• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Орталық пен оңтүстік оңды істерді атқарды

324 рет
көрсетілді

Қазақта «Бармасаң, келмесең – жат боласың», деген сөз бар. Кеншілер астанасында өткен Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері кезінде осы сөзді еске жиі алдық. Шынында да, барыс-келіс болмаса ара алшақтап, рухани тұрғыдағы туыстығымыз салқын тарта бастайды екен-ау. Қарағанды топырағында айқара ашылған құшақтарға қарап отырып, достықтың өзі аралас-құраластан тамыр тартатындығына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Арқа төсіне Оңтүстік Қазақстан облы­сының 270-ке тарта мүшесі бар делегациясын облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр бастап келді. Қарағандылықтар алыстан ат сабылтып келген қонақтарды жөн-жоралғымен қарсы алып, олардың дайындап әкелген бағдар­ламаларын іске асыруына барлық жағдайды жасады. Үш күнге созылған бағдар­ламадағы мәдени іс-шаралар әралуандығымен тәнті етті. Оң­түстікқазақстандықтардың көр­меге деп әкелген дүниелері өте бай болды. «Қарағандыға сапар жасауға мұқият дайындалдық. Біздің музейімізде 170 мыңнан астам жәдігер сақталған. Сіздерге соның 1000-ға жуығын әкелдік. Көрме оңтүстік өлкенің тарихынан сыр шертеді», – деді бізбен әңгіме барысында ОҚО мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова. Қарағандыдағы бейнелеу өнері мұражайына алпыстан астам картина қойылса, өлкетану музейіне мыңға жуық жәдігерлер жеткізілді. Әсіресе, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасым­ұлының қылы­шына деген жұртшылықтың қызығушылығы өте зор болды. «Қазақ халқының, әсіресе, басқарушылардың дәстүрінде қаруды ұрпақтағы ұлдарға тапсыру әдеті болған. 1841 жылы ақ киізге көтерілген қазақтың соңғы ханы 1847 жылы қақтығыстарда қазаға ұшырағаны белгілі. Ол дүниеден озған соң екі әйелінен 8 ұл қалды. Кенжесі Ахмет сол кезде 5 жаста болған. Ахметтің ұлы Әзімхан – Кенесарының немересі 1931 жылы атасының қылышын мұражайға тапсырған», – деген мәліметті алға тартты ОҚО тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Лариса Морозова. Оңтүстік шеберлерінің қолы­нан шыққан былғары бұйымдары да жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Ұлттық нақышта, жоғары шеберлікпен жасалған бұл дүниелерді сатып алушылар да аз болмады. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысын­дағы мұражайлар қорында 170 мыңнан астам жәді­гер бар екен. Былтыр осы экспонаттардың 600-ге жуығы алты ай уақыт Гер­маниядағы мұражайларға қойылып, жергілікті халықтың көзайымына айналыпты. Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өткен гала-концерттің басында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр сөз алды. – Қарағанды облысы Қазақ­станның орталығы ретінде басқа өңірлермен салыстырғанда күр­делі тарихи кезеңдерді бастан кешкеніне қарамастан, өзіндік мәдени келбетін сақтай білді. Қарағандылық жұртшылықтың біздерді шын ықыласпен қарсы алғаны ерекше қуантты: мәдени тұрғыдағы қарым-қатынас дос­тық­ты нығайтып қана қоймай, әлеуметтік-эко­номикалық дамуға да өзіндік ықпалын тигізетін тетіктің бірі, – деді ол. Өз кезегінде Қарағанды обл­ы­сының әкімі Нұрмұхамбет Әб­­дібеков оңтүстіктен аса бай бағ­дарламамен келген қонақтарға шынайы алғыс сезімін жеткізді. Бұдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясының басшысы Қарағанды облысының әкіміне кесенелер кескінделген екі картинаны сыйға тартты. Гала-концертте оңтүстіктің өнерпаздары бар қырынан жар­қырай көрінді. Сахна төрінде қазақтың дәстүрлі әндері мен күй­лері, сондай-ақ классикалық және опералық туындылар кезегі­мен орындалып, Арқаның талғамы биік тыңдармандарынан жоғары баға алды. Оңтүстіктен келген өнерлі қа­уым­ның Арқа өңірінде үш күнге созылған сапары Жұ­мат Шанин атындағы академиялық драма театрының «Тозақ шеңбері» атты спектаклімен түйінделді. Биылғы жылдың қазан айында Қарағанды облысының өнерпаздары «Сыйға – сый» дәстүрімен оңтүстікті бетке алып, сапар шек­пекші. Төрт жылдан бері игі дәстүрге айналған бұл шараның рухани кеңістіктегі достық қарым-қатынас пен мә­дени байланыстардың тамырын тереңдете түсері сөзсіз. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ