• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Берекені еселі еңбектен тіле

278 рет
көрсетілді

Оңтүстікте аграрлық саланың даму деңгейі жоғары. Бүгінде осы салада 70 мыңнан астам шаруа қожалықтары болса, облыстың өңірлік жалпы өнімінің он үш пайызын солар құрап отыр. Ал егін шаруашылығының үлес салмағы 54 пайызға жетеді. Оңтүстіктің шаруалары мал шаруашылығына әбден бейім­деліп алды. Бейімделгені қалай, төрт түлік ата-бабамыздың кәсібі емес пе дерсіз, келісеміз. Бірақ, айтар датымыз бар. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурс­тары комитетінің тізгінін ұстап отырған Ислам Әбішев кезінде Оңтүстіктегі Ордабасы ауданын­да әкім болған. Қазір шаруа қо­жа­лықтарына аудан, қалаларда ашылған несие серіктестіктері 6-7 пайызбен қаражат беріп отырса, осы жүйенің өмірге енуіне ұйытқы болған, жобасын әзірлеген осы азамат. Ислам Әл­маханұлы Бадам ауы­лында жиын өткізді. Қатыстық. Ауыл шаруашылығындағы күр­меулі мәселелер сөз болды. «Сіздер алдарыңыздағы бес-ал­ты сиыр, ондаған жандық­та­рыңызды өріске айдап тас­тап қарап отырасыздар. Жем жеме­ген сиырдың бүйірі қабы­сып не сүт, не ет бермейді. Анау Сай­­рамдағы Қарабұлақ ауы­лындағы мал бордақылап отыр­ған өзбек ағайындарға қара­ңыз­дар. Жайылымдық жер жоқ. Бірақ, олар баққан бір қара мал сіздердің екі сиырыңыздың етін береді. Сиырлары да сүтті. Алып барайын, тәжірибесін үйреніңіздер», деген. Яғни, малды өріске айдап тас­тап, кешке қоралап алудың заманы өтіп барады. Құрамажем жемеген малдың бүйірі майлан­байды, су тегінге кетеді. Ислам Әбішовтің сол аңғартқаны ша­руаларға сабақ болды. Бүгінде ірі қара бордақылап, ақшаны күреп тауып отырған қазақ шаруа­ла­ры көп. Соның бірі – Төле би ау­данындағы Сайлыбай Сахов ақсақал. Оның шаруа қожа­лы­ғы аудандағы бетке ұстар шаруа­шылыққа айналған. «Өмірбай ата» серіктестігінің қорасында бүгінде асыл тұқымды жүзден астам ірі қара бағымда. Алғашқыда бие байлап, саумал, қымыз дайындап саудаға шы­ғарған Сайлыбай Сахов сұ­ранысы көп сүтті бағыттағы ша­­­­р­уашылықты жолға қойған. Серіктестіктегі 60 сиырдан кү­ніне 500 литрден астам сүт сауы­лады. Өткізетін жер қайда дей­тіндей емес, атақты «Фуд Мас­тердің» филиалы іргеде. Бұл шаруашылықта ауылдың он төрт азаматы нәпақасын айырып отыр. – Кәсіпкерлікті ашуға тәуекел керек, – дейді Сайлыбай Сахов. – Жұмыс жоқ деп ауызыңды құр шөппен сүрте берсең еш­кім дүниесімен бөліспейді. Қазақтың даласы кең-байтақ. Жайылымдық жер де, жем қоры да жеткілікті. Сондықтан, кәсібін ашуға жүрексініп жүр­гендерге берер кеңесім, өз ша­руа­шылығыңның қазығын қақ. Бастапқыда ауыр болар, бірақ, бейнет бәрін жеңеді. Кейін зейнетін көресің. Ауыл шаруашылығында жақ­сы табысқа жетіп отырған се­рік­­тес­тік басшысының байламы осы.  Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы