• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2011

Азиада жаршысы

663 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті Азиадаға 11 күн қалды * * *

АЗИАДА АТРИБУТТАРЫ

Осы күндері Азиада алауы еліміздегі саяхатын жасауда. 11 қаңтар күні тұтанып, Әл-Кувейт қаласынан Алма­ты­ға жеткізілген алау Тараз, Шым­кент, Қызылорда, Ақ­тау, Атырау, Орал қалаларына барып, бүгін Ақтөбе, ал ертең Қостанай қала­сын­да сапарын жалғастырады. Жуырда біз Қысқы Азия ойын­да­ры­ның Алау эстафетасының дирек­ция­сы басшы­сы­ның орынбасары Сәр­сен ҚҰРАН­БЕК­ТЕН осы салтанатты шараның басты ат­рибуты саналатын алау құтысы, та­сы­мал­дан­балы отты­ғы мен жылжымалы қазандығы жайында мәлімет беруін өтінген едік. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алау эстафетасы атрибу­тика­сының негізгі өрнектері, дизайнерлік шешімдерінің бәрі қазақ­стан­дық өнер өкіл­дерінің туын­дысы. Осының ішінде би­ыл­ғы Азиа­да алау эста­фе­тасының ең басты атрибуты – алау құтысы. Жал­пы, от қазақтар үшін ба­ғзыдан бері тазару мен тү­леудің, жаңару мен жаса­ру­дың рә­мізі болып са­налады. Осы­ған байланысты рәсімдер мен ырымдар күн­делікті тұр­мыс-тіршіліктің ажы­рамас ат­рибутына айнал­ған. Мы­са­лы, жаңа туған нә­рестені бесікке бөлемес бұ­рын оны отпен аластаған. «Үй», «ша­ңы­рақ» ұғым­да­ры­мен сабақ­тас «от басы», «ошақ қасы», «отау», «ота­ға­сы» деген сөздер өзгеше қа­дір-құрметке ие. Қыз ұзатып, күйеу келтіргенде, «От Ана, Ұмай Ана, жарылқа» деп жанып тұр­ған отқа май құйған. Ұлы даланың тұрғындары сапарға шық­қан көшті, сондай-ақ ант берген кісіні екі оттың ортасынан өткізген. Отқа қатыс­ты тыйымдар да өз ал­дына: отқа түсір­мейді, оттан ат­тамайды, отқа су құй­ып өшірмейді, оттың шо­ғын бас­пай­ды, кү­лін шашпайды сияқты ырым­­­дарды ай­туға бо­лады. Яғни, отты өшір­меу шырақты сөн­дір­меу – қазақтардың миф­­тік-түсі­нігі бой­ынша оның киелі күш, қа­сиетті құбылыс екен­дігін мең­зей­ді. Сон­дықтан белгіленген бағ­дарға сәйкес Қазақстанның түк­пір-түкпірін аралап шығатын Азиа­да алауы тазару, түлеу, жаңару, жасару секілді сим­волдық мән-мазмұнды халықтың санасында қайта бір жаңғыртты. Алау құтының бітім-болмысы да байырғы ұлттың нышан­да­рымен үндестіріліп, қос қымбат металл ал­тын мен күмістің үй­ле­сімінен жасалған. Оның тұла бойы күміс­пен күптелген. Қазақ зер­герлері күмісті айрықша әс­пет­теп, ол адам­ды тіл-көзден сақ­тайды және та­зартады деп сенген. Астрология­лық таным бой­ын­ша күміс айдың нұрына теңес­ті­ріліп, оған магия­лық сипат телінген. Мысалы, шілдехана кезінде сәбиді күміс теңге салынған ыдысқа шомылдырып, «Баланың күші күмістей жарық болсын!» деп тілек айтқан. Алау құтысы­ның аузындағы жасанды жалыны мен алауды ұстап жүру­шілер ұ­с­тайтын сабы алтынмен апталған. «Алтын» сөзінің «алау» сөзімен түбірлес екендігі және от пен күнді ишаралайтыны белгілі. Есік қор­ға­нынан табылған «Алтын Адам­ның» осы металдан тоқылған киімі ежелгі дәстүрден хабардар етеді. Сөйтіп, алау құтыдан Жер – Ай – Күн жарасымының, яғни ғаламдық келісімінің тұспалы танылады. Алау құтыға, еліміздің мемлекеттік Туы мен Ел­таңбасындағы секілді қазақтың ою өне­рінің ай­ты­лу айшы­ғы – «Қошқар мүйіз» стиліндегі өрнек са­лын­ған. «Қошқар мүй­із» – билік пен бере­кенің, ірілік пен із­гіліктің көркем бей­несі. Сондай-ақ мәң­гі­ліктің метафорасы. Оның семанти­ка­сы­нан «Citius, Altius, Fortius» – «Жыл­да­мы­­­рақ! Биігірек! Күш­­­ті­рек!» деген олимпия­лық ұран­ды айтуға бо­лады. Жал­пы айт­қанда, өзі де мүйіз пішіндес алау құтыдағы «қош­қар мүйіз» өр­не­гі ар­қылы Азиаданы қа­был­дап отырған ел­дің дүниетанымдық ерекшелігі көрініс табады. Азиаданың алау құтысын оли­мпиялық ойындардың атрибут­тары­мен айналысатын қытайлық компания әзірледі. Қазіргі таңда мұндай атрибуттарды жасайтын төрт компания бар. Олардың екеуі Италия мен АҚШ-та болса, тағы екеуі Қытайда. Енді алау құты­сы­ның пішініне келсек, оның ұзын­ды­ғы 65-66 см. Алау құтысының сыртқы келбеті көне­ліктің рухын көрсетсе, іші заманауи техноло­гиялық құрылымдардан тұ­рады. Алауды қақ ортасынан бұрап ашуға да болады, оның жоғарғы жағынан шағын, жану ұзақтығы 1 сағатқа дейін жететін газ баллоны бекітілген. Бұл алғашқы Азиада алауы бол­ған­дықтан, оның Бейжің Олим­пиадасы алауына ұқсас жерлері көп болды. Оның үстіне алауды қы­тайлық компания өздеріне ұқсатып жасағаны да көзге бірден ұрады. Бірақ, қытай­лық алаудың Азиада алауынан бір ерекшелігі, оның салмағы 985 грамм бол­ды. Ал Азиада алауының сал­мағы алғашқыда 2 кг.-нан асып кеткен еді. Ол кейін 1,850 грамға тү­сірілді. Одан кейін алаудың сал­мағын барынша азайту керек болған соң, газ бал­лонының ұзындығы да қысқартылды. Сөйтіп, алау құтысы­ның салмағы 1, 700 грамм болды. Қазақ алауы салмағы жағы­нан ұтпаса да, табиғаттың түрлі то­сын мінезіне төтеп беру жағынан ешкімге дес бермейді. Өйткені, оның үздіксіз жануына 40 градустық аяздар, нөсерлі жаңбырлар мен күшті желдер де кедергі келтіре алмайды. Қорыта айтқанда, биылғы Азиада үшін барлығы 100 алау әзірленді. Оның әрқайсысының бағасы 1000 АҚШ долларға жуық.  Әр­бір алаугер бір-бір алауды өзіне естелікке қал­дыра алмайды. Тек эстафета өтетін әр өңірде оның бір данасы қал­ды­ры­лады. Қал­ғандары Азия олим­пия­лық кеңесінің мү­ше­­­лері мен басқа да құр­метті қонақтарға сыйға тар­тылады. Тасымалданбалы оттық – алау эстафетасы басталар алдында тұтату үшін, бір газ баллонының жану уақыты бітіп, оны басқасына ауыстырып, қайта тұтату үшін қажет болған жағ­дайда және жаман айтпай жақсы жоқ, алауымыз түрлі себептермен өшіп қалған жағдайда оны дереу қайта тұтату үшін жаса­лынған оттық. Оның тұтқасын есептемегенде, ұзын­дығы – 33-35 см. Алау оттықтың төменгі жағына жану күші 5 сағатқа дейін жететін спирт құйылады да, ол пілте арқылы жағылады. Сөйтіп, ол эстафета аяқталғанға дейін жанып тұрады. Жылжымалы қазандық ту­ралы айтатын болсақ, жалпы қазақ халқының дәстүрлі діни-мифоло­гия­лық және ғұрыптық та­ным-түсі­нігінде қазанның ала­тын орны ерекше. Қазан – отқа табы­нудың бөлінбес бөлшегі, халықтың байлығы мен бір­лігінің, қуаты мен қажырының өлшемі. Ол елдің мезгілдік жаңаруы мен жаса­руы­ның белгісі екендігін «Елу жыл­да – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейтін мәтелі растайды. Тарихтың атасы Геродот­тың жазуынша, сақ патшасы Арриант жауынгерлерінің бүкіл жебесін бір жерге жинап балқыт­қызып, үл­кен қазан құй­дырған да, оны елден ерек қызмет­керінің құзы­рына қа­ратқан. Қазақтар өз ош­ағының қа­занын көшкен жұртқа қал­дырмаған, бас­қа біреуге тарту етпеген, өйткені бұлай жасаса – бақ пен береке бірге кетіп қалады деп есептеген. Төң­керілген қазан – жаманшы­лықтың, жоқ­шы­­лық­тың нышаны са­налған. Ауыл арасынан шыққан тентекті «қазан­бұзар» деп атаған, онысы «елбұзар» дегенге парапар. Қасиетті ғибадат орны – Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­сінің төрінде тайзқазанның тұруы тегіннен-тегін емес. Осы жерде Азиа­даның жыл­жымалы кіші қазан­ды­ғына біздің бірлігіміздің, тұтасты­ғы­мыздың символы болған тайқа­зан­ның бейнесі алынғанын айтуымыз керек. Жалпы, ежелгі жартас суреттерінде (петроглифтерде) қазанның бейнесі жиі кездеседі. Археоло­гия­лық қаз­балардан табыл­ған үш аяқты қазандар, байырғы көшпелілердің ұғымына сәйкес, ғаламның үш қабатын – үстіңгі, ортаңғы және ас­тыңғы дүниелерді, сондай-ақ үш әлеуметтік жіктен – сарбаздардан, бақ­ташылардан және абыздардан тұратын қоғамды білдірген. Олай болса, Азиада қазандығы – спорт ар­қылы жарасым тапқан түрлі халық­тар арасындағы ырыс пен ынты­мақ­тастықтың рәмізі болып табылады. Биылғы Азиадада әр эстафета­ның соңында кіші қазандықтар жағылып отырады. Қазандықтың салмағы шамамен 60-65 кг. болса, биіктігі 60 см., жоғарғы жағының диаметрі (аузы) 90 см. * * *

ШАҢҒЫ ЖОЛЫ – ЖЕҢІС ЖОЛЫ

Бұл күндері шаңғыдан ерлер және әйелдер құрамасы Қысқы Азия ойындарына дайындық ретінде Еуропа елдерінде өтіп жатқан жа­рыс­тарға қатысуда. Одан кейін шаңғышы қыз-жігіттеріміздің Қазақстан ку­богы жолындағы сындарға қатысуы жоспарлануда. Осы жарыстардан кейін шаңғыдан ұлттық құраманың толық құрамы жасақталады.  Жа­қында бізге Астанада спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Еуропа елдеріне барар алдында Шаңғы федерациясының президенті Өмірзақ Шөкеевпен өткен кездесуінде ұлттық құраманың бас бапкері Владимир Филимоновпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Осы жерде отандық спорттың көзкөрген маманы команданың Азиадаға дайындығы жөнінде айтып беруді жөн көрді. – Азия ойындары жақындап келеді. Біздің шаңғышылардың ал­ды­на қандай міндет қойылып отыр? – Азиада бағ­дар­ламасына шаңғы жарысының 12-і түрі кіріп отыр. Соның кем дегенде 10 тү­рі­нен біз жеңіске жетуіміз керек. Мұны мен сіздердің әріптестеріңізге де, бәріне де айтып жүрмін. – Сөйтіп, Азиадада бірінші орын біздікі болуы керек дейсіз ғой. Бірақ, қытай, жапон шаңғышылары бар емес пе. Оларды қайда қоямыз? – Бас жүлдені жеңіп алу – біздің міндет. Иә, Азиадада бізден басқа мық­ты құрамалар да болады. Оларды да ұмыт­паған жөн. Ванкуверде өткен Олимпиадада жапондар спринтерлік жарыста ешкімге дес  бермейтінін көрсетті. Мадока Натцумиді айтамын. Ал классикалық жарыста оларда Масако Ишида бар. Сондықтан бізге психологиялық жағынан сыр бермей, олармен иық теңестіріп, бәсекелесе алаты­ны­мызды көрсетуіміз керек. – Команданың қазіргі дайындығы қалай? – Азиадаға дайындық алдын-ала жасалған кестеге сәйкес жүріп жатыр. Медицина және оңалту орталығында тереңдетілген тексеріс пен Спорттың ғы­лыми-зерттеу институтында тестілеуден өттік. Шаңғышылардың денсаулығы жақсы. Енді алда бір­неше халықаралық жарыстарға, одан кейін Қа­зақ­стан кубогына қатысып, күшімізді тағы сынап көреміз. – Азиадаға неше адам дайындалып жатыр? – Сегіз адамды дайындап жатырмыз. Олардың арасында Светлана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина, Татьяна Рощина, Елена Сахнова, Марина Матросова, Анастасия Слонова мен Екатерина Семеновых бар. Алғашқы үшеуі ересектер арасындағы жарыстарға қатысып жүр. Ал Матросова мен Рощинаны олардың ізбасары деуге бола­ды. Олар Ванкувер Олимпиадасына қатысып, біраз тә­жі­ри­бе жинап келді. – Сіз әйелдер құрамасымен жұ­мыс істейсіз ғой. Айтыңызшы, нә­зік жандылармен жұмыс істеу қиын емес пе? – Қиналатындай ештеңе көріп жүрген жоқпын. Әйелдерге көбірек көңіл бөлу керек. Егер біреуіне көңіл бөлсең, екіншісі ренжіп қалатын сияқты. Бірақ, қыздарыма тапсырма берсең, бәрін дер кезінде орындайды. Ерлер жағы олай емес. Бұл бізге керек пе, керек емес пе деп ойланып жүреді. – Азиада ойындарында әйелдер құрамасы қандай дисциплинада өнер көрсетеді? – 1,4 км. спринтте, яғни классикалық жүруде, 1,4 км. еркін жүруде, оны командалық спринт дейді. Тағы 5 шақырымға классикалық жүру, 10 шақырымға еркін жүру, 15 шақырымға клас­си­ка­лық жүру мен 4х5 км. эстафета жарысына қа­тысады. Әр дисциплина бойынша әр командадан екі спортшының қатысуына рұқсат беріледі. – Неге екі спортшы? Бұрын шаңғы жа­рыс­тарына төрт спортшы қатыса алатын еді ғой. – Қазір екі спортшыға кемітіп тастады. Екі спортшы болса да бізге жақсы. Бізде үш жақсы шаңғышымыз бар. Олар – Малахова, Яцкая мен Коломина. Жарысқа екеуі шықса, біреуі және бір жас спортшы резервте болады. Төрт спортшыдан екі спортшыға кеміту бәсекелестікті арттыру үшін жасалған. 2007 жылы Чаньчунде өзіңіз көрдіңіз ғой, жүлделі орындардың бәрін біздің қыздар жеңіп алды. Сондықтан АОК бір елдің өкілдеріне жүлделердің бәрін таратпай, басқа елдердің де кө­ңілдеріне қарап осындай шешімге келген сияқты. Малахова, Яцкая, Коломина үшеуі де отандық спорт­қа көп еңбек сіңірді. Светлана мен Оксана­ның балалары бар. Олар да жараларын емдеп, балаларына қарағысы келеді. Сондықтан жа­рысқа екі спортшының қатысуы бір жағынан оларға да жақсы болды. Уақыттары көбірек бо­лады. Ал Еленаға келсем, ол Сочи Олим­пиадасына да қатысуы мүмкін. – Азиадада олар қандай жарыс түріне қатысады? – Классикалық стильдегі қашықтыққа жү­гі­ру­ге Яцкая, Малахова, Коломина қатысады. Жекелей спринтте Яцкая мен Коломина, 15 ша­қы­рымға жүгіруде Малахова күш сынасады. Ко­ман­далық спринтте осы үшеуінің екеуі жарысса, эс­тафетада оларға Матросова мен Рощина бо­лады. Біз осы екеуін резерв ретінде ұстап отырмыз. – Елімізде шаңғы спортын дамытуда жа­са­лып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма? – Қазір федерацияға жаңа басшы келді. Бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев. Енді жағдайымыз түзеледі деп ойлаймын. Өмірзақ Естайұлының келуімен демеушілер табылып, шаңғы спортына көп көңіл бөліне бастады. Осы жерде мен бас демеушіміз «Қазагрофинанс» АҚ, демеушілеріміз – «Иволга холдинг», «Қазақ­станның Астық одағы» мен «Bi Group» ЖШС-на алғысымды білдіргім келеді. – Жарыс өтетін жерлермен таныстыңыз ба? Қалай екен? – Жақсы, маған ұнады. Азиадада басқа командалар қалада тұрып, жарыс жолына дейін өз­дері жететін болса, біздің құрама Солдат шат­қалында орналасады. Жарыс теңіз деңгейінен 1 500 метр биіктікте өткізіледі. Сондықтан ол біздің спортшылардың бейімделуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН. _______________________________ АРМЫСЫҢ, АЗИАДА! Төрлет, биік Азиада, армысың, Сарыарқа мен Алатауым, қарлы шың! Қолдан бермес Қазақстан жастары, Ел қорғаған бабалардың намысын! Жұлдыз боп жан, найзағайдай жарқылда, Құрыш білек өрендерім, нар тұлға. Желбіресін қазағымның көгінде, Көк байрағым бақыт сыйлап халқыма, халқыма! Астана мен Алматыға жол салған, Азиада – жаңа тарих, жаңа арман. Туыстық пен татулықтың ордасы – Қазақ елін көрген жандар таң қалған! Бүкіл   әлем көзін салып алыстан, Сан жүйріктер бағын сынап жарысқан. Спорт – достық , денсаулық пен ізгілік, Жарыс көшін алға баста, Қазақстан! Баян ЖАНБИРОВА, ұстаз. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. * * *

Азиада айшықтары

Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен қаланы энергиямен жабдықтау мәселесіне арналған жиын өтті. Қаланы жарықпен және жы­лумен қамтамасыз ететін «Алатау Жарық компаниясы», «Ал ЭС» АҚ, «КазТрансГаз – Алматы» АҚ, «Алматы Жылу» МКК, «Ал­маты Энергосбыт» ЖШС сынды  компания басшылары қатысқан жиында қала халқы мен спорт кешендерін, қонақ үйлерді және Азиада аясында мәдени шаралар өтетін нысандарды газ, электр қуа­тымен жылытуды үздіксіз қам­тамасыз ету мәселесі қа­ралды. Жиында Азиаданы лайықты өткізу үшін барлық жұмыстар жүргізілгені 2015 жылға дейінгі Алматының энергетикалық ны­сан­дарын қайта жабдықтау мен дамыту бағдарламасы аясында «Алатау Жарық компаниясы» АҚ «ҚазҰУ», «Медеу», «Шымбұлақ» және «Ерменсай» сынды жаңа жабдықталған стансаларды пай­да­лануға бергендігі белгілі болды. Бұл стансалар қала әкімінің ай­ту­ын­ша, Азиада нысандарын қуат көзімен тұрақты қамтамасыз етіп қоймай, қаланың оңтүстігіндегі тұтынушыларды сапалы энер­гия­мен де жабдықтайтын болады. *  *  * Жуырда Көлік және коммуникациялар министрлігінде өт­кен алқа мәжілісінде Азиадаға ав­­то­жолдарды дайындау жұ­мыс­­та­ры жүргізіліп жатқаны хабар­ланды. «Қазақавтожол» РМК бас ди­ректоры Мереке Пішембаевтың айтуынша, осы мәселе бойынша кәсіпорынның бұйрығымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес, Алматы облысында Азиада жарыстары өтетін жерлер арнайы көлікпен қамтамасыз етіледі. Олардың күшімен жолдардың сапасы бақыланады. Қазір «Астана – Алматы» және «Астана қаласы айналма жолы» автожолдары бақы­лауға алынды. Сонымен бірге, Азиада кезінде Оңтүстік Қазақстан, Жам­был, Қарағанды облыстарын­дағы филиалдардан қосымша техни­ка тарту жоспарлануда. Олар кө­біне жолдағы көктайғақты бол­дырмауға арналып отыр. *  *  * Осы күндері Алматыда VII Қысқы Азия ойындары алауы­ның басты құты-құмырасы «Қа­зақстан Халық Банкі» АҚ Бас кеңсесінде сақтаулы. Азиада алауын сақтаушы ата­ну­ға үміткерлер арасынан неғұрлым сенімді банк ретінде Халық банкінің таңдалуы кездейсоқ емес: халықтың да, мемлекеттік мекемелер мен іскерлер тобының да банкке деген сенімділігі жоғары, еліміз бойынша оның филиалдар желісі барынша кең та­рал­ған. Күтпеген жерден тосын жағдайлар орын алуы мүмкін болса, ұйымдастырушылар дәл осы құты-құмыраны пайдалану арқылы Азиада алауының отын қайта тұтата алады. Оны күзету Халық банкінің және Алау эстафетасы дирек­ция­сы­ның қауіпсіздік қызметінің күшімен және техникалық құ­ралдарымен іске асырылуда. Алау оты орнатылған құты-құмыраны жұртшылық Азиада кезінде күн сайын сағат 9-дан 20-ға дейін тамашалай алады. Тілек білдірушілердің алаудың жанында суретке түсу мүмкіндігі де болады. Интернет желісін пайда­ланушылар алаудың құтысын Халық банкінің корпоративтік сайтындағы арнаулы бөлімнен көре алады: www.halykbank.kz. Алаудың тағы бір негізгі құ­тысы чартерлік рейспен Қа­зақстанның облыс орталық­та­ры бойынша тасымалданып жүреді. Ал алаудың эстафе­та­лық бағда­ры жүріп өтетін қалаларда негізгі құты-құмыра банктің облыс­тық және өңірлік филиал­да­рында сақталатын болады және алауды ұстап жүрушілердің қолына беріліп отырады.