• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2016

Жеңісті жақындатқандар

1249 рет
көрсетілді

Жеңіс деген сөз адам жүрегін қуанышқа бөлеп, жігерін жасынға жанитын құдіретке ие. Жеңіс дегенде тұла бойына мақтаныштың нұры тарамайтын адам жоқ шығар. Ал бүгінгі ұрпақ үшін Ұлы Жеңістің орны ерекше. Сол бір ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары елін жаудан қорғаған ерлердің ерлік істері жыл сайын осы Ұлы Жеңіс күнінде санамызда қайта жаңғырады. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Шпекбаевтар әулеті де Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, соғыста рота командирі болған әкелері Жатқамбай мен аталары Мұсаханның рухына тағзым етеді. Жатқамбай Мұсаханұлы Алматы­дағы мұғалімдер даярлайтын техникумда оқып жүргенде 1939 жылы әскерге алынады да, көп ұзамай соғыс басталады. Соғыстың алғашқы кезеңінде-ақ оны алты айлық сержанттық курсқа оқуға жібереді. Ол ең алғаш қанды майданға Украинаның Терновая стансасында кіріпті. Ең алғаш­қы көрген қанды қырғыны бол­ғандықтан ба Жатқамбай ақсақал сол бір соғысқа кірген алғаш­қы сәттерін ешқашан естен шығар­ған емес. Харьков қаласына таяу осы бір шағын станса үшін бол­ған ұрыс он үш күнге созылып еді. Алматыда құрылған 38-ші атқыштар дивизиясының жауын­герлері осы ұрыста асқан табан­дылық танытқаны соғыс тарихынан белгілі. Терновая стансасын қасық қаны қалғанша қорғаған жауын­герлердің сапындағы аға сер­жант Жатқамбай келесі ұрысқа Дон­дағы Ростов қаласында кіреді. Басы­нан бақайшағына дейін қару­ланған неміс әскерінің жойқын күшіне төтеп бере алмай шегі­не соғыс­қан кеңес жауынгерлері­нің рухын көтерген қасиетті «Жеңіс» деген сөз еді. Жатқамбай Мұсахан­ұлы­ның Сталинград қаласын қор­ғау­дағы ерлігі бүгінгі ұрпақтары үшін әрдайым мақтанышқа айналған ерлік десе де болады.1942 жылдың 17 шілдесінен бастап 1943 жылдың 2 ақпанына дейін созылған Сталинград шайқасы кезінде Жатқамбай да жараланып, Саратов қаласындағы әскери госпитальға түседі. Осы шайқас кезінде Сталинград маңында немістер бекінген бір төбені алудың маңызы зор болды. Полктің алға жылжуына төбеге бекінген немістер кедергі келтіріп тұрып алады. Оны талқандау міндеті Ж.Шпекбаевтың взводына жүктеледі де, жауынгерлер жер бауырлай алға жылжиды. Бірақ көп ұзамай немістердің қарша бораған оғының астында қалған солдаттардың алға жылжуы мүмкін емес еді. Мұндай қиын-қыстау кезде жауды айламен жеңбесе, адамдарды текке қырып алу қаупі зор болатыны сөзсіз. Взвод командирі дереу айлаға көшіп, соғыс тактикасын өзгертеді де, ойламаған жерден үш жақтан «уралап» атой салған кеңес әскерлерінің жанкешті шабуылынан сасқалақтап қалған жау әскері лезде қолға түседі. Коман­дирдің жан алып, жан беріс­кен шешуші сәтте ұтымды шешім қабылдап, жау ұясын тас-тал­қан еткен тапқырлығына тәнті бол­ған полк командирі Жатқамбай Мұсаханұлын қысқа мерзімді командир­лер даярлайтын курсқа жібере­ді. Оны аяқтап, кіші лейтенант шенін алған Жатқамбай қайта­дан майдан алаңына оралды. Көп ұзамай рота командирі болып тағайындалды. Ал оның соғыстағы ең алғаш­қы жоғары наградасы – «Қызыл Жұлдыз» орденін алу кезіндегі ерлігі де бір төбе. Дивизия коман­дирі кіші лейтенант Ж.Шпек­баев­ты рота командирі етіп тағайын­дай салысымен оған жәй солдатша киінуге бұйрық береді. Әдетте, мұндай тапсырма аса қиын кезеңдерде берілетінін білетін командир алдағы шайқастың жауапкершілігін бар жан-тәнімен сезінеді. Өйткені, шабуыл кезінде немістер командир киіміндегіні ең бірінші нысанаға алатыны, тіптен жау қолына түсе қалса да командирлерге ең қатаң жаза тағайындалатыны анық. Дивизия командирінің жаңадан ғана рота командирі болып тағайындалған өзін осындай қауіптен қорғаштаған қамқорлығы оның жігеріне жігер қоса түсті. Расында да, Шпекбаевтың ротасы талай боздақтың қаны тө­гілген, жаны үзілген бекіністі алуда асқан табандылық көрсетті. Рота командирінің «Отан үшін алға!» деп саңқылдаған жігерлі дауысының өзі солдаттардың рухын көтеріп, жеңіс биігіне көтерді. Міне, осы шайқастағы ерлігі үшін Ж.Шпекбаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Жатқамбай Мұсаханұлы Днепр­­ді алу кезінде де ерлік көр­сет­­кен командир. Днепрдің екі бетіне орналасқан екі жақтың әскері де өліспей беріспеуге бел бай­ла­ғандай. Бұл шайқаста да ол бас­қа­ратын ротаға ең маңызды тап­сырма – түн жамылып өзеннің неміс­тер бекінген жағына өтіп, сон­дағы төбе басына пулеметтерін орнату еді. Егер осы тапсырма ой­дағыдай орындалса кеңес әскері негізгі шабуылға көшкенде рота мына жақтан оларға қолдау көр­сет­пек. Бұл тапсырманы орындау үшін рота түн қараңғысын жамы­лып, өзеннен қайықпен өтуі керек бо­латын. Кеңес әскерлерінің бұл әре­кетін байқап қалған жау жағы өзен бетін барлау барысында самолеттен қару-жарақ тиелген қайықтарға оқ жаудырады. Бұл шабуылдан да аман қалған рота түнделетіп, келесі жағаға асықты. Бірақ Жатқамбай осы маңызды тапсырманы орындау кезінде желкесіне бомба жарықшағы тиіп тағы да жараланады. Ол қырғын соғыста жүріп қазақтың «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөзінің тегін айтылмағанына көз жеткізеді. Соғыс кезінде үш рет жараланғанын айтпаған күннің өзінде, қаншама рет ажал аузы­нан аман қалды. Ол атақты Курск шайқасына да бастан-аяқ қаты­сып, Белгород, Днепрді алу­ға, Мол­давия, Болгария, Вен­грия, Юго­славияны неміс бас­­қын­­­­­шы­­­ла­рынан азат етуге қатысып, Ұлы Жеңісті Вена қаласында қар­сы алады. Бірақ Жатқамбай Мұса­ханұлына соғыс бітісімен туған жерге оралудың сәті түспеді. Украи­нада екі жыл әскери борышын өтеуге қалдырылған ол, туған ұясы­на соғыс басталмай тұрып кет­кеннен жеті жылдан соң бір-ақ оралды. Жатқанбайдың әкесі Мұсахан Шпекбаев Ұлы Отан соғысында қаза табады. Жалғызының жолында жанын құрбандық етуге аянбаған әкесі Жатқамбайдың Отан қорғауға аттанып бара жат­қанын мақтаныш тұтып, «Балам, еліңе абыройлы қызмет ет те аман-сау орал!» деген бұйрыққа бергісіз тілекпен шығарып салып еді. Жалғыз ұлы әскерге алынысымен көп ұзамай соғыс басталғанда сыртқа білдірмегенмен, іштей жанын шүберекке түйіп, тәңіріден Жатқамбайдың амандығын тілеген шығар. Әкесі Мұсахан мен анасы Айман Жатқамбайдан «Алты айлық сержанттық курсты бітірдім, енді Украина жерінде соғысқа кіргелі тұрмыз» деген хат алғаннан-ақ құдайға жалбарынумен болды. 1942 жылдың басында Мұсаханның өзі де ел қорғауға аттанып кетті. Оны сол кезде «соғыста ұлымды көріп қалармын» деген арман ширата түскені де шындық. Бірақ баласымен бір майданда соғысып жүрген Мұсаханның маңдайына жалғызын бір көріп өлуді жазбапты. Ұлы Отан соғысының ардагері Жатқ­амбай Шпекбаев туралы әң­гі­мелегенде оның соғыста опат болып, майдан даласында қалған әкесі Мұсахан жайлы айтпай кету мүмк­ін емес. Сталинград шайқасы кезін­де қаза тапқан әкесінің жерлен­ген орнын табу Жатқамбайдың көкейіне тұнған үлкен арманы еді. Сол арманын генерал ұлы Алик Шпекбаев орындады. Ол атасы Мұсахан Шпекбаевтың Саратов қаласындағы бауырластар зиратына жерленгенін тауып, туған жердің бір уыс топырағын салып қайтты. Қарт жауынгер, командир Жат­­қамбай ақсақал 2007 жылы 87 жасында қайтыс болды. Шпекбаевтар әулеті әкелерінің көзі тірісінде Ұлы Жеңіс күнін үлкен мерекеге айнал­дыратын. Бүгінде оның ұл-қыз­дары мен немере-шөберелері Отан алдындағы ғана емес, ұрпағы алдындағы әкелік парызын да абыроймен өтеп кеткен әкелерін жыл сайын Жеңіс күнінде еске алып отырады. Гүлнәр ЖАПАРҒАЛИҚЫЗЫ АЛМАТЫ