• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Елбасы манифесі: БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҮНДЕУ

293 рет
көрсетілді

Сауатты бастамалардың бірі

Ахмед Идрис ИНАБ, Иордан Хашимит Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет. Бұл бағытта сіздердің елдеріңізде көптеген жұмыстар атқарылды. Адамзаттың тілегіне орай атқа­рыл­ған осынау игі шаралар әлем жұртшылығы тарапынан жоғары бағалануда. Жалпы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһанның қауіпсіздігі үшін әлемдік деңгейде сауатты бастамалар көтеріп келе­ді. Бұл бастамалардың барлы­ғы да өз деңгейінде қолдау табу­да. Әсіресе, биылғы 1 сәуір­де Вашингтонда өткен Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте Қазақстан басшысы тарапынан ұсынылған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін адамзат баласы жылы қабылдады. Бұл манифестің мән-маңызының жоғары екендігіне ешкім дау айта алмайды. Сондықтан да ол Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде танылды. Қазіргі таңда әлемге ең қажет­тісі – тыныштық пен тұрақ­тылық. Ал осы бағытта жасалған әрбір қадамға сана көзімен қарай білуі­міз керек. Қазақстан өзінің тәуел­сіздігін жариялағалы бері бейбіт­шіліктің жақтаушысы ретінде нақты істерімен көзге түсіп келеді. Мәселен, Семей полигонының жабылуы, МАГАТЭ-мен келісе отырып, төмен байытылған уран банкін құрудағы ізгілікті қадамдар және басқа да қыруар жұмыстар Қазақстанның бейбітшілік орнату­дағы бұлжымас ұстанымын айғақ­тай түседі. Осы арада адалдық үшін айта кетейін, Нұрсұлтан Назар­баевтың ядролық қаруды жою ісіндегі көшбасшылық рөлі қаперімізден шықпауы тиіс.

Көңілге қонымды саясат

Әрбір мемлекет, олардың бас­шы­лары өздерінің әлем алдындағы негізгі жауап­кершіліктеріне сер­гек қараулары тиіс. Әсіресе, жаһан қауіпсіздігіне, сондай-ақ, қор­­даланған түрлі түйткілдерге бай­­ланысты міндеттердің орны бөлек. Осы орайда Қазақстан бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев өз халқы­ның ізгі тілегін бейбітшілік пен тату­лықты қалайтын бүкіл адам­­зат­тың мүддесімен ұштас­тыра отырып, батыл қадамдар жасады. Жалпы, ядролық қарудың әлем­дік қоғамдастыққа төндіріп отырған қаупі зор. Мұны бәріміз де білеміз. Бірақ, осынау тажал қаруына қарсы ашық күрес жариялап, нақты шараларды жүзеге асыруда белсенді іс-қимыл жасау өте маңызды. Ал осы мәселеде Қазақстанның жүр­гізіп отырған саясаты көңілге қоным­ды. Сіздердің елдеріңіздің тек айтып қана қоймай, нәтиже көрсетуі талайларға ой салуда. Қалай дегенде де, Қазақстан өзінің өміршең бастамаларымен өзгелерге жол көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде елдің халықаралық аренадағы абыройын одан әрі өсіре түсетіні анық. Рэй ХАММОНД, футуролог (Ұлыбритания)

Тыныштыққа жетер ештеңе жоқ

Ғылымның жетістіктері мен жаңалықтарын адамзат игілігіне пайдалануы қажет, өмір тіршілігін, тұрмысын жақсартуға қолдануы керек. Адамдар арба ойлап тауып, онымен ыңғайлы жүруге, көп зат тасуға болатынын көрді. Кейін пойызды ойлап тауып, онымен жылдам жүруге болатынына, өте көп жүк тасуға әрі тез жеткізуге болатынына көз жеткізді. Одан кейін ұшақты ойлап тапты... Егер ғылым адамзат игілігіне қызмет етсе, ол – өркениет, ал ғылым адам өміріне қауіпті қару, улы зат ойлап тапса, ол қол­данысқа енсе, ол – қасірет. Сөй­тіп, ғылым жақсылығының екі беті бар. Елбасы Н.Назарбаев ғылым­ның өркениетке апаратын, бейбіт өмірге бастайтын кемел жағын қолдап, ядролық қаруды ойлап табуға, қолдануға, сынауға қарсы манифесін халықаралық дәрежеде жария етті. Н.Назарбаевтың атом қуатын адам игілігіне пайдалану туралы ұсынысы, бүкіл адамзат баласының арман-мүддесіне, көзқарасына сай келеді, көңі­лінен шығады. Себебі, ешкім де ядролық қару қолданудан қасі­ретке ұшыраған Хиросимо мен Нагасаки тұрғындарына ұқса­ғысы келмейді. Керісінше, бей­біт жағдай, бақытты өмір сүр­гісі келеді, атом қуатын өз тірші­лігіне, бақытты өмір сүруге жұм­сауға тырысады. Сондықтан, адам өміріне, табиғат тіршілігіне зиянды болатын ғылым жаңалығына тыйым салу керектігін, адам өз өміріне қауіпті жаңалық ашпау керек екендігін дұрыс айтты. Қазақстан Президенті Н.Назар­баев 1991 жылдан бері ядро­лық қаруға қарсы саясатты жүйелі және тұрақты түрде іскерлікпен  жүзеге асырып келеді.Тәуелсіз Қазақстан 25 жыл ішінде саяси-экономикалық жетістікке жетсе, мемлекеттілігін қалыптастырса, оған тек бейбітшілік, тұрақтылық, ынтымақтастық арқасында же­тіп отыр. Және де елімізді мекендеген ха­лықтардың достығы нәти­же­сінде қол жеткізуде. Бүгінгі жетістікке Қазақстан ядролық қаруды қолданып емес, қайта оны жойып, Семей полигонын жауып, ядролық қаруды сынау­ды тоқтатып жетіп отыр. Бұл ел Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі болып табылады. 1996 жылы 13 тамызда Н.Назарбаев Семей полигонының ғылыми-техникалық әлеуетін бейбіт мақсатқа, Қазақстанда атом энергетикасы саласын дамыту үшін пайдалануды ұсынды. Ал, 1995 жылы 24 сәуірде Қазақстан аумағынан соңғы ядролық заряд шығарылды. Сөйтіп,1400 ядролық қару – континентаралық баллистикалық ракеталар мен жердегі және әуеде қолдану қаруы жойылды. Соның арқа­сын­да биыл 25 жыл бойы Семей полигонында тыныштық орнады. Н.Назарбаевтың ұсынысымен ядро­лық қаруды сынауды тоқ­татуға байланысты келесі сам­­митті Қа­зақстанда өткізу туралы шешім қабылданса, Қазақ­станның саммитті өткізуге толық моральдық құқы бар. Қазақ жері ядролық сынақтардан жараланды, зардап шекті, мұны Н.Назарбаев тоқтата алды. Сол кездегі КСРО-ның саяси-әскери саясатына қарсы шығып, полигонды 1991 жылы 29 тамызда жарлықпен жабу саяси ерлік, мемлекеттік кө­ре­гендік еді. Ақтөбе облысының Байғанин ауданы да жарылыс болған жер. Менің туған ауданым. Кезінде бұл сынақ тұрғындарға «халық шаруашылығы мақсатында» жүргізілген сынақ деп түсін­дірілді. Кейінгі зардабын жеке адамдар көрді. Алдағы қасіреті және оның медициналық зияны белгісіз, қалай, қашан «ах» ұрғызады, кім білсін?! Сондықтан Н.Назарбаевтың бүгінгі «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі өте дер кезіндегі, көкейкесті бастама болып табылады. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун­ның шешімімен бұл манифеске Бас Ассамблея мен Қауіп­сіздік Кеңесінің ең жоғары мәр­тебесі бар құжаты деген атақ берілді. Бұл – Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің бастамасы БҰҰ-ға мүше елдердің бәрі­нің басшылыққа алатын бағдар­ламасы деген сөз. Елбасының 30 озық елдің қатарына қосылу, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары идеясы Қаза­қстанның болашағын бол­жа­ғаны, қазақстандық даму жолын көрсеткені деп түсіну керек. Бұл мақсатқа тек бейбіт жол­мен, жасампаздық іспен ғана жетуге болатыны баршаға бел­гілі. Бұл Елбасының келе­шек­ті көздеген кемеңгерлік көре­гендігі. Н.Назарбаевтың бұл мани­фесін барлық елдердің бей­біт­шіліксүйгіш халықтары қолдайды деп сенеміз. Ешбір ұлт өкілі Хиросима мен Нагасаки, Семей қасіретін тартқысы кел­мейді. Оған қарсы. Әлем сая­саткерлері, ғалымдары, қоғам қай­­раткерлері, әр ұлттар өкіл­дері де бұл манифесті қолдайды, олар да бейбіт өмір, бақыт­ты тұр­мысты мақсат етеді. Ел­басы­ның манифесі ерекше мис­­сияға – халықаралық дәре­же мен мазмұнға, саяси іс-әре­кет­ке ие болған тарихи саяси құжат. Н.Назарбаев үшінші дүние­жүзіл­ік соғысты болдырмауды, ядролық қаруды қолданудың зардабын тартпаудың алдын алып отырған әлемдік дәрежедегі сая­си қайраткер. Ядролық қаруды қолданған соғыста жеңгендер мен жеңілгендер болмайды, автоматтан бастап, зымыранға дейінгі қаруды ойлап тапқан ғалымдар кейін «ах» ұруда. Олар өздерінің тапқан жаңалығы адам өміріне, табиғат тіршілігіне зиянды болып отырғанына опық жеуде. Адамзат баласына өркениет, бақытты өмір керек, соған ұмтылуда. Қазақстан атом қуатын игілікке пайдалану тәжірибесі бар. Ақтау қаласындағы Каспий теңізінің ащы суын халыққа пайдалануға жарамды етіп тұщытып берген жылдам нейтронды атом стансасы халыққа игілікті қызмет етті. Қасіретсіз, зиянсыз жұмысын тоқтатты. Чернобыль, Фукусима болған жоқ. Атом қуатын пайдалану, уран өндіру жөнінен Қазақстан кенде емес. Уран өндірісі мен қоры бойынша әлемдегі алдыңғы екі мемлекеттің бірі. Соғысқа, адамзатқа қарсы қолданамын десе жетеді. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті  саясатының кереметтігі де сонда, қолында мол мүмкіндік болса да, атом қуатын адамзат игілігіне қолдануды, ядролық қарудың жаңа түрін ойлап таппауды, сынамауды ұсынып отыр. Елбасының Қазақстанның болашағы үшін атом қуатын игілікке, бейбіт өмірге пайдалану жөніндегі бұл ұсынысы еліміздің «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруына негіз болады. Н.Назарбаевтың қырғын қаруды шығармай, тоқтату саясаты әр қазақстандықтың көңілінен шығады. Әркім де бейбіт қызмет етіп, жақсы тұрғанды, дені сау болғанды армандап, мақсат етеді. Вашингтон саммитінде не­бір мазмұнды сөздер айтыл­ды. Со­лардың ішінде, сөзі де, құ­жа­ты да маңыздысы Н.Назар­баев­­тың манифесі ерекше көңіл ауда­рарлық сілкіністі оқиға болды. Ұлы ғалым Ш.Уәлиханов «Қазақ халқы ең бейбіт халық­тардың бірі» деп тұжырым­дама жасаған. Асан қайғы мен Қорқыт ата мәңгілік өмір мен жерұйық­ты армандап, соны іздеген. Бұл арман ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Н.Назарбаев жаңа бастама, жаңа көзқарас – ғылымға, ядро­лық қару­­ға, атом қуатын пай­далы етуге қа­лып­тастыруда. Сөйтіп, тарих пен қазіргі заман өз жалға­сын табу­да. Ол – бейбіт өмір үшін күрес. ХХ ға­сыр ғарыш ғасыры болса, ХХІ ға­сыр ядролық қару­сыз ғасыр болсын. Еркін ҚҰРМАНБЕК, Қазақстан Республи­касының мәдениет қайраткері, «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ақтөбе облысы

 Бейбітшілік әні әуелей берсін

Алғашқы қару-жарақты жасауды үйренгелі бері адам баласы бір-бірімен қырқысумен келеді. Бірі билігін күшейткенді жөн көреді, екіншісі еншілі бай­лығын еселеуге ұмтылады, үшін­шісіне тағы бір нәрсе жетпейді. Қазір бұл «ауру», тіпті, қағынып кетті. Кейде маған күллі әлем жунгли заңымен өмір сүруге көш­кендей көрінеді. Ол бойынша әлім­жеттік қағидасы алдыңғы кезекке шығып, әлсіздер күшті­лердің аузында кетуге тиіс. Асқынған империялық кеу­дем­соқтықтары шарықтау шегі­­не жеткен кейбір алпауыт мем­лекеттер төрткіл дүниенің төбе­сінде әңгіртаяқ ойнатқысы бары байқалады. Айналасына ас­тамси қарап, геосаяси гегемон­дық орнатуға әрекет қылады. Осын­дай отпен ойнаған заманда Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бағалы бастама көтеруі көкейге қонатын іс. Әсіресе, «соғыссыз әлем» идея­сы бес құрлықтың бетке ұстар саясат­керлерінің санасына сал­мақ түсірері сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмірге ештеңе жетпейді. Аспаны­мыз ашық болғанда ғана жер тұрғындары алаңсыз тіршілік кешеді. Бауырынан өрбіген балаларының болашағын ойлаған әрбір ата-ана елдің аман, жұрттың тыныш болғанын тілейді. «Бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдардың, бизнесмендердің, өнер қайрат­керлерінің және миллион­даған адамдарының күш-жігерін өткен ғасырлардың қасіретті қате­ліктерін қайталауға жол бер­мей, әлемді соғыс қатерінен әр­қ­а­шан арылту үшін біріктіру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітім­гершілік қызметпен айна­лыс­қансу әлемдік апатпен пара­пар». Манифестегі осынау мән­ді жолдарды тебіренбей оқу мүм­кін емес. Аса қуатты ядролық қару­дан өз еркімен бас тартқан Тәуелсіз Қазақстан басшысы­ның бейбітсүйгіштік бағдарла­ма­сы жаһандық жақсылықтың жар­шы­сына айналарына сенімім мол. Мен мәдениет саласының өкілі болғандықтан, сахналас әріптестерімнің өнеріне ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарында айтқан пікірлеріне де зер салып жүремін. Грузияда азамат соғы­сы белең алған тұста, атақты Вахтанг Кикабидзенің мерзімді басылымдардың бірінде былай дегені есімде қалып қойыпты. «Тбилисиде атыс-шабыс болып жатқанда жасы ұлғайған анам қатты қынжылды. Балам, мұндай қырғынның талайын көрген бұл Грузия. Мына сойқан да өтер-кетер. Ең сорақысы сол, соғыстан қорқып біздің елімізге енді ешкім келмейді. Дастарқан басында отырып әуелете ән салмайтын боламыз», деді. Түсінген жанға мұның астарында өте терең ой жатыр. Әнебір әнде айтылатындай, «бейбітшілік туы берік қолда» болып, берекелі тіршілігіміз жалғаса бергей. Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі