2016 жылғы 28 қаңтар, Астана қаласы
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 19-2) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы С.Н.Нүсіповке жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.СӘРІНЖІПОВ
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығымен бекітілді
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және
оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 19-2) тармақшасына сәйкес мектепке дейінгі даярлықтың, бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен (бұдан әрі – ОӘК) уақытылы және толық қамтамасыз ету мақсатында әзірленді (бұдан әрі – білім беру ұйымдары).
2. Осы Қағидалар республиканың білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету тәртібін, оларды орындау мерзімдерін, мемлекеттік органдар (Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік), Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (бұдан әрі – Комитет), оның Білім саласындағы аумақтық бақылау департаменттері, жергілікті атқарушы органдардың, баспалардың және білім беру ұйымдары қызметінің бекітілуін айқындайды.
3. Мектепке дейінгі даярлық, орта білім беру ұйымдарының жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының барлық білім алушылары әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес білім беру ұйымдарының оқу жылына болжанатын көлемде Министрлік бекітетін оқу әдебиеттерінің қорландыру цикліне сәйкес оларды жыл сайынғы кезең-кезеңімен сатып алу (резерв қорын есепке ала отырып) арқылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен тегін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етіледі.
4. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) баспа – баспа өнімін дайындау мен басып шығаруды жүзеге асыратын кәсіпорын;
2) қосымша әдебиет – Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (бұдан әрі – ҚР МЖБС), үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын іске асыруға ықпал ететін, оқулық пен оқу-әдістемелік кешен жиынтығына кірмейтін басылымдар;
3) оқулық – оқу пәнін (пәнді) жүйелі баяндайтын, ҚР МЖБС, үлгілік оқу жоспарына және үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес келетін және осы оқу басылымының түрі ретінде ресми бекітілген оқу басылымының түрі;
4) Білім беру ұйымдарының оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілу мониторингі – қамтамасыз ету барысы туралы ақпаратты жинақтау, сақтау, өңдеу және тарату (білім беру ұйымдарының оқу әдебиеттерін мемлекеттік сатып алу қорытындылары, жеткізу жөніндегі шарт жасасуы, баспалардың жөнелтуі, тасымалдаушы ұйымдардың жеткізуі, мектептік кітапханаларда кітап қорының жағдайы және т.б.);
5) оқу әдебиеті – білімдік, сондай-ақ рухани-адамгершілік және тәрбиелеу мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған, жеке және (немесе) олардың жиынтығы бойынша барлық қабылданған оқу басылымдарының түрлерін қамтитын әртүрлі білім саласындағы баспа шығармалар;
6) оқу-әдістемелік кешен (ОӘК) – білім алушылардың оқу пәндерінің мазмұнын игеруді қамтамасыз етуге бағытталған және оқулыққа ілеспе болатын оқу және әдістемелік басылымдар жүйесі, оның барлық компоненттері бірыңғай тұтастықты қалыптастырады және білім беру бағдарламасының мақсатына қол жеткізу үшін әрекеттеседі (жұмыс дәптері; мұғалімге арналған әдістемелік құрал; дидактикалық материалдар; жаттығулар, диктанттар жинағы; карталар; хрестоматия; мультимедиалық материалдар және т.б.);
7) оқу басылымы – нақты білім беру (оқу) бағдарламасы бойынша білім беру процесінде пайдалануға арналған басылым;
8) оқу-әдістемелік құрал (бұдан әрі – ОӘҚ) – оқу пәнінің жеке элементтерін зерделеу мақсатында оқулықты толықтыратын немесе ішінара алмастыратын және осы оқу басылымының түрі ретінде ресми бекітілген, оқу пәндерінің (пәнінің) бөлігін жүйелі баяндауды қамтитын оқу басылымының түрі.
2. Білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен және
оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету тәртібі
5. «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес Министрлік Оқулықтардың, оқу-әдiстемелiк кешендерiнiң, құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердiң, оның ішінде электрондық жеткізгіштегілерінің тiзбесiн (бұдан әрі – Тізбе) жыл сайын 30 қарашаға дейін бекітеді және оны білім беру ұйымдары мен баспалардың танысуы үшін Министрліктің сайтында орналастырады.
6. Оқулықтар мен ОӘК-ні Тізбеге енетін атауы бойынша сатып алу қорландыру циклі бойынша қажетті оқу әдебиеттерін бұдан әрі қосымша сатып алу арқылы толық таралымымен 4 жылдық циклдің 2 жыл мерзімінің өтуі бойынша болжанған білім алушылар контингентінің жиырма пайызынан артық емес көлемде жүргізіледі.
7. Республикалық білім беру ұйымдары, сондай-ақ шетел мектептерінде білім алатын отандастарымыз оқулықтармен және ОӘК-мен республикалық бюджет қаражаты есебінен халықаралық шарттарға сәйкес қамтамасыз етіледі.
8. Білім беру ұйымдары мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және ОӘК-мен өздігінен қамтамасыз етеді.
9. Баспалар жыл сайын қазан айында Комитетке Тізбе бекітілгенге дейін оң сараптамалық қорытынды мен қоғамдық бағалауды алған оқулықтар мен ОӘК-ке бағдарлы бағаны жолдайды.
10. Баспалар жыл сайын 10 желтоқсанға дейін өз ұйымының сайтында Тізбеге енген оқулықтар мен ОӘК-тің прайс-парағын білім беру ұйымдарының танысуы үшін орналастырады.
11. Жергілікті атқарушы органдар білім беру ұйымдарында білім алушылардың болжалды санын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің контингентін есепке ала отырып, келесі оқу жылына оқулықтар мен ОӘК-ті сатып алуға өтінімді оның негізінде қалыптастырады.
12. Білім беру ұйымдары 30 мамырға дейін оқушылар санына жеткілікті болу нысаны бойынша кітап қорын түгендеуді жүргізеді және кітап қорынан білім алушыларға оқулықтарды келесі оқу жылына береді.
13. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 31 қаңтарға дейін баспаларға білім беру ұйымдарынан қағаз және электрондық жеткізгіштерде келіп түскен оқулықтар мен ОӘК-ті сатып алуға өтінімді жолдайды. Тиісті өтінімдерді жасауда оқулықтарды сатып алуға басымдық берілуі қажет.
14. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 1 наурызға дейін білім беру ұйымдарының өтінімдері негізінде оқулықтар мен ОӘК басып шығаруды жүзеге асыратын ұйымдармен шарттар жасайды.
15. Жергілікті атқарушы органдар оқулықтар мен ОӘК-ті басып шығаратын баспалармен «Оқулық басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 тамыздағы № 611 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12089) болып тіркелген сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда ғана шарт жасасады.
16. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 31 сәуірге дейін оқулықтар мен ОӘК басып шығарушы ұйымынан білім беру ұйымдарына дейін оқулықтар мен ОӘК-ті жеткізу бойынша қызмет көрсетудің әлеуетті жеткізушілерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімін ұйымдастырып, өткізеді.
17. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 1 тамызға дейін мектепке дейінгі даярлық, орта білім беру ұйымдарының жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ мамандандырылған және арнайы түзету жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына білім беру органдарының оқу жылына болжанатын көлемде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу мен жеткізуді қамтамасыз етеді.
18. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 10 тамызға дейін білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына оқулықтармен және ОӘК-пен қамтамасыз етілуі бойынша қорытынды ақпаратты Комитетке жолдайды.
19. Комитет, оның аумақтық білім саласындағы бақылау департаменттері білім беру ұйымдарын оқулықтармен және ОӘК-пен қамтамасыз ету процесі барысында туындаған мәселелерге дереу әрекет ету мақсатында республиканың білім беру ұйымдарын оқулықтармен және ОӘК-мен қамтамасыз етудің мониторингін 1 маусымнан 10 тамызға дейінгі кезеңде әр он күндікте ұйымдастырады және соның барысында жергілікті атқарушы органдар жеткізу бойынша, баспалар білім беру ұйымдарына оқулықтар мен ОӘК-ті жіберу бойынша мәліметтерді ұсынады.
20. Жергілікті атқарушы органдар қажеттілік туындаған жағдайда аудан, облыс ішіндегі білім беру ұйымдарының арасында оқулықтар мен ОӘК-ні қайта бөлуді жүргізеді.
3. Білім беру ұйымдарын оқулықтармен және ОӘК-пен
уақытылы толық қамтамасыз етуді бұзудағы жауапкершілік
21. Келесі оқу жылына білім алушылардың санын қате болжаған жағдайда және соның салдары ретінде жеткіліксіз қаржыландырылғанда, білім беру ұйымдарына оқулықтар мен ОӘК-ті сатып алу бойынша іс-шараларды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім саласындағы жергілікті атқарушы органдар жауапты болады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 26 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №13288 болып енгізілді.