• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2016

Су үстіндегі ауыл

274 рет
көрсетілді

Қостанай ауданындағы Суриков ауылы түгелге жуық судың астында қалды. Ал қар суы ауылдың ішіне аптаның басында кіре бастаған. Көктем кеш шығып, биыл түскен қалың қардың көбесі сөгіле қоймаған соң, ауыл адамдары суда қаламыз деп ойламаған. Соңғы күндері күн күрт жылынғанда ауылға аққан қарғын судың қарқынына қарсы тұру мүмкін болмады. – Таңертең сиыр саууға тұрсам, бұзау мен сиырым суда тұр. Сиырды құрғақтау жерге жетелеп жүргенімде су да қораны түгел жайлады, одан үйге кірді, – дейді ауыл тұрғыны Оксана Шипилова. Суриков ауылының тұрғындары ауыл­­дық округ, аудан басшыларына дабыл қақты. Олар және Төтенше жағдайлар департаментінен қыз­­мет­­кер­лер жеткенше су тоқтаусыз көтеріле берді. Жылдам еріген қар суы бой бермей, аз ғана уақыттың ішінде үйлердің терезесінен кірді, кей­бір үйлер мен мал қорасының шатыры ғана көрінеді. Солтүстік аймақтық аэромобильдік жедел-құтқару және Батыс Қазақстан облысынан көмекке келген жа­сақ­тар ауылдағы барлық малды құрғаққа шығарып үлгерді. Ауыл адамдары бүкіл дүние-мүлкі суда қалса да, малының аман қал­ғанына шүкіршілік етіп отыр. Өйткені, ауыл түгелдей тек өз қора­сындағы малдың өнімімен күн көреді. Сауған сүтін Қостанай қаласындағы «Новый день» сүт зауы­тына өткізеді. Ауыл суда қал­ғалы зауыттың сүт таситын машинасы да келе алмай отыр. Ауылдың қыстан қалған жем-шөбі суда қалды. Ауылдағы көнекөздердің айтуынша, Суриков ауылына бұл 70 жылдан аса уақыттан кейін келіп отырған су көрінеді. Жұт жалғыз болмайды дегендей, соғыс басталған 1941 жылы бұл елді мекенді су басқан екен. – Ауыл тұрғындарының шы­ғы­ны елді мекен толық судан та­зартылған соң есептелетін бола­ды, оны өтеу үшін аудандағы ре­зервтік қордан 21 миллион теңге қаржы табылады. Жетпегеніне облыс бюджетінен бөлінеді, – деді Қостанай ауданының әкімі Тәуба Исабаев. – Қазір судың беті қайтты. Ауыл ішіндегі суды сорғымен сорып, Шынсай сайы арқылы Тобыл өзеніне құю жұмысы жалғасуда. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Суриков ауылы