Мал тұқымын асылдандырмайынша мал шаруашылығының көсегесін көгерте алмаймыз. Нақ осы мәселе Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында жан-жақты сөз болды.
Қазақтың шұрайлы да жомарт даласы мыңғырған малға толып, ауыл берекесі еселеніп жататын кешегі кезең де көзден бұлбұл ұшты. Елімізде асыл тұқымды мал шаруашылықтары да баршылық еді. Бірақ сонау бір тоқсаныншы жылдардың өкпені қысқан өтпелі кезеңінде қараусыз қалған қайран мал тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Енді орны ойсыраған осы олқылықтың орнын толтыратын да кез келді.
Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев атап көрсеткендей, «ҚазАгро» ұлттық холдингі белгілеген еліміздің ірі қара мал етін экспорттайтын әлеуетін арттыру жөніндегі жобаны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, бұл мәселені бүкіл еліміз бойынша кең көлемде жүзеге асыру жөнінде нақты міндет қойған. Осыған байланысты бұл жоба еліміздің барлық өңірлерін қамтитын болады. Жоба бойынша өңірлерде 2,5 мың шаруа қожалықтары ашылып, 25-30 мың ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ.
Бұл жобаның маңыздылығы Қазақстанның Кеден одағына мүше болуына байланысты одан сайын арта түспек. Мәселен, қазіргі кезеңде Ресей 1,7 миллион тонна ет импорттайды. Бұл импорттың басым бөлігі Бразилия және Оңтүстік Американың өзге де елдерінен жеткізіледі. Жақында Ресей және Қазақстан ауыл шаруашылығы министрліктерінде арнаулы алқа мәжілісі өткізілген. Осы мәжіліс қорытындысында Ресейдің ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның ет өнімдерін Ресейге тоқтаусыз кіргізу жөнінде арнайы бағдарлама қабылдаған. Сондықтан ірі қара малды асылдандыру мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Асыл тұқымды емес мал етін экспорттау өте тиімсіз. Мәселен, асыл тұқымды ірі қараның тірідей салмағы 500 кило болатын болса, жай малдың тірідей салмағы 300 килодан аспайды. Мұндай малдан бар болғаны 150 кило таза ет шығады. Оны экспорттау экономикалық жағынан ешқандай пайда әкелмейді, деді Үкімет басшысының орынбасары.
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, «ҚазАгро» холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков және басқалар сөз сөйлеп, бұл жобаның еліміз үшін маңыздылығын атап көрсетіп, атқарылатын жұмыстың да ауқымды болатындығын тілге тиек етті. Жобаны жүзеге асыру барысында еліміз бойынша жем-азық қорын дайындайтын орталықтарды, шаруа қожалықтарын көбейтуге тура келеді. Базасы мықты асыл тұқымды ірі шаруашылықтар құру керек. Мал азығы өндірісінің инфрақұрылымын дамытып, малдәрігерлік жүйені жандандыру қажет. Атап айтқанда, осы жоба шеңберінде таяудағы бес жыл ішінде 150 мың басқа арналған 60 мал бордақылау орталығын, 74 мың басқа арналған 54 асыл тұқымды мал шаруашылығын құру керек. Осы шаралардың нәтижесінде еліміз алдағы уақытта жыл сайын 60 мың тонна ет экспорттау мүмкіндігіне қол жеткізетін болады. Бұл жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен және «ҚазАгро» холдингінің қаржысы есебінен 5 жыл ішінде 148 миллиард теңге қаржы бөлінбек.
Бүгінгі күні Ресейге ет экспорттау мақсатында Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында арнайы мүмкіндіктер жасалып жатыр. Алдағы уақытта ет экспорттау үшін Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында да нақты шаралар жүзеге асырылмақ. Мамандардың айтуынша, асыл тұқымды мал табыны үшін субсидия нақты іс атқарып жатқан шаруашылықтарға берілуі қажет. Асыл тұқымды мал шаруашылығы деген жасанды дәрежені мемлекет тарапынан үлестіре беру тәсілін тоқтату керек. Сонымен бірге асыл тұқымды ірі қара малды халықаралық стандарттарға сәйкес анықтау қажет.
Үкімет отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылап, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынып отырған мал тұқымын асылдандыру және еліміздің ет экспорттау әлеуетін арттыру жобасының ауыл тұрғындары үшін аса маңыздылығын атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.