• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2016

«Көп италиялықтың бірі емеспін»

420 рет
көрсетілді

– дейді танымал режиссер Лоренцо АМАТО: Жақында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында тұсауы кесілген Дж. Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсын сахналаған қоюшы-режиссер Лоренцо Аматоның музыканы сезінудегі ғажайып түйсігін, орындаушылардың актерлік шеберлігі туралы ой бөліскенде көсіле сөйлейтін шешендігін, сонымен қатар, барша италиялықтар сияқты оның да неше түрлі ас мәзірлерін әзірлегенде пісірген тағамы тіл үйіретіндігін естіп-білсек, ал премьера қарсаңында журналистерге берген сұхбатында ол қазақстандық опера әртістерімен жұмыс барысындағы әсерін, сондай-ақ, Астананың табиғаты туралы ойларымен бөліскен еді. – Дайындыққа өте қатты мән беретін режиссер деп айтып жатыр сіз туралы жұрт... Бұл талапты басқа театрлармен жұмыс істеген кезде ғана қоясыз ба, әлде өмірлік қағидаңыз қай кезде де өзгермей қала бере ме? Қазақстандық әртістердің шеберлігі туралы не айтасыз? – «Мадам Баттерфляй» опера әншілері үшін өте күрделі шығарма болып табылады. Сұрағыңызға келсек, италиялық және қазақстандық интерпретацияның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Жалғыз-ақ ерекшелігі – италиялықтар түпнұсқа тілді білгендіктен, олар үшін операны түсіну және орындау әлдеқайда оңайырақ соғады. Сүй­сінгенім, мұндағы әртістердің деңгейі өте жоғары екен, алайда, соған қарамастан, театрдың ішінде кәсіби түрлі қиындықтар мен кедергілердің кездесіп жататыны сон­шалық қорқатын нәрсе емес... Негізінде, опера өнерінде сөз құдіретіне көп көңіл бөлініп, әрбір сөздің мәні мен мағынасына, тілге айрықша маңыз берілгендей көрінгенмен, яғни неғұрлым тілді тереңірек меңгерген сайын иығыңдағы жүк азаяды дегенмен, актер шеберлігіне көп нәрсе тәуелді. Олай болатын себебі, бұл опера Давид Беласконың «Гейша» драмасының желісіне негізделген. – Өзіңіз жалпы спектакльде неге көбірек мән бересіз? – Мен үшін мұнда бәрі де маңызды. Әрбір деталь, демге дейін белгілі бір мақсатқа қызмет атқарады. Егер осы ой жалғаспай, үзіліп қалып жатса, ештеңені жамап-жасқап қалпына келтіре алмайсыз. Сондықтан, мен бірінші орынға музыканы қоямын. «Мадам Баттерфляй» операсы бұл жағынан өте бай, құнарлы дүние десем, артық айтқандығым емес. Тіпті, әсемдігі, әсері жағынан көрерменнің көзіне жас тұндырады. Бұл өте бір өзгеше опера, сол себепті барлық әлемдік репертуарларда шоқтығы биік туынды ретінде үнемі дара тұруы ғажайып жағдай. Соңғы көріністе сахнада екі басты кейіпкер – екі әйел қалады, тенор сондайлық үлкен рөл атқара қоймайды. Арада сенім, адалдық қарым-қатынасы орнайды, екі әйелдің достық сезімі нығайып, жалған да жасанды махаббат екінші планда қалады. – Мадам Баттерфляй бейне­сіне кәсіби тұрғыда қандай сипаттама берген болар едіңіз? – Чио-Чио-сан, болмаса Бат­терфляй ханым зор күш-жігерді талап ететін ең күрделі кейіпкер болып саналады. Опера басында ол – шамамен он бес жастағы бойжеткен болса, кейінірек оның айлакер, жат пи­ғылды америкалыққа тұрмысқа шығуы үшін өзінің ата-анасынан, отбасынан, дінінен бас тартуы­на тура келеді, ал жігіт оны алдаған болып шығады. Екінші бөлімде Баттерфляй өзін, өзінің «мендігін» жоғалтып алады. Оның енді діні де, мәдениеті де жоқ, ол жартылай америкалық, жартылай жапон­дық, ол енді ешкім емес. Опера соңында  Чио-Чио-сан өзіне қол жұмсап, харакири салты бойынша өмірін қияды, өзімен солай қайта қауышады. – Пинкертон бейнесінің бізге соншалық бейтаныс бо­ла қоймайтынын түсіндіріп бері­ңізші.  – Жоқ. Олай ойлап қалмаңыз. Оны мен бүгін өз арамыздан кө­ремін деп айта алмаймын. Өйткені, ер-азаматтардың көпшілігі Пинкертон сияқты емес. Пуччинидің, мүмкін, америкалықтарды, американдық мәдениетті қаны қаламағандықтан сондай тұжырым жасауы әбден мүмкін ғой. Пинкертон бей­несі америкалықтар бойындағы ең жаман қасиеттер арқылы жасалған, алайда, сол үшін америкалық мәдениетті түбегейлі жаба салу, жек көру дұрыс емес, себебі, онда жақсы дүниелер жеткілікті. – Ғашық болу, жүрек қалауы екі адамның өзара түсіністігінен өріледі деген қағида бойынша қарасақ,  Баттерфляй ханым махаббат сынынан қалай өтті деп ойлайсыз? – Мен шынымды айтайын, олай ойламаймын. Сынақтан өтті деу көп нәрсені шектейді. Және оның сынақтан өтуге мүмкіндігі де болған жоқ. Пинкертонмен бірге өмір сүру мүмкіндігі болмады. Сүйгеніне деген махаббаты оның тек ойында, қиялында ғана өмір сүрді. Әуел баста, Баттерфляймен кездес­пей тұрғанға дейін Пинкертон Шарплеске, оның үйленуі – ерсі әзіл екенін, шын мәнінде ол америкалыққа үйленетінін айтқан. Сондықтан да біз бастапқы кезден-ақ мұның сынақ емес, ойын, әрі ерсі әзіл, жалған сезім екенін ұғына білгенбіз. – Бұл елдің мәдениетіне мұншалық терең бойлай алғандығыңызға қарағанда, Жапонияға барған адамсыз ғой?   – Өкінішке қарай, Күншығыс еліне ешқашан барған емеспін, алайда, ғажайып мәдениетті өз көзіммен көргім келеді, бірақ операны қою үшін емес... Мен 2012 жылы «Мадам Баттерфляйді» Италияда сахналадым. Сондықтан, ұзақ уақыт зерделеу арқылы жанымды баураған жапон мәдениетіне тым жақын болып кеттім. Ол мені өзіне тартады. Рас, «Мадам Баттерфляй» операсын қою үшін режиссерге әуелі драмалық театр туралы біліктілік қажет екенін түсіндім. Бұл белес мамандармен бірге бағындырылды, алдымен актерлермен, содан кейін әншілермен жұмыс жасау қажет болды. – Опера сарынында Күншығыс елінің сазымен үндес, үйлесімді нақыш жет­кілікті болғанмен, Баттерфляй ханым­­ның  жапондық емес, италиялық ару ретінде қабылданатыны неліктен? Бұл туралы не ойлайсыз?  – Пуччини туындысына кейбір жапон музыкасының тақырыбын қуана енгізгенмен, әйтсе де олар қабылдана бермейді, неге десеңіз, шын мәнінде – бұл нағыз Италия операсы, сол себепті кейде тыңдарманның түсінбей қалуы әбден заңды. Композитор, бірінші кезекте, көңіл-күйді көрсеткісі келді және сондықтан да Баттерфляй ханым италиялық опера әншісіне ұқсас. Екінші бөлімде ол әлі Италия иіріміне сіңіп кете қоймаған, бірақ америкалыққа ұқсағысы келетін әйел, ол – батыс әйелі. Баттерфляй ханымның басынан өткеруге тура келетін бұл сезімі мен күресі әлемнің кез келген бұрышындағы пендеге, мейлі, Жапония, Қытай, Италия немесе Австралия елінде болсын, барлық адамға тән. Біз мұнда ұлт, халық туралы емес, сатқындық, жалғыздық, қаржылай қиындықтар туралы айтып отырмыз. Жер бетіндегі проблема атаулы адамзат баласының барлығына бірдей. – Сізге Астананың ауа райы қалай әсер етті, бұрын осы жерде болдыңыз ба, қала несімен ұнады? – Мен, негізі, өте жылы әрі шуақты Рим қаласында тұрамын. Алайда, көктем мен жазды біртүрлі, ұната қоймаймын. Қысты жақсы көремін. Сондықтан, Астананың ауа райы менің сол таңдауыма дөп келгеніне қуандым. Әлбетте, суықтан қиналмаймын, осындай мезгілді жаным қалағандықтан, жұмысым да өніп жүре берді. Шын мәнінде қуаныштымын, мұнда атбасын тірегенімде Римде күн жылы болатын, ал бұл жерде суық. Мен барлық италиялықтар сияқты емеспін. Бас алмай жұмыс істеймін. Қолымның қалт еткен бір сәтін күтудемін. Көкірек кере ауа жұтып, кең тыныстап, Астананы армансыз тамашалайтын мүмкіндікті күтіп жүрмін, әзірге қонақ үй мен театрды ғана көрдім. – Бос уақытым жоқ десеңіз­ші... – Ара-тұра бос уақытта фортепианода ойнаймын. Консер­ваторияда музыкадан білім алғандықтан, мені жұрт пианиношы болады деп ойлауы заңды еді... Және қолым босай қалған жағдайда көбіне тағамдар, негізінен италиялық тағамдарды дайындаймын, сондай-ақ, қытайлық, Азия халықтары ас мәзірлерін әзірлеу қолымнан келеді. Сондықтан, көп уақытымды тағамға және жаңа рецепт шығаруға арнаймын. Әңгімелескен Қаршыға КҮЛЕН Суретте:  режиссердің жұмыс сәті