• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Тұғыры биік тұлға

769 рет
көрсетілді

Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев ағамыз жазушы Бегімбай Ұзақ­баевтың «Жалаңтөс баһадүр» тарихи романының алғы сөзінде: «Түрік дүниесінің бағзыдан баянды абырой-беделі мен намысына түгел жоқшы, түгел сақшы да сол болыпты. Сөйтіп жүріп қыр жайлап, қиян кезіп, құйын қуған көшпенді елдің іргесі мемлекет, ірі ел болуына да жан-тәнімен қолғабыс етіпті. Қазақ хандықтарына жалғызсырағанда жақтас, ойсырағанда одақтас бола біліпті. Жалаңтөстің тұсында қазақтың еш жерде бағы кеміп, сағы сынып көрмепті. Ойға да, қырға қожа бола білген ондай перен оған дейін де, одан кейін де көп бола қоймапты», деп жазыпты. Сыр бойында, атап айтқанда Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасына жақын жердегі Қазалы ауданындағы, бүгінгі Жалаңтөс ауылында сөз еткелі отырған ба­һадүрдің дүниеге келгені 1576 жыл еді. Осы атамекеннен әкесі Сейітқұл ұлының бес жасында қуаңшылыққа, жоқшылыққа, ашар­шылыққа тап болған елін құтқару үшін, қырық мың үйді бастап Жиделі-Байсын жеріндегі Бұхара шаһарына жақын Нұрата өңіріндегі Қызбибі тауының ете­гін­дегі табиғаты жайсаң жайлауға көшіп барады. Оған сол кездегі бала­лық кезден досы Жәдікұлы Шығай хан көмектесіп, Алашқа бел­гілі қажы Сейітқұлға ұланғайыр шұрайлы алқапты тарту етумен бірге, сол жердегі қазақ жұрты мен қа­рақалпақ елінің ханы етіп сай­лайды. Сейітқұл бай, қажы әрі ше­шен, батырлық атағымен алшын жұртының ортасында ерекше қамқоршыл жақсылығымен аты жайылған, әділ билік жүргізген, халқына қорған болған адам. Өзі екі әйел алған. Бәйбішесі Сары кемпірден – Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша, тоқалы Қара кемпірден Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Тү­рік­мен, Қоян атты ұлдары өмір­ге келеді. Жалаңтөс жас кезінен білімге құштар болып, мешіт медресесінен сабақ алады. Әкесінің жанында жүріп, ел басқару тәжірибесін санасына түйіп өскен, зерделі көпшіл бала болады. Талай би, шешен­дердің, ел басқарған азаматтардың сөзін естіп, ақындардың өлеңдері мен айтыстарын тыңдайды. Жас кезінен ерекше қабілетімен, ақыл-парасатымен, батылдық табан­дылығымен көзге түсіп, қырағы, қайсар болып қалыптасты. Бала­сының зеректігі мен аңғарым­паздығын байқаған әкесі келешегін ойлап, Тамды мен Қызылқұм қазақ­тарының ханы, өзара сыйластығы бар Дінмұхаммедтің сұрауымен 12 жасында-ақ қарамағына беріп, қызмет етуге баулиды. Сейітқұл ұлы Жалаңтөстен үл­кен үміт күтіп, Бұхарадағы бас­қа­ру мектебіне береді. Мұнда да ол білімді терең меңгеріп, әскери өнердің қыр-сырына қанығып, қатарластарынан әлдеқайда озық қабілеттілігінің арқасында Бұхара ханының көзіне түседі. Әкесі ойлап жүретін: «Мен қартайдым, мына Нұрата өңірін кім басқарады енді?» деп. Бұл ойынан Жалаңтөс жас та болса да шығып, ханның сеніміне ие болып, әкесінің ұйға­рымымен осы өңірге хан болып, әке үмітін ақтап, қызметке бірден кірісіп, халықпен ортақ тіл табысып, үлкен сенімге ие болады. Осы кездерде жан-жақтан ойрат, жоңғар, қалмақ біткен қаптап, қазақ жерін біртіндеп жаулап алып, орасан зор қауіп төндіріп тұрған. Осының алдын алу үшін Нұр­ата аймағынан әскери гарнизон ұйымдастырып, жігіттерді көндіріп, соларды қаржысымен тұрақты 5 000 жасақ құрып, оның санын 10 000 жауынгерге жеткізіп, әскери дайындық жұмыстарын жүргізеді. Ол кезде Бұхара мен Самарқан шаһарларында тұрақты кәсіби жауынгерлер жоқтың қасы еді. Нұрата өңірін тез арада игеріп, халқымен тіл табысып, билеп ба­рынша өркендеткені жайлы жа­ғымды әңгімелер Бұхара ханына жетіп, Жалаңтөсті өз жанына алдырады. Мұнда да ол жаңадан әскер жасақтап, жауынгер жинауды қолға алады. Жалаңтөс өмір сүрген заманда Алтын Орда, Әмір Темір империялары құлап, ыдырап, қыпшақ сахарасындағы халықтардың ал­ты Алаш болып бөлініп, ұлт­тық ор­­далар тігіп жатқан тұсы-тын. Бұл кезде Хорасан, Иран та­­ра­­пынан да қауіп төніп, ол мем­­лекеттің билеушілері осы өңір­лерге қызығып, көз аларта бас­таған. Бір жағынан Қытай, бір жағынан қызылбастар елі – Иран, енді бір жағынан орыс импе­риясы қайтадан бас көтеріп, орда тіккен моңғолдардың бір қа­наты Жоңғария, қырық пышақ бо­лып билікке, жерге таласып, қыр­­­қы­сып жатқан хандықтар қа­зақ хандығының болмысына қауіп төн­­дірді. Сырттай айбат көрсетіп, қи­­тұрқы әрекет жасап, Жиделі-Бай­сын өңірін басып алуды ойлас­тырды. Бұл ай­мақтар әлемге Тұ­ран мемлекеті де­ген атаумен таны­лып, әйгілі бола бастаған. Тұран – тү­рік елі же­рінің атауы. Оның аума­ғы Батыс Каспий жағалауы, Мұғал­жар және оңтүстігінде Орал, сол­түстігінде Сарыарқа мен шы­ғы­сында Тянь-Шань және Памир-Алтай таулары етегімен қоршаған ше­ксіз аймақты қамтып жататын қалың ел. Шын мәнінде ұлылар бір тай­паның, бір жүздің маңдайына сыймайды. Олар ұлттың ұлы­лары, халық перзенттері, тайпа қайрат­керлері. Міне, осындай өрке­ниеттік деңгейдегі Орталық Азия­дағы ұлы тұлға Жалаңтөс баһадүр1590 жылы жоғары дәре­желі қолбасшылар даяр­лайтын әскери мектепте оқиды. Шың­ғысханның қолбасшылық өнерін жете үйренуге ерекше мән береді. Бұхара қаласында осы оқу орнында жүргенде хан Имамқұл Жалаңтөсті қасына алуды ойлас­тырып, басқаларға қарағанда ерек­ше қабілет-қарымы мен алғыр­лығына көңілі толып жүреді. 1612 жылы Имамқұл хан Түр­кіст­анға аяқ астынан шабуыл жасап, қазақтар мен қарақал­пақтарды жазықсыз еш себепсіз қырғынға ұшы­ратады. Бұл Жалаң­төстің білік­сіз ханға деген ыза-кегін қай­­натып, қарсы шығады. Өз қан­дастарына қару жұмсағанын н­ағыз жауыздыққа балап, ханның орынсыз әрекетін айбат көрсетіп, тоқтатады. Мұндай бейбастақ қан­­ды қырғын Жалаң­төске ұна­майды. Бағдадтан оқу бітіріп келіп, Тұран елінің бас қолбасшылығын қолына алып, ішкі тәртіпті қадаға­лайтын және шетелдермен қа­рым-қатынас жасайтын жауапты қызметтерді қоса атқарады. Имамқұл барынша қатал, қол ас­­тындағы билігін дөрекілікпен жүргізіп, әмірін мүлтіксіз орындататын хан болса да екі адамнан жасқанып, айбынатын.Оның бірі – Жалаңтөс баһадүр болса, екіншісі Бадахшан әмірі Қата­ған Махмұт би еді, дейді сол замандағы шежірешілер. Имамқұл хан Бұхара хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған Жалаңтөсті әмір етумен бірге , бас қолбасшылықты да қосып береді. Бұхара хандығының жарты ға­сырға жуық саяси өмірі Жа­лаң­төс есімімен байланысты. Жоң­ғарлар Бұхара мен Самарқанға шабуыл жасап, басып алуды сан рет ойластырғанмен, Жалаңтөс баһадүрден бата аламай, мысы басылып қалады да көбінесе Жетісу және Ыстықкөл бойына әңгір таяғын ойнатып, әмірін жүргізеді. Осы кезде баһадүр жаудан қор­ғана білудің және билікті берсе жолынан, бермесе қолынан тартып алудың тура жолы – тұрақты қарулы күш жасақтау екенін тү­сініп, бас қолбасшылықты, бас уә­зір­лікті, кейін Самарқан уәлая­тының әмірлігі билігіне жетіп, қа­­зақ сахарасының қорғаны бала білді. Жоңғар хандығының негізін қалаған Батур қоңтайшы 1643 жылы қырғыздарға тұтқиылдан 50 мың қолмен шабуыл жасап, бір­талай олжа түсіріп, 10 мыңдай адамын тұтқынға алып, жеңістеріне масайрап келе жатып, жолындағы жер жаннаты Жетісу бойын да жаулап алуды ойластырады. Бұ­ған Белжайлаудағы Орбұлақ шат­қалында Есім ханның баласы, әз Тәукенің әкесі, дарынды қол­басшы Салқам Жәңгір хан 600 қолмен қарсы тұрады. Кескілескен шайқаста саны көп жауды жеңе алмасын білген соң Самарқан әмі­рі Жалаңтөс баһадүрге хабар жі­береді. Жалаңтөс бір жұмада 20 мың қолмен суыт жетіп, Ба­тур­дың әскерін тас-талқан етіп же­ңіп, 10 мыңнан астам жау­ын­­гер­ін құрбан етіп, алып келе жатқан олжаларын қолға тү­сіріп, тұтқындарын босатып, еліне қай­тарады. 1644 жылы Пәкістан, Ауған­стан, Үндістанды билеген Ұлы Моғол империясының негізін қалаған Әмір Темірдің немересі, атақты Бабырдың ұрпағы, әлемнің жеті кереметінің бірі – Тәж-Махалды салдырған Шах Жаһанның ұлы Ауренгзебті Мурадбахид іні­сі­мен бірге қолбасшылық жасап, арғы атасы Әмір Темір биле­ген Бұқара хандығы өңіріне иелік ету үшін соғыс ашады. Осы бас­қыншылыққа Жалаңтөс баһа­дүр қарсы тұрып, әскери бас­шылық жасайды. Оған Салқам Жәңгір хан 100 мың қолмен кө­мекке келеді. Моғолдың 400 мың­дық әскерін білікті әскери бас қолбасшы 200 мың әскерімен ойсырата жеңіп, Хорасан, Балықты, Кабул мен Мешхедті бағындырып, Үндістанға қуып салады. Осы соғыста 68 жастағы Жалаңтөс 14 рет жекпе-жекке шығып, қар­­сыластарын тізерлетіп, намы­сын жер етеді. Жұртшылық Мо­ғол­стан ханымен соғыстағы таң­ғажайып ерлігіне риза болып, «Алланың сүйген ең сенімді құлы Абдукерим» деген ат береді. Бұл кезде Иран шахы мен Тұ­ран елінің арасы ушығып, ке­лі­­сімге келе алмай тұрған. Ше­караға жақындаған Иран әске­ріне қарсы шыққан Жалаңтөс баһадүр жауынгерлері бас-аяғы екі жұманың ішінде шахтың таң­даулы әскерінің мысын басып, астанасына дейін қуып барып талқандайды.Осы соғыстағы ерекше ұйымдастырушылығы мен ерлігі үшін Жалаңтөске ең жоғары әскери шен – аталық атағы беріліп, түркі тектес халықтар оны Тұран жолбарысы деп бұрынғыдан да ерекше құрмет тұтады. Орталық Азияға танымал әмір, бас қолбасшы Жалаңтөс баһадүрге Үнді, Хорезм, Тибет пен Иран пат­шалығынан, Қытай, Ауған, Қаш­қар, Парсы, Пәкістаннан қымб­ат сыйлықтар әкеліп, тарту етіп жатады. Бұл қазыналар саны мен құны жағынан мемлекет қа­зынасына түсіп жатқан барлық байлықтан да асып түседі. Ол бағалы құнды заттарды баһадүр Самарқанда 50 мыңнан 100 мыңға дейін кәсіби әскер ұстауға, үлкен сәулетті құрылыстар мен зәулім сарайлар, медреселер салуға жұм­­сайды. Білімі қатарынан ас­қан жастарды Бағдадтағы оқу орын­дарына, Мысырдағы әл-Әзһар университетіне жіберіп, қамқорлық жасап отырады. Жер үсті, аспан асты ажарын асырып тұрған атақты Самарқан шаһарының орталығы Регистан алаңын, Ширдор (Арыстан медре­сесі) мен Тилла Кари (Алтынмен апталған) медреселерін салдырып, әлемді сәулетті сымбатымен таңғалдырып, әйгілі еткен осы батыр бабамыз Жалаңтөс. Тұр­­ғы­зылған ғимараттар архи­тек­туралық ерекше сән-салта­на­тымен шығыстың сәулет өнерінде ерек­ше орын алады. Самарқанда 43 жыл әмірін жүргізген Жалаңтөс баһадүр 80 жасында дүниеден өтіп, Әмір Те­мірдің бас уәзірі, қажы Ораз ата­сымен пікірлес әрі шынайы жолдас болған әулие, білікті діндар Махуми Ағзам бейітіне қойылды. Мұнда қыздары Мәликә, Ихлима бану, Айбибі және ұлы Сұлтанбек те жерленген . 1659 жылы Сарай төңірегінде, қарадан шыққан Жалаңтөс баһа­дүрдің «Махуми Ағзам» аталатын бейітте қожалар арасында жер­ленгеніне қарсы болғандар бас көтеріп, әңгіме ете бастайды. Қабір ішін ашып, денесін басқа жерге жерлемек болғанда, табыт ішінен мөр басылған пірі әрі замандасы Хошими қожаның хаты шығады. Онда: «Осындай болатынын білгенмін. Сондықтан, осы хатты ақыреттік болғанда қабіріне бірге көмуді өсиет еткенмін. Бұл жер Жалаңтөс баһадүрдің жерленген жері, оның көзі тірісінде менен сатып алған уақып мүлкі. Батырдың мазасын алмай, тиыш қойыңдар! Хошми қожа», депті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Манаш Қозыбаев «Тұлғалар тұғыры» кіта­­бында: «Жалаңтөс – Әмір Темір, Ұлықбек, Бабыр, Жәңгір, Бей­барыс, Абылай, Қалден Серен сияқты ұлы қолбасшы, мемлекет қайраткері. Оның қайраткерлік аясы Орталық Азия, Тұран көлемі, биік деңгей... Ұлы сәулет өнерінің қамқоршысы. Самарқанды Тұран елінің астанасына айналдырған, жасампаз жан», дейді. Дүние жүзі тарихында сирек кездесетін мұндай ұлы тұлғаны мәңгі есте сақтап, ұрпағына үлгі-өнеге етуде облыста нәтижелі жұмыстар істеліп, Сыр шежіресіне өшпестей алтын әріппен жазылып қалды.Облыстағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп интернатына, Арал қаласындағы стадионға, Қазалы ауданындағы Қызылту кеңшарына, Алматы, Астана, Қызылорда, Ақтөбе, Арал, Қазалы қалаларындағы көшелерге Жалаңтөс баһадүр есімі берілген. Облыс орталығы Қызылорда қа­ласында Жалаңтөс баһадүрдің зәу­лім ескерткіші орнатылды. Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» атты драмасы республикалық және облыстық драма театрларында қойылды. Жалаңтөс баһадүрдің туғанына 425 және 430 жылдығы құрметіне облыста республикалық және ха­лықаралық дәрежеде ғылыми-практикалық конференциялар табысты өткізілді. Елімізге белгілі танымал ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері баян­дама жасап, өнегелі өткен өмір жолы мен атқарған істері жай­лы тың мәліметтер беріп, тол­ғана әңгімеледі. Бұл конференция материалдары кітап болып шы­ғарылды. Даңқты ержүрек батыр ба­баға 440 жылдық мерейлі ме­ре­кесі қарсаңында, үстіміздегі жы­лы лайықты құрмет көрсету мақсатында маңызды шаралар өткізу қолға алынды. «Батыр ба­баның жасампаз ерлігі ұрпаққа ұран» атпен республикалық ақын­­дар айтысын, Қазалы ауда­нын­дағы Жалаңтөс баһадүр ауы­лын сәулеттендіріп, абаттандыру, ұлт­тық спорт түрлерінен рес­пуб­ликалық және халықаралық жарыстар өткізу, Қызылорда қа­ласындағы Жалаңтөс баһадүр ескерткіші аллеясын жаңаша сипатта көріктендіру, «Жалаңтөс баһадүр түркі тектес халықтардың қол­­басшысы әрі даңқты тұлғасы» тақырыбында республикалық дең­гейде ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру және де басқа маңызды шаралар бағдарламада бар. Бұл бағалы бастамаларды облыс басшылығы, мемлекет жә­не қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қолдап, бір кісідей атса­лысуға бел байлап отыр. Бүгінгі және келешек ұрпақтың бақытты өмірі үшін елін қорғап, артында өшпестей мәңгілік мұра қалдырған Жалаңтөс баһадүр Сейіт­құлұлына Астана мен Алма­ты қаласында ескерткіш орнатса да артық емес. Бұл оның баға жетпес өлшеусіз еңбегіне көрсетілген зор құрмет болар еді. Дана туған Жалаңтөс баһадүр атамыздың өркениеттің өріне, сән-салтанатты төріне сүйрейтін де, тірейтін де еңбегі ұшан-теңіз. Оның ерекше батырлығы, ел қор­ғаудағы қаһармандық тұлғасы мен сіңірген іс-әрекеті, туған халқының естен шықпас тарихына айналып, жыл өткен сайын асқақтап маңызы ар­тып, ұрпағын нұр-сәулеге бө­леп, түркі тектес  ха­лықтардың ортақ мақ­танышы бо­лып, мәуелей берері сөзсіз. Нажмадин МҰСАБАЕВ, «Жалаңтөс баһадүр» атындағы республикалық қордың президенті ҚЫЗЫЛОРДА