Ата Заңның 72-бабы 2-тармағы 1-тармақшасының және Конституциялық Кеңес жөніндегі Конституциялық заңның 22 және 25-баптарын басшылыққа ала отырып, осындай қаулы қабылдадық, деді ол.
Конституциялық Кеңес мұндай өндірісті заң бойынша бір ай мерзімінде қарап, шешім шығарады. Бірақ заңның өзектілігі мен қоғамдық-саяси тұрғыдан маңыздылығын ескеріп, оны бұл мерзімнен ертерек қарастырып, шешім қабылдауы мүмкін, деді Төрағаның міндетін атқарушы.
Қазірдің өзінде мемлекеттік органдардың өкілдері арасынан конституциялық өндірісті жүргізуге қатысушылар тобын айқындау, сондай-ақ қажетті құжаттар мен өзге де материалдарды жинақтау мен зерделеу жөніндегі дайындық жұмыстары басталып кеткені белгілі болды. Бұл іске әртүрлі пікірдегі мамандардың кеңінен қатысуы қамтамасыз етіліп, олардың ұсыныстарының толыққанды талдануын қамтамасыз ету мақсатында отандық және шетелдік білікті сарапшылар қатысатын болады.
Жақсыбай САМРАТ.