26 Мамыр, 2016

Мырзабаян

496 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
image«Алаштың Орталық Азиядағы тұлғасы» – біздің кейіпкерімізге осы жылдың 27 қаңтарында «Егемен Қазақстанда» жарық көрген мақалада артық-кемі жоқ дәл осындай баға берілді. Зиялы ғылыми ортаның пікір-пайымына жүгінсек, тың дерек, толайым тұжырымдармен айшықталған аталмыш мақала ұлттық тұлғатануға елеулі үлес болып қосылып та үлгерді. Ол жарияланымның авторы баршамызға белгілі ғалым, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабекұлы, ал кейіпкері қилы да қияпатты сонау жылдарда ел қорғаны болуға ұмтылған, халқына қарлығаштың қанатымен су себелегендей жақсылық жасауға талпынған, жастығына қарамай үлкен қайраткерлік өреге көтерілген күрескер қазақ Мырза Наурызбайұлы болатын. Иә, біз жазылған жайды кейбір жаңа деректермен толықтыра, замана қыспағының қиянатын кешкен күрделі тағдыр иесінің тауқыметті жолдарын, жан азабын журналист көзімен жаңғырта жалғастырсақ дейміз. Мырзаның өмір бастауынан өз қолымен таңбалап кеткен белгілі дерек – оның Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданының №13 ауылында туғандығы. Мал баққан шаруа әкесі Наурызбай 1916 жылы, шешесі Айымкүл бір жылдан соң қайтыс болған екен. Ізінен ерген екі інісі бар. 1929 жылғы партиялық тазалау кезінде толтырған бір сауалнамада дүние-мүліктен бір киіз үйдің иесімін деп көрсетіпті. Шамасы, әкеден қалған бар мұра-байлық осы болса керек. Дей тұрсақ та, асқар тау паналарынан ерте айырылған Мырза үшін басты байлық дүние емес, оқыған-тоқыған білім, көрген-түйген тәлім, өзінің жан-жүрегінің жалыны, алғырлық алымы мен бойдағы дарыны еді. Әке-шешесінің көзі тірісінде Самарқандағы медреседе білім алғаннан кейін гимназияда оқып, одан соң екі жылдық орыс-түзем училищесін бітіреді. Ой-өрісінің байлығы, орыс тіліне жетіктігі осыдан деп шамалаймыз. Өз өмірінің осындай көмескі қалған сәттері жайлы қартайған шағында үй ішінде әңгімелеп айтып отырады екен. Ал ол мектепке қалай түсті, Самарқанға қайдан барып жүр, ол жағы беймәлім. Қалай болғанда да Мырза Наурызбайұлының өрімдей кезіндегі ой өресі, қабілет-қарымы таң қалдырғандай. Енді сол бір аласапыран уақыттың біздің әңгімеге қатысты тарих сұлбасын көз алдына келтірейік. 1918 жылдың қыркүйегінде бір топ социал-революционер жас бұхаралықтар коммунист-большевиктер партиясының бағдарламасын қабыл алады. Ташкенттік жас бұхаралықтардың үлгісіне олардың Самарқандағы және басқа қалалардағы пікірлестері де қосылып, ұлы дүрмекке ереді. Жаңа өмір аңсаған осынау жас топтың ішінде Мырза Наурызбайұлы да болады. Заман солай еді. Тағдыр пешенесі соған лайықтап әкелді. Бұғанасы қатып, буыны бе­кімей жатып саясат толқынының жалына жармасты. Самарқандағы дүрбелең оқи­ғаларға араласып, революциялық қозғалысқа қосылды. Сөйтіп жүріп еншілеген бір еңбегі сол, Орталық Азиядағы жәдитшілдік-жаңа­шылдық қозғалысына басшылық еткен «Жас бұхаралықтар» ұйымының жұмысына белсене қатысып, Бұхара халық кеңес республикасын құруға атсалысады. Мұның бір себебі, Мырзаның сол кездерде өзбектің болашақ үлкен мемлекет қайраткері Файзолла Ходжаевпен бір сапта, бір пікірде, бір тілекте жүргендігі болса керек деп пайымдаймыз. Мұнымен де қоймай, қазақтың осынау өрімдей жас жігітінің 1924 жылы Бұхара халық кеңес республикасы Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Үкімет мүшесі болып шарықтағанын көреміз. Осыған қарап оны қып-қызыл коммунист, қыран большевик деп ойлауымыз да кәдік. Тіпті де олай емес. Орталық Азияның сол тұстағы ұлттық бөлініс, шекара межелеу, халықтың сауатын ашу, білім беру ісін негіздеу сияқты саясаттарына бел шеше араласқан қазақтың жас оғланы Мырза Наурызбайұлының осы жұмыстарда тек қазақтың жоғын жоқтап, мүддесін көздегені, көздеп қана қоймай, сол жолда барын сала, жанын сала күрескені байқалады. Іспен де, сөзбен де. Сөз болғанда, газет бетіндегі мыңдарға жетіп жатқан жалынды сөзбен. Осы жайлардың бәрі құжатты түрде айғақталады. Шынында да, сол қилы кезеңде қазаққа бұрын­нан атамекен саналып, қандастарымыз көбірек қоныстанған Бұхара, Самарқанда бір басшының қазақтан болғандығын өзбек қайраткерлердің өздері де қолай көруі әбден қисынды. Міне, нақ осы лауазымды тұ­ғыр-тиянақ еткен жалынды жас талап сол шақтың аума-төкпе күрестерінде шынығып, коммунистік лепірмеге елікпей, өз ұлтының, қазақтың мұқтажын жоқтайтын қайраткерлік дәрежесіне көтеріледі. Бір ғажабы, бұл орайда ол Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков, Сұлтанбек Қожанов, Хайретдин Болғанбай сынды Алаш арыстарымен идеялас, мұраттас, пікірлес болды дей алсақ керек. Бұған оның баспасөзде жарияланған мақалалары және 1924 жылғы маусымда Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде Бұхара мен Хорезм қазақтарының мәселесін өткір көтеруі, қандастарын ағартуды көксеуі айқын дәлел болады. Нақ осы жайларды жоғарыда аталған мақаласында Дихан Қамзабекұлы бауырымыз кеңінен қамти жазғандықтан, біз Мырза Наурызбайұлының осы тұстағы қайраткерлігінің басқа бір қырына үңілейік. Иә, бүгінде Мырза Наурызбайұлының Орта Азияда Сталиннің ықтиярымен жүргізілген ұлттық-мемлекеттік шекараларды айқындап ме­желеу ісіне белсенді түрде қатысқаны бел­гілі. 1924 жылдың 10 сәуірінде Бұхара ком­мунистік партиясының Орталық комитеті өз шешімімен Ұлттық межелеуді дайындау және өткізу жөніндегі комиссия ұйымдастырады. Әлбетте, бұл комиссия құрамына Бұхара Үкіметі төрағасының орынбасары Мырза Наурыз­байұлының кіруі заңды еді. Солай болды да. Комиссия құрамына енгендер қата­рында Ф.Ходжаев, К.Атабаев, К.Пулатов, А.Мухет­динов және Навризбаев есімдері аталады. Осыған іле-шала, яғни 13 сәуірде РКП(б) Орталық Комитетінің Ортаазиялық бюросы Орта Азия республикаларын ұлттық межелеу мәселесінің күн тәртібіне қойылуына барынша қолдау білдіреді. Сөйтіп, БКП Орталық комитетіне Орта Азия халықтарының ұлттық кеңестік мемлекеттігін құру идеясын Бұхара халықтың қалың топтары арасында ауызша және баспасөз жүзінде жан-жақты көрсетіп насихаттау­ды ұсынады. Әрине, ұлттық межелену, сайып келгенде, бөліну, «ортақ өгізді оңаша бұзауға» айналдыру оңай шаруа еместігі әмбеге аян. Әртүрлі көзқарастар, кереғар да қарама-қайшы пікірлер бой көрсетеді. Міне, біздің пайым­дауымызша, Мырза Наурызбайұлының өз партияластарымен келіспеушілігі, жолдарының екі айырылуы, ұлтшыл деп ағаш атқа мінгізілген кейінгі тауқыметтері, партиялық жазалауға ұшырауы – соның бәрі осы кезден басталған сияқты. Себебі, межелеу жөніндегі комиссия мүшесі лауазымын пайдалана отырып Мырза Наурызбайұлы Өзбек республикасының құрамында автономиялы қазақ облысы болу керектігі жөнінде ұсыныс енгізеді. Әуелі ұсыныс айтады, кейінірек талап етеді. Бұл талабын Бұхарада қазақтардың жиын отырып, мол шоғырлануымен, санының көптігімен негіздейді. Әділіне келсек, іс жүзіндегі қалыптасқан жағдай шынында да солай, Мырза жолдас айтқандай еді. Кейінірек Мырза Наурызбайұлын қаралаған бір құжатта оның 1922-1924 жылдар аралығында Бұхара республикасы Орталық атқару коми­тетінің Қазақ бөлімінің меңгерушісі және Президиум мүшесі болғандығы көрсетіледі. Осындай қызметтерде жүрген азаматтың қазақ үшін Бұхарадан табылмаған әділетті енді Мәскеу асып іздеуі де заңды, табиғи жай еді. Сол себептен де ол 1924 жылдың шілде және тамыз айларында Мәскеуде, өзі көрсеткендей, Бұхара республикасынан Орта Азия мен Қазақстанның межеленіп бөліну мәселесі бойынша бүкілодақтық староста М.И.Калининнің қабылдауында екі рет болады. Әлбетте, біздің қолымызда Калинин ақсақалдың алдында қандай әңгіме болып, қандай шешім алынғандығы жайында ақпарат жоқ. Тек 1924 жылғы 19 тамызда Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің жанынан құрылған Ұлттық межелену жөніндегі комиссия отырысының хаттамасы істің аңғары қалай ауғанын мәймөңкесіз аңғартады. Комиссияның бұл отырысы Мыр­за Наурызбайұлының өтініш-талабымен, Калининнің пәрменімен кезектен тыс өткен болуы керек деп шамалаймыз. Отырыс комиссия мүшесі Лукьяновтың төрағалығымен өтеді. Хатшысы – Фокин. Мүд­делі тараптарға келер болсақ, Бұхара рес­публикасынан өкіл ретінде Т.Саинджанов, ал Бұхара республикасы жанындағы Қырғыз (қазақ деп оқиық) бөлімінен М.Наурызбаев қатысады. Хаттамада отырыста тыңдалған мәселе қырғыздардың автономиялы облыс болып бөлінуі деп айқындалған. Саинджанов Бұхара республикасының аумағында небәрі 30 мың қазақ тұратыны жайлы хабардар етеді. Наурызбаев болса, бұған керісінше, Бұхарада 360 мың қазақ мекендейтінін мәлімдейді. Осы арада Лукьяновтың: «Құрылтайда қанша қырғыз болады?» деген сұрағына Саинджанов: «5-10 делегат» десе, Наурызбаев: «Құрылтайға 22 адамға дейін делегат қатысады» деп жауап береді. Әрі қарай, осы айтылғандарға орай, Бұхараның құзырлы өкілі Өзбек рес­публикасына кіретін қазақ уәлаятын (облысын) құруға қарсы еместігін білдіреді. Ал Наурызбаев Өзбек республикасының құра­­мына кіретін автономиялық қазақ облы­сын құруды талап етеді, Лукьянов жолдас бірінші ұсынысты жақтайды, яғни Өзбек рес­публикасы құрамындағы қазақтардың дербес автономиясының жолы жабылады. Мырза Наурызбайұлының Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелену мәселесіндегі дәл осы жолғы қайраткерлігін 1920 жылы Лениннің алдында баяндама жасап, Қазақстанның бүгінгі аумағын қорғап шыққан Алаш білімпазы Әлімхан Ермековтің ерлігімен барабар десек, әділеті де сол болар еді. Осы арада бізге бір ой келеді, осының алдында, 1924 жылғы маусым айында ғана Мырза Наурызбайұлы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне қатысып келді, негізгі Алаш арыстарымен түгелдей дерлік жүздесті, өзі күрескерлік ұлттық рухтағы көсем пікірлерімен көзге тісті. Сол кезде оған Бұхара мен Самарқан қазақтары үшін жеке автономия сұрау туралы өргек ой-пайымды Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулат­ұлы сынды ұлт қамқорлары құлаққағыс етуі де мүмкін-ау. Қалай болғанда да, 1924 жыл Мырза Наурызбайұлының жұлдызы айрықша жарқыраған, қазақ білімпаздарының съезінде, Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеуде һәм баспасөз бетінде қазақ мәселесі орайында қадау-қадау қайраткерлігін танытқан қарымды жыл болды. Осынау алашшыл азаматтың қазақ тарихында, ұлтымыздың тәуелсіздік жолындағы күрес тарихында тұғырлана тұрпатталып, алтын әріптермен әйгіленіп қалуы үшін құйрықты жұлдыздай жалт еткен осы бірер жылдық ғұмырының, сондағы күрескерлік еңбегінің өзі әбден жеткілікті екені де күмәнсіз. Иә, Бұхара қазақтары үшін Өзбек республикасы шегінде автономия талап етуін, қазақ білімпаздары съезіндегі «бүлікшіл» ойларын сол кездегі кеңестік жүйе мен коммунистік идеология есіл ерге еш кешірмеді. Қай жерде, қай қызметте жүрсе де отырса опақ, тұрса сопақ қылды. 1924 жылдың тамызынан кейін М.Наурызбайұлының Бұхара-Самарқандағы қызметі пышақ кескендей сап тыйылады. 1944 жылы Фрунзе қаласында өз қолымен жазған өмірбаянында: «1922-1924 жылдары Самарқанда шаруа мектебінде, 1924-1926 жылдары Орынбор қаласында рабфакта оқыдым», деп көрсетеді. Мұнда өмір жолы­ның біраз деректерін жасырып қалғаны байқа­лады, қоғамдық-саяси қызметі, лауазымды жұмыстары, әсіресе, өз өмір-мұратының бас­ты оқиғалары өткен Бұхара кезеңі мүлдем айтылмайды. Олай ету, әрине, өз басына пәле іздеумен, басын оққа байлап берумен бірдей-тін. Онсыз да бір басына мың бір пәле-жаланың үйіліп-төгілуінен Мырза Наурызбайұлы бұдан былайғы ғұмырында кенде болмады. 1929-1930 жылдары М.Наурызбаев Мойынқұм және Түлкібас аудандық атқару комитеттерінің төрағасы қызметін атқарғанымен, құйрығына шала байланып, ақыры, жалған айып-жаламен партиядан шығарылып тынады. 1930 жылғы 22 қаңтарда өткен ВКП (б) округтік комиссиясы тексеру комиссиясының отырыс хаттамасына зер салайық. Мұнда оған Қырғызстандағы Сусамыр жайлау комитетінде Қазақстан өкілі болған кезінде салық салынатын нысандарды есепке алуда Мерке ауаткомына көмек көр­сетпеді, жайлауды пайдалану мәселесіне таптық емес, тек ұлттық көзқарас тұрғысынан ғана қарады, астық дайындау жөніндегі өкіл болып Бостандық ауданына барғанда байдың үйіне тоқтады деген қисынсыз айыптар тағылғанын көреміз. Мырзаның өзі байдың үйіне тоқтады деген тармақты ғана мойындаған, бірақ бұл жайды оның әл-ауқатын білмегендіктен деп түсіндірген. Қарап отырсаңыз, күлкілі. Сонымен, отырыс қаулы қабылдап, жолдас Наурызбаевты партиялық тексерістен өтті деп есептейді және оған сөгіс жариялайды. Бірақ партия мен кеңестің қырағы көздері Мырза Наурызбаев тым жұмсақ жазаланды деп есептеген болар, жазға қарай оны қудалау ісін жаңа қарқынмен, кең ауқымда бастайды. Оны жікшіл топтар құрды деп те айыптайды. Мұның жай-жапсарын толығырақ білу үшін ВКП (б) Сырдария округтік комитеті округтік бақылау комиссиясының партиялық тергеушісі Чекушин қол қойған ВКП (б) мүшесі М.Наурызбаевтың ісі бойынша қорытынды баянға үңілейік: «...Округтік бақылау комиссиясының қолындағы материалдар бойынша, Қызылқұм ауданындағы байдың баласы, оның әкесі 1917 жылғы жұтта кедейленген. 1922-1924 жылдары Өзбекстанда жұмыс істегенде жүрген жері бүлік-бұзақылық болған, заңсыз қамауға алған, парақорлықпен айна­лысқан, ақыр соңында Бұхара өкіметі жасаған тәртіпсіздіктері үшін тұтқындаған. 1,5 ай түрмеде отырып, межелеуден кейін кепілдікпен босатылған. Наурызбаев Қазақстанға жұмысқа ауысады, сөйтіп, оның қылмыстық ісі, қайда екені белгісіз, тоқтап қалған. 1929 жылы жолдас Наурызбаев Сусамырда (Қырғызстан) жайлау кеңесі төрағасының орынбасары болып жүргенде Сусамырда көшіп-қонған байлар мен алыпсатарлардың малын тексеруге Мерке ауданы фининспекциясының агентін жібермейді, оны балағаттап, қамаумен және ұрып-соғумен қорқытады. Сөйтіп, Сусамыр арқылы Ферғанаға мал айдаған байлар мен алыпсатарларға малды салықтан жасыруға сыбайласады. Сусамырда болған кезде жолдас Наурызбаев өз жұмысында таптық емес, белгілі бір ұлтшылдық бағыт жүргізді, қазақ малшыларынан, соның ішінде байлардан да, ветеринарлық тексеру үшін жиналған қаржыны қайтарып беру жөнінде заңсыз бұйрықтар берді, сондай-ақ, ветеринарлық тексеру және мал айдағаны үшін бұдан былай төлем жинауға тыйым салды. Ол өзін тым тәкаппар ұстады, Жайлау кеңе­сінің шешімдеріне бағынбады, оның шешімдерін өзіне міндетті санамады, ешқандай өкілеттігі болмаса да, қырғыз өкімет орындарының ісіне заңсыз килігіп араласты. Жоғарыда айтыл­ғандардан шығатын қорытынды: таптық бағытты үнемі бұрмалағаны үшін, Бұхара көпшілікке және жекелеген қызмет­керлерге бюрократтық пен төрешілдік танытқаны үшін, қателіктері мен асыра сілтеулерін түзе­туден бас тартқаны үшін, жеке басының мүд­десін көздеп, билігін асырғаны және қызмет бабын пайдаланғаны үшін Мырза Наурызбаев азғындаған элемент ретінде жұмысынан дереу босатылып, әмбе ісі сотқа беріле отырып, ВКП (б) қатарынан шығарылсын». Сырдария округтік комитеті округтік комис­сиясының Наурызбаев ісін қараған отыры­сының 1930 жылғы 4 маусымдағы қорытынды хаттамасы осылай дейді. Өңкей өтіріктен құралған, Мырзаның өзі де аса бір қасқиған қайсарлықпен мойындамаған осынау жалалы хаттамадан қуғын-сүргіннің үрейлі ұсқыны көрінеді, сол заманның ызғары мен ызбары еседі. Оты мен сотынан қалай құтылғаны белгісіз, Мырза Наурызбайұлы енді басшылық пен саясаттан шеттеп, тек шаруашылық жұмыстармен айналысқан сыңайлы. 1930 жылдың қыркүйегінен бастап бір жылдай Түркістан аудандық жер бөлімінде агроном болып істейді. Одан Арыс аудандық жер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Осыған дейінгі аралықта оның Орта Азия мақта-ирригациялық институтында оқығанын да байқаймыз. Жалпы, М.Наурызбайұлының құжатталған анкеталық деректері оның на­ғыз өмірбаянымен сәйкес келе бермейтінін ескергеніміз жөн. Мұны қазіргі ұрпақтары да айтады. Себебі, саяси сауатты, көкірек көзі ашық, заманның сұрын сергек сезінген зерделі Мырза Наурызбайұлы өмірбаянының келешекте өзіне зияны тиетін деректерін саналы түрде көрсетпеген. Осындай сақтығы оның өмірін сақтап, ұрпақ өрбітуіне мүмкіндік берді дей аламыз. Айталық, ол 1937 жылдың маусымында Ф.Ходжаевтың тұтқындалғанын естіген бетте енді өзінің де ұсталуы әбден мүмкін екенін біліп, қуғын-сүргіннен құтылу үшін дереу жиналып, ешкімге сездірместен Қырғызстанға кетіп қалуға, дәлірек айтқанда, қашуға мәжбүр болады. Ал бұған дейін, 1935 жылы М.Наурызбайұлы Қазақ халкомкеңесі бригадасының құрамында (Белосаров, Наурызбаев, Мельщиков) Қырғыз­станнан 32-нің ашаршылығы кезінде сол жаққа ауа көшкен қазақтарды атамекенге, бұрынғы қоныстарына қайтару жөніндегі жұмыс­тармен айналысады. Бұған Қырғыз халкомкеңесінің төрағасы Исакеевтің 1935 жылғы 26 қыркүйектегі хатына қарап көз жет­кіземіз. Әлбетте, қандастардың тағдыр-талайы таразыға түскен осындай қиын күрмеулі іске М.Наурызбайұлы сияқты жанашыр, қайсар қайраткердің тартылуы әсте тегін емес. Оның қызметі, білім-білігі, күрескерлігі ұлтқа қажет­тігінің айғағы бұл. Ал Қырғызстанға бой тасалап кетер алдында, 1937 жылдың ақпанында Шымкент қаласында өткен стахановшы-мақта өсірушілердің республикалық слетіне Октябрь ауданының «Көктал» колхозынан делегат болып қатысқанын көреміз. Бірақ қыран қанаты қырқылып қалған еді. Қырғызстанда бой тасалаған 15 жылдағы негізгі мақсат – отбасын жүдетпеу, сол үшін өз басын аман сақтау болғаны анық. Иә, тұлпар арбаға жегілді. Жерге қатысты әртүрлі мекемелерде агроном болады. Соның өзінде де білім-парасаты еріксіз биікке өрлете бергендей. Қырғызстанның жер органдары атынан делегат болып сайланып, 1940 жылдың 17 мау­сымында Мәскеуде өткен КСРО Жер органдары одағының пленумына қатысады. Ал осы жылдың қазанында Қырғыз Жер органдары республикалық комитетінің пленумы болғанда осы комитеттің мүшесі ретінде әрі КСРО Жер органдары одағының атынан баяндама жасайды. Әділдік іздеп, өзінің партия мүшелігін де қалпына келтіреді. 1943 жылдан бастап Қырғыз КСР Мемлекеттік бақылау халық комиссариатына бақылаушы қызметіне ауысады, одан аға бақылаушылыққа көтеріледі. «Алмас кездік қап түбінде жатпас» дегендей, Мәскеу қай жерде де қабілетімен жарқырап көзге түсетін Мырза Наурызбайұлының өз қызметкері болуын қалайды. Сөйтіп, 1948 жылдың сәуірінен 1952 жылдың маусымына дейін ол КСРО Мемлекеттік бақылау министрлігінің Қырғыз республикасы бойынша астық өнімдерінің жұмсалуы мен сақталуын қадағалау жөніндегі бақылаушысы қызметін атқарады. ІІ дәрежелі Мемлекеттік бақылаушы лауазымындағы үлгілі қызметкер санатында жүрген Мырзаға көзқарас 1951 жылдан бастап нілдей бұзылады. Тырнақ астынан кір іздеп, әрбір іссапарын тексеруге арнайы адам жіберіп, әрбір басқан қадамына аңду қояды. Ауырған күндеріне дейін анықтама сұратып, жұмыста болмаған деп таңбалайды. Бесаспап маманды жауапкершілігі төмен, тіпті, орыс тілінде анықтама да жаза алмайтын, лауазымына сәйкеспейтін етіп көрсетеді. Бұл көрінеу қиянат еді. Мырза да бұған төзбей қарсыласып бағады. Әсіресе, КСРО Мемлекеттік бақылау министрлігі Қырғыз республикалық тобының жетекшісі Ф.Смелик деген қыр соңына түседі. Желдің қай жақтан соққанын аңғару қиын емес еді. Ақыры, 1952 жылдың маусымында сәй­кес­сіздік бабымен жұмыстан босатып тынған екен. Оңай берілетін Мырза ма, соның өзінде Мәскеуге барып, ақтығын дәлелдеп, абыройын қайтарып, КСРО Мемлекеттік бақылау минис­трлігінің аппаратына жоғарылап, бақылаушы болып тағы жарты жыл істейді. Одан соң Қазақ­стандағы басқа жұмысқа шақырылуына байланысты қызметтен өз еркімен босап, 15 жылдық от кешуден кейін туған еліне оралады. Бұл екі ортада жылымық кезең басталып, бұрынғы үрей сейіле бастайды. Өзі де егде тартады. 1953-1954 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Киров (қазіргі Мақтаарал) ауданындағы Фрунзе кеңшарының директоры болып, 1962 жылы зейнетке шыққанға дейін он жылдай Қаратас аудандық (қазіргі Қазығұрт аудан­ы) тұтынушылар одағы төрағасының сауда жөніндегі орынбасары, Қаратас аудандық дайын­дау кеңсесінің директоры қызметтерін абыроймен атқарады. Шардарада орнығып, біршама тыныш өмір кешіп, үрім-бұтағын өрбітеді, бақуатта болады. Әйткенмен, осынау байыпты қарияның қатпарлы көкірегінде тірі тарих дүбірлеп тұрғанын кім аңдап, кім аңғарады. 70-ші жылдардың соңына қарай өзі Өзбек КСР мемлекеттік архивіне, 1969 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының хатшысы М.Геор­гадзеге хат жазып, 20-шы жылдары ұлттық-мемлекеттік межелеу ісіне қатысқандығы, Калининнің қабылдауында болғандығы туралы айғақ-деректер жіберуін өтінеді. Сол айғақтарға қолы жетпей, ақсақал арманмен өткен сыңайлы. Кезінде ел-жұрт «Мырза» демей, «Мырзатөре» деп атап құрметтеген екен. Мыр­затөре атамыздың да еліне еткен еңбегі, есімі бүгінде қайта жаңғырып жатыр. Сонау сүргін жылдарда Алаштың Орталық Азиядағы толымды тұлғасы болған Мырза Наурызбайұлы өмірінің, күресінің ақтаңдақтарын ашуда, рухын тірілтуде, ел дегенде Едігедей еңіреген азаматтың аманат-өсиетін халқына табыстап таныс­тыруда генерал Ержан Исақұлов, ғалым Ди­хан Қамзабекұлының жан салған қарекеттері ғанибет. Біздің Мырзабаянымыздың осы ғани­бетке кішкентай ғана себі тисе, нұр үстіне нұр. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА