• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

«Қайнардың» шаруасы қайнап жатыр

426 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының дәстүрлі агрокеңес жиыны биыл Нұра ауданындағы «Қайнар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өткізілді. Бұл, әрине, бекерден бекер емес. «Қайнар» – Қарағанды өңіріндегі аса ірі астық шаруашылықтарының бірі. Оның ерекшелігі сол – Нұра ауданындағы құнарсыз саналып келген жерде отырса да, неше жылдан бері тау-тау астыққа қарық болып отыр. Оны айтасыз, қайнарлықтар астығының сапасы да түгін тартсаң майы шығатын, табиғаттың өзі жарылқап тастаған жерлерде отырған диқандардың алған-жиған бидайынан да көп артық. – Істің көзін тапқанымыздан болар, – дейді осындай жетістік­те­рінің сырымен бөліскен «Қайнар» ЖШС-нің директоры Сейіт­жаппар Нығметов. – Жер-ананы аялай білу керек. Жерді жырту, өңдеу жұмыстарынан қырманға дейін, одан кейінгі тиянақтау, келесі маусымға дайындық жұ­мыстарының бәріне заманауи техникаларды, маңдайалды агротехнологияларды пайдаланамыз. Агрокеңестің жұмысына қа­тысқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев та «Қайнардағы» қайырлы істерге ризашылығын білдірді. Ал шар­уа­­шылықта ауыз толтырып айтар­лықтай дүниелер баршылық. Ай­та­лық, ашық аспан астында, жазира жазықта ұйымдастырылған ауылшаруашылық техникала­ры­ның көрмесі көптің көңілінен шықты. Әсіресе, жерге дән сіңіру кезінде топырақтың жоғарғы қабатын ғана зақымдайтын тұқым себу кешені қай диқанның болсын арманы шығар. Мұндай техникамен өңделген жер жел мен судың артық зақымдауынан қорықпайды, егін көктемгі табиғи ылғалды да тиімді сіңіреді. Кейін жауын болмай жатса, тіпті, шілденің шіліңгірінің өзінде бидай қалыпты пісіп-жетіліп, тиі­сінше түсім береді. Түсім көлемі соншама көп болмауы мүмкін, алайда, сапасына шәк келтіре алмайсыз. Қайнарлықтар өсірген бидайдың құрамында клейковина 32-35%-ды құрайды. Кейінгі жылдары бидай сапасы құлдырап, құрамындағы клейковина тек 23-25%-ды құрауы көптеген шаруашылықтар үшін қалыпты көрсеткішке айналып отырғанда, «Қайнардың» сапалы бидайы, әлбетте, диірменшілердің сұранысын жаулап алған. Тұқым себу кешендері қазіргі уақытта маңдайалды техника десек те, олардың да кемшін тұстары жоқ емес көрінеді. Сейітжаппар Нығ­метовтің айтуынша, тұқым тиелген кешеннің салмағы 45 тоннаға дейін жететіндіктен, бар топырақты нығыздап өтеді. Сондықтан, егістік алаңдарын үш жылда бір қопсытып отыруға тура келеді. «Қайнар» ЖШС соңғы кездері өз техникаларын ресейлік машиналармен жаңартуда. Биылғы қыста соңғы үлгідегі 3 «Кировец» тракторын сатып алды. Олар әзірге қауырт жұмыстарға қо­сыла қойған жоқ, дегенмен, ша­руашылық иелері танымал техникалар жерге қаратпасына сенімді. Ресейлік, беларусьтік техникалардың қазіргідей эко­номикалық жағдайдағы бір жақ­сы жері оларды жөндеу мен қо­салқы бөлшектері аса қымбат емес. С.Нығметовтің айтуынша, аме­рикалық трактордың, бас­қасын айт­пағанның өзінде, май сүзгі­сін айырбастаудың өзі 100 мың теңгедей тұрады екен. Оған көне берсе, шаруалардың жала­қысы ертеңгі күні қосалқы бөл­шектерден артылмайтын болады. – Қосалқы бөлшектердің көп­шілігін өзімізде де шығаруға бо­лады, – дейді шаруашылық жетек­шісі. – Май сүзгілерін, болттар мен гайкаларды біздегі кәсіпорындар шығара алмайды деймісіз? Соның бәрі Қазақстанда, оның ішінде Қарағандыда шығарылатын болса, нұр үстіне нұр. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шагурашид Мама­линов атап өткендей, бір кез­дері тау-кен өндірісі мен басқа да салалар үшін қаншама құ­рал-жабдықтар шығарған Қарағандыдағы машина жасау зауыттарының әлеуеті әлі де бар­шылық. Қазір Қарағандыда «Трансмаш» құрастыру бюросы мен Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электр­лендіру ҒЗИ-мен бірлесіп, жаңа техникалардың тәжірибелік нұсқалары әзірленуде. Егер бұл бастаманы мемлекет қолдап жатса, кәсіпорындар тұрақты өндірісті қолға алуға дайын. Даладағы көрмеде қонақтар, сонымен қатар, «Қайнар» ЖШС-нің асыл тұқымды жылқылары мен бұқаларын көрді. Шаруашылық егін шаруашылығынан бө­лек, мүйізді ірі қараның Әулие­көл асыл тұқымын өсіру­мен де шұ­ғылданады. Қазақстан­да шы­ғарылған тұқым болған­дық­тан, бұл жануарлар жергілік­ті климатқа да бейім. Осы сиыр­лардың еті ел ішінде «мәрмәр ет» деген сипаттамаға ие болған. Яки, қазақша айтқанда, бір ет, бір майдан тұрады. Ет сапасының еуропалық байқауда гран-при жүлдесін жеңіп алғаны да көп жайды аңғартса керек. Әрқайсысының салмағы тоннадан асатын асыл тұқымды бұқалардың әрбірінің өз аты да бар екен. Шаруашылықтағы еңбеккерлер бәрін, әйтеуір, балаша мәпелеп отыр. Осы асыл тұқымды жануарлармен будандастырып, қолдағы малдың бәрін күйлендіріп алған. Қазір шаруашылықта 1200 бас ірі қара бар. Әр көктем сайын жаңа төлдер қосылып отырады. Бұқаларға облыстың басқа өңірлерінен келіп, өз малының тұқымын асылдандыру үшін «құда түсушілер» де баршылық көрінеді. Десе де, исіміз қазақ болған соң, біздің назарымыз осындағы жылқыларға көбірек ауды. Шаруа­шылық Қамбар атаның төлін өсіруге басымдық беріп отырмаса да, жылқының аты жылқы ғой қай жерде де. Француздық першерон тұқымды қылқұйрықтылардың салмағы да тоннадан асады екен! Алып жануар алдыңнан шыға келсе, піл ме деп қалғандайсың... Көрме соңынан агрокеңес шеңберінде кеңес өтіп, оның барысында жергілікті биліктің, ғылыми институттардың, ірі ша­руа­шылықтардың өкілдері сөз алды. Ш. Мамалинов аймақтағы шаруалардың биыл қандай ау­маққа не егетінін нақтылаған мәлімдеме жасады. Қарағанды өңірінде жақын уақыттарда қолға алынатын ірі инвестициялық жобаларға тоқталды. Атап айт­қанда, чехиялық инвесторлар іргелі селекциялық-будандық шошқа өсіру кешенін салуға 29 миллион еуро қаржы бөлуге дайын отыр. Ал италиялық компа­ния экспортқа 50 мың бас мүйізді ірі қараны бордақылау алаңқа­йын тұрғызу мүмкіндіктерін қарастыруда. Агрокеңес барысында Қара­ғанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институты директорының ғылы­ми жұмыс жөніндегі орынбасары Николай Ющенконың дән сіңіру мерзімі бойынша ғылыми негіздемелерге сүйеніп жасаған баяндамасына жұрт мұқият құ­лақ салды. Ғалымның айтуынша, биылғы маусымда табиғат жарықтық жер емген шаруаларды жарылқайын-ақ деп тұр. «Мұндай тамаша жағдай бұрын-соңды болып көрген жоқ. Тек, табиғаттың осы сыйын дұрысымен пайдалана білген жөн», – деді Николай Ющенко. Ауыл шаруашылығы вице-министрі агрокеңесті түйіндей келе, еліміздің аграрлық саланы нығайту мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары үнемі Үкімет назарында болатынын қадап айтты. Гектар басына бөлінетін субсидияға биылғы жылдан бастап тоқтау салынғаны белгілі. Бұл еңбек адамдарының екіұдай пікірін туғызып еді. Бұл орайда ол өткен ғасырдың 70- жыл­дарында дәл осындай қадамға барған Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесін еске салды. Онда мемлекет ауыл шаруашылығын тікелей субсидияламай, шаруалар тәуелді болатын жанама са­ла­ларды, айталық, машина жасау ісін ілгерілету арқылы қол­дау көрсеткен. Нәтижесінде, екі жеп, биге шыққанға ұқсай­ды. Қазақ­станның ауыл шаруа­шы­лығы да сондай ұтымды тұстарды ойлас­тырғаны абзал. Қара жерге қарап құр телмірген шаруаның несібесін ешкім де түгендеп бермейді... Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Нұра ауданы