27 Мамыр, 2016

Иман жеңсін үрейді

337 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
«Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференцияЕлбасы діннің атын жамылған лаңкестік қауіптің бетін қайтаруға бастамашы болып келеді Өзінің алғаш пайда болған кезінде мұрат тұтып, көздеген негізгі мүддесі адам баласының басын біріктіруге, иманға ұйытуға бағытталса, бүгінгі таңда олардың арасындағы кейбір жалған ағымдар халықаралық терроризм мен діни экстремизмнің ошағына айналып, қоғамға қауіп төндіретін қатер ретінде бағаланып отыр. Туасы бірлікті, бейбітшілік пен қайырымдылықты уағыздаушы ілім ретінде дүниеге келген, өзінің мағынасы «бейбітшілік», «мойынсұну» дегені ұғымдарды білдіретін ислам дінін ұстанып отырған күллі әлемдегі 1,7 миллиардтан астам халыққа да мұндай жағдай айрықша қатты батады. Бұған соңғы жылдары әлем діндері лидерлерінің өзара ынтымағын арттыру, нағыз исламды оның атын жамылған қанқұйлы содыр­лар­дан арашалап алу бағытында өткізіліп жүрген алуан түрлі алқалы шаралар нақты айғақ. Таяуда сондай басқосудың бірі Астанада өткелі тұр. Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен шақырылған «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция тап осы тақырыпта бұрыннан қозғалып келе жатқан көкейкесті мәселелердің арқауын ширататын болады. ­Мемлекет басшысы бүкіл планета аумағына қатер төндіріп, жан-жағына ажал оғын себуге бет бұра бастаған осынау за­лал­ды тенденцияның алдын алып, бұған дейін жіберіп келген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында әлемнің дәстүрлі діндер лидерлерінің бастарын қосып, алқалы жиын өткізуді осы ғасырдың басында-ақ қолға алған болатын. Осылайша, қазіргі кезеңде діннің қоғамдағы алатын рөлінің қаншалықты дәрежеде екенін ерте шамалап, пайымдап үлгерген Елбасы 2003 жылы жеке бастама көтеріп, сол жылғы қыркүйек айында елордада алғаш рет әлем діндері мен конфессия­лар өкілдерінің съезін өткізді. Мұның арғы астарында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы өзара түсіністік пен келісімпаздық, ынтымақ пен татулық қағидаттарын қалып­тастыруға бағытталған кемел келешекке кең жол ашу, осы арқылы бұдан былай ғаламда зорлық-зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм секілді қанқұйлы теріс көріністердің болмауына ықпал ету әрекеттері жатыр еді. Күні бүгінге дейін аталмыш форум 5 рет шақырылды. Оның бәрі соншама жылдар бойы Жер шарын «өркениеттер қақты­ғысының» шыңырауына құлаудан аман сақтап қалуға айтарлықтай септігін тигізіп келді. Осы кезеңде жаһандық толеранттылық пен сенімнің қалыптасуына берік негіз қаланды. Айналып келгенде, осы уақытқа дейін өткен бес съезд әртүрлі діндер мен мәдениеттерге негізделген өркениеттер мен қо­ғамдар қайткенде де бір-бірі­мен қақтығыспай қоймайды деген идеяның негізсіз екенін толық дәлелдеді. Астанада өткен осы алқалы жиындар оған ұда­йы қатысушы барлық діндер лидер­лері өздерінің Жер бетіндегі алуан нәсілді халықтар мен ұлт­тардың жарастығы мен қауіп­сіз­дігін, берекесі мен өзара бейбіт тіршілігін қамтамасыз ете алатын тегеурінді күш екендерін көрсетіп берді. Ал аталмыш съезге ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм секілді жетекші діндермен қатар басқа да діндер жетекшілері мен көрнекті өкілдері үзбей қатысты. Бұлардың барлығында діни фанатизмнен бас тарту, терроризм мен экстремизм тамырына балта шабу идеялары күн тәртібіндегі мәселелердің бәрінің түпкі мақсаты болды. Тегінде, Ислам өзінің 14 ға­сырлық тарихының өн бойында ешқашан адамдарды бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке, қатыгездікке, біреудің жазықсыз қанын өз мойнына жүктеуге ша­қырған емес. Керісінше, ол өзге­нің ақысына зәредей қия­нат жасамауға үйрететін үлкен тәрбие­нің көзі болып келеді. Мұны Нұрсұлтан Назар­баев өзінің әртүрлі жиындарда сөйле­ген сөздерінде сан мәрте атап өтті. Президент өзінің «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында бұған айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы осынау құнды құжатта: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ис­лам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек», – деп бәрін орын-орнына қойып, ашып айтып шықты. Біз осының өзінен дәстүрлі дінімізді ұлт келбеті мен қасиетін танытатын құндылықтар ретінде бағалау керектігін ұғынамыз. Бұдан әрі Елбасы: «Біз Жаратушыға деген кір­шіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек. Ол – біздің бейбітсүйгіш хал­­қы­­мыздың психологиясы мен ділі­не мүлде жат. Ол – Қазақстан мұ­сыл­­мандары ұстанатын хана­­фи мәз­һа­бына қарама-қайшы», – деп ал­дыңғы ойдың бағасын арт­­­тыра түсті. Жалпы, әлемдегі қандай да бір жетекші дін болсын, адамды адамның өлтіруін, адамның адамға жауыздық көрсетуін қол­дамайды. Мысалы, еврей мен хрис­тиан дәстүрлі діндерінің декало­гында, яғни «Он өсиетінің» алтын­шы тармағында: «Өлтірме» деп анық жазылған. Қасиетті Құ­ран Кәрімнің «Әл-Исраъ» сүресі: «Егер бұған сендердің құқы­ларың болмаса, жан иесін өлтірмеңдер, Алла тыйым сал­ған», – деген уағызды алға тартады. Бұл өнегелі өсиет біздің халқы­мыз­дың болмыс-бітімі мен өмір бойы ұстанған тұрмыс-салтына дөп келеді. Өйткені, қашан­нан адамгершілікті бәрінен жоға­ры қоятын, ізеттілік пен қайы­рымдылықты ту етіп көте­ріп келген қазақ тумысынан осы ша­рапатты шарттарға бейім еді. Сондықтан, ислам ұл­ты­мыз­дың жан дүниесімен, руха­­ни құн­дылықтарымен, таби­ғи сенім­дерімен барынша үйлес­­кен ілім болды. Ата-бабала­­рымыз ғасырлар бойы қаны­на сіңір­ген ислам бүгінде біздің біре­гей мәдениетімізді құраған, мем­лекеттілігімізді қалыптастырған ата дінімізге айналды. Осыған бай­ланысты кезінде Қазақ хандары да асыл дініміздің мизам­дарына әрдайым жүгініп отырды. Соның бірі – әйгілі әз Тәукенің 34 баптан тұратын «Жеті Жарғысының» 3 бабы дінге қатысты үкім етсе, қалған 31 бабы адам құқықтары мен қоғамдық қатынастарға байланысты қозғалды. Осындай қасиетті баба­ла­рының салып кеткен даналық жолдарымен жүріп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев күллі әлем елеңдеп отырған шатқаяқ шақтарда шырғалаңнан шығар жол тауып кететін ерен тұлға ретінде әлемге танылып келеді. Соның біріншісі, әлбетте, оның еліміз егемендік алып, тәуел­сіздігінің іргетасын қалай бас­таған алғашқы елең-алаң кезеңде Семей ядролық полигонын жауып, осы жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартуы болса, екіншісі, жоғарыда айтыл­ған жаңа жүзжылдықтың бас жа­ғында Астанада Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съезін өмірге келтіріп, қалыптас­ты­руы еді. Сондықтан да Нұрсұл­тан­ Әбішұлының наурыз айы­ның соңында АҚШ-тың бас қала­сы – Вашингтонда өткен Ядро­­лық қауіпсіздік жөніндегі қоры­тын­­ды саммиттің мінбесінен таратқан «Әлем. XXI ғасыр» манифесі бейбітшілік сүйгіш адамзатты дүр сілкіндірген айтулы оқиғаға айналды. Әле­уеті жөнінен әлемдегі төртін­ші ядролық арсеналы бар респуб­ликаның сол қаруларын жойып жіберген лидері ретінде дүниежүзі қауымдастығының назарына іліккен Президенттің содан кейінгі жылдарда да бейбітшілік жолындағы күресті ұдайы жалғастырып келе жат­қанын былайғы жұртшылық онсыз да жақсы білетін еді. Сол себепті де Елбасының мұхиттың арғы бетіндегі жиынның соңын ала, сәуір айының ортасын­да Ыстанбұлда Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымының «Әділетті­лік пен бейбітшілік бірлік пен ынтымақтастық үшін» ұраны аясында өткен XIII саммитінде сөйлеген сөзі алдыңғы сарабдал ойлардың заңды жалғасындай болып естілді. Ол Америка төрінде адамзатты ядролық апаттан аман сақтап қалудың байыпты жолдарын қарастыруға шақырса, Анадолы жерінде ислам әлемін ала тайдай бүлдіріп жатқан терроршылар мен діни экстремизмді бұғаулаудың нақтылы шараларын алға тартты. Түптеп келгенде, мұның екеуі де планеталық ауқымда зор қауіп-қатер төндіре бастаған алапат апаттың алдын алуға бағытталды. Ыстанбұл саммиті ислам елдері лидерлерінің бұған дейінгі бой көрсетіп келген өркөкіректік пен менмендікті жиып қойып, мұның орнына күн сайын дерлік өршіп бара жатқан араздықты ауыздықтау, соғыс өртіне шарпылған ай­мақ­тарға бейбіт күнді қайта ор­нықтыру мұратын көздеді. Әлемге әйгілі әлеуетті ұйымның мақсаты мұсылман мемлекеттері арасындағы өзара татулық пен ынтымақтастықты жолға қоятын тетіктерді қарастыру болды. Мұның арғы жағында ислам елдерінің халықаралық аренада бірлесе қимылдауы, ұйымға қатысушы мемлекеттердің тұ­рақты дамуына қол жеткізу идея­лары көтерілді. Осы идеялардың бәрінің көшбасшысы бола білген Елбасы шараға қатысушыларға ұйымға мүше елдер адам дамуы индексі көрсеткіштерінің төмендігін, инвестициялардың жеткіліксіздігін, білім мен медицина қызметіне қолжетімсіздігін айта келіп, бұл қиындықтарды бірлесіп шешуді ұсынды. Ол, сонымен қатар, мұсылман үмбеті үшін басты қауіп ішкі қақтығыстар мен жанжалдар екенін атап көрсетті. Бүгінде бүкіл әлемнің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани ахуалына өзінің үлкен ықпалын тиігізіп отырған діни экстремизм мен терроризм осылайша ХХІ ғасырдың ең бір өзекті мәселелерінің біріне ұласты. Бірақ ол бір мезгілде өзінен өзі пайда бола салған жоқ еді. Осы ретте Батыстың белгілі ғалымы Самюэль Хантингтон өзінің «Өркениеттер текетіресі» деген кітабында: «Дүние жү­зін­дегі екі лагерьдің бірі – Кеңес Одағы құлағаннан кейін әлем­де екінші бір қарама-қарсы күштер пайда болды, ол – діндер, өркениеттер қақтығысы, дәлірек айтсақ, христиан және ислам діндері арасындағы текетірес. Келешекте адамзат тағдырын осы екі дін арасындағы диалог шешеді», – деп жазады. Бұған келі­сетіндер де, келіспейтіндер де бар. Өйткені, бұл жерде екі жақ­тың да шындығының ұшы көрі­неді. Олай дейтініміз, экстремизм адам баласына тым ертеден, бір адамдардың басқа адамдардың үстінен билік жүргізулері белгілі бір мөлшерде табыс әкелген және осыған байланысты көздеген мақсаттарына жету үшін кез келген жолды таңдай бастаған кездерінен жақсы таныс. Билік пен байлық үшін талас алдыңғы лекке шыққан дәуірден бастап біреудің екінші біреуге көпе-көрінеу зорлық-зомбылығы өмір­дің өзіндік бет-бейнесіне айналып кетті. Ал алдына мұндай мақсат қойған жандарды ешқандай моральдық кедергілер де, адам­гершілік сезімдері де, тіпті туыстық-бауырлық жақындық та тоқтата алған жоқ. Кейін бұл мақсаттардың бәрі діни ұрандарды жамылып, бірге көтеріле бастаған кезде олар әлем қауымдастығы үшін бұрынғыдан әлдеқайда қатерлі қауіп бола түсті. Енді келісуге болатыны, шынымен кешегі алып Одақ ыдырағаннан кейін Жер шарында бір полярлы әлем пайда болып, жаһан жүзі соның ашса – алақанында, жұмса жұдырығында кететін халге жет­ті де, бұрын тып-тыныш жатқан мұсылман елдерінің біразы лаңкестік әрекеттердің нағыз ошағына айналды. Ағылшын жазушысы Майкл Дибдиннің «Өлі лагуна» деген романында венециялық де­магогтың аузымен айтылатын: «Нағыз жаусыз нағыз достықтың болуы мүмкін емес. Егер біз өзіміз болып табылмайтынды жек көрмейтін болсақ, өзіміз болып табылатынды да дұрыстап сүйе алмаймыз», – дейтіні бар еді. Бұл шынында ертеден келе жатқан ақиқаттың бір көрінісі. Ал адамдар мұндай көзқарас пен пи­ғылдан айырылмайынша, бір-бірі­мен тату тұруы қиындай береді. Бұл ақиқатты бүгінде сая­сат­керлер де, ғалымдар да жоқ­қа шығара қоймайды. Қазіргі әлем­де болып жатқан көптеген кере­ғар көрі­ністер бізге осыны бай­­қатады. Ең өкініштісі, көпте­ген ел билеушілері осы көне қағи­­даттың аясынан шыға алмай келеді. Екі ғасырдың тоғысар шағын­да әлемді терроризм мен діни экс­тремизмнің кезіп кетуіне бұдан басқа да факторлар ықпал еткен сияқты. Зерттеушілердің пайымынша, әлемде XX ғасырдың 60-шы жылдарының басында-ақ барлық діндердегі фундаменталдық ағым­дар бұрынғысынан үш есеге дейін өсіп кеткен. Соның салдары­нан қазіргі таңда Жер бетінде әрекет етуші барлық террорлық ұйымдардың төрттен бірін діни мақсат-бағытты жамылған содырлар тобырлары құрап отыр. Алайда, бұлардың соңғыларының адамзатқа тигізіп отырған залал-зардаптары алдыңғыларынан да асып түседі. Ресей ғалымдарының атап көрсетіп отырғанындай, 2014 жыл террорлық сипаттағы қарулы қақтығыстар соның алдындағы жылмен салыстырғанда 80 пайыз­ға дейін өсіп кеткен. Осы кезеңде лаңкестер қолынан 32 мың 658 адам қаза тапқан. Осылайша ғасыр басындағы көрсеткіш 9 есеге артқан. Ал терроризмнен келген экономикалық шығынның мөлшері 52,9 миллиард долларға жетіп отыр. Діни террорлық ұйымдар арасында Нигерияда лаң салып жүрген «Боко харам» мен Таяу Шығысты дүрліктіріп жатқан ДАИШ-тың (Қазақстанда тыйым салынған) әрбірі 2014 жылы 6 мыңнан астам жазықсыз жандарды қырып салып, осы қанқұйлы қылмыстары бойынша ешкімді алдына салмаған. Қазіргі кезде діни фундаментализм мен лаңкестік бір ғана аймаққа, бір ғана мемлекетке тән нәрсе болып отырған жоқ. Әлемдік дәрежеде лаңкестікке апаратын діни экстремизм жалғаса түсуде. Осы орайда Президент: «Қазақстанда терроризм, сепаратизм және экстремизм проблемалары бар. Әсіресе, халықаралық терроризмнің кең қанат жайғанын және халықаралық қауымдастық пен аймақтардың саяси-әлеумет­тік және экономикалық мәсе­лелермен ұштасып, саясилан­ға­нын ескерсек, олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шыға­рылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп», – деп атап өткен болатын. Демек, бүгінде біздің халқымыз үшін де дәстүрлі болып саналмайтын діни ағымдар мен жалған діни қозғалыстар мә­селесі өткір күйінде тұр. Кей­бір жастарымыз біздің салтымыз бен үрдісімізге жат осы жал­ған діни көзқарастарды көзсіз қабылдап та келеді. Себебі, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге қарсы күрес әлі де әлжуаз. Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ мұндай еркіншіліктің ақыры неге апарып соғатынын осы бас­­­тан ойлан­басақ болмайтын шығар. Біз бұл жұмыстың бәрінде «Қазақ­стан-2050» Страте­гиясында нақ­ты белгіле­ніп берілген нұс­қау­ларды басшылыққа алсақ керек. Мұсылман әлемі – шексіз әлем. Ислам – ғаламға тамырын терең жайған көшбасшы дін­дердің бірі. Шынтуайттап кел­генде, Ислам мен мұсылман әлемі терроризммен де, экстремизммен де, фундаментализммен де ешқашан бірге болған емес. Оның ұстанымы бұлардан мүлдем бөлек. Сондықтан, ақиқи дінімізді жалған жанкештілер мен жиһадшылардан ажыратып алуға шындап күш салатын уақыт жетті. Елбасының соңғы жылдардағы осы бағыттағы барлық белсенді іс-әрекеттері бізге осыны аңғартады. Еркін ҚЫДЫР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар