Оны Қазақстанда сақтау жобасы жалғасады
Халықаралық Қызыл кітапқа енген қар барысының Қазақстан аумағында сақталуына мүмкіндік беріп, санын арттыруды көздейтін «Ирбис» жобасы 2015 жылы Carlsberg Kazakhstan компаниясы мен Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) атсалысуымен іске қосылған еді.
Егер жер бетінде қар барысы мекендейтін 20 аймақ болса, соның екеуі Қазақстанда. Бұлар – Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы. Бастапқыда жобаны қолға алып отырған серіктестер бұл аумақтарда қар барысының қалғанына да күмән келтіргендерін жасырмайды. Оның үстіне соңғы жылдары қар барысын зерттеуге Зоология институтының қаржысы да болмаған.
– 2015 жылы жоба Жоңғар Алатауы аумағында жүзеге асырылып, жылдың әр мезгіліндегі 3 дала экспедициясы жолға шығып, жоба аясында 50 фотоқақпан сатып алынып, орнатылды. Бұл аумақта фотоқақпандар 6 қар барысын анықтады (аланы бар аналық және 4 жалғыз ересек еркек бас). Зерттелген аумақ көлемі 1300 шаршы шақырымды құрады. Зерттеу нәтижелері Жоңғар Алатауындағы ілбіс санының 2015 жылы 50-60 бас (аландарымен қоса алғанда) екендігі жайлы болжам жасауға мүмкіндік берді. Ал 2014 жылы Жоңғар Алатауындағы қар барысының саны 40-50 бас деп белгіленген-ді. Кейінгі көрсеткіштің өскеніне қуаныштымыз, – деді ҚБСА директорының ғылым жөніндегі орынбасары, қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко.
Биыл Carlsberg Kazakhstan компаниясының жоба аясындағы серіктестігі ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Зоология институтымен ынтымақтасу есебінен арта түскен. Енді бұл мекеме 2016 жылы Іле Алатауы мен Алматы қаласы маңындағы қар барысына кешенді зерттеу жүргізбекші. Оған қоса Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы Жоңғар Алатауы аумағындағы жұмыстарды жалғастырады.
– Біз «Ирбис» жобасы ұзақ мерзімді жоба болатындығын мәлімдегенбіз. Өйткені, қар барысының Қазақстандағы санын көбейту ісі бір жылдың аясында біте салатын шаруа емес. Сондықтан, 2016 жылы біз жоба жағрапиясы мен серіктестер шеңберін ұлғайттық. Ертең балаларымыз бен немерелеріміз қар барысын кітаптан немесе хайуанаттар бағынан ғана тамашалап қалмауы үшін және оның тұмса табиғатта, табиғи ортасында тіршілік етуі үшін www.saveirbis.kz порталын әзірлеп іске қосу арқылы біз ілбістің тағдырына енжар қарамайтын кез келген адамға осынау ғажайып аңды сақтау жұмысынан қалыс қалмауына мүмкіндік бердік, – дейді «Carlsberg Kazakhstan» ЖШС президенті Виктор Семак.
Баспасөз мәслихатында журналистер 2012-2015 жылдар аралағында Алматы хайуанаттар бағында әр мезгілде біртіндеп өлген 6 қар барысының да мәселесін айналып өткен жоқ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ