Жетісу жұртшылығы еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай әр ауылдық округте 20 мың ағаш егу жөнінде бастама көтерді
Сол бастамаға ұйытқы болған республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік «Гүлстан» журналы, Алматы облысы «Жетісу жастары» жастар орталығы және «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласында біраз қоғам қайраткерлерінің, эколог-ғалымдардың, белгілі мамандардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, дөңгелек үстел өткізді. Ондағы мақсат – пікірге пікір қосып, осынау бастаманы кең насихаттай отырып, оның өрісін кеңейту екен.
Мұндай жиындарға қатысу жұртқа таңсық емес қой. Бірақ сол «Гүлзар» бірлестігі мен «Гүлстан» журналының кеңсесін, оның орналасқан жерін көріп-ақ, біраз жайды ұққандайсың. Қыстың қақаған аязында жасыл желек жамылған ғимаратқа кіріп, айналаң гүлге оранған жайға енгенде-ақ көңіліңе бүгін болатын әңгімеге айрықша ынта-ықылас артады екен. Көңіл алдамапты, барынша мазмұнды да қызықты әңгіме-дүкен болды.
Сырт қарағанда, бір ауылдық округте 20 мың ағаш отырғызу оңай шаруа емес. Көңілге күдік үйіріле берді. Ең алдымен егетін көшетің бар ма, жерге шаншар шыбығың бар ма дейсің. Онан соң жергілікті әкімшілік тарапынан қандай қолдау болады, олар шындап кіріспесе, ынталы істің тоқырайтыны бар.
Барлық күдікті соңғы кезде өзінің қоғамдық ісімен айрықша көзге түсіп жүрген азамат қызымыз, «Гүлстан» журналының бас редакторы, бірлестіктің төрайымы Гөзел Құлжабаева қарындасымыздың сөзі шайдай ашқан. Жаңа жылдан екі күн бұрын Талдықорған қаласында Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің қолдауымен облыс жастарының 350 өкілі қатысқан жиында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесін әр ауылдық округте 20 мың ағаш егіп қарсы алайық!» деген үндеу қабылданыпты. Облыс әкімі қолдаса, ауданы бар, ауылы бар, барлығы қолдайтынына күмән жоқ.
Бірақ сол қолдаудың өзі мынау алға қойған үлкен мақсатқа жеткізе ала ма? Бұған Гөзел Әлібекқызының жауабы да дайын екен. Бұрнағы жылы «Гүлстан» журналының бастамашылығымен сол Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Басши және Нұрым ауылдарында мектеп оқушылары, ұстаздар және ауыл тұрғындары 20885 түп ағаш және 1200 түп көпжылдық гүл егіпті. Ал былтыр Басши ауылының жеті тұрғыны өз шаруашылығының жерлеріне 900 түп ағаш көшетін отырғызыпты.
Дәл осындай мүмкіндік барлық ауылда бар. Содан да облыстың әр ауылдық округінде 20 мың түп ағаш егу ұраны, дұрыстап қолға алса, жүзеге ойдағыдай асатын мақсат. Осы жерде еліміздің табиғатының бас жанашыры десек, жарасатын «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізовтің ескертпесі де орынды естілді.
– Жақсы бастамалар әрқашан туындап жатады. Бірақ соның баяндылығына көбірек көңіл аударайықшы, – деді бас эколог. – Мұны мен өз тәжірибемнен айтып отырмын. Жыл сайын Алматының маңына ағаш егеміз. Әдемі уәде беріп, соның күтімін мойнына алғандар сөзінде тұрмай, еккеніміздің қурап қалғанына жанымыз күйзеледі.
Ойларын ортаға салғанда, ғалымдардың (Т.Баймолдаев, Б.Сманов) айтары істің ғылыми негізділігі, тілшілердің (С.Әбішқызы, Ж.Молдахметов, Ә.Әбдірайымұлы) айтары осынау бастаманың насихаты болса, ал істің жүзеге асуы негізінен жергілікті билікте, олардың жұртты осынау игілікті шараға жұмылдыра білуінде.
– Бәрімен де сөзге тоқтасқанбыз. Олардың сөздерін жұрт естіген. Жергілікті әкімдік, ондағы жастар бастаманың басында жүреді, – деді бас бастамашы Гөзел Құлжабаева ханым. – Азаматтыққа сын болар іс қолға алынып отыр.
Жетісулықтар осындай бір игі істі қолға алғанда, оны қолдауға бүкіл республика жұртшылығын шақырып отыр.
Иә, жақсы іс бүкіл республика көлемінде өрісін жайса, нұр үстіне нұр ғой. Тіпті кейбір орман-тоғайы тым сирек өңіріміз үшін оның маңызы өте-мөте зор. Жалпы, біздің республикамызда мұндай игілікті шараны жүйелі жүзеге асырудың уақыты әлдеқашан келген, тіпті көп нәрседен кештеу қалып жүрміз десек те болады. Бұл өзі ұлттық деңгейде халық болып мықтап қолға алатын-ақ шаруа.
Осы жерде әлемдік тәжірибеге аз-кем көз жүгірткен де артықтық етпес. Италияда 1923 жылдан бастап 21 наурызда елде «Жаңару» және «Табиғат» мерекесі өткізіліп, жаппай ағаш егу жүзеге асады екен. Бір жарым миллиардқа тарта халқы бар Қытайда 1981 жылдан бастап, 11 жастан 60 жас аралығындағы әр адам 3-5 түп ағаш егуге міндетті көрінеді. Сонда бір жылда мың емес, миллион емес, бірнеше миллиард түп ағаш егіледі! АҚШ-та «Ағаш егу мерекесі» 1872 жылдан бері өткізілетін болса, соңғы жарты ғасыр бойы Вьетнамда бұқаралық ақпарат құралдары халықты ағаш егуге шақыруды өзінің міндеті санайды. Оңтүстік Кореяда да заңдастырылған «Ағаш егу мерекесі» бар. Ал Филиппиннің әр азаматы жыл сайын 5 түп ағаш отырғызбаса, азаматтығынан айырылады. 82 миллион халық жыл сайын 5 түп ағаш ексе, онда 410 миллион түп орман жайқалады деңіз.
Қарап тұрсақ, сол елдердің барлығында да орман-тоғай жетерлік. Бірақ болған үстіне бола түссін дейді. Орманның, жасыл желектің мәнін біледі.
Біз де білсек, артық емес-ау. Жетісулықтардың бастамасын жаппай қолдауға уақыт та молынан жетеді. Көктемге дейін әр ауылда ағаш егілетін жерді де айқындап, шаншылар шыбық, егілетін көшеттерді әзірлеуге де мүмкіндік бар. Тек ынта-ықылас, туған жерді түлетсек деген ізгі ниет болсын дейік.
Мамадияр ЖАҚЫП.