• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2016

Орындалған арман

331 рет
көрсетілді

Көрші ауылға барған Сәбила Бес­ағашқа жаңа мұғалім келіпті, бір аяғы жоқ, мүгедек көрінеді деп келді. Көкем (мен әкемді көке дейтінмін) елең ете қалды. Бұл қай туыс екен? Ертеңіне көшіп келген жаңа мұғаліммен танысып-білісейін деп Мол­дахмет атам мен көкем жолға жиналды. Ұмытпасам, бұл 43-жыл­дың қараша айы болса керек. Бесағашқа келдік. Мұғалім ағамыз ағаштан салынған үш бөлмелі мектеп үйінің бір жағында тұрады екен. Ашаңдау келген ұзын бойлы қараторы әйел қарсы алып, үлкендерге қазақы дәстүрмен иіліп сәлем жасады. Төрге жайғасқан Молдахмет атам Сасық ауылында тұрамыз, ағайын көшіп келіпті деп естіп, қонысқа құтты болсын айтқалы келдік, деп мән-жайды айтты. Сәлден кейін үйге дембелше келген, жауырынды, сол жақ қолтығында балдағы, оң жақ қолында сүйеніш таяғы бар шикі­сарылау жігіт кірді. Үй иесінің осы кісі екені айтпаса да белгілі еді. «Ассалаумағалейкум, ағалар», деп сәлем беріп, қол алысып амандасты. Атамыз өзінің аты-жөнін, қа­сындағы біздерді таныстырып, қоны­сына құтты болсын айтып та­ны­сып-білісейік деп келгенін айтты. Міне, екі иығынан дем алған сары самаурын да келіп қалды. Жаңа пісірген сары бауырсақ, қо­рытқан сары май мен жент, шақ­пақ қант пен кәмпит дастарқан сәнін аша түскен. Үлкен кісілер қою күрең шайды біраз ішті. Ас бөлмеде бүлкілдеп қайнаған еттің иісі көңіл күйді көтере түскендей. Шайға бата жасап, қонақтар сыртқа шығып, бой жазды. Әне-міне дегенше ас та келіп қалды. Бабымен піс­кен етті үлкен кісілер сүйсініп біраз жеді. Молдахмет атамыз ақ тіле­уін айтып, дастарқанға бата жасады. Әңгімені Бисұлтан ағамыздың өзі бастады. «Аталарымды өздерің біліп отырсыңдар. Сол қарадөңнен тараған ұрпақпыз. Біз алты ағайын­дымыз. Бүгінде үлкеніміз Іскен­дерден басқасы майданда. Татар дәмім әлі таусылмаған ғой, қан­ды қырғында бір аяқты беріп келдік. Бұл ел басына төнген бір нәубет қой. Бастапқыда фашист жендеттерінің беті жаман болды ғой. Кеңес елінің батыс аймағын түгелге дерлік басып алды емес пе? Қаншама боздақтар майдан даласында өлім құшты. Бейбіт халықты қырып-жойып, жасөспірім балаларды Германияға айдады. Өзім бел ортасында болған Ста­линград шайқасы тарихта тең­десі жоқ жойқын соғыс даласына айналды. Мен 62-армияның 38-ат­қыштар дивизиясы құрамында со­ғысқа ендім. Мұнда 3800-ден астам қазақ болды. Сол қырғын шайқасты көз алдыма елестетсем жаным түршігеді. Айнала өлік, ыңырсыған үндер... Осындай жан алып-жан беріскен бір шайқаста оң жақ аяғымның тізе тұсына снарядтың жарықшағы тиіп есімнен таныппын. Қанша жатқанымды кім білсін, біраз қансырап қалсам керек. Әйтеуір түннің бір кезінде санитаркалар келіп, аяғымды таңып байлағаны еміс-еміс есімде», деп еске алды ағамыз сол бір кезді. Біраз уақыт дала госпиталінде емделеді. Жаны мұрнының ұшына келіп, атар таңды көзімен атқызған кездер естен кете ме. Содан ауыр жаралыларды тылға жөнелтеді екен деген әңгіме тарайды. Көп ұзамай Бисұлтан ағамыз Ташкент қаласынан бір-ақ шығады. Араға бір жеті салып дәрігер келіп, жарасын шұқшия ұзақ қарап, ана жерін, мына жерін басып көреді. Алпыстан асқан еврей дә­рігер «Жігітім, жараң ауыр, ұзақ емделесің. Мүмкін аяғыңды кесуге тура келетін шығар», деген ойын білдіреді. Бастапқыда ағамыз аяғын кестіруге келісімін бермейді. Осылай күндер өтіп жатады. Бірде палаткаға қасында көмекшілері бар емдеуші дәрігер келеді. Жағдайын сұрап, жаралы аяғын мұқият қарап, көмекшілерімен біраз сөйлеседі. «Бауырым, мына аяқты кеспей болмайды. Сен жассың, болашағың әлі алда. Менің алдымнан талай жаралы жауынгерлер өтіп жатады. Екі аяғы, бір қолы жоқтар, екі қолы жоқтар да, екі қолы, бір аяғы жоқтар бар. Міне, солар да өмір сүргісі келеді, Жеңіс күнін көргісі келеді. Бір аяқпен де мәнді өмір сүріп, Отаныңа, еліңе қызмет етуге әбден болады. Осы жағын ойла. Мына аяғыңды тізеден жоғары кесу керек, өйтпеген күнде оның зардабы ауыр соғуы мүмкін. Аяғың жансызданып қалса қайтесің? Онда дәрігерлер дәрменсіз. Қазақтар сәрсенбіні сәтті күн деп санайды. Келесі аптада операция жасаймыз, бәрі сәтті болады», деп аяқтады сөзін дәрігер. Жанашырлық ақыл-кеңесіне рахмет айтып, операция жасауға ризашылығымды бердім. Міне, аман-есен жүріп жатырмыз. Екі аяққа не жетсін? Дегенмен, бұ­ған да шүкіршілік етемін. Қаншама боздақтар қыршынынан қиылды», деп аяқтады әңгімесін ағамыз. Неміс-фашистермен қанқұйлы шайқаста ағамыз ерліктің тамаша өнегесін көрсетті. Талай жауды өлім құштырды. «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдары, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені Бисұлтан Жақашевтың жауынгерлік ерлігінің куәсі болса керек. Мұның сыртында бірнеше мерекелік медальдары тағы бар. Бисекең аңқылдаған ақпейіл жан еді. Үлкенге іні, кішіге аға бола алатын ол бауырмал, мейі­рімді-тін. Жолдас-жораға, ағай­ын-тумаға қолұшын беретін. Біраз жыл мұғалім болып істеді, кейін денсаулығына байланыс­ты дүкенші болды. Кол­хоз кезі ғой, жұрттың қо­лында ақша бола бермейді. Міне, осындайда қысылып келген кісіге дү­кеннің ақшасын ұстата беретін еді-ау. 50-жылдардың аяғына қарай 1-2 топтағы Ұлы Отан соғы­сының мүгедегі ретінде қол­мен басқаратын жеңіл машина алды. Сол машинасымен ауыл­дастарын талай тасығаны бар. Қиналып келген кісінің меселін әсте қайырып көрген емес. Ағамыздың жастай қосылған жары Құсбике (шын аты Құсни­жа­мал) жаны жайсаң, ибалы, кіші­пейіл жан еді. Қазақта «жақсы әйел­ді бір кесек еттен қысады» деген сөз бар. Кейде оңаша қалған кезде көз жасына ерік беріп, іштегі шерін тарқатып, Аллаға жалбарынып, бір шикі өкпе бере гөр деп талай күңіренгені бар. Ақылды кісі еді. Сүйіп қосылған ерінің көңіл күйі жанына батады. Бисекең де іштен тынып, сыр бермеген сыңай танытады. Бірде кешкілік әңгімелесіп отырғанда еріне бағдарлай көз тастаған Құсбике жеңгеміз «Көккөз (ағамызды осылай атайтын), мен бірдеңе айтайын саған», дейді. «Не айтайын деп едің, айт», деп ағамыз елең ете қалады. «Айтқанымды орын­дайтын болсаң ғана айтамын», деп келіншегі шегелей түседі. «Шарт қоятындай не өзі, айт, орын­­даймын». «Айтсам, біз отау құр­ғалы жиырма жылдан асып ба­ра­ды. Тәңірім бізге нәресте сүюді жаз­баған екен. Сенің жай-күйіңді түсінемін. Бұл өмірден қу бас болып өтемін бе деп налитыныңды қас-қабағыңнан аңғарамын. Сен адам ал, нәресте сүй. Саған мен риза, құдай риза», деп көптен тол­ғантып жүрген ойын жайып салды. Ағынан жарылсақ, адам алып, бала сүю ағамыздың ойында болатын. Тек жастай қосылған Құсжанның көңіліне қаяу салып, ренжіткісі келмейтін. Тағдыр осылай жазса, оған не шара деп жұбататын өзін. Келіншегінің мына сөзі оны ойлантып тастады. Алайда, қырыққа келіп қалған жарымжан адамға кім тұрмысқа шығады деген ой қылаң беретін сияқты. Көрші ауылда тұратын Жұмаш ағасына барып жүргенде кескін-келбеті келісті, тек аяғы кеміс біткен бойжеткенді көргені есіне түсті. Аға-жеңгесіне барып осы жайлы ақылдасқанды жөн көрді. Ағасы мен жеңгесіне келіндерінің ұсыныс-тілегін айтып, мән-жайды түсіндірді. – Бұл бір тәуір бала. Кемістеу болғасын қорлана ма, қалай, тұрмысқа шықпай отыр. Мен сол Ақбалдақ деген қызбен сөйлесейін. Есті қыз ғой, бұлай отырғанша біреудің етегінен ұстағаны жөн емес пе, сыр тартып көрейін,– дейді Ақсұлу. Бірде бойжеткенмен оңаша сөйлесудің сәті келеді. Әңгімені әріден бастаған Ақсұлу әйел қырық шырақты деген, жан дүниеңді түсініп, сүйенішің бола алатын азматтың етегінен ұстағаның жөн ғой, деп жанашырлық танытып қыздың сырына қанығады. 1955 жылдың көктемінде Би­сұл­тан ағамыз бен Ақбалдақ жең­­геміздің қосылып, шаңырақ көте­руіне орай Әулиекөлдің Бесағаш ауылында бір жақсы той өтті. Ақбалдақ Құсбикені күндесі емес, жанашыр ақылшысы деп білді, ене ретінде ұстады. Соған орай шаңырақтың түтіні түзу ұшуына тілеулес болды. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дегендей, Ақбалдақтың қадамы құтты болды. Қыз да туды, ұл да тапты. Ағамыз өзін ең бақытты жан сезінді. Өмірге Мәниға, Сәниға, Жаниға, Ұлболсын, Дәмеш сынды қыздар келді. Қыздан кейін дүниеге іңгәлап Досымбек (3-4 жасында қайтыс болған), Талғат, Асығат келді. Құсбике жеңгеміз дүние сал­ған. Ағамыздың дүниеден озға­нына да ширек ғасыр болып қалды. Құдайға шүкір, арты қайырлы. Ба­ла­ларының жоғары, арнайы орта білім­дері бар, бір-бір үй, түр­лі салада еңбек етеді, немере­лер өсіп жатыр. Ақбалдақ жеңге­міз кен­жесі Асығаттың қолын­да тұрады. Бас­тары аман, бауыр­лары бүтін. Қара шаңырақты шай­қалт­пай, ұрпа­ғының қуаныш-қызы­ғына бөле­ніп, шат-шадыман ғұмыр кешуде.  Қанапия МЫРЗАҚОЖА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі