Бесқарағайлық Галина Баюн Абай әндерін тамылжыта орындайды
Галина Баюн – ғажап әнші. Шығыс өңірінің жұртшылығы, әсіресе, бесқарағайлықтар оның жан-тәнімен орындайтын нәзік те сырлы әндерін сүйіп тыңдайды. Галина Дмитриевна 1963 жылдан бері, жарты ғасыр бойы сахнада сандуғаштай сайрап, әуезді әнімен тыңдарманын баурап келеді. Әлдеқашан зейнет демалысына шықса да қоғамдық өмірден қол үзген емес. Ол – аудандағы славян этномәдени орталығы жетекшілерінің бірі, «Асыл әжелер» вокалды ансамблінің һәм ардагерлер хорының белді мүшесі. Вокалды топтың құрамында Ресейдің Алтай аймағындағы Михайловский ауданында өтетін «Венок дружбы» фестивалінде, облыс орталығында өтетін аудан күндерінде жиі өнер көрсетеді. Ал Людмила Шахворостова жетекшілік ететін славян этномәдени бірлестігінің «Жемчужинка» фольклорлы ансамбліне мүше болғанына 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Қазақ және орыс тілдерінде іркілмей ән салатын Галинаның алғашқы хор дирижері Михаил Шахворостов болатын. Михаил Федорович кейін Ресейдің Алтай аймағында өзі құрған «Сибиряночка» хорымен әйгілі болды.
Галина Дмитриевна 1956 жылы Бесқарағай ауданындағы Большая Владимировка орта мектебін бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы республикалық медицина училищесіне оқуға түсті. 1958 жылы оқуды тәмамдап, «акушер» мамандығын алған жас қыз жолдамамен туған ауданына келді. Содан бергі 40 жылдан астам уақыт бойы денсаулық саласындағы қызметін абыроймен атқарды. Алғашқыда Семьярск, Борас ауылдық аурухана бөлімшелерінде еңбек етті. 1986 жылы ұзақ жылғы еңбегінің өтеуі ретінде аудандағы медицина қызметкерлерінің құрмет кітабына еніп, бірқатар медальдармен марапатталды. Мамандығы медицина қызметкері болса да әрқашан сахнаға әзірленуге уақыт табатын.
Галина әжейдің репертуарында түрлі халықтардың әндері бар. Әсіресе, Абай әндерін нақышына келтіріп орындайды. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойында Абайдың «Айттым, сәлем, қаламқас» әнін орындағаны шығысқазақстандықтардың ғана емес, дүбірлі тойға куә болған алыс-жақыннан келген көптеген қонақтардың жадында. Абай әндерінен бөлек, қазақтың халық әндері мен орыс, украин романстарын орындағанды жаны сүйеді. Мәселен, «Әлия», «Снегопад», «Эхо любви», «Утро туманное» әндері Галя әжейдің орындауында ерекше түрленіп сала беретіні бар. Есениннің сөзіне жазылған «Отговорила роща золотая» әнін бесқарағайлықтар ауданда өтіп жататын дәстүрлі романстар кешінде қайта-қайта сұратып орындатса, орыстың халық әні «Сосенканы» Өскемен жұртшылығы осы кісінің орындауында тыңдағанды жақсы көреді. Галина Дмитриевна тек ән салып қана қоймай, жыр жазады. Қолөнерімен де айналысады. «Шебердің қолы ортақ» дегендей, әженің жасаған бұйымдары жұрт назарына жиі ұсынылып жатады. Көрмелерде ат-түйедей қалап алып кететіндер де баршылық. Айталық, Шығыс өңірінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық керуеніне бір кісідей атсалысқан Галя әже Бесқарағай ауданының атынан өзінің қолөнер көрмесін ұсынған-ды. Кесте тігуді алғашқы мұғалімі Елизавета Ревина-Варениктен, кейін көршісі Анна Николаевнадан үйренгенін айтады. Қазіргі кезде өзі де кейінгі жастарды қолөнерге баулып жүр.
1939 жылы 22 қаңтарда Борас ауылында дүниеге келген Галина Дмитриевнаның балалық шағы соғыстың ауыр жылдарына тұспа-тұс келді. Майданға аттанған әкесі хабар-ошарсыз кеткендіктен, шиеттей балаларды бағып-қағудың бар ауыртпалығы жалғыз шешесінің мойнына түсті. Жуырда бір туысқаны интернеттен Мемориалдағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан кездейсоқ ақпаратты көріп, Галина Дмитриевнаға жібереді. Осыдан кейін ол Бесқарағай аудандық әскери комиссариаты арқылы аталған мұрағатқа өтініш жолдаған екен. Жалғыз қызы Галина Баюн-Колбина әкесі Дмитрий Колбиннің қай жерде жерленгенін білгісі келеді. Дмитрий Степанович Беларусьте тұтқынға түсіп, 1941 жылы 17 қарашада қайтыс болған екен. Тіпті, Германия жерінде жерленген күннің өзінде сонда тұратын баласы Сергей арқылы әкесінің жерленген зиратын тауып алуына мүмкіндік бар еді. Аталған ақпарат көзінен Галя әжей әкесінің туған ағасы Тихонның Жеңіске санаулы күн қалғанда Берлин операциясы кезінде оққа ұшқанын біледі.
Бүгінде Галина Дмитриевна – сегіз немересін әсем әнімен тербетіп ұйықтатын бақытты әже. Таяуда Бесқарағай аудандық мәдениет үйінде өткізген шығармашылық кешіне әнші әженің барлық бала-шағасы қатысты. Тіпті, Германиядағы баласы Сергей мен немересі, Семейдегі әпке-сіңлілері де қонақ болып, өнерлі әжелерін мақтан тұтатындарын айтты. Сол кеште аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, қазақтың ақ жаулығын сыйға алуы, аудандық медицина қызметкерлері мен түрлі мекемелерден, оның ішінде этномәдени бірлестіктер мен аудандық Достық үйінің сый-сыяпатына бөленуі Галина Дмитриевнаның ғибратты ғұмырының биік бір белесі іспетті.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы