• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Жаһандық жылыну жаңғырығы

4861 рет
көрсетілді

Ғаламдық жылынудың белгі беруімен адамзаттың дегбірі қаша бастағаны түсінікті. Жер шарында орын алып жатқан табиғи құбылыстар ойлантпай қоймайды. Халық санының жылдан-жылға көбеюі, жер асты қазба байлықтарының және жер үсті ресурстарының астамшылықпен игерілуі, түрлі химиялық зиянды қоспалардың ауаға көптеп тарауы атмосфераға теріс әсерін беруде. Осыған орай жақында Париж қаласында 196 ел өкілдерінің қатысуымен БҰҰ-ның ғаламдық жылынудың алдын алуға қатысты үлкен конференциясы өткен еді. Онда БҰҰ-ның жаңа климаттық келісіміне қол қойылып, 2020 жылға дейін парниктік газдар көлемін азайту арқылы климат өзгеруінің алдын алу міндеттемелеріне қол жеткізілді. Алайда, бұл шаралар мәселені түбегейлі шешу дегенді білдірмесе керек. Келісім көкжиегі Есте болса, 1997 жылғы Киото хаттамасы қабылданған саммитке АҚШ қатыспаған-ды. Париж қаласына Барак Обаманың арнайы баруы көп жайтты аңғартты. Осы елдің үкіметі әзірлеген баяндаманы даярлауға 300-ге тарта сарапшы қатыстырылып, адамзат іс-әрекетінің климатқа әсер ету барысы жан-жақты сараланыпты. Ақ үйдің климатқа ерекше назар аудара бастауын соңғы кездерде Солтүстік Амери­када табиғи апаттардың жиілеп кетуі салдарымен түсін­діруге болар. Оның үстіне индустриясы қарқынды дамыған АҚШ қоршаған ортаға ең көп көмірқышқыл газын шығаратын елдер санатында. Сондықтан да Вашингтон Францияда келісімге қол жеткізуге мүдделілік таныт­қан елдердің қатарынан табылуы заңды да. Бұл ретте АҚШ президентінің мына бір сөзі келтірген дәйегімізге мысал бола алады. Барак Обама аталған халықаралық іс-шара өткізілер алдында «Мен Американың соң­ғы жеті жылда теңдессіз жетіс­тіктерге қол жеткізіп келе жат­қанын көре отырып, біз ортақ келі­сімге келеміз деген оптимистік көңіл күйдемін», деді. Оның бұл оптимистік көңіл күйі БҰҰ-ның жаңа климаттық келісіміне қол қойылуы тиістігімен үндесіп жатқанына еш күмән жоқ. Климаттың экожүйеге әсері Франция жерінде қабылданған сол келісімді барлық тарап енді өз елдерінде ратификациялауы тиіс. Соған сәйкес ұлттық мақсаттар 2022 жылдың соңына қарай әзір­леніп, 2023 жылдан бастап орын алып отырған жағдайдың барысы сараланып, әрбір бес жылда ол пы­сықталады. Бұндағы бас­ты мақ­сат индустрияландыру кезеңі­мен салыстырғанда жылыну дең­гейін 2 пайыздан асырмау. Дей тұр­ғанмен, кей елдер оны 1,5 па­йыз дең­гейінде сақ­тап қалғысы бар. Кли­маттың өз­геруі жөніндегі үкімет­аралық са­рапшылар жұмыс тобы­ның кел­тірген дәйектеріне қара­ғанда, 2100 жылы климаттың күрт өз­ге­руі­не алып келуі мүмкін қор­шаған ор­таға парниктік газдар шыға­руды нөл­ге дейін кемітуге тура келеді екен. Климаттың өзгеруіне қатысты Копенгагенде осыдан 2 жыл бұрын жасалған 800-ге тарта ғалымның 13 ай бойғы ізденісінен туындаған ұсыныстар да жаһандық ауа температурасы көтерілуін 2 пайыздан асырмауды қарастырады. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 0,85 градусқа жетіп отыр. Аталған құжатта егер бұл проблема шеші­мін таппаса, онда климаттың эко­жүйеге және адамдарға әсері апат­ты болатыны айтылады. Кли­мат­тың өзгеруі жөніндегі үкі­мет­ара­лық сарапшылар жұмыс тобының төрағасы Томас Стокер ол туралы былай депті: «Біздің ба­ға­­­лауымыздың нәтижесіне сәй­кес ат­мосфера мен мұхиттар жы­лы­на бастады, қар мен мұз көле­­мі ке­міді, теңіздердің деңгейі өсіп отыр, ал көмірқышқылының атмо­­сфе­радағы жиынтығы соңғы 800 мың жылда болмаған деңгейге жетті». Экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглицтің күнделікті күй­бең тірліктен басқа жаһандық жылыну айтарлықтай маңызды саналатындығы жөніндегі сөзін де келтіре кеткен орынды. «Әлемдік экономиканың бәсеңдеуі сәйке­сін­ше көмірқышқыл газы көле­мі­нің төмендеуіне алып келгенімен, бұл жай ғана қысқа тыным. Біз кестеден шығып кетіп отырмыз: климаттың өзгеруін, жаһан­дық температураның артуын екі градуста сақтау үшін әрі қарай ауаға тас­тандыларды күрт кемі­туге тура келеді. Кейбіреулер эко­­но­ми­ка­ның бәсеңдеуінен жаһан­дық жылыну мәселесін екінші жос­пар­ға қалдырайық дейді. Кері­сін­ше, жаһандық экономика­ны жаң­ғырту климаттың өзгеру жағ­да­йын қалпына келті­реді және эко­но­мика өсіміне алып келеді», деп­ті Колумб универ­ситетінің профессоры. Нобель сыйлығы иегерінің сөзінен экономиканың бәсеңдеуі уақытша құбылыс болғандықтан алда оның қарқынды дамуына, сонымен де ауаны ластау барынша жалғасатынына көз жеткіземіз. Өкінішті әрине, бірақ адамзат үшін одан басқа жол да жоқ еке­нін ғалымның ойынан жақсы ұғынуға болады. Егер Жердің ор­та­ша климаттық жүйесінің тем­пе­ратурасына келер болсақ, онда 1970 жылдан бері жылыну қуат­ының 90 пайызы мұхиттарда қалыптасады екен. ХХ ғасырдағы ауаның орташа температурасы 1980 жылдан бастап 0,74 (С) гра­дусқа жоғарылаған көрінеді. Жаһан­дық температураның өсуі­мен теңіз деңгейлері көтеріліп, соның нәтижесінде жауын-шашын молайып, тиісінше Жердің кейбір өңірлерінде құрғақшылық арта түспек. Атап айтқанда, жылыну ауа райының күрт өзгеруіне: күн­нің шамадан тыс ысып кетуіне, теңіздің толқуына, құрғақ­шы­лық­қа немесе жауын-шашын­ның тоқтаусыз жаууына алып келуі мүмкін. Соның салдарынан мұхит суы қышқылданып, биологиялық тіршілік атаулы біртіндеп құри бас­тауы да ғажап емес. Бұл өз кезе­­гін­де адамдардың егін сала ал­мауы­на немесе балық аулай алмауы­на алып келетіні айтпаса да түсі­­нікті. Сондықтан да адамзат қазір­ден бас­тап қарекетке көшіп отыр. Алдын алу амалдары БҰҰ Қоршаған орта жөнін­дегі бағдарламасы бойынша 2011 жылғы баяндамада және Халық­аралық энергетикалық агенттік жария еткен мәлімдемеде жылынуды 2 (С) градус деңгейін­де сақтап қалу қазіргі жағдайға сәй­кес емес. Мәселен, 2000-2010 жылдар аралығында парниктік газдар эмиссиясы жылына 2,2 пайызға арта түскен. Ал 1970-2000 жылдар кезеңінде бұл көр­сеткіш жылына 1,3 пайыз бол­ғаны белгілі. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның баяндамасы бойынша антропогендік парниктік газдардың атмосфе­ра­дағы көлемінің артуы жылыну арқылы климаттың өзгеруіне міндетті түрде алып келеді. Әйтсе де адамзат жылынуды Күн­­нің белсенділігінен; әлемдік мұхит­тың өзгеруінен; жанартаулар белсенділігінің артуынан; Күн жүйесіндегі планеталар ықпа­лынан; климаттың өз-өзінен өзгеруінен; ең бастысы, адамзат әрекетінен орын алуда деген тұжырымдардың барлығын зерттеу үстінде. Әзірге тек соңғысына көп екпін түсіріліп келеді. Ғылыми ұйымдар жаһандық жылыну үдерісінің басталғанын алға тарта келіп, оның адамдар тарапынан жерасты қазба отын­дарын (көмір, мұнай, таби­ғи газ) жағу және ормандарды отау арқылы өздері қолмен жасай­тындықтарына назар аударту­да. Америкалық ұлттық академия өзге де ғылыми зерттеу ұйым­дарымен бірігіп, 2005 жылы бірлескен мәлімдеме де жасап үлгерді. «Климаттың өзгеруі туралы ғылыми түсінік нығай­ды және елдер тарапынан жедел шаралар қабылдау қажет. Бар­лық елдердің парниктік газдар шығарындыларын айтар­лық­тай және ұзақмерзімді кезең­ге кемітуге ықпал ететін іс-әре­кеттерді қаржы­ландыруын тиім­ді етуді айқын­даудың өмірлік маңызы бар». Ал бұл жедел шаралар қабылдау өндіріс орындарын жаппай жа­уып, адамдарды жұмыссыз қалдыру дегенді білдірмесе керек. Кейбір зерттеулер көрсет­кен­­дей, кәсіпорындар қорша­ған орта­ға қалдықтарды аз тас­таған сайын олардың шы­ғын­дары да кеми түс­кені байқал­ған. Массачусетс техно­логия инс­титутының тәуелсіз зерт­теу­леріне қарағанда, қалдық шы­ғару­­ға арналған квота немесе сауда­лау жыл сайын тұрғын үй ие­леріне 20 доллар шығын әке­ле­тін көрінеді. Сондықтан да эмис­сияға арналған квотамен сауда өзге реттеуші қадам­дарға қара­ған­да шығынды әл­де­қайда азай­та­тыны байқалған. Мы­салы, 1990 жылдан бастап ен­гі­зілген америкалық «қышқылды жа­уын-шашын бағдарламасы» күкірт қышқылы шығарындыларын 30 пайызға дейін кемітуге мүмкіндік беріпті. Атмосферадағы көміртегі диоксиді газы көлемінің артуын тежеу арқылы су буының кемуіне ықпал етуге боларын ғалымдар әлдақашан дәлелдеп те қойған. Алай­да, оны нақты қалай жүзеге асы­руға болары әлі де зерттелу үс­тін­де. Парижде қабылданған келісім бұған мұрындық болары айтпаса да түсінікті. Дей тұр­ғанмен, қазірдің өзінде ғалымдар су тасқынынан болуы мүмкін деген жайттарды зерттеп, оның эко­номикаға қаншалықты ық­палы боларын да салмақтап бағу­да. Өйткені теңіз деңгейінің көте­рілуі­мен жағадағы қалаларға су тас­қыны қауіпі жылдан жылға артып келеді және ол сумен жаб­дық­­тау жүйелерінің ластануына, сөй­тіп миллиондаған қала тұр­ғын­­дарының жапа шегуіне алып келуде. Нақты шаралар нәтижесі зор Бұндай жойқын табиғат апаттары азық-түлік қауіпсіздігіне де теріс әсерін тигізетіні түсінікті. Қазірдің өзінде ғалымдар ауылшаруашылық өнімдерін генетикалық өзгерістер жолымен молынан өсіруге көп күш салып келеді. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына 26 ел өз аумақтарына құрамында ГМӨ бар азық-түліктерді кіргіз­бей тастағандықтарын мәлім­депті. Негізінен мұндай өнім­дер АҚШ, Канада және Қытай­дан жеткізілген көрінеді. Құра­мын­дағы гендік ауытқулары анық­талған өнімдер толық жойылып отырған немесе елдеріне кері қайтарылыпты. Бүгінгі таңда осын­дай гендік модификациямен 30-ға тарта елдің айналысып келе жатқаны да жасырын емес. ФАО кіретін 75 елдің сарапшыларын сұрастыра келгенде 35 елдің өкілі өздерінде ГМӨ анықтайтын құрал-жабдықтар, зертханалар мен персоналдардың жоқтығын алға тартыпты. Ал әлемнің 17 елінің тіпті де келіп жатқан азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін бақылайтын мүмкіндіктері жоқ көрінеді. Экожүйенің өзгерістерге ұшырауына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайтын түрі бар. Сарапшылар 2025 жылдан гендік өзгертілген өнімдер күн­діз-түні жарық берілетін ғима­раттардың ішінде өсірі­летін­дігін алға тартады. Электр қуатын аз тұтынатын диодтармен жарық­тандырылатын бұл ғима­раттарда өсірілетін өнімдер барынша төзімді әрі өнімді көп береді деген болжам бар. Сонымен қатар, экономиканың өзге де сала­­ларын­­да парниктік газдар көле­­мін қысқартуға қарекет жасалу­да. Нью-Йоркте өткен кли­­мат жөніндегі алғашқы сам­­мит­те құрамында Еуропа, Қытай, Ресей, Үндістан және АҚШ-ты қоса алғанда 240 тарта мүшесі бар Халы­қ­аралық темір­жолшы­лар одағы парниктік газдарды қор­ша­ған ортаға шығаруды 2050 жылы 75 пайызға дейін кеміте­тін­дігі тура­лы мін­деттеме алғаны белгілі. Жаңа технологияларға иек арту Ал бизнесмендер мен саясаткерлер автоәуесқой қауымды болашақ көліктерге отырғызуды 30 пайызға жеткіземіз деген уәде­лерін берсе, 2030 жылға қарай электр қуатымен жүретін көлік­терді осыншама пайызға көбей­те­міз деген меже де белгіледі. Қазір­гі таңда жаңа технологиялар­ды өндіріске ендіру біртіндеп болса да жүзеге асып келеді. Сол 196 ел өкіл­дерінің қатысуымен БҰҰ-ның ға­ламдық жылынудың алдын алу­ға қатысты үлкен конференция­сы өткен Париж қаласында такси көліктері электр қуатымен жү­ре­­­тіндігін айта кеткен жөн. Ал күн қуатымен ұшатын Solar Impulse 2 ұшағының жер шарын айнала ұшуды жүзеге асыруы бұл бағыттағы ізденістердің нәтиже бере бастағандығын көрсетеді. Қанат­тарының жалпы ұзын­дығы 72 метрге жететін ұшақ­тың салмағы 2,3 тонна. Негізі­нен қа­наттарына 17,2 мың күн бата­реялары орнатылса, олар электр қозғалтқыштарға қуат беріп отырады. Ұшақтың ұшу жыл­дам­дығы сағатына 140 километр. Сонымен Solar Impulse 2 ұшағы Атлант және Тынық мұхит­тарының үстімен ұшып өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Әсіресе, соңғысының үстінен ұшу өте қауіпті екендігін ескерсек, бұл әуе жолын еңсерген ұшақтың болашағы жарқын деп айта аламыз. Ғалымдар бүгінгі таңда баламалы қуат көздерін алу технология­ларын барынша дамытуды қолға ала бас­тады. Күн мен желдің, тіпті, теңіздің тербелісінен қуат алып келе жатқан адамзат жауған жаң­бырдан да қуат көзін алуға дағ­ды­ланып келеді. Жақында қытай­­­лық ғалымдар күн көзінен қуат алу қондырғыларына жаңбыр суы­­нан да электр қуатын өндіре ала­­тын қоспа ойлап тапқаны бел­гілі бол­ды. Осылайша ғалымдар ай­­тар­­­лық­тай табыстарға қол жет­кі­зе бас­тады. Орайы келгенде айту керек, егер сол Нью-Йорктегі қа­бы­л­­дан­ған қарар орындалар болса, онда 2030 жылға қарай көмірқыш­қыл газының көлемі 4,5-8,8 миллиард тоннаға кемиді екен. Бұл миллиард автокөліктің шығаратын көміртегімен пара-пар деген сөз. Қорыта айтқанда, адамның жерасты қазба байлықтарын тұтынуы барынша жалғаса беретінін уақыт көрсетіп отыр. Ал ол өз кезегінде СО2 және өзге де парниктік газдар көлемінің артуына алып келмек. 1895 жылдың өзінде ғалымдар бұлардың жерді жылытатынын білген деседі. Қазіргі таңда СО2 көлемінің бұрынғыға қарағанда екі есеге жуық артып отырғандығы белгілі. Сондықтан да Жер шарындағы елдердің БҰҰ аясында ортақ шешімге келіп, алдағы орын алуы мүмкін апаттардың алдын алуға жасаған қарекеттері маңызды. Қоян-қолтық әрекет еткенде ғана іс нәтижелі болатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»