• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2016

Көшелі істі көруге де көз керек

256 рет
көрсетілді

* Бір ауыз сөз Бұрын «Туған елдің қадірін сырт жүргенде білерсің» деген сөзді көп естісек те, оның мағынасын өзінің дәл мәніндегідей түсіне қоймаған екенбіз. Мұны мен жақында ғана ғылым жолында жүрген ізденуші ретінде айға жуық уақыт Мәскеу қаласында болғанымда күн сайын дейін анық байқап, терең сезініп жүрдім. Осында жүрген мезгілімнің бәрінде туған Қазақстаныма деген мақтаныш сезімінің бойды кернегенін жасыра алмаймын. Ал бұған себеп те жеткілікті-тін. Егер мен Ресейдің бірқатар аймақтары сияқты, оның астанасында да посткеңестік елдердің өкілдері толып жүр десем, соншалықты бір тосын жаңалық айта қоймаған болар едім. Бірақ мұндағы мәселе олардың Кремльді қалада қаптап кеткенінде емес, бұл жерде не істеп, немен шұғылданып жүргендерінде. Ал алып шаһардың базарлары мен қоғамдық көліктері саласында украиндар мен молдовандар, армяндар мен әзербайжандар көп кезіксе, өзіміздің өзбек, қырғыз және тәжік көршілеріміздің мигранттары коммуналдық саланы басып қалған. Мәселен, Арбаттың бойында жарнама таратып, әуежай, супермаркеттер мен көше сыпырып, үйлерді сырлап жүрген қырғыз жастарын тіпті көп көрдік. Олардың арасында енді ғана мектеп бітірген өрімдей жасөспірімдер де жетерлік екен. Тәжік ұландары болса, метро стансаларындағы тазалықты өз мойындарына алған сияқты. Өзбек қыз-жігіттері құрылыс пен асханалардың маңайларын алаңсыз мекен етіп алған. Көрші елдеріміздің өкілдері Ресей астанасының басқа да тұрмыстық, қоғамдық нысандарында аз болмай шықты. Мәселен, мен стажировка өткізген ВГИК-те қызмет көрсету орындарының біразында тәжік қыз-келіншектері жүрді. Менің Қазақстаннан келгенімді білген солардың біразы өздерінің біздің елге қызыға қарайтындарын талай мәрте жасырмай айтты. «Халықты уыздай ұйытып ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаев секілді басшыларыңыз бар, берекесі тасыған елдеріңіз бар сіздер қандай бақыттысыздар, – дер еді олар сонда. – Күн көру үшін елді тастап, әке-шешемізді қалдырып, шалғай шетте жұмысқа жалданған біздің жүрісіміз мынау». Шынында да: «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, өз елдеріндегі бар ахуал жақсы болып жатса, бұлар бұрын көз көрмеген жаққа осылай сабылып келер ме еді?! Олардың жер түбіне кетіп, нәпақа табуларына, өз елдері билігінің өзі мүдделі екен. Айтуларына қарағанда, үкімет мигранттарға жол ақылары мен әдепкі кезде өмір сүрулеріне керекті қаржы беріп, осылай қарай жіберетін көрінеді. Мұның өзі оларды жұмысқа орналастырудың бір әдісі болса керек. Осының бәрі бізді еріксіз ойлантты. Сол ойлану арқылы туған елімізге деген мақтаныш сезімін арттырды. Сонымен бірге, қазақтың «Ынсап сайын – береке» деген қанатты қағидасын еске түсірді. Мәскеу төрінде байқап-пайымдағандарымыз бізге елдің игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың көптігін, соларды көре білу үшін де көшелі көз керек екенін тағы бір рет көрсетіп берді.  Жаңагүл СҰЛТАНОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының докторанты  АЛМАТЫ