• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2016

Жауынгер аманаты

304 рет
көрсетілді

Құсниден Ибрагимов атаны Ақтоғай, Ертіс өңірі, тіпті, Ресей­дің Омбы облысы жағындағы бірнеше ауданның кәрі-жасы түгел білетін еді. Жерлестерін тек білімге ұмтылуға, әр істе таза, адал әрі адамдарға қамқоршы болуға үндеген ғазиз жанның өмірі өнегеге толы болатын. Өйткені, оның әкесі Ибрагим имам бар ғұмырын имандылық жолға арнаған дін қайраткері еді. Әкеден балаға дарыған тағылым мол. Өткен ғасырдың бас кезінде Ибрагим имам Ақтоғай өңіріндегі «Орман» деген елді мекенде мешіт салып, елдің кәрі-жасын мұсылмандыққа үндегенін, медре­се ашып діни оқуға тартқанын көне­­көз  қариялар жарыса айтып оты­ратын. Амал нешік, өткен ға­сыр­дың 20 жылдары ол солақай саясаттың салдарынан «дін – апиын» деген жаламен кеңестік заман қырағыларының қудалауға түсіп, жер аударылып кете барады. Құсниден әкесінен бес жасында діни тәлім-тәрбие алып үлгеріпті. Кеңестік жаңа қоғам талабына бейімделіп, мұғалімдік жолға бет бұру үшін жаңаша оқуға бекінді. Шама-шарқына қарай білімін жетілдірді. Облыс орталығындағы қысқа мерзімді курсты бітіріп алғаннан кейін туған ауылына жол тартады. Сөйтіп, сауатсыздықпен күрес «жорығына» білек сыбана кірісіп, замандастарының алдыңғы легінде жүргенін өзі де байқамай қалды. Алдынан көп кедергілер кездессе де жас мұғалім бәріне төзе біледі. Еңбегіңнің жанғаны осы болар, шәкірттерінің оқуға деген ынтасы да арта берді. Алайда, ислам дінін насихат­таған имамның баласы деген қаңқу сөзді ұрандатқан кейбір белсенділер соңына шам алып түсуін тоқтатпайды. Сол үшін екі рет түрмеге отырады. Бірақ оған сағы сынбайды. Түрмеден шыққан соң Омбы облысының Азов ауданына қоныс аударады. Онда да қазақтар қалың қоныстанған ауылда мұғалімдік жұмысын жалғастырады. – Мен Азов ауданындағы қазақ ауылында Құсниден мұғалімнің алдынан өттім, – дейді «Коминтерн» ауылындағы тоқсан жасқа тақаған батыр-ана Зейнуттен әже, – ол кісінің өңі жылы еді. Сондықтан шығар, шәкірттерінің әрбіріне асқан мейірімділікпен, жүзінен нұр төге қарайтын. Өмірдің ыстық-суығына көн­діккен жас мұғалім үйлі-баран­ды болғанымен, аштық жылдарының қаһарына ілікпей қалмайды. Алғашқы қосағынан, екі бірдей баласынан айырылу кімге оңай тисін. Содан кейін елге қайтуды мақұл көреді. Мақсаты – Көкшетау өңіріне келіп, қайта шаңырақ көтеру. Анадан 3 жаста қалып, аға-апасының тәрбиесін көрген Бәтішпен екеуі отау тігеді. Алайда, екі жастың жаңа өмірін бұзған тұтқиылдан басталған сұрапыл соғыс өрті еді. Құсниден Ибрагимов 1942 жылдың 20 маусымында Отан қорғауға аттанады. Сталинград үшін кескілескен шайқасқа қатысады. Рокосовскийдің атақты 50-армиясы құрамындағы 369 дивизияда 76 мм зеңбіректің нысана көздеушісі болады. Бұл қала үшін жан алып, жан беріскен талай боздақтың көзсіз ерлік көрсеткені тарихта алтын әріптермен жазыл­ған. Күл-талқаны шыққан әсем шаһардың кейпін көру ол кезде аянышты еді. Осындай қиян­кескі ұрыста жараланып, Саратов қаласындағы госпитальда үш ай емделеді. Одан шыққан соңғы жауын­герлік жолы Смоленск, Брянск бағытында жалғасады. Тағы да алдыңғы шеп. Атыс-шабыс. Жер мен көк қайысқан көк түтін. Қанды ұрыстың қайсыбірі болса да адам шығынынсыз өткен бе? Соған қарамаста, тек ілгері жылжу. Шегіну – жеңілгенің. Жауды өз ұя­сында талқандамайынша шыбын жанға тыным жоқ. Мұны жауын­герлер ант етіп қабылдаған. Құсниденнің жадында қалған 1944 жылдың қаңтар айы еді. Екі әскери құрамаға ортадағы неміс бекінісін бұзып-жарып Днепрді қақ жарып өтуге жол ашу бұйрығы келіп жетеді. Таңертеңгі сағат тоғыз шамасында басталған осы арпалыс ұзаққа созылады. Майдан үстінде қатты жараланып, ес-түссіз қалған екен. Кейін ол бұл туралы: «Көзімді ашсам, денем дел-сал. Тұла бойым сіресіп қалыпты, икемге келмейді, қозғалтпайды. Снаряд жарықшағы тиіп, ішек-қарыным ақтарыла бастаған екен, екі етігім қанға толыпты. Бар күшімді жинап, қан сіңген шұлғауымды сығып бір-біріне жалғадым да ішек-қарынды ішке салған күйі мықтап орап тастадым. Ішектерім сау болса керек. Сөйтіп, зорға еңбектеп окопқа әрең жетіп, құладым. Әрі қарай түк білмеймін. Есімнен танып қалсам керек. Тағы госпиталь. Ота жасаған хирургтер де аң-таң қалыпты. «Мұндай жарақатпен 100-дің бірі ғана тірі қалады, дәм-тұзы таусылмаған ғой», депті. Бұл сөздерді кейін құлағым анық шалды. Ақыры Куйбышев медсанбатында 6 ай жаттым. Соғысқа жарамайды деген гарнизондық комиссияның шешімі шықты», деп есіне түсіруші еді майдангер. ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Германияны жеңгені үшін»  медалі, тағы басқа марапаттары соғыс ардагерінің ерлігінің куәсі болатын. – Мені тура төнген талай ажалдан аман алып қалған «Құдіреті күшті Алла акбарым ғой», – деп намазын оқуға кірісуші еді, – дейді қызы Баяу әкесінің әр сөзін сағына еске алып. – «Білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланады», – деп отыратын және жарықтық. Соғыстан қайтқан соң ол Қызыл ту (бұрынғы Көкшетау облысы) және Ақтоғай (Павлодар облысы) аудандарындағы әр деңгейдегі мектептерде 20 жыл бойы шәкірттерге білім беріп, тәрбие ісіне араласты. Хасен Шаяхметов, Төлеу Ахметжанов, Мәнәп Әндіржанов сияқты ардагер ұстаздармен бірге еңбек етті. Мұғалімдік өмірінің 21 жылын Шұға ауылдық мектебіне арнады. Ел тәуелсіздікке қол жеткізген тұста қайта оралған дініміздің алғашқы жаршысы атанды. Жұртты Алланың ақ жолына, рухани тазалыққа үндеді. Ата-баба дінімен қайта табысу, оның асыл құндылықтарын бетін құбылаға бұрғандарға жеткізу басты арманы еді. Бала кезінен өзімен бірге болған сол арманына ел болғанда жетті. 88 жасқа қараған шағында өмірден өткен Құсниден атаның артында Құдайға шүкір ұрпақтары бар. Үлкен ұлы марқұм Құланнан үш ұл, бір қыз қалды. Қимадиден жауапты қызметте болса, Қалауиден белгілі кәсіпкер. Қызы Баяу да немере сүйіп отырса, кейінгі ұлдары Қайырберген мен Ғабдулқайыр, т.б. балалары өз алдына жеке отау. Өмірден өтер алдында бала­ларына әкесі Ибрагим имамның өз қолымен салып, қыр қазақтарын жақсылыққа ұйытқан мешіттің орнына белгі қоюды аманат етіпті. Келер ұрпақ алдыңғы аталарын біліп жүрсін дегені шығар. Ибрагим имамның шөбересі, кәсіпкер Қалауиден сұрау салып ұлы атасы өткен ғасырдың бас кезінде ашқан алғашқы мешіттің орнын іздестіріп жүрген де оны білетін адам табылды. Шұға ауылының зейінді ақсақалы Қайкен Мұздақбаев балалық шағында әкесі Қайыркелді көрсеткен мешіттің жермен-жексен болып қалған ірге орнын жадына сақтапты. Дәл тауып көрсетіп беріпті. ...Арада көп уақыт өтпей Ибрагим имамның текті тұяғы Қалауидендей іскер жігіт Шұға ауылы­ның сырт жағындағы «Орман» деп аталған сол жердегі мешіт­тің орнына белгітас қойып, сол маңдағы елді мекен халқының қатысуымен бабасының аруағына арнап құран бағыштап, ас берді. «Орнында бар оңалар» деген осы. Осылайша майдангер аманаты да ақталды. Социал ӘЙТЕНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Павлодар облысы