• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Қазақы бөрібасарлардың жаңа дәуірі

554 рет
көрсетілді

Алматы қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақы тазы мен төбетті сақтап, дамыту» тақырыбында халықаралық конференция және қазақы иттер көрмесі өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Зоо­логия институты» республикалық мем­лекеттік мекемесі мен «Қансонар» республикалық қауымдастығының мұрындық болып «Жасыл Орда» ЖШС,  «Казохотрыболовсоюз» ме­ке­мелерінің қолдауымен өткі­зіл­ген іс-шара аясында Талғар ауданы, Белбұлақ ауылын­да рес­публикалық «Тазы-Тө­бет-Бөрібасар» қоғамының басшы­лығымен қазақы төбеттердің стан­дарттарға сай екендігін тексе­ру мақсатында көрме ұйым­дас­тырылды. Төбеттердің мінезі мен алымдылығын анықтау үшін түрлі тестік сынақтар өткізілді. Ғылыми кеңес басқосуында Ұлттық банк пен «Қазпошта» АҚ тазы мен төбет бедерленген монетаны және пошта маркасын көпшілік назарына ұсынып, тұсауын кесті. Халықаралық пош­та байланысында қолданылатын аталмыш марка «Төбет-Қазақы ит» қорының жетекшісі Данияр Дәу­кейдің бастамасымен шығарылған. Қазақтың төлтума бөрібасарын асылдандыруға атсалысып жүрген «Қансонар» қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов ғылыми кеңестің ашылу салтанатында Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отырғанын, осы жыл­дар мұғдарында «Мәдени мұ­ра» мемлекеттік бағдарламасы ар­қасында көптеген ұмыт қалған құн­­ды­лықтарымыздың қайта жаң­ғыр­ғанын, алайда, ұлттық аңшылық өнер мен қазақ тазысы­сының, төбетінің тағдыры аталған бағдарлама аясынан тыс қалғанын тілге тиек етті. – Қазақстан үшін – қазақ тазы­сы мен төбеті нағыз мақтаныш. Тө­бет пен тазыны бабалар мұрасы ретінде сақтау біздің болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз. «Қансонар» қауымдастығы соңғы екі жылда осы бағытта біршама жұмыстар жасады, – дейді Оралбай Әбдікәрімов. Оның айтуынша, жұмыстар жүйелі түрде жоспарланып, қордаланған мәселелерді шешудің негізгі бағыттары анықталған. Осы­ған байланысты еліміздің барлық аймақтарында тазы мен төбет көрмесі өткізіліп, қорытындысы респуб­ликалық көрмелерде белгілі бол­ған. Айта кететін басты мәселе­нің бірі тазы мен төбеттің мәрте­бесін заңнамалық тұрғыдан бе­кіту болды. 2014 жылы Ауыл шаруа­шылығы министрінің бұйры­ғымен тазы мен төбеттің стандартын бекіту туралы бастама құп­талып, ол мемлекеттік мәртебе иеленді.  Қауымдастық бастамасымен «Қазақ тазысы» және «Қазақы төбет» республикалық бағдарламасы жасалып, оны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ғылыми кеңесі бекітті. Енді «Қансонар» қауымдастығының бастамасымен тазы мен төбет тұқымын сақтау және асылдандыру ісі бойынша  кинологиялық кеңес құрылмақ. Отандық ғалымдар осы бағыт­тағы мүдделес мамандарды біріктіріп, атқарылып отыр­ған жұмыстарды іштей және сырттай қолдау шарасын күшейтуге ден қоюда. Осы орайда, еліміздегі «Тазы-Төбет-Бөрі­басар» ұйы­мы мен ресейлік «Рос­охот­ры­боловсоюз» қауымдас­ты­ғы арасын­да екіжақты меморан­дум жасалды. Отандық «Казохотры­болов­союз» мекемесі осы салада атқар­ған орасан еңбегін бағалап, «Қан­сонар» қауымдастығының бас­қарма төрағасы Оралбай Әбді­кәрімовті белгілі саяткер-ғалым Ар­кадий Слуцкий атындағы мәр­тебелі сыйлықпен марапаттады. Мұнан өзге, ғалымдар Ұлттық төбеттердің халықаралық қауымдастығын құруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан елдерінің өкілдері осы қауымдастыққа мүше болуға ниет танытуда. Қауымдастық ғалымдары әлемнің 85 еліндегі кинологиялық ұйымдарға хат жолдап, еліміздегі тазы мен төбеттер туралы мәлімет беріп, олардың стандартын ұсынған. Ендігі бір атқарар іс – тіркелген тазы мен төбеттердің республикалық базасын жасақтау, далалық сынақтар, аңшылықтар ұйымдастыру, халықаралық көрмелер мен жарыстарға қатысу. – 2014 жылдың 14 қыркүйегінде өткен бірінші республикалық тазы көрмесінде сын айтушылар көп болды. Өзіміздің жергілікті аңшылар мен кинологиялық клубтардың белсенділігі арқасында 2015 жылдың 6 қыркүйегінде «Қансонар» қауымдастығы екінші рет өткізген көрме кезінде аталған шараға көптеген елдер өкілдері қызығушылық танытып, қатысты. Олар конференция барысында қазақ тазысы мен төбетінің қазіргі кездегі орны жайлы баяндама жасады. Әзербайжан елінің өкілі Илхам Гасымзаде әзербайжандық гурдбасар мен қазақ төбеті жайлы біршама жайларды айтқан еді. Ғалымдар иттерде кездесетін түрлі аурулар жайлы айтып, зооветеринарлық талаптар туралы сөз қозғады, – дейді «Зоология институты» республикалық-мемлекеттік мекемесінің бас директоры Әлихан Мелдебеков. Конференция қорытындысы бойынша қарарлар мен ұсыныстар қабылданып, баяндамалар жинағы жарық көретін болады. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ