Қазақстан Республикасы бір жағынан және Еуропалық одақ пен оның мүше мемлекеттері екінші жағынан қол қойып ратификациялаған Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісім біздің мемлекет пен әлемдегі аса ірі интеграциялық бірлестік арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа сапалық кезеңге көтерілгенін білдіреді.
Бұл қадамдар Қазақстан Республикасының ағымдағы он жылдықтағы жоғары дипломатиялық белсенділігінің нәтижесі және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған көпвекторлы саясаттың стратегиялық сенімділігінің дәлелі болды.
Мемлекет басшысының жоғары беделінің және оның белсенді, прагматикалық және жан-жақты теңгерімді сыртқы саясатының арқасында Қазақстан ТМД кеңістігіндегі Еуропалық одақпен екінші буын келісімін бекіткен бірінші әрі әзірше жалғыз мемлекет болды және негізгі сауда-экономикалық, инвестициялық әріптеспен қарым-қатынастың жаңа кезеңіне шықты.
Бүгінгі күні еліміздің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылып жатқандығы қуантады және ол біздің компаниялардың, мемлекеттік мекемелердің және, әсіресе, азаматтардың еуропалық әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуы үшін үлкен маңызға ие.
Қазақстан мен Еуропалық одақтың 20 жылдан астам уақыттан бері жүргізген жемісті қарым-қатынасы, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық қоғамдастықтар және оған мүше мемлекеттер арасында 1995 жылы қол қойылған қолданыстағы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (ӘЫК) негізінде олардың сенімді және жүйелі дамуының берік іргетасы қаланған болатын. Біздің елдер арасындағы қазіргі заманғы қатынастар өзара сенімділікті, салиқалы пікір алмасу арқылы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген әзірлік пен ашықтықты, сондай-ақ, ынтымақтастықты одан әрі жалғастырудың жарқын болашағы бар екендігін көрсетеді.
Жаңа Келісімнің қажеттілігі бүгінгі күннің шынайы жағдайына сәйкес Қазақстанның ішкі дамуының өзекті міндеттерін шешу, еуропалық интеграциялық және институттық-құқықтық реформалар тәжірибесіне сүйену, Еуропа мемлекеттерімен технологиялық, энергетикалық, көліктік, сауда-саттық бағыттарында ынтымақтастықты кеңейту маңыздылығымен анықталды.
Қазақстан өзіндік ерекшеліктері мен ұлттық мүддесін ескере отырып сапалы эволюцияланған жағдайда Еуропалық одақпен жаңа Келісім біздің мемлекетіміздің беріктілігі мен тұрақтылығының қосымша тетіктерін түзіп, еліміздің жеделдетіп дамуы үшін жағымды сыртқы ортаны қалыптастыруға ықпал ететін болады.
ЕО-мен жаңа Келісімді бекіту Қазақстан таңдап алған ұлттық бағытқа, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатына, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының бес институттық реформасын жүзеге асыруға толықтай сәйкес келеді. Біз экономиканы әртараптандыру, жасыл экономикаға көшу, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша еуропалық әріптестеріміздің ақыл-кеңестері мен тәжірибелерін кеңінен пайдалануға қол жеткізе аламыз.
Қазіргі күні экономикалық дипломатияның аса үлкен маңызға ие болып келе жатқанын ескере отырып, Еуроодақпен жаңа Келісімнің аса маңызды құрамдастарының бірі оның экономикалық бөлігі екенін атап өту керек. Осыған орай біз жаңа Келісім Қазақстанның экономикалық мүдделерін қорғауға және алға бастыруға арналған қазіргі заманғы іргетасы бола алады деп сенеміз, бұл сыртқы саясат ведомствосының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Жаңа Келісім өзара іс-қимылдың көкжиектерін айтарлықтай кеңейтеді және Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастыққа арналған, оның ішінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) және Еуразиялық экономикалық одаққа қосылғандығын ескерсек, жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы орайда Келісімді жүзеге асыру халықаралық ұйымдар шеңберінде, оның ішінде ЕАЭО аясында қабылданған қазақстандық міндеттерге қарама-қайшы келмейтінін атап өткен жөн.
Еуроодақпен жаңа Келісім мұның алдындағы кезеңдерде қол жеткізген жағымды үрдістерді жалғастыруға және шын мәнінде стратегиялық – тең құқылы және өзара тиімді – әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Еуроодақтың жаңа тұрпаттағы озық өзара іс-қимылы мен тиімді жұмыс жүйесі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар қалай дамуы тиіс екендігінің жариялы үлгісі болады деп сенеміз.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жақында Еуропалық Комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесуінде жария еткендей, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім осы жылдың 1 мамырынан бастап уақытша қолданысқа енгізілетін болады. Уақытша қолданыс ауқымы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында өзара келісілді және Еуроодақтың сәйкесінше дипломатиялық нотасында ресми бекітілді. Тараптар уақытша қолданыс тәртібін Келісімнің Еуроодақтың 28 мүше мемлекетінің ұлттық парламенттерінде ратификациялаудан өткенін күтпей, Еуропалық Комиссияның құзыретіне енетін бөлігін орындай беру мүмкіндігі болуы үшін енгізді. Уақытша қолданыс тәртібінде Келісімнің саяси бөлігі де, экономикалық бөлігі де іске қосылады.
Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісім күшіне енгенге дейін Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы уақытша қолданыспен қамтылмаған құқықтық қатынастар 1995 жылдан бергі қолданыстағы ӘЫК-ге сәйкес реттелетін болады. Келісім күшіне енгеннен кейін 1995 жылдан бергі қолданыста болған ӘЫК-нің күші жойылады.
ҚР мен ЕО арасындағы екіжақты қатынастарды орнатуда және дамытуда айтарлықтай рөл атқарған қолданыстағы ӘЫК-нің маңызын төмендетпестен, оның үлгілік келісім болғанын және оның көптеген ережелері моральдық тұрғыдан ескіргенін атап өткен жөн. Осыған орай, Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімде қарастырылған бірқатар қағидатты тұрғыдан маңызды тұстарға назар аудартқым келеді.
Атап айтқанда, жаңа құжатта бұрын, яғни 1995 жылғы ӘЫК-де қарастырылмаған және Қазақстан мен Еуроодақтың өзара іс-қимылын белсенді дамытатын салалар бойынша ынтымақтастықтың құқықтық жаңа негіздері қаланды. Олар: ғарыштық қауіпсіздік, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы күш-жігер жұмсау, терроризмді қаржыландырумен күрес, терроризмге, ату қаруларына және жеңіл қарулануларға қарсы тұру, киберқылмыспен күрес, дербес деректерді қорғау, мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастық, азаматтық қорғаныс, климаттың өзгеруі, денсаулық сақтау, мемлекеттік қаржыларды басқару, салық салу саласында ынтымақтасу.
Жаңа Келісім Қазақстан мен Еуроодақ арасында ынтымақтастықтың 15 саласы бойынша диалог орнатуды және соны нығайтуды қарастырады, атап айтқанда, тұрақты саяси диалог, сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелері бойынша диалог, экономикалық диалог, тұрақты даму мәселелері бойынша диалог, жосықсыз салық тәжірибесінің алдын алу мақсатындағы диалог, халықаралық қауіпсіздік пен дағдарыстарды басқару мәселелері бойынша диалог. Қазақстан мен Еуроодақ адам құқықтары бойынша қолданыстағы үнқатысуды кеңейтуге, азаматтық қоғамның рөліне қатысты үнқатысуды нығайтуға, көлік мәселесі бойынша диалогқа, еңбекпен қамту саласында лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету мен саясат саласындағы диалогқа, инновация саласындағы саясат бойынша диалогқа, мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеруге бағытталған шаралар туралы диалогқа, кеден ісі бойынша тұрақты диалогқа, санитарлық және фитосанитарлық мәселелер бойынша диалогқа келісті.
Қазақстан мен Еуроодақ жаңа Келісімді өздері қамтитын кез келген сала бойынша жекелеген халықаралық шарттарды бекіту арқылы толықтыра алады. Тараптар өнеркәсіп саласында да жекелеген шарттарды бекіте алады. Қазақстан мен Еуроодақ автокөлік, теміржол тасымалдары, ішкі су жолдары бойынша тасымалдар және әуе тасымалы нарықтарына өзара қолжетімділік шарттарын реттейтін нақты келісімдерді бекіте алады. Сондай-ақ, жаңа Келісім ынтымақтастықтың бірқатар саласы бойынша, оның ішінде халықаралық стандарттар негізінде реттеушілік жақындасуларды қарастырады.
Осы маңызды мемлекетаралық құжатта бас бостандығы, қауіпсіздік және әділдік, сондай-ақ, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылдарын қамтамасыз ету мәселелеріне аса көп мән берілген. Тараптар салалық экономикалық өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ, гуманитарлық және әлеуметтік салаларда ынтымақтасты нығайтуға келісті.
Ғылыми қолданыстағы экономиканы құру және оның әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша басымдықтарды ескере отырып, Қазақстан Еуроодақпен инновация және ғылыми ізденістер салаларында тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Осыған орай, жаңа Келісім инновацияны дамытуды, Еуроодақ бағдарламаларына қолжетімділікті жеңілдетуді, бірлескен зерттеу және инновациялық жобалардың нәтижелерін коммерциялауға қолдау көрсетуді ынталандыру бойынша тараптардың ынтымақтастығын тереңдетуді қарастырады.
Сөзімді қорытындылай отырып, Еуроодақпен жаңа Келісім еуропалық институттармен де, Еуропа мемлекеттерімен де барлық деңгейде әрі қарай ынтымақтасуды тереңдетудің берік негізін қалайтындығын, сондай-ақ, Қазақстанның одан әрі саяси және экономикалық дамуының қозғаушы күші болатынын тағы да атап өткім келеді.
Ерлан ЫДЫРЫСОВ,
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі