• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

ЭКСПО елорда жетістіктерін паш етеді

267 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті. Мемлекет басшысы кеңес алдында көрмедегі Қазақ­станның ұлттық павильоны, халықаралық тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда-сауық нысандары орналасатын құрылыс алаңын аралап көрді. Ал алқалы жиында бас қаланың бүгінгі ахуалына қатысты біраз мәселе талқыланды. Елбасы елордамыз барлық салада бүкіл еліміздің өңірлеріне үлгі болуы тиістігін баса айтты. «Біздің бас қаламыз Астана көз алдымызда елімізбен бірге өсіп-өркендеп келе жатыр. Бүгінде елордамыз бүкіл жаһанға белгілі, үлкен беделге ие болды. Халықаралық сарапшылар Астананы болашақтың қаласы деп айтуда. Біз соған жақындап келе жатырмыз. Еңселі елордамызды барша қазақстандықтар мақтаныш етеді. Ол біздің еліміздің жаңа сатыға көтерілуінің белгісі болып отыр», деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы келесі жылы Астанада бүкіләлемдік халықаралық ЭКСПО көрмесі өтетіндігін, оған барлық мемлекеттік орталық органдар, ұлттық компаниялар, даму институттары атсалысып жатқандығын атап өтті. Бүкіл ел болып халықаралық көрмені күш салып, жоғары деңгейде өткізуіміз қажеттігін еске салды. «Мен қазір ғана салынып жатқан нысандарды көрдім. Жұ­мыс қарқыны қызу. Бел­гіленген кесте орындалып жатыр. Күн сайын құрылыс нысан­дарында он мың адам жұмыс істеуде», деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы көрмені ұйымдастыру және өткізу тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен елордамыздың келбетін паш етуі тиістігін атады. «Өткен жылдың қоры­тындысында ғана Астана ел өңір­лері арасында ішкі өнім өсімінің ең жоғары қарқынына, бес пайыздық деңгейіне қол жет­кізіп, 2015 жылы бүкіл Қазақ­стан экономикасы өсімінің 40 пайызын қамтамасыз етті. Астаналықтарды бұл жетіс­тік­терімен құттықтауға да болады», деді Президент. Елордада инвестиция тарту бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Жалпы, елорда құрылған күннен бері тартылған инвестиция көлемі 6 трлн. теңгеден асып жығылды. Оның 2 трлн. теңгесі мемлекет бюджетінен бөлінген болатын. Алайда, бүгінгі күннің өзінде ел қазынасына салық түрінде 4 трлн. теңге аударылған. Яғни, бұл мемлекет жүзеге асырған өте тиімді жоба болып отыр. «Өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекет шығындаған қаржы бір демде қайтарылды. Бұған қоса, өткен жылы Астана алғаш рет біздің бюджетіміздің доноры болды. 900 млрд. теңге аударылды. Барлық түсімдердің 75 пайызы қала халқының жартысын жұмыспен қамтып отырған шағын және орта бизнес үлесінде. Бұл барша Қазақстан ұмтылатын деңгей», деді Елбасы. Қазіргі уақытта ЭКСПО-2017 көрмесіне 82 мемлекет пен 14 халықаралық ұйым қаты­сатын­дығын растаған. 2015 жылғы тамыз­дан бастап нысандардың функционалын жоғалтпай құрылысты арзандату бойынша жұмыстар жүргізілді. Шы­ғын­дарды оңтайландыру 131,6 млрд. теңгені құраған. Отандық тауар өндірушілермен тауарлар мен қыз­меттерді жеткізуге  33,7 млрд. теңге сомасына келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар, өткен жылдың тамызынан бастап «Ас­тана ЭКСПО-2017» ұлттық ком­паниясының топ-менеджерлері екі есе қысқартылып, құрылымы оңтайландырылды. Айта кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымында басталып, 10 қыркүйегінде аяқталады. Халықаралық шараға жүз мемлекет қатысады деп күтілуде. Ал көрмені тамашалайтын туристердің саны бес миллионға жететіндігі болжанған. Туристердің басым бөлігі ТМД елдерінен, Қытайдан, Еуропадан, Оңтүстік-Шығыс Азиядан және Түркиядан келуі мүмкін. Елбасы мәдени шараларға шетелдік жұлдыздарды шақырмай, тек өзіміздің өнерпаздар өнер көрсетуі керектігін айтты. Сондай-ақ, ЭКСПО көрмесін шетелдіктер ғана емес, өз еліміздің адамдары да тамашалауына, әсіресе, жастардың көруіне мүмкіндік жасау керек. Президент көрме өтетін үш ай бойы, күнделікті түрде ЭКСПО көрмесін тамашалауға келетін туристерге мәдениетіміз бен өнерімізді, салт-дәстүрімізді көрсетуіміз қажеттігін баса айтты. Шындығында, ЭКСПО-ны ой­дағыдай өткізу еліміз үшін үлкен сын. Ол алдымен әлем жұртына елорда жетістіктерін паш етері сөзсіз. Көрмеге келген кез келген шетелдік алдымен Астананы көреді, елімізді елордамыз арқылы бағалайды. Сондықтан, Көрме қарсаңында Астанадағы түйінді мәселелердің түйіні түгелдей тарқатылуы тиіс. Мемлекет басшысы 2015 жы­лы қалада 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын, жұ­мыс­сыздық ел бойынша ең төмен­гі, 4,7 пайыз деңгейінде еке­нін атап өтті. «Өткен жылдар ішінде 150 ірі әлеуметтік ны­сан салынды, жаңа университет халықаралық тұрғыдан мойын­далды. Медициналық холдинг базасында халыққа сапалы медициналық қызмет көрсететін заманауи кластер жұмыс істеуде. Оның қызметін былтыр 150 мың адам пайдаланды. Бүгінде елордада ең ұзақ өмір сүру жасы деңгейіне қол жеткізілді. Мәселен, орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастың шамасында. Барлық өңірлер осы маңызды көрсеткішке ұмтылуы тиіс. Астанада орташа еңбекақы 190 мың теңгеден асады. Біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге жақсы нәтижелермен келіп отырмыз», деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаев қала хал­қының саны болжам бойынша дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі ашы­лар кезге қарай 1 миллион адамға жететініне назар аударды. Қазіргі уақытта елорда экономикасын нығайту басым бағыт болатыны атап өтілді. Президент қаланың инвестициялық тар­тымдылығы мәселесіне тоқталып, ин­весторлармен жасалатын мемо­ран­думдардың тиімділігін артты­руды, сондай-ақ, жаңадан ашы­лып жатқан өндірістердің табыс­тылығына мониторинг жүргі­зуді тапсырды. Астананың да­муына арнаулы экономикалық аймақ оң ықпалын тигізіп отыр­ғандығын атап өтті. Қазіргі кезде АЭА аумағында аффинажды зауыт, жолаушылар вагонын, локомотив, әскери жабдықтар, жарық диодты және оптикалық құралдар шығаратын кәсіпорындар тәрізді ірі жобалар жүзеге асырылды. Олардағы қазақстандық қамту үлесі 20-дан 50 пайызға дейін барады. Дегенмен, іске қосылған 22 жобаның тек 23 пайызы толық қуатында жұмыс істеп тұр.

Жағымсыз иіс қашан жойылады?

Жиын барысында Елбасы Астананың бүгінгі даму жағдайын жақсы бағалағанымен, кейбір түйткілдердің бар екендігіне тоқталды. Елбасы келеңсіздіктерге қатысты қала әкімі мен оның орынбасарларының жауап беруін талап етті. Мәселен, Астанадағы жағымсыз иісті биылдан қалдырмай жоюды тапсырды. Шын­дығында, Астана маңындағы са­с­ық иістің ошағы болып табылатын Талдыкөл мәселесі он жылдан бері шешілмей келе жатқан болатын. «Алты жыл Тасмағамбетов ай­налысты, ештеңе істемеді, сен келдің, ештеңе бітірмедің. Аста­нада сасық иіс әлі бар. 6 млрд. теңге жұмсалды, түк бітпеді. Мы­надай жағымсыз иісі мүңкіп тұрса, Астанаға кім келеді?! Тал­дыкөл мәселесімен мені тойғыз­ғандарыңа қанша жыл болды?! Үкіметпен, кімнің көмегі керек, ше­шіңдер бұл мәселені. Масқара ғой. Астанамыз мынадай деп мақ­танамыз», деп қатқылдау сөйледі Елбасы Астана әкімі Әділбек Жақсы­бековке қарата айтқан сөзінде. Өз кезегінде әкім су сор­ғыш-тазарту стансасының құры­лысы жоспар бойынша жүріп жатқандығын xабарлады. Ә.Жақ­сыбеков 2017 жылға дейін аталмыш мәселені шешуге уәде етті.

Көлік кептелісі неге реттелмейді?

Президент Н.Назарбаев Аста­нада жол қозғалысына қатысты да біраз мәселе көтерді. «Көлік ин­фрақұрылымы мәселесіне тоқ­талсақ, бүгінгі күннің өзінде Астана жолдарындағы көлік кептелісі жаға ұстатарлық. Мұндайды күтпеп едім. Осы мәселені енді шешу керек. Қазір жоспарлауды қолға алмасақ, бірнеше жылдан кейін бізде үлкен қалалардағы сияқты жағдай болады. Енді осы бағытта жұмыс істеу керек. Егер қазір осы мәселені шешпесек, бірнеше жылдан соң, біздің қалада көліктік коллапс болады. Біздің елордада көлік қоятын орындардың мәселесі шешілмеген. Қоғамдық көліктерде электронды төлем жасау жүйесі жоқ. Жылдамырақ енгізу қажет. LRT құрылыс баяу жүруде», деді Н.Назарбаев. Өз кезегінде Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун жеңіл рельсті LRT қоғамдық көлігі Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне дейін салынып бітпейтіндігін xабарлады. Себебі, жобалау жұмыстары тек былтырғы жылдың желтоқсанында аяқталған. Елбасы ЭКСПО-ға дейін такси қызметін де жөнге келтіруді тапсырды. ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында қалада әлі күнге дейін ЭКО-таксиден басқа қазіргі заманғы такси қызметі жоқ. Барлығы алақ-жұлақ, таксидің стандартты сыртқы түрі жоқ. Басқа қалаларда бұл мәселе шешілген. Бірыңғай такси жүйесі тек тиімді, әдемі ғана емес, сондай-ақ, көп жұмыс орындарын береді. Үкіметпен бірге осы жұмыспен айналысыңдар», деді Н.Назарбаев. Өз кезегінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков бұл мәселені Көрмеге дейін шешуге уәде берді. «Қазір біз Үкіметпен бірге осы мәселені қарастырамыз. Барлығы 300 таксидің жұмысы реттеледі, ал бізге 3 мыңға жуық такси керек. Бұл мәселені ЭКСПО көрмесіне дейін реттейміз», деді әкім.

Жол құрылысына бақылау жоқ па?

Елбасы сондай-ақ, қалада су арықтарын салуға пәрмен берді. «Астанада жолдардың 27 пайызында, яғни төрттен бірінде асфальт жоқ. Осыған жыл сайын бюджеттен 50 млрд. теңге бөлінеді. Жақында ғана салынған жолдар қазір шұрық-тесік, сапасы сын көтермейді. Бұл – жол құрылысы кезінде бақылау жүйесінің жоқтығынан» деген Мемлекет басшысы қалада салынған жол сапасын тексеретін арнайы зертxана жоқтығын да сынға алды. Жауын-шашын болса болды, көшелер көлге айналып, адамдар су кешіп кететінін алға тартқан Елбасы мәселені су соратын көліктермен емес, жолды әу басынан дұрыс салып, арықтарды ретімен орнату арқылы шешу керектігін айтты. Тіпті, қаланың лай-су басқан кейбір көшелерінің суретін көрсетіп, «Мына жағ­дай­ға не айта аласыңдар» деп ұялтты. Бұл мәселеге орай Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұxаметов елордада 1 мау­сымға дейін бүлінген жолдарды жөнге келтіреміз деп уәде берді. Тасқын су мәселесі биыл Ас­тананың сол жағалауында то­лық шешілетіндігін xабарлады. Ал қала бойынша алдағы үш жылда су арықтары мәселесі түбегейлі шешімін табады.

Балабақшада орын неге жоқ?

Кеңесте қозғалған тағы бір мәселе – балабақша жайы. Елбасы бұл ретте жаңадан пайдалануға беріліп жатқан үйлердің бірінші қабаттарынан балабақшалар ашуды тапсырды. Мемлекет басшысы күн санап ұлғайып келе жатқан Астананың құрылысы барысында балабақшалардың салынуын көзден таса қылмауды тапсырды. Себебі, Астана балабақшамен қамту деңгейі бойынша соңғы орындарда тұр. «Қыруар тұрғын үйлер пай­далануға беріліп жатыр. Бұл үйлердің төменгі қабаттарында бала­бақша бар ма? Мұнда барлық құрылыс компанияларының басшылары отыр, біз оларға қаражат береміз, несие береміз. Біз ол тұрғын үйлердің ішінде бала­бақша болуын қарастырып, талап қоюымыз керек. Зәулім ғима­раттар салып керек емес. Үй құры­лысына рұқсат берер кезде, олар­дың бірінші қабаттарында балабақша салынуы тиіс деген талап қойыңыздар. Барлық әлем­де солай», деді Н.Назарбаев. Ел­басы құрылыс саласында заң бұзушылықтардың жиі орын алатынын атап өтті. «Қалада 1 млн. 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, екінші жағынан біз 2008-2010 жылдары қордаланған үлескерлер проблемасын шешу үшін ұлттық қордан мол қаржыны шығындадық. Алайда, қалада тағы да 8 мыңға жуық үлескердің қатысуымен 45 проблемалы нысан пайда болды. Олар қайдан шығып отыр?», деді Елбасы. Мемлекет басшысы қаланы одан әрі көгалдандыру, ботани­ка­лық бақ құрылысын салу және гүлзар аймағын жетілдіру қажет­тігіне де назар аударды. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Жиын барысында Ас­тана қаласының дамуы бойынша елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков, ал ЭКСПО көрмесі мәселелеріне орай «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов баяндады. Кеңес қорытындысы бойынша Мем­лекет басшысы бірқатар нақ­ты тапсырмалар берді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.